Accessibility links

Оштағы жанжалдан кейінгі он жыл. Әділеттік болмай жазылмайтын жан жарасы


Ұлтаралық жанжал кезінде түк қалмай өртеніп кеткен үйінің орнында жүрген тұрғын. Ош қаласы, Қырғызстан, 14 маусым 2010 жыл.
Ұлтаралық жанжал кезінде түк қалмай өртеніп кеткен үйінің орнында жүрген тұрғын. Ош қаласы, Қырғызстан, 14 маусым 2010 жыл.

Қырғызстанның Ош пен Жалал-Абад аймағында жүздеген адамның өмірін жалмаған ұлтаралық жанжал болғанына он жыл толды. Бірақ жараның орны әлі жазылған жоқ. Көп жұрт сол кезде қылмыс жасағандар жауапқа тартылмады деп әділдік іздейді.

Қырғызстанның оңтүстігінде аса көп адам қазасына әкелген ұлтаралық жанжал болғалы он жыл өтті. Бүлінген дүкен мен қираған ғимарат қалпына келтірілгенімен, 2010 жылдың сол бір сұрапыл күндеріне куә болғандардың жан-дүниесіне қанша жара түскенін мөлшермен айту қиын.

Көбіне Ош пен Жалал-Абад қалаларында бір аптаға созылған қырғын мен атыс-шабыстан 470 адам қаза тауып, 2200 кісі ауыр жараланды, 400 мыңға жуық адам босып кетті. Үйінен кеткендердің көбі – өзбек.

Фотогалерея. Өрт ошағына айналған Ош. (2010 жылғы маусым.)


Әлі күнге жауабы табылмаған сұрақ көп. Соның бастылары: Қырғынды кім бастады? Оған не түрткі болды?

Бұл сауалдарға ешқашан жауап табылмауы да мүмкін.

Human Rights Watch (HRW) халықаралық құқық қорғау ұйымының Орталық Азия бойынша зерттеушісі Мира Ритманн 9 маусымдағы есебінде "2010 жылғы маусымдағы зорлық-зомбылық кезінде және одан кейін ауыр қылмыстан зардап шеккен жандардың көбі әділдік таба алмады" деп жазды.

Оның айтуынша, "Оңтүстік Қырғызстан ашық ұлтаралық жанжал ошағы болмағалы көп жыл өтті. Дегенмен бұрынғы асыра сілтеу оқиғалары үшін ешкім жауап бермейінше, аймақтағы ұзақ мерзімдік тұрақтылықтың болашағына жұрт заңды түрде күмәнмен қарай бермек".

Он жыл бұрын болған, "Маусым оқиғалары" деген атаумен тарихқа енген сол жайттар Қырғызстан халқының ой-санасында түсініксіз бір орын алған. Ол бәрінің есінде, не болғанын, не үшін болғанын барлығы айтып бере алады, бірақ олар "Кім кінәлі?" дегенді талқылағысы келмейді. Талқылаған күннің өзінде қырғыз болсын, өзбек болсын, бұдан өз ұлты жапа шекті деп санайды.

"ӘДІЛДІККЕ ҚОЛ ЖЕТПЕДІ"

Қазір 69 жасқа келген Азимжон Асқаровтың тұтқындалғанына биыл 15 маусымда он жыл толады.

Құқық қорғаушы Азимжан Асқаров. Бішкек, 10 қаңтар 2017 жыл.
Құқық қорғаушы Азимжан Асқаров. Бішкек, 10 қаңтар 2017 жыл.

Қырғызстанның оңтүстігіндегі Базар-Коргон қаласында тұратын, өзбектердің құқығын қорғаушы белсендіні қақтығыс бітіп қалған тұста Қырғызстан қауіпсіздік күштері тұтқындаған. Асқаров зорлық-зомбылықтың хроникасын жасап жүрдім дейді, ал Қырғызстан соты болса "ол ұлтаралық өшпенділікті қоздырып, тәртіпсіздікке шақырды", "қақтығыс кезінде қаза тапқан полицейдің өліміне себепші болды" деп ұйғарым жасаған.

Сот Азимжон Асқаровты өмір бойына бас еркіндігінен айырды.

Халықаралық адам құқықтары ұйымы қамаудағы Асқаровқа дұрыс қарамады деп бұл істі сынады.

АҚШ мемлекеттік департаменті 2014 жылы Асқаровқа "Адам құқықтарын қорғаушы" деген сыйлық берді. Ал 2016 жылы "БҰҰ сарапшылары" Асқаров "заңсыз ұсталды, адам төзгісіз жағдайда болды, азапталды, қатыгездік көрді және оған сотта өзін лайықты түрде қорғау мүмкіндігі берілмеді" деген қорытынды жасаған соң БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі жоғары комиссары оны дереу түрмеден босатуды сұрап мәлімдеме жасады.

Қырғызстан басшылары АҚШ мемлекеттік департаментінің Асқаровқа сыйлық бергенін сынады және бұл жайтты "елдің ішкі ісі" деп атап, БҰҰ-ның оны босату туралы үндеуіне қарсылық білдірді.

Қырғызстан астанасы Бішкектегі саясаткерлер үшін Асқаровтың ісі – тым шетін мәселе, онда бұл мәселе бойынша Асқаровты жақтайтындар кемде-кем. Ал Қырғызстанның өзінде жағдай қалыпқа түсіп келеді, тіпті екі ұлтты бітістіру бойынша біраз ілгерілеу де бар сияқты. Дегенмен, бәрі орнына келді деп айтуға әлі ерте.

АЗАЙҒАН МЕКТЕП, ЖАБЫЛҒАН ФАКУЛЬТЕТ

Ник Мегоран – Ұлыбританиядағы Ньюкасл университетінің саяси география профессоры әрі 1990 жылдардың ортасынан бері Ферғана алқабында, қырғыз-өзбек шекарасының екі жағында зерттеу жүргізіп жүрген сарапшы, аймақтың жайына қанық маман.

Жағдайдың қалыпқа келуінің бір өлшемі ретінде ол Қырғызстанның оңтүстігіндегі өзбек мектептерін мысалға келтірді.

- 1920 жылдары Қырғыз және Өзбек советтік социалистік республикалары құрылған соң Ферғана алқабындағы жаңа шекараның екі жағында да ұлттық азшылық өкілдері қалыптасты, [дегенмен] совет өкіметі азшылық мектептерін ашты, яғни Қырғыз ССР-ында өзбек мектептері, ал Өзбек ССР-ында қырғыз мектептері болды, - деді Мегоран Азаттыққа берген сұхбатында.

Нооқат ауданындағы Ұлықбек атындағы қырғыз-өзбек мектебіндегі сабақ. Ош облысы, 21 қыркүйек 2012 жыл.
Нооқат ауданындағы Ұлықбек атындағы қырғыз-өзбек мектебіндегі сабақ. Ош облысы, 21 қыркүйек 2012 жыл.

Оның айтуынша, Совет одағы құлаған соң Қырғызстан да, Өзбекстан да осы тәртіпті сақтап қалуға тырысты.

- Қырғызстан білім министрлігі Ошта Қырғыз-өзбек университетін ашты, ал Ош мемлекеттік университетінде өзбек тілінде дәріс беретін педагогикалық-гуманитарлық пәндер факультеті құрылды, - дейді Мегоран.

Алайда 2010 жылғы қақтығыстан соң "Қырғыз-өзбек университетінің атауы тез арада "Ош мемлекеттік әлеуметтік университеті" етіп өзгертіліп, Ош мемлекеттік университетіндегі өзбек тілінде дәріс беретін педагогикалық-гуманитарлық факультеті ғимараттан шығарылып, ол филология факультетіндегі кафедра деңгейіне төмендетілді".

Бұл әрекеттер білім саласында өзбектерге жасалған үлкен соққы болды.

Бұрынғы Қырғыз-өзбек университетінің атауы 2010 жылғы маусымдағы оқиғадан кейін Ош мемлекеттік әлеуметтік университеті болып өзгертілді. 3 қазан 2011 жыл.
Бұрынғы Қырғыз-өзбек университетінің атауы 2010 жылғы маусымдағы оқиғадан кейін Ош мемлекеттік әлеуметтік университеті болып өзгертілді. 3 қазан 2011 жыл.

Мегоранның айтуынша, "2000 жылдан бері Қырғызстанның оңтүстігіндегі өзбек мектептерінің саны 141-ден 43-ке дейін азайған".

HRW ұйымының 9 маусымдағы есебінде "қуғындалуы мүмкін деп қорқып, аты-жөнін атамауды сұраған, Қырғызстанның оңтүстігінде тұратын ұлты өзбек заңгердің" пікірі берілген.

"[Жан жарасы] психологиялық тұрғыда бойыңда қалады. Қайта достасу әрекеті болған жоқ. Көп достарым, жапа шеккен адамдар, туыстары қамалғандар – ешқайсысы асыра [асыра сілтеу үшін] жауап ала алған жоқ", - дейді ол.

Оның сөзінше, "бұл адамды психологиялық тұрғыдан әлжуаз етеді".

"Әлі күнге дейін сондай сезімдеміз", - дейді заңгер.​

ІЛГЕРІЛЕУ ДЕ ЖОҚ ЕМЕС

Дегенмен, Қырғызстанның оңтүстігінде тұратын кей өзбектер аздап ілгерілеу бар дейді.

Азаттық Ош қаласында тұратын екі өзбек азаматымен сөйлесті. Оптимистік көңілде сөйлегенімен, олардың бірі аты-жөнін жарияламауды сұрады, сондықтан ол кісінің есімі өзгертілді.

"10 жыл бұрынғымен салыстырғанда жағдай мүлде өзгеше. Тіпті бес жыл бұрын мәселелер болған, қазір өзбектер анағұрлым жақсы сезінеді... қазір тұрмыс оңалды" деді Тимур.​

Өзбекстан үкіметінің қаржысына салынған Әлішер Науаи атындағы мектеп. Ош, Қырғызстан, 1 қыркүйек 2018 жыл.
Өзбекстан үкіметінің қаржысына салынған Әлішер Науаи атындағы мектеп. Ош, Қырғызстан, 1 қыркүйек 2018 жыл.

Тимурдың айтуынша, Ош бұрынғыдан қауіпсіз, әрі онда "заң үстемдігі" орнаған. "Өзбектер барлық жерге бара алады, өзбек аудандарындағы мейрамханаларға да қырғыздар келе алады" деді ол.

Бұл пікірді Собир да қоштады: "Шиеленіс жойылғалы бірнеше жыл болды. [Қазір] өзбек пен қырғыз тату тұрады".

Дегенмен Тимур да Собир да Оштағы басты коммуникация тілі қырғыз тілі екенін айтты.

Тілдер бір-біріне ұқсас. Өзбектер қырғыз тілін жақсы үйреніп алады.

"Қырғыздар өзбек тіліне дұрыс қарайды. Бірақ өзбектердің қырғызша сөйлегенін жөн көреді" деді Тимур.

Қырғыз тілін онша жақсы білмеймін деген Тимур әдетте өзін Өзбекстаннан келген өзбекпін деп таныстыратынын айтты. Ош қырғыздары бұл уәжді қабылдайтын сияқты.

"Тілдер бір-біріне ұқсас. Өзбектер қырғыз тілін жақсы үйреніп алады" деді Собир.

Қырғыз бен өзбектің қай тақырыптарды көп талқылайтынын, ал қай тақырыптарға көп бара бермейтінін білген де қызық.

Тимурдың айтуынша, "өзбектер қырғыздармен саясатты және басқа мәселелерді талқылайды", бірақ "ұлтаралық мәселелерден қашқақтайды".

"[Өзбектер] маусым оқиғалары туралы айтуды қойған. Бұл – ешкім тимеуге тырысатын жара сияқты" деді Собир.

Собирдың айтуынша, ұлтаралық мәселе маусым оқиғасынан бірнеше жыл өткен соң қалыпқа келген. Тимур оған қарсы шықты: "Тіпті бес жыл бұрын да [өзбектердің қырғыздарды] кемсіту оқиғалары болған" деді. Бірақ ол бұл ойын әрі қарай таратып айтпады.

Тимурдың айтуынша, оңтүстік Қырғызстандағы ұлтаралық мәселелерді реттеуде Өзбекстанның жаңа өкіметі маңызды рөл ойнап отыр.

Ош оқиғасы кезінде Қырғызстанмен шекарадағы көпір аузында тұрған өзбек сарбаздары. 16 маусым 2010 жыл.
Ош оқиғасы кезінде Қырғызстанмен шекарадағы көпір аузында тұрған өзбек сарбаздары. 16 маусым 2010 жыл.

Өзбекстанның бірінші президенті Ислам Каримов төрт жылдай бұрын дүние салған. Каримов үкіметінің Қырғызстанға қатысты ұстанымы қатал болды, әсіресе президенттер орнынан кеткен 2005 және 2010 жылдардағы төңкерістерден кейін бұл елге қырын қарады.

Каримов пен аймақтағы басқа да басшылар ол оқиғаларды қауіпті прецедент деп қабылдаған тәрізді.

Ислам Каримов 2016 жылғы қыркүйекте қайтыс боған соң орнына премьер-министр Шавкат Мирзияев келді. Мирзияев Өзбекстанның Орталық Азиядағы көршілерімен анағұрлым жақсы қарым-қатынас орнатты.

Өзбекстан басшысы 2017 жылғы қыркүйекте Қырғызстанға сапар шегіп, онда қырғыз-өзбек шекарасындағы 2010 жылы жабылып қалған өткізу бекеттері қайта ашылатынын жариялады.​

"Достук" шекара бекеті қайта ашылды. (7 қыркүйек 2017 ж.)

Көп ұзамай Ош маңындағы Достық бекетіне қос тараптан мыңдаған адам жиналып, үлкен салтанатты шара жасады, түрлі ас әзірлеп, ән айтып, би билеп көңіл көтерді.

Мегоранның айтуынша, сол сапарда Мирзияев Ошта өзбек мектебін салуға көмектесеміз деп уәде берген және бірде ол Өзбекстанның Жизақ облысында орналасқан қырғыздардың Манас ауылына барып, ауылдың өзін және ондағы мектепті жөндеуге тапсырма берген әрі 45 күннен соң ауылға қайта оралып, тапсырманың орындалғанын тексерген.

Собирдың айтуынша, Мирзияев билікке келген соң жасалған өзгерістер оңтүстік Қырғызстандағы ахуалға көп әсер еткен.

Коронавирус пандемиясы шекараны уақытша жабуға мәжбүр етті. Бірақ Собирдың айтуынша, оның алдында Өзбекстан өзбектері жиі келіп, Қырғызстан қырғыздары көбіне Жібек жолы бойындағы Самарқан, Бұқара, Хиуа сияқты ежелгі қалаларды көру үшін ар жаққа барып, алыс-беріс артқан. Бұл екі ұлт арасын жақсартуға ықпал еткен.

Мұның көмегі тигенімен, жан жарасы толық жазылмаған.

"Өзбектер жинала қалған жерде әділдік мәселесі қозғалады. Өзбектердің әрбір басқосуында осы тақырып көтеріледі", - дейді Тимур.

Ағылшын тілінен аударған - Мұхтар Екей.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG