Литва билігі 22 Беларусь азаматының тұруға рұқсатын қайтарып алып, оларды елден шығарып жіберді және Шенген аймағына кіруге 5 жылға тыйым салды. Литва мемлекеттік қауіпсіздік департаментінің хабарлауынша, олар ұлттық қауіпсіздікке қауіп төндіреді деген күдікке ілінген.
Бұл адамдар Литвада тіркелген және Еуропа одағы ғарыш бағдарламасы агенттігінің (EUSPA) жобасына қатысқан компанияда жұмыс істеген. Литва билігінің мәліметінше, ол компания Ресей мен Беларусьтегі әскери-өнеркәсіптік кәсіпорындармен байланысын жасырған.
Компания Еуропа одағы бөлген қаржыға ауыл шаруашылығына арналған дәлдігі аса жоғары спутниктің навигациялық қабылдағыштарын әзірлеумен айналысқан. Жобаның жалпы бюджеті бір миллион еуродан асады, EUSPA 745 мың еуродан астам қаражат бөлген, оның 447 мың еуросын компанияға төлеп тастаған.
Тергеушілер компанияны іс жүзінде әкелі-балалы екі Беларусь азаматы басқаратынын анықтаған. Олардың бірі бірнеше жыл бұрын Ресей азаматтығын алған. Ресей Украинаға қарсы кең көлемді басқыншылық соғыс бастағаннан кейін компания басшылары ресми басқару құрылымын өзгерткен: 2022 жылдың сәуірінде АҚШ пен Литва азаматтығына ие олардың туысы компания басшысы қызметіне қойылған. Литва билігінің мәліметінше, мұндай әрекет санкцияларды айналып өту үшін жасалған.
Ал сол кезде екі Беларусь азаматы Ресейде тіркелген, әскери мақсаттағы спутниктен сигнал қабылдайтын навигациялық чиптер әзірлейтін және сынақтан өткізетін, Еуроодақ санкцияларына ұшыраған компанияда басшы қызметтер атқарған.
Вильнюс аумақтық соты екі Беларусь азаматын Еуроодақ қаржысын алаяқтық жолмен алғаны және жалған құжаттар жасағаны үшін кінәлі деп тапты. Олар кінәсін мойындап, 447 мың еуро зиянды өтеген. Литва билігі бұл екі адам елден қуылған 22 Беларусь азаматтарының арасында бар-жоғын нақтыламады.