Accessibility links

Қырғызстанда зейнеткер мұғалімдер қысқартылмақ


Чон-Алай ауданындағы мектеп. Көрнекі сурет.
Чон-Алай ауданындағы мектеп. Көрнекі сурет.

Қырғызстан Білім және ғылым министрлігі 2018-2019 оқу жылында мұғалімдердің жүктемесін азайту арқылы білім сапасын көтеру жоспарын жариялады. Өзгеріс үш мың ұстазға әсер етпек.

1996 жылдан бері география және тарих пәнінен сабақ беріп келе жатқан мұғалім (аты-жөнін айтқысы келмеді - ред.) қысқартуға ілінген. Ол оқу жылының басталуына санаулы күн қалғанда белгілі болған ақпарат моралдық және қаржылық тұрғыда ауыр соққы болды дейді.

- Жұмысқа үйреніп алған адамға жаман екен. Мектепте 18 сағаттық жүктемем бар еді. Енді олар мұны аз деп, мені қысқартып жатыр. Бұл, әлбетте, қалтама қиын тигелі тұр. Студент ұлым бар, оқуын төлеуім керек. Жалғызбасты анамын. Балаларымды осы айлықпен асырап келдім. Енді, міне, қол қусырып отырып қалдым. Әзір сол мектеп қайта бір жұмыс бере ме деп үміттеніп отырмын. Жоқ дегенде Әдеп сабағын оқытуға рұқсат берсе, жақсы болар еді, - дейді ол.

Білім сапасын жетілдіру туралы бұйрық 2018 жылдың қаңтар айында шыққан. "Булан институты" үкіметтік емес ұйымы бұл мәселеге байланысты төрт ай зерттеу жүргізіп "өзгеріс мыңдаған оқытушыны жұмыссыз қалдырады және алдын-ала ешкім түсіндірмеген" деген қорытынды жасапты.

Ұйым жетекшісі Чолпон Орозбекованың сөзінше, үш мың мұғалім қысқартуға ұшырайды.

Чолпон Орозобекова.
Чолпон Орозобекова.

- Жазда ауыл мектептерін аралап шықтық. Директорлар кемі жиырма мұғалімнен қысқартатындарын айтты. Сонда жалпы республика бойынша 2200 мектеп бар десек, бір топ мұғалімнің босап қалып жатқаны ғой. Отбасыларын қалай асырайтындарына да ешкім жауап бере алмайды. Мұндай жағдайда әлеуметтік наразылық күшейеді. Бұған үкімет пен білім және ғылым министрлігі айыпты. Неге 2013 жылы төлем жүйесін енгізгенде осыны ойламады?- деп сұрайды Орозбекова.

МИНИСТРЛІК ЖАУАБЫ

Білім және ғылым министрлігінің айтуынша, кейбір БАҚ шындыққа сәйкес келмейтін ақпарат таратып отыр. Министрлік "бұл өзгеріс мектептердегі білім беру сапасын жақсарту үшін жасалды. Ал екі мыңдай мұғалім тиісті демалысқа кетеді" деп түсіндіреді.

Министрдің орынбасары Надира Жусупбекова "ведмство мұғалімдердің тапшылығы кезінде олардың санын қысқартпайтынын" айтады.

Надира Жусупбекова.
Надира Жусупбекова.

- Зейнетке шыққан соң шаршап-шалдыққан оқытушылардың демалуға хақы бар. Аймақтарда мектепке жұмысқа тұруға ​ниетті жас мұғалімдер көп. Мектептерде зейнеткерлер жұмыс істей беріп, бүкіл орынды иемденіп алатын кездері болады. Енді біз жастарды жұмысқа аламыз да, оларға үйретуші тағайындаймыз. Оқытушылар штаты азаймайды. Әңгіме тек жүктемені дұрыс бөліп, оқу сапасын арттыруда ғана болып отыр. Мұғалімдер өте көп немесе өте аз жұмыс істемеуі керек. Білім сапасын жақсарту үшін оқу сағатын теңдей бөліп береміз деп шештік. Аптасына кемінде 18-20 сағат жұмыс істейтін педагогтар ғана жұмыста қалады, - деді Жусупбекова.

"ЗЕЙНЕТАҚЫ ЖЕТПЕЙДІ"

"Булан институтының" баяндамасында әрбір жетінші мұғалім зейнеткер, олар зейнетақысы аз болғандықтан жұмыс істеуге мәжбүр екені айтылады.

Бішкектің жекеменшік лицейлері мен колледждері де оқытушыға зәру. "Қырғыз тау-геологиялық және транспорт" колледжінің директоры Венера Кудайбергенова қысқартылған мұғалімдерді өз мекемесіне шақырады.

- Бізге математика, ағылшын тілі, қырғыз тілі мен әдебиеті, химия, физика пәндерін оқытатын мұғалімдер керек. Жастарды үйрету керек. Олар болмаса, кім істейді? Егер ұстаздар қысқартуға ілінсе, маған хабарлассын. Мектептерде 3-4 мың сом төлесе, біздегі ең аз айлық - 8 мың сом, - деді Кудайбергенова.

Қырғызстандағы 2200-ден астам мектепте 80 мыңдай мұғалім сабақ береді. Оқытушы тапшылығы таулы аудандарда, Бішкекке жаңа қосылған елдімекендер мен шалғай ауылдарда қатты байқалады.

(Мақала қырғыз тілінен аударылды. Түпнұсқа мына сілтемеде)

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG