Маңғыстау облысындағы Аташ жағажайы маңында Каспий бетіндегі майлы дақтардың қайдан пайда болғанын анықтау үшін экологтар теңіз суынан сынама алып, зертханаға жіберді. Мұны облыстық экология департаменті хабарлады.
8 тамызда теңіз бетінде майлы дақтар байқалғаны жайлы хабар 8 тамызда түскен. Осыдан кейін мамандар Аташ жағалауы мен оған жақын теңіз аумағын тексеріп, мониторинг жүргізген.
Әзірге майлы қабаттың неден пайда болғаны белгісіз. Экологтар аумақты зерттеуді жалғастырып жатыр. Зертхана сараптамасының қорытындысы кейін жарияланбақ.
Маңғыстау облысының экология департаменті жағдайды бақылауға алғанын айтады. Қадағалаушы орындар Каспийдің осы тұсында жұмыс істейтін кеме экипаждары мен айлақ иелеріне экологиялық талаптарды қатаң сақтау қажеттігін ескертіп, мұнай өнімдері мен өзге де ластаушы заттардың теңізге төгілуіне жол бермеу керектігін айтқан.
Каспий жағалауы маңында майлы дақтар бұған дейін де байқалып, жергілікті тұрғындар мен экологтардың назарын аударған. Былтыр шілде айында Ақтау тұрғындары теңіз бетінен осындай ластайтын белгілер байқалғанын хабарлаған. Құзырлы органдар тексеру жүргізгеннен кейін мамандар экологиялық талаптарға қайшы келетін ештеңе байқалмағанын мәлімдеген.
Маңғыстау жағалауында үнемі болатын тағы бір көкейкесті мәселе – итбалықтардың қырылуы. Әсіресе ең көп шығын 2024 жылы тіркелді: шамамен 2 мыңға жуық итбалық өлексесі табылған.
Былтыр қарашада ғалымдар итбалықтың қырылуына иммунитетінің әлсіреуі және жануар ағзасының жалпы төзімділігінің азаюы себеп болған тәрізді деп топшылаған.
Биыл шілде айында Қазақстанның ауыл шаруашылығы министрлігінің Балық шаруашылығы комитетінің төрағасы Серік Сермағамбетов итбалықтың қырылуы жөнінде алдын ала болжамды жариялады. Шенеунік итбалықтар жер қабатының астындағы сілкіністерден кейін бөлінетін газдар әсерінен тұншығып өлген болуы мүмкін деп мәлімдеген.
Алайда бұл нұсқа әзірге түпкілікті ғылыми қорытынды ретінде ұсынылған жоқ.