Accessibility links

MH17 апаты жайлы деректер наразы етті


Malaysia Airlines ұшағының үйіндісі.
Malaysia Airlines ұшағының үйіндісі.

Нидерланд билігін Донецк түбіндегі Boeing ұшағы апатын тексеруге қатысты жеткілікті ақпарат бермегені үшін сынайды.

Malaysia Airlines компаниясының Boeing («Боинг») ұшағы апатында 196 азаматы қаза тапқан Нидерландта апатты тексеруге байланысты үкіметке сенімсіздік күшейіп келеді.

Немістің Der Spiegel («Шпигель») журналында ұшақты сепаратистер Украинаның әскери базасынан ұрлап алған «Бук» зымыран қондырғысынан атып түсіргенін «дәлелдейтін» спутник суреттер жарияланған еді. Бұл фотографиялар «Нидерланд билігі қайғылы оқиғаға қатысты жайттар туралы маңызды ақпаратты қоғамнан жасырып отыр» деген мәлімдемелерге түрткі болды. Қаза тапқандардың бірінің ресми жолмен бірдеңе білуден үмітін үзіп, ұшақ құлаған орынға аттанған туысы бір ажалдан әрең аман қалған.

Малайзияның Boeing ұшағы апатында қаза тапқандардың туыстарының адвокаты Вееру Меваның мәлімдеуінше, оның клиенттері Der Spiegel журналында жексенбі күні жарияланған мақаладан есеңгіреп қалған. «Клиенттерімнің қайғылы оқиғаға қатысты жайттарды екінші мәрте ел үкіметінен емес, ақпарат құралдарынан естігені дұрыс емес» дейді ол.

Франс Тиммерманс.
Франс Тиммерманс.

Екі апта бұрын Нидерланд үкіметі керісінше ақпаратты жариялағаны үшін сынға іліккен еді. Нидерланд сыртқы істер министрі Франс Тиммерманс Еурокомиссия төрағасы орынбасары қызметіне ауысуына байланысты елдегі телеарнаның кешкі эфирінде берген үлкен сұхбатында «апатқа ұшыраған рейс жолаушыларының бірінің мойнынан оттегі маскасы табылды» деп мәлімдеді. Бұған дейін жарияланбай келген бұл факт «жолаушылардың кейбір бірден қаза таппаған» деген болжамдарға ұласты.

Тиммерманстың сенсациялық мәлімдемесін жұрттың көбі «өзін-өзі жауапсыздықпен жарнамалау» деп сынады. Оның Boeing апатқа ұшырағаннан кейінгі қиын жағдайда жасаған еңбегін жұрт бірер ай бұрын ғана жоғары бағалаған болатын. Бұл жанжалдан кейін Тиммерманс Гаагадан Брюссельге артық дабырасыз көшіп кетті. Кейін экс-министр оттегі маскасы туралы ақпаратты тергеу аяқталмай жатып жария еткеніне өкінетінін мәлімдеген. Ол «апат құрбанының мойнында масканың қалай пайда болғаны белгісіз болғандықтан маска жайлы әзірше ештеңе айтылмаған еді» деп ақталды. Әдетте салон герметизацияланбай қалған кезде жоғарыда тұрған оттегі маскалары автоматты түрде ашылып кетеді, бірақ апат орнынан әзірше маскасы бар бір мәйіт қана табылған.

Der Spiegel журналындағы материал жұрттың наразылығын туғызды. Вееру Меваның айтуынша, құрбандардың туыстарынан оған ашу-ызаға толы хаттар келе бастаған.

– Жағдайдың қалай өрбитінін күтуден басқа амал жоқ. Der Spiegel журналына әлгі ақпаратты кім бергені белгісіз. Бұл суреттер спутниктен түсірілген сияқты, ал Нидерланд үкіметі оларды жариялағысы келмейді немесе қолында ол суреттер жоқ. Егер үкіметте ол суреттер жоқ болса, бұл – алаңдарлық жайт. Өйткені бұл жағдай ұшақ апатын тексеру ісінде өзге елдердің бізден озып кеткенін білдіреді. Үкіметтен маңызды ақпаратты бізбен бөлісуін талап етуден басқа амалымыз жоқ, басқа ештеңе жасай алмаймыз. Қауіпсіздік кеңесінің тексеру қорытындысын келесі жылдың жазының аяғына дейін күту тым ұзаққа созылып кетеді. Тергеу амалдарына жауапты болған соң қауіпсіздік кеңесі үлкен сақтықпен жұмыс істеп жатқаны түсінікті, – деді ол Нидерландтың BNR радиосына берген сұхбатында.

Заң аса маңызды ақпаратты тергеу аяқталмаса да жариялауға рұқсат береді.

Вееру Меван бірақ "заң аса маңызды ақпаратты тергеу аяқталмаса да жариялауға рұқсат беретінін" айтады. Ол «2015 жылдың жазының аяғын күтуді артық сақтық таныту деп есептеймін әрі кезекті маңызды деректерді тағы да ақпарат құралдарынан білмесек болғаны» деп алаңдайды.

– Жұрттың «үкімет бізден әлденені жасырып отыр» деген күдігі күшейіп келеді. Тиммерманстың оттегі маскасы туралы мәлімдемесі өте сәтсіз мәлімдеме болды. Рның үстіне Германияның арнайы қызметіне белгілі мәліметтер жарияланып кетті. Жұрт «Нидерланд бұл деректерден хабардар ма екен» деп күдіктене бастады. Үкімет бірдеңе істеуі тиіс. Премьер Рютте талай рет «шындыққа жету үшін ақырына дейін барамын» деп, ештеңені жасырмауға уәде еткен. Енді мына күдік үкіметке деген сенімсіздікті күшейтті, – дейді ол.

ЕҚҰЫ миссиясы өкілдері Донецк маңындағы "Боинг" құлаған жерде тұр.
ЕҚҰЫ миссиясы өкілдері Донецк маңындағы "Боинг" құлаған жерде тұр.

Нидерланд тұрғындарын «Апат себептерін тексеру мен трагедияға кінәлілерді табу жұмыстарына басшылық жасауды ең көп зардап шеккен мемлекетке жүктеу дұрыс болды ма?» деген тағы бір сұрақ мазалайды. Өйткені мүрделерді репатриациялау миссиясын да Нидерланд басқарады әрі бұл миссияға көбірек мән береді. Ұшақ құлаған жерде соғыс жүріп жатқандықтан қаза тапқандардың мәйіттерін елге әкелу жаздың аяғында тоқтап қалған еді. Бұл Ниделандты Украинаның шығысындағы бүлікшілерге және жанама түрде Ресейге тәуелді етіп қойды. АҚШ пен Германияда бәрі ашық айтылып жатқан тұста мына жағдайға байланысты голланд саясаткерлерінің қимылдары шектеулі болып қалды.

Қыркүйекте Нидерланд қауіпсіздік кеңесі «ұшаққа әлдебір заттың сырттан тиіп, ұшақты бөлшектеп жіберген» деген алдын ала есебін жариялаған. Министрлер кабинеті бұдан артық ештеңе айтуға батылы жетпеді, тіпті «зымыран» деген сөз де айтылмады. Бірақ шілденің 24-і күні жасалған алғашқы ресми мәлімдемеде ел премьері «Ұшақты зымыранмен атып түсіргенін көрсететін жайттар өте көп екені біздің зығырданымызды қайнатады» деп жазған. Ол одан үш күн бұрын елдің арнайы қызметінің қолында «трагедия себептеріне қатысты дәлелдер бар» деген еді.

Нидерланд премьер-министрі Марк Рютте.
Нидерланд премьер-министрі Марк Рютте.

Қазірге дейін апаттың 298 құрбанының 278-інің мәйіті танылған. BNR телекомпаниясы редакторы Питер Кляйннің жазуынша, үкіметтің бірнеше адамға «туыстарыңның мүрдесі табылмады және табыла қоюы екіталай» деп хабарлауына тура келетін сәт жақындап келеді. «Марк Рютте кабинетінің сепаратистер мен Ресейге жалбақтауын ақтайтын негізгі аргументі бітіп, Нидерланд оппозициясының ел басшылығына қоятын қатаң сұрақтарына жауап талап ететін кезі жақындап келеді» деп ескертеді журналист.

– Оппозиция «Нидерланд үкіметіне нақты қандай мәліметтер белгілі? Германия білетін ақпараттан Нидерланд арнайы қызметі хабардар ма? Егер хабардар болса, оның негізінде тиісті ұйғарым жасады ма? Бұл ақпаратты корольдіктің қауіпсіздік кеңесі мен прокуратурамен бөлісті ме?» деген сұрақтар қоюы мүмкін. МН17 ұшағы апатын ешкім саясиландырғысы келмейді, бірақ халық жуық арада шындықты естімесе, елде саяси дағдарыс болуы мүмкін, – деп болжайды Питер Кляйн.

Нидерланд оппозициясы өкілдерінің айтуынша, АҚШ-тың Boeing апатқа ұшыраған сәтін спутниктен түсірген суреттері Нидерландтың қолында бар ма деген сұраққа биліктегі коалиция талай рет жауап бермеген. Өткен демалыс күндері терроризммен күрес жөніндегі ұлттық үйлестіруші NOS телекомпаниясына берген сұхбатында «Нидерландтың қолында тиісті деректердің бәрі бар және қауіпсіздік кеңесін олармен таныстырып отырмыз» деген еді. Бірақ Нидерланд прокуратурасы спутниктен түсірілген суреттердің жоғын айтады. Қауіпсіздік кеңесі бұл мәсеге қатысты ешқандай комментарий бермейді.

Дүйсенбі күні кешкісін билік коалициясы оппозицияның Der Spiegel журналы жариялаған деректер негізінде ашық тыңдау өткізу туралы ұсынысынан бас тартты. Ресми Гаага мұндай тыңдаулар апат себептерін дұрыстап тексеруге кедергі келтіреді деп есептейді. Оппозия «мұндай жағдай кезінде немістің арнайы қызметі парламентпен ақпарат бөліседі» деп мәлімдейді. Оппозицияның бұл сынына Нидерланд парламентіндегі халықтық азаттық және демократия партиясы (VVD) мүшесі Ингрид де Калюве BNR радиостанциясына берген сұхбатында «немістер тек болжамдарды ғана талқылады, бұдан ешқандай қорытынды шығаруға болмайды» деп жауап берген.

– Германия арнайы қызметі мұны қандай мақсатпен істегенін мүлде түсінбеймін. Әр елдің арнайы қызметі нақты бір іске қатысты детальдарды парламентке мәлімдеуге құқылы. Бірақ олар болған жағдайдың түрлі варианттарын талқылаған отырыс қана өткізді. Нидерланд – тәуелсіз тергеу жүргізетін бірден-бір ел. Біздің партия үшін тәуелсіз қауіпсіздік кеңесінің жарым-жарты ақпарат, қауесеттер негізінде емес, қазір қолда бар бүкіл ақпаратты қарап, сонан кейін ғана қорытынды жасағаны маңызды, – дейді ол.

Нидерланд премьер-министрі Путинмен кездескенде Boeing ұшағын «Курск» сүңгуір қайығы апатымен салыстырды. Қайықты теңіз түбінен шығаруға Нидерланд көмектескен еді.
Нидерланд премьер-министрі Путинмен кездескенде Boeing ұшағын «Курск» сүңгуір қайығы апатымен салыстырды. Қайықты теңіз түбінен шығаруға Нидерланд көмектескен еді.

Марк Рютте өткен аптада Миланда Ресей президенті Владимир Путинмен кездесу кезінде Boeing ұшағын «Курск» сүңгуір қайығымен салыстырды. Қазір ең бастысы мүрделерді трагедия болған жерден әкету екенін айтқан Рютте «Курск» апатынан кейін сүңгуір қайықты теңіз түбінен шығаруға Нидерландтың көмектескенін Ресей басшысының есіне салды. Қазір Украинада Нидерланд миссиясының төрт өкілі ғана қалған. Жергілікті тұрғындар оларға жолаушылардың табылған жеке заттарын әкеліп береді. Осы аптада орманға отынға барған жергілікті тұрғындар тауып алған тағы екі чемоданды әкеліп берген.

Әнші Робби Улерс Донецк түбіндегі ұшақ апатында сүйікті жиені Дейзиден айырылып қалған. Жиырма жастағы Дейзи құрбысы Брюспен бірге Балиға ұшып бара жатқан. Брюстің табаны ғана табылды. Дейзидің мәйіті көпке дейін анықталмады. «Бұдан ары мемлекеттен шындықты күтпеймін» деп шешкен Робби Улерс Киевке жетіп, әрі ақрай Донецкіге барған. Ол сепаратистерге ақша төлеп, апат орнына жеткізуге көмектесулерін сұраған. NOS телекомпаниясы тілшісі Улерсті ұшақ апаты болған жерде суретке түсірген. Улерс ара-тұра ғана бірер сөз айтады. Ұзақ үнсіздік кезінде жел мен алыстан жарылған снарядтар үні естіледі. Кадрлардың бірінде Улерс Boeing ұшағы сынықтарының тура ортасына түсіп жарылған снарядтың орнына пайда болған үлкен шұңқырда тұр.

«Әлгілерге ... мұны істегендерге ... (ұзақ үнсіздік, желдің уілі)... Оларға не істер едім деп елестеткім келеді. Бірақ бұған тіпті сөзім жетпейді. Олар сияқтыларға жазаның қай түрі де қатыгездік етпейді. Міне, мына снаряд тіпті жақын маңда жарылды, естисіздер ме? Мұнда қалуға болмайды. Мына араға шатыр тігіп, от жағып қойып, асықпай іздегім-ақ келеді. Бірақ бұған шамам келмейді, шашылған сынықтардың ұшы-қиыры көрінбейді. Аумақ тым үлкен» дейді Улерс.

Жексенбі күні бұл кадрларды эфирден көрсетті. Көрші қонақ үйдің алдында бомба жарылып, дүйсенбі күні Улерстің өзі бір ажалдан әрең қалды. Улерс «бүкіл ғимараттардың терезе шынылары саудырап түсіп, журналистер отырған автобустың әйнектері де сынды» деп жазды Twitter-парағында. Әйелі Улерстің әлгі твитіне жазған комментарийінде «үйге қайт» деп жалынады. Сәрсенбі күні Улерстің Twitter-парағында жиені Дейзидің мүрдесі ақыры табылғаны туралы жазба пайда болды.

Софья Корниенконың мақаласын орыс тілінен аударған - Айжан Оралғазы.

XS
SM
MD
LG