Accessibility links

Қырғызстанда көшкіннен алты адам қаза болды


Көшкін жүрген жердегі құтқару жұмыстары. Қыржол ауылы, Созақ ауданы, Жалал-Абад облысы. 24 мамыр 2015 жыл.
Көшкін жүрген жердегі құтқару жұмыстары. Қыржол ауылы, Созақ ауданы, Жалал-Абад облысы. 24 мамыр 2015 жыл.

Жалал-Абад облысы Созақ ауданының Қыржол ауылында көшкін жүріп, бес үйді басып қалған. Көшкіннен алты адам опат болған.

Мамырдың 24-іне қараған түні, жергілікті уақытпен сағат 01:49 шамасында, Қырғызстанның Жалал-Абад облысы Созақ ауданының Қыржол ауылында көшкін жүріп, бес үйді басып қалған. Көшкін салдарынан алты адам мерт болған. Зардап шеккен 24 адамның 12-і ауруханаға жатқызылған. Алдын ала деректер бойынша, көшкін астында тағы да екі адам қалған болуы мүмкін.

Төтенше жағдайлар министрлігінің (ТЖМ) жедел тобы мен өртке қарсы қызмет өкілдері оқиға орнында құтқару шараларын жүргізіп жатыр деп хабарланды. ТЖМ ол жерге қосымша 20 құтқарушы жіберген. Апат болған аймаққа Қырғызстан төтенше жағдайлар министрі Кубатбек Боронов пен оның орынбасары Равшан Рысбаев, елдің вице-премьері Абдырахман Маматалиев барған.

Қырғызстан премьер-министрі Темір Сариев үкіметтің облыстардағы өкілетті өкілдеріне, аудан әкімдері мен төтенше жағдайлар қызметіне барлық қауіпті учаскелердің есебін жүргізіп, ондағы адамдарды көшіруді тапсырған.

Көшкін жүрген жерде. Қыржол ауылы, Созақ ауданы, Жалал-Абад облысы. 24 мамыр 2015 жыл.
Көшкін жүрген жерде. Қыржол ауылы, Созақ ауданы, Жалал-Абад облысы. 24 мамыр 2015 жыл.

Қазіргі кезде үкіметтің Жалал-Абад облысындағы өкілетті өкілдігі, жергілікті билік органдары мен төтенше жағдайлар және денсаулық сақтау министрліктерінің барлық тиісті қызметтері төтенше оқиға салдарын жою жөніндегі бірлескен іс-қимыл жоспарында қарастырылған қажетті шаралардың бәрін жүзеге асыруға кіріскен деп хабарлайды қырғыз үкіметі.

Көшкіннен зардап шеккендерге жәрдем көрсету және қаза тапқандарды жерлеуді ұйымдастыру жөнінде штаб құрылған. Апат әкелген шығын көлемі мен зардап шеккен адамдар саны әлі анықталып жатыр.

Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев Жалал-Абад облысы Созақ ауданындағы көшкіннен опат болғандардың отбасыларына көңіл айтып, адамынан айырылған әр шаңыраққа 100 мың сомнан ақша бөлгізген.

Азаттықтың Қырғыз қызметінің материалы.

XS
SM
MD
LG