Accessibility links

Тау басындағы ауылдың жұпыны тіршілігі


Қырғызстанның қияндағы Ақ Ширақ ауылына жол талғамайтын көлікпен ғана жетуге болады. Ауыл Ыстықкөл облысында 3200 метр биік тауда, Қытаймен шекарада орналасқан. Мұнда 10 ай - қыс, 2 ай ғана жаз болады.

Ауыл 1920 жылдары совет үкіметі орнаған кезде пайда болған. Мал бағуға өте жайлы болғандықтан, бұл жерді қырғыздар ежелден жайлап келе жатқан. Ал Қытаймен арадағы шекара белгіленгеннен кейін шекара бекеті ашылды. Қазір Ақ Ширақ ауылында шамамен 100 отбасы тұрады.

Ауылға жету үшін "жол" деуге де келмейтін сорабы бар, биіктігі 4028 метр асудан өту керек - джип қана жүре алады. Тұрғындар көбінесе мал бағумен айналысады. Ағаштан жұрдай өлкеде қытымыр климаттың кесірінен шөп те аласа болып өседі. Бұл жақта үйді жазда кептіріп алатын малдың қиымен жылытады – ең жақсы отын сол. Ақыл Қыдыралиевтің қысқа қи дайындап біткен кезі екен.

"Қиды қысқа жететіндей етіп жинап алдық. Енді орталыққа барып, қысқа жететіндей азық-түлік әкеліп алу керек. Суық түскенге дейін картоп, пияз әкелу керек. Бұл жақта көкөніс екпейміз. Егіп көргенбіз, өспейді. Картоп отырғызып көрдік, бірақ үсіп кетеді. Бұл жақта жаздың ортасында қар жауады ғой, сондықтан көкөніс атаулыдан ештеңе өспейді. Өссе де, тауық жұмыртқасынан да кішкентай болып шығады" дейді Ақыл.

Шағын ауылда мектеп бар. Бірақ шопандардың көбі алыста мал бағады, ал балалары 1988 жылы ашылған интернатта жатып оқиды. Балалардыңжатын орны, тамағы ата-аналар емес, мемлекет есебінен төленеді. Мұғалім жетіспейді, ал асхана әбден ескірген. Мектепте 9-сыныпқа дейін ғана оқиды. Сыныптардың көбінде 5-6 баладан ғана бар. Тәрбиеші Назгүл Молдоғазиева:

"Мектепте барлығы 57 оқушы бар. Олардың 29-ы интернатта тұрады. Жергілікті тұрғындар көбінесе мал бағады. Бұған қоса, бізде шекарашылар бар. Олардың балалары да осында тұрады, біздің мектепте оқиды" дейді.

Ауылда кітапхана да бар. Ол жердегі кітаптардың көбін жұрт әбден жыртылғанға дейін оқып тастаған - қыстың ұзақ кешін қысқартатын өзге ермек жоқ. Жаңа басылымдар сирек түседі. Әйтеуір газет жеткізіп тұрады. Олар тым кеш жетеді, бірақ жұрт оларға да кезекке тұрады.

"Кітаптарды неге есептен шығармайсыздар дейсіз бе? Мына кітапты әлі оқуға болады ғой. Тағы бір жылдай оқуға жарайды. Инвентарлық нөмірі бар. Мұқабасы да бүп-бүтін. Сондықтан әлі оқуға жарайды. Жергілікті билік жаңа кітаптар сатып алуға ақша бөлсе жақсы болар еді" дейді кітапханашы Махабат Қасмалиева.

Экологтар орнатып қойған камералардың объективіне тау барысы, таутеке мен қасқыр, түлкі сияқты Ақ Ширақ ауылы маңын мекендейтін аңдар жиі түсіп қалады. Қоныстың айналасына жасырын камералар мен фотоқақпандар орнатып қойған.

Ауылдағы шағын үйлердің бірінде жергілікті бизнесмен әйелдер жұмыс істейді. Әйелдер үйлерінде дайындаған бұйымдарын осында әкеледі және жиналып болашақ жоспарларын, жаңа жобаларды талқылайды. Олар киізден мысыққа арналған ойыншықтар, ит жататын төсеніштер басып, түрлі кәдесыйлар жасайды. Жуырда өнімдерін мұхиттың арғы жағы – АҚШ-қа жөнелтпек. Шағын кәсіпті Чолпон Турганбаева басқарады. Қияндағы Ақ Ширақ ауылында тұратын ол дүниежүзілік табиғатты қорғау ұйымы мен барысты қорғау қорына арналған жобалар жазады. Жергілікті ісмерлерге де жұмысты сол кісі тауып беріп отыр.

"Мына жақта дайындаған өнімдеріміздің бәрі Америкада сатылады, ол жақта хайуанаттар бағында арнайы дүкендер бар. Ал түскен ақша жабайы аңдарды қорғауға жұмсалады деп естігенбіз. Жылына екі рет тапсырыс аламыз. Мынау сондай тапсырыстардың бірі – міне, мына сияқты төсеніштер, көзілдірік қаптары, түрлі заттардың астына қоятын бұйымдар" дейді Чолпон.

Ауылда проблема жетеді. Бірақ ауыл тұрғындарының ең үлкен қиындығы - ауыз су проблемасы. Су құбырын бір жыл бұрын ауыстырыпты, бірақ жергілікті тұрғындар жұмыс сапасына наразы.

"Әзірше су ағып тұр. Бірақ біраздан кейін суық түседі де, су құбыры қатып қалып, тағы сусыз қаламыз. Мына құбырлар жұмыс істемейді, оларды қалай жөндеу керегін білмейміз, біз маман емеспіз ғой. Бәрінен бұрын интернаттағы балаларға обал. Қалай жуынып, қалай тамақ ішеді, олардың киім-кешектерін де осында жуады ғой. Бәрінен де балаларға қиын" дейді ауыл тұрғыны Эркинбек Құрманәлиев.

Бұрын ауылда телефон желісі де болмаған. Бірақ ұялы байланыс операторларының бірі жуырда мұнара орнатыпты. Тұрғындар сол кезден бері ұялы байланыс қызметін пайдалану мүмкіндігін алған. Бірақ бір мезгілде телефон арқылы ауылда тұратын 500 адамның төртеуі ғана сөйлесе алады. Ауыр тұрмысқа қарамастан жергілікті тұрғындардың ешқайсысы қалаға кеткісі келмейді. Ауылдың тұрған жеріне байланысты тұрғындар өздерін мемлекеттік шекараны қорушымыз деп атайды. Бұған қоса, Ақ Ширақ тұрғындары қырғыз халқының салт-дәстүрін жоғалтпай отырғанын мақтан тұтады.

XS
SM
MD
LG