Accessibility links

Мешітке барған жігіт шалбарына бола соққыға жығылды


Қырғызстандағы Ош қаласының тұрғыны Жырғал Әбдімомынұлы.
Қырғызстандағы Ош қаласының тұрғыны Жырғал Әбдімомынұлы.

Қырғызстандағы Ош қаласының 19 жастағы тұрғыны мешітке балағы шолақ шалбар киіп келгені үшін таяқ жеді. Сарапшылар бұл оқиғаны діни радикализм деп сипаттайды.

Әке-шешесі күн көріс қамымен Ресейге жұмыс іздеп кеткен 19 жастағы қырғызстандық Жырғал Әбдімомынұлы өзінен кіші үш інісіне қарап үйде қалған. Сабақтан бос уақытында таксист болып істейді. Арақ ішіп, темекі тартпайтын жас жігіт намаз оқиды. Шілденің 11-і күні кісі тасыған Жырғал жұма намазға үлгермейтін болған соң қалалық «әл-Раббым» мешітіне шолақ балақ шалбарымен (шорт) кіріп келген. Мешітте намаз оқуға жайғасқан кезде көрші отырған жігіт Жырғалдан «тізеңді жап» деп талап еткен.

БАЛАҚТАН ТУҒАН ДАУ

Жырғал шолақ балақ шалбар кигені үшін көкбауырынан айырылғанын айтады.

– Жұмыста жүргенде жұма намаздың уақыты болып қалды. Бірақ мешітке асығып, шалбар киюге мұршам болмады. Мешітте қатарымда отырған жігіт «тізеңді жауып отыр» деді. «Қазір намазға шақырсын» деп едім, шортымды төмен тартқылай бастады. Сосын мені сыртқа шақырып, әжетханаға ертіп апарды да, ішімнен ұрып-ұрып тастап, өзі мешітке қайта кіріп кетті. Ішім қатты ауырып, есімді жия алмай, әжетханадан шыға алмай қалдым. Ешкім маған назар аударған жоқ. Жанымыздан өтіп бара жатқан егделеу бір кісі мені ұрып жатқанда араша түспеді. Сол жерде тұрған жас жігіттердің де ешқайсысы бізді ажыратуға тырыспады, – дейді соққыға жығылған жігіт.

Мешітке барған жігіт шалбарына бола соққыға жығылды
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:42 0:00

Соққыға жығылған Жырғал қатты жарақат алғанын бірден түсінбеген. Тек нашарлап кеткен соң досынан ауруханаға апаруын сұраған. Дәрігерлер оның көкбауыры жарылғанын анықтаған соң шұғыл операция жасаған.

Жырғалбекті емдеген дәрігер Бақас Мәткәрімов жігіттің көкбауырын алып тастауға тура келгенін айтты.

– Науқас ауыр халде түсті. Қан көп кеткеннен өңі бозарып, қан қысымы түсіп кеткен. Тексерген кезде көкбауыры жарылғаны анықталды, ішке қан кеткеннен екі литрдей қан ұйып қалған. Операция жасап, көкбауырын алып тастауға тура келді. Жырғалды ауруханадан шығардық, бірақ жарасы әлі жазылған жоқ, – дейді ол.

Ауруханадан шыққан Жырғал көп қан кеткендіктен қазір әлсіреп қалған. Ош орталығында Жырғалға тоғыз донордың қанын құйған. Қазір Жырғал өзіне құйылған қан мөлшерін орталыққа қайтару үшін басқа донорлар іздеп жатыр.

– Ағзадағы қан азайып кеткендіктен, отырсам, тұрсам, басым айналады. Бұрынғыдай емес, қатты жүдеп кеттім, - дейді Жырғал.

Ірі жігіттің шолақ шалбар киген жүдеу бозбаланы ұрып жатқанын мешітке жиналған жұрттың көбі көрген. Бірақ ешкім Жырғалға араша түсіп, тіпті соққыға жығылған соң да таяқ жеген жігітке көмектеспеген. Ал Жырғалды соққыға жыққан жігіт мешітке қайта кіріп, намазын жалғастыра берген.

Мешіт имамы міндетін атқарушы Әкрамидин Мақсытов бұл оқиға кезінде жұртты намазға шақырумен айналысып жүріп, мешітте не болып жатқанын көрмегенін айтты. Жырғалды да, оны соққыға жыққан жігітті де танымайтынын айтқан ол «мешітте ешкім мұндайға баулымайды» дейді.

– Болған жайтты кешкісін милиция қызметкерлерінен естідім. Бұл жағдай мен жұртты намазға шақырып жатқанда болыпты. Мұндай жағдай болмауы тиіс. Мешіт – адамды қуып шығатын орын емес, жұртты имандылыққа, ізгілікке шақыратын орын. Мешітке балағы тізеден жоғары шалбар киіп келетін жігіттер бар. Оларға ештеңе демейміз. Намаз кезінде тізе мен кіндікті бүркеуді сұраймыз, – дейді ол.

ФАНАТИЗМ БЕ?

Дін саласы сарапшылары шолақ балақ шалбар киіп намазға келген жігітті соққыға жығуды діни фанатизмге балайды. Сарапшы Сүйінбек Құрманбеков: «Бұл жақсы құбылыс емес. Адам баласы әр түрлі жағдайға тап болып жатады. Өзіңмен діндес адамды соққыға жығу, оған киім үлгісін күштеп таңу, жәбірлеу исламның радикалданып бара жатқанын көрсетеді» дейді.

Жырғалдың Ресейде жұмыс істеп жүрген әке-шешесі баласының соққыға жығылғанын естіп, кінәліні жазалауды талап етеді. Жігіттің емделуіне бұған дейін 40 мың сом жұмсалған, енді тағы 15 мың сом керек.

Ош қалалық милициясының ақпараты бойынша, Жырғалды ұрды деген күдікті азамат ұсталған. Оған «адам денсаулығына ауыр зардап келтірді» деген айып тағылған.

Ош облысында дінге байланысты мұндай жағымсыз құбылыстар бұрын да тіркелген. Мысалы, 2011 жылы Үзген ауданында діни қызметші атеист екенін мойындаған жергілікті тұрғынды соққыға жыққан.

Азаттықтың Қырғыз қызметінің мақаласы.

XS
SM
MD
LG