Accessibility links

"Бүркіт баптау бәйгеге ат жаратумен тең"


Бүркітші Сайлаухан Зәкәрияұлы (сол жақтан екінші) құсбегілердің Моңғолия құрамасымен бірге тұр. Алматы, 2 желтоқсан 2018 жыл
Бүркітші Сайлаухан Зәкәрияұлы (сол жақтан екінші) құсбегілердің Моңғолия құрамасымен бірге тұр. Алматы, 2 желтоқсан 2018 жыл

Моңғолияда тұратын 65 жастағы этникалық қазақ Сайлаухан Зәкәрияұлы Алматыда өткен бүркітшілер арасындағы Азия чемпионатына қатысты. 30 жылдан бері құсбегілікпен айналысып жүрген бүркітші Азаттық тілшісіне қыран баптаудың қыр-сырын айтып берді.

"ҚАЗАҚСТАНДА БҮРКІТКЕ ҚЫЗЫҒУШЫЛЫҚ АЗ"

Желтоқсанның басында Алматыда өткен бүркітшілер арасындағы Азия чемпионатына жүздеген құсбегі қатысты. Солардың бірі Сайлаухан Зәкәрияұлы Алматыдағы жарысқа Қазақстан ұлттық спорт қауымдастығының шақыртуымен келген. Жүлделі орын алмаса да Алматыдағы жарыс бүркітші үшін "үлкен тәжірибе болған".

- Сайыс кезінде қолымдағы бүркіт шырғаға (құсты қолға үйреткенде, аңға түсуге баулығанда қолданылатын аң терісінен жасалған тұлып - ред.) келгенімен, қоянға түспеді. Құстың аңға түспеуінің үш себебі бар. Біріншісі - құстың тым арық болуы. Әлсіздіктен діттеген жеріне жете алмай, жол ортада қонып қалады. Екіншісі, өте тоқ болуы. «Ит иесі үшін, бүркіт тамағы үшін алады» деген сөз бар. Үшіншісі, қолға үйретілген бүркіттердің мінезіне байланысты. Көңіл-күйі дұрыс болмаса айнып кетеді. Өз құсымызды әкеле алмадық. Қазақстандағы бүркітшілердің құсымен жарысқа қатыстық. Нәтиже ойдағыдай болмады. Кейбірінің бабы келмеген, - деді құсбегі.

Моңғолиялық бүркітші қазақ Сайлаухан Зәкәрияұлы. Алматы, 6 желтоқсан, 2018 жыл.
Моңғолиялық бүркітші қазақ Сайлаухан Зәкәрияұлы. Алматы, 6 желтоқсан, 2018 жыл.

Сайлаухан Зәкәрияұлының сөзінше, Моңғолияның Баян-өлгий аймағында 500-ге жуық бүркітші бар. Елде құсбегілер арасында жарыс жиі өтіп тұрады.

- Қазақстанда бүркітке қызығушылық өте аз сияқты көрінді. Мысалы, осы жолы өтіп жатқан жарысқа көрермен өте аз келді. Бүркітшілердің өзі көрермен сияқты көрінді. Ал Моңғолияда керісінше бүркітші де көп. Жарысқа көрермен де көп жиналады, - дейді ол.

БҮРКІТ БАПТАУДЫҢ ҚЫР-СЫРЫ

Баян-Өлгий аймағында дүниеге келген Сайлаухан Зәкәрияұлы әкесінен қалған бүркітшілік дәстүрді отыз жасынан бастап қолға алған. Қазір бүркіт баулудың қыр-сырын біледі, құстың мінезін бірден таниды.

- Бүркіттің шақар немесе жуас болуы туа бітті мінезі емес. Ашушаң немесе айнығыш (аңға түспей тайқып кетуі – ред.) келетін бүркіттер – қолбала құс. Яғни, ұядан балапан күнінде алынған бүркіттер кінәмшіл, мінезі тар болып келеді. Ал түз бүркітінің мінезі өте кең. Олар ешқашанда ашуланбайды және қайтпайды, - дейді бүркітші.

Алматыдағы жарыс кезінде аңға түскен бүркіт. 2 желтоқсан 2018 жыл.
Алматыдағы жарыс кезінде аңға түскен бүркіт. 2 желтоқсан 2018 жыл.

Құсбегі "бүркіттің алғырлығын құйрығындағы қауырсындарының санына қарап анықтайды". Сайлаухан Зәкәрияұлы сөзінше, әдеттегі қыран құстардың құйрығы 12 қауырсыннан тұрады. Ал нағыз алғыр қыранның құйрығында он үш қауырсын болады.

- Бүркіттің жасын да құйрығындағы ақ жолақтарға қарап ажыратамыз. Қыран құс жасаған сайын құйрық қанаттары қоңырлана түседі. Осында келгенде бір байқағаным, қазақстандық бүркітшілердің қолындағы құстардың басым бөлігі қартая бастаған екен, - деді ол.

Бүркітшілер қыран құстың тек аналығын ғана ұстайды. Оның өзінде алты жастан кейін бүркітті босатып жібереді. Сайлаухан Зәкәрияұлының қолында бұған дейін бес бүркіт болған. Соңғы бүркітін наурыз айында денесіне арнайы чип бекітіп, қоя берген.

- Қазір қолымыздағы бүркіттердің барлығын үкімет тіркеуге алған. Соңғы жылдары оларды қорғау мақсатында мемлекет арнайы чип орнатып жібереді. Сол арқылы бүркіттердің қай жерде жүргенін, қашан жұмыртқалағанына дейін бізге хабарлап отырады, - дейді бүркітші.

Қарай отырыңыз: Бүркітшілер арасында Алматыда өткен Азия чемпионаты (1-2 желтоқсан 2018 жыл)

Моңғолия қазағының сөзінше, бүркіт баптаудың қиындығы бәйгеге ат жаратумен тең. Құсбегі бүркітті тек қыс айларында ғана дайындайтынын айтады.

- ​Бүркіт те тек бала секілді. Сылап-сипасаң, тіліңді алады. Ұрсып не жекіп айтқаныңа көндіре алмайсың,- деді бүркітші сөз арасында.

Сайлаухан Зәкәрияұлының айтуынша, Баян-Өлгий аймағында жыл сайын "Бүркіт тойы" өтіп тұрады және наурыз мерекесі кезінде бүркітшілер шеруі ұйымдастырылады. Бүркітшілер өнерін тамашалауға шетелден туристер де келеді.

- Шетелден келетін туристер жыл бойы үзілмейді. Оларды алып сонарға шығамыз. Шетелдіктерге қазақтың дәстүрін таныстырамыз және осы арқылы пайда табуға да болады, - дейді қарт бүркітші.

Моңғолия қазақтары жыл сайын Баян-Өлгий аймағында ғана емес, Улан-Батор қаласында да тұрақты "Бүркіт тойын" өткізіп келеді. Сондай бүткітшілер жарысы кезінде көзге түскен моңғолиялық бүркітші қыз Айшолпан Нұрғайып туралы 2016 жылы америкалық режиссер Отто Белла "Eagle Huntress" фильмін түсірген.

Қарай отырыңыз: режиссер Отто Белланың "Eagle Huntress" фильмінің трейлері

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG