Accessibility links

Әлеуметтік желіде үкіметті сынаған қырғыз белсендісін қамады. Бұл биліктің доқ көрсетуі ме?


"Бүтін Қырғызстан" партиясының мүшесі, саяси белсенді Мирлан Ураимов.
"Бүтін Қырғызстан" партиясының мүшесі, саяси белсенді Мирлан Ураимов.

Қырғызстанда саяси белсенді Мирлан Ураимов Facebook әлеуметтік желісіндегі жазбалары үшін қамауға алынды. Жұрт бұл әрекетті сөз бостандығы мен оппозицияға жасалған қысым десе, оппозиция жақтастары билікті сынап жүрген блогерлер мен белсенділерге жасалған ескерту екенін айтады.

Қырғызстанда оппозиция белсендісі Мирлин Ураимов әлеуметтік желідегі жазбалары үшін бес жылға дейінгі мерзімге бостандығынан айырылуы мүмкін. Қауіпсіздік қызметтері "ол билікті күштеп құлатуға үндейтін жазба жариялаған" дейді.

Құқық қорғау органдары "Бүтін Қырғызстан" партиясының мүшесі Мирлан Ураимовты 8 қаңтарда ұстап, ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитеттің уақытша ұстау изоляторына қамаған.

Қауіпсіздік қызметі өкілдері Ураимовты нақты қай жазбасына бола ұстағанын айтпады.

Бірақ қырғыз баспасөз құралдары белсенді үкіметтің дұрыс жұмыс істемей отырғанын айтып, оны ауыстыру керегін жазған пікірі үшін қамауға алынған деп хабарлады. Ураимовтың адвокаты белсендінің әлеуметтік желідегі жазбаға еш қатысы жоғын, оның Facebook аккаунтына әлдекімдер бұзып кіргенін айтады.

Белсендіге "саяси билікті күштеп басып алуға шақырды" деп айып тағылып отыр.

Оппозиция жақтастары Мирлан Ураимовқа тағылған айып сөз бостандығына қарсы шабуыл және билікті сынайтын блогерлер мен белсенділерге жасалған ескерту дейді.

Азаматтық белсенді Әділ Тұрдықұлов.
Азаматтық белсенді Әділ Тұрдықұлов.

Белсенді Әділ Тұрдықұлов Азаттыққа Ураимовтың қамауға алынуы "Бүтін Қырғызстан" партиясына бағытталғанын айтты. "Көше оппозициясы" деп аталған партия маңызды саяси топқа айналып, сайлау қорытындысы бойынша, тоқсан орындық бір палаталы парламент – Жогорку кеңешке бес өкілі кірген.

"Бұл партияны халық қолдайтынын, сондықтан партия мүшелерінің кез келген сыны биліктің шымбайына қатты бататынын көрсетеді, – дейді Тұрдықұлов. – [Ураимовқа қарсы қылмыстық іс] партия мүшелерін қорқытып, оларды әлсірету әрекетіне ұқсайды".

Тұрдықұлов биліктің әлеуметтік желіде үкімет саясатын сынаған блогерлерді таңдап қудалайтынын айыптап, оппозицияны қаралап, кейде аймақаралық өшпенділік тұтататын билікшіл блогерлерге көз жұма қарайтынын сынға алды.

"Бүтін Қырғызстан" партиясы лидерлері құқық қорғау органы өкілдері Ураимовты үйінен түн ішінде әкеткенін, осылайша оның "балалары мен отбасы мүшелерін қорқытқанын" айтты. Партия өкілдері офицерлер белсендінің үйін тінтіген дейді.

"Бүтін Қырғызстан" партиясы лидері Адахан Мадумаров.
"Бүтін Қырғызстан" партиясы лидері Адахан Мадумаров.

"Бұл басқа адамдарға жасалған ескерту ме? Түн ішінде үйге баса-көктеп кіру қайдан шықты? Қырғызстанда бұрын мұндай болмайтын" деді "Бүтін Қырғызстан" партиясы лидері Адахан Мадумаров.

Ол билікті "өз ой-пікірін айтқан адамға" қысым көрсетті деп айыптады.

"Бүтін Қырғызстан" партиясы заңгері Гуля Қожоқұлова бұл жағдай адам құқықтарын бұзады дейді.

"Құқық қорғау органы қызметкерлері [белсенділер мен блогерлерді] қауіпті қылмыскер немесе ұйымдасқан қылмыс тобы мүшелері секілді қамауға алады" деді Қожоқұлова 10 ақпанда парламентте.

Қожоқұлова мұндай жағдай "құқықтық хаосқа" әкелуі мүмкін деп ескертеді.

Қырғызстан бас прокуроры Құрманқұл Зулушев.
Қырғызстан бас прокуроры Құрманқұл Зулушев.

Қырғызстан бас прокуроры Құрманқұл Зулушев Мирлан Ураимовқа тағылған айыптың заңдылығы мен оны қамауға алудың мән-жайы тергеліп жатқанын мәлімдеді.

"Әрине, жазбаларында басқа біреуді ренжіткеніне бола қылмыстық іс ашу дұрыс болмас еді, – деді Зулушев. – Бірақ егер жазбаларда мемлекеттік қауіпсіздікке зиян тигізетін қандай да бір үндеу немесе тағы бірдеңе болса, онда [жазған адам] жауапқа тартылуы керек".

10 ақпанда Бішкек соты Мирлан Ураимовты сотқа дейінгі тергеу кезінде екі айға тұтқындады. Белсендіні қолдап сол жерге 80-ге жуық адам жиналды. Олар Ураимов ісінде әділдік болуын, биліктен "саяси тергеуді" тоқтатуды талап етті.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG