Accessibility links

Тереза Мэй: "Жетер" деп айтар уақыт келді


Лондон көпірі маңында тұрған полиция. 4 маусым 2017 жыл.

Ұлыбритания премьер-министрі Тереза Мэй елде наурыздың соңынан бері үшінші рет жасалған терактіге байланысты жексенбідегі мәлімдемесінде терроршыларға "жетер" деп айтар уақыт келгенін айтты.

Британ полициясының соңғы мәліметі бойынша, ел астанасында жексенбіге қараған түні жасалған шабуылдардан жеті адам мерт болып, елуге жуық адам жараланған. Маусымның 3-і күні жергілікті уақыт бойынша сағат 22:00 шамасында ақ түсті шағын автобусқа мініп қатты жылдамдықпен келген белгісіз біреулер Лондон көпірінде жаяу адамдарды таптап өткен. Бұдан соң Боро базары маңында көліктен түсе сала қолдарындағы үлкен пышақтармен көшедегі жұртқа шабуылдаған. Полиция бұл шабуылдарды теракт деп атаған. Билік шабуылдарға күдікті үш адам полицияның оғына ұшқаны туралы мәлімдеді.

Лондон көпірінде және Боро базары маңында шабуылдағандар үстілеріне жанкештілер тағынатын жарылғышқа ұқсайтын әлдебір заттар байлап алған, бірақ кейін олардың жарылғыш емесі екені анықталды деп хабарлады Скотланд-Ярд.

Ұлыбритания премьер-министрі Тереза Мэй кеңсесі алдында мәлімдеме жасап тұр. Даунинг-стрит, 10, Лондон, 4 маусым 2017 жыл.
Ұлыбритания премьер-министрі Тереза Мэй кеңсесі алдында мәлімдеме жасап тұр. Даунинг-стрит, 10, Лондон, 4 маусым 2017 жыл.

Британ премьері Тереза Мэй жексенбі күні телеарнадан жасаған мәлімдемесінде денелеріне жарылғышқа ұқсайтын зат таңып алған үш ер адамның ел арасында үрей мен дүрбелең тудыруды мақсат еткенін айтқан.

"Біз бәрі осыған дейінгідей болып қала береді деген кейіп таныта алмаймыз және олай істеуге тиіс емеспіз" деген Тереза Мэй.

Лондон полициясы бұл шабуылдарды бір топтың мүшелері жасаған деп санайды. Полиция алдын ала тексеруден соң осындай тұжырым жасаған. Әзірше полиция шабуылға күдіктілер кімдер екенін хабарлаған жоқ.

Тереза Мэй Лондондағы шабуылдарды "террорлық актілер" деп атаған. Төтенше оқиғаға байланысты сайлауалды сапарынан Лондондағы кеңсесіне жедел оралған британ премьері өткен түнгі шабуылдарға байланысты үкіметтік төтенше комитеттің (КОБРА) шұғыл отырысын өткізген. Бұл комитеттің құрамында үкімет, полиция мен арнайы қызмет өкілдері бар. Лондон мэрі Садик Хан өткен түндегі оқиғаларды бейбіт тұрғындар мен қала қонақтарына қарсы жасалған "жоспарлы және сұрқия шабуыл" деп атаған.

Шабуыл болған аумақта тұрған полиция қызметкерлері. Лондон, 4 маусым 2017 жыл.
Шабуыл болған аумақта тұрған полиция қызметкерлері. Лондон, 4 маусым 2017 жыл.

Әуелгіде билік Лондон көпірі мен Боро базары маңында шабуылдар жасаған террористердің нақты қанша адам екені анықталғанына сенімді болған жоқ деп хабарлайды британдық Sky телеарнасы. Бірақ, кейін Лондон полициясының терроризмге қарсы күрес бөлімінің бастығы Марк Роули жексенбіге қараған түні бейбіт адамдарға қарсы шабуылдар жасаған терроршылардың түгел көзі жойылғаны туралы мәлімдеген. "Біз терактіге үш адам қатысқан деп санаймыз", – деп мәлімдеген Роули.

Оның сөзінше, адамдарға қарсы шабуылдар жасалғаны туралы хабар алысымен көп ұзамай күдіктілердің соңына түскен полиция қуып жеткен соң үшеуінің де көзін жойған.

Бұған қоса Роули бұл қылмысты тергеу барысында шабуылға қатысқандардың бәрінің көзі жойылғанына "толық сенімді болу үшін бірқатар тексеру амалдары жүргізілетінін" айтқан. Бұған дейін кей басылымдарда терроршылар саны бесеу деген ақпарат шыққан еді.

Маусымның 3-інде Лондондағы шабуыл кезінде түсірілген видео:

Маусымның 4-і күні Лондонның шығысындағы ауданда полиция өткен түнгі террорлық шабуылдарға қатысы болуы мүмкін деген күдікпен 12 адамды ұстаған. Полиция іздеу-тексеру амалдарын жүргізіп жатыр.

Лондондағы шабуылдарға байланысты елдегі саяси партиялардың көбі сайлауалды іс-шараларын тоқтатқан. Бірақ Тереза Мэй Ұлыбританияда бұған дейін маусымның 8-іне белгіленген кезектен тыс парламент сайлауы жоспарланған күні өтетінін хабарлаған.

"Демократиялық процесті зорлық-зомбылықтың бұзуына жол беруге болмайды", - деп мәлімдеген ол.

Алдын ала ақпарат бойынша, Лондонда жексенбіге қараған түні жасалған шабуылдардан қаза тапқандар мен зардап шеккендер арасында қазақстандықтар жоқ деп хабарлаған Қазақстан сыртқы істер министрлігі баспасөз қызметінің жетекшісі Әнуар Жайнақов Facebook әлеуметтік желісінде. Сонымен бірге ол Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшілігі тиісті анықтау жұмыстарын жалғастырып жатқаны, онда "жедел байланыс желісі" жұмыс істейтіні туралы хабарлаған: +44(0)7447470570 (WhatsApp).

Соңғы екі айдан астам уақыт ішінде Ұлыбританияда осымен үшінші террорлық шабуылдар жасалып отыр. Биылғы наурыздың 22-і күні Лондондағы Вестминстер көпірінде көлікпен адамдарды басып өткен соң полиция қызметкерін пышақтап, британ парламентіне кірмек болған терроршыны құқық өкілдері атып өлтірген. Шабуылды теракт деп атаған Скотланд-Ярдтың мәліметі бойынша, сол жолы төрт адам қаза тауып, 29 адам жараланған. Осы оқиғадан кейін тура екі ай өткенде, мамырдың 22-і күні Манчестердегі жабық стадионда исламшыл жанкешті жасаған жарылыс салдарынан 22 адам мерт болған, олардың арасында балалар да бар. Соңғы мәліметтер бойынша, жарылыстан зардап шеккен 66 адам әлі ауруханада жатыр, олардың 23-і ауыр халде екені хабарланған.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG