Accessibility links

Сарапшылар: Ұшақ апаты себебін анықтау қиын


Ресейшіл қарулы сепаратист Malaysia Airlines компаниясының Boeing 777 ұшағы құлаған жерде тұр. Украина, Донецк облысы, 17 шілде 2014 жыл.
Ресейшіл қарулы сепаратист Malaysia Airlines компаниясының Boeing 777 ұшағы құлаған жерде тұр. Украина, Донецк облысы, 17 шілде 2014 жыл.

Әлем назары Малайзия жолаушылар ұшағы апатынан қаза тапқан адамдарды жерлеу рәсіміне ауып тұр. Ал Украинадағы ұшақ құлаған жерді зерттеуге кедергі көп. Апат себебін анықтау қиын болатын сияқты.

Шілденің 23-і күні Нидерландтың Эйндховен қаласына қаралы халық жиналды. Олар - Малайзия ұшағы апатында қаза тапқан адамдардың туыстары. Эйндховенге мыңдаған адам марқұмдардың мәйіттерін алу үшін келді. Нидерланд басшылары мен басқа елдердің өкілдері қаралы жиынға көңіл айтып тұрып, апат себебін анықтауға уәде берді.

Шілденің 24-і күні Еуропаға тағы біраз адамның мәйіті жеткізілді. Бірақ Украинаның шығысындағы апат орнында қазір ешкім жан-жақты тексеріс жүргізіп жатқан жоқ. 298 адамның жазатайым қазасына себеп болған апат себебінің жақында анықталар түрі көрінбейді.

«ТЕРГЕУ ТАЛАПТАРЫ БҰЗЫЛДЫ»

Батыс шенеуніктері «ұшаққа ресейшіл сепаратистер атқан «жер-әуе» зымыраны тиді» десе, сепаратистер Украина армиясын айыптайды.

Ұшақ құлағалы да бір апта өтті. Апат орнына халықаралық зерттеушілер зорға жетті. Бұдан «апат орны көп өзгеріп кетті, енді ұшақтың құлауына себеп болған жағдайды анықтау қиын болар» күдік туды. Осыған алаңдаған Австралия премьер-министрі Тони Эбботт шілденің 24-і күні Канберрада журналистерге «ұшақ құлаған жерде әлі күнге дейін кәсіби тексеру жүргізілмей жатыр» деп мәлімдеді.

Ол Австралияның Лондонға 50 полиция қызметкерін жібергенін, олар апат орнына барып, тергеушілерді күзетуге тиіс екенін айтты. Бірақ аймақты бақылап отырған ресейшіл сепаратистер оған рұқсат ете ме, жоқ па – белгісіз.

БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі шілденің 21-і күні қарар қабылдап, «апат орнына шетелдік тергеушілер барсын, қарулы топтар олардың жұмысына кедергі жасамасын» деп мәлімдеді. Бірақ БҰҰ-ның бұл қарары Австралия немесе басқа елдердің полициясы апат орнына жіберілмеуі мүмкін деген күдікті сейілткен жоқ.

Сарапшылар «Ұшақ апатының себебін анықтау үшін тергеушілердің барлық талаптары орындалуы керек» дейді. Бірақ апат орнындағы бейберекет жағдай халықаралық тексерудің талаптарын орындауға мүмкіндік бермейді.

Англияның Болтон қаласында тұратын тәуелсіз авиация сарапшысы Крис Йейтс «Кез келген апат орнын зерттеуге кедергі жасайтын жағдайлар болады. Оқиға болған жерден адамдар жүріп өтуі немесе қалдықтар мен қирандыларды орнынан қозғап, бүлдіріп кетуі мүмкін. Оның бәрі зерттеуді қиындатады» дейді.

Тергеушілер ұшақ бөлшектерін суретке түсіріп жүр. Украина, Донецк облысы, 22 шілде 2014 жыл.
Тергеушілер ұшақ бөлшектерін суретке түсіріп жүр. Украина, Донецк облысы, 22 шілде 2014 жыл.

Ұшақ шілденің 17-сі күні Украинаның шығысындағы Донецк облысында, сепаратистер шоғырланған аймақта құлаған еді. Апат орнын жақын жердегі қалалардың тұрғындары барып көрген. Сепаратистер ұшақ құлаған жерден опат болған адамдардың мәйіттерін жинаған.

Бірақ ресейшілдер Украина, Нидерланд және Малайзияның сот және авиация сарапшылары мен Еуропа қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ) өкілдерінен құралған шағын топты ғана оқиға орнына жіберген.

«Апат орнында жүрген сепаратистер ұшақ қалдықтарын қасақана бүлдірген» деген дерек бар. Шілденің 23-і күні ВВС агенттігі Ұлыбритания үкіметінің аты-жөнін тамаған өкілі хабарлаған ақпаратты жариялады. Оның айтуынша, «британдық барлаушылар бүлікшілердің айғақтарды өзгертіп, мүрделердің орнын ауыстырып, қалдықтарды сүйреп жүргенін көрген».

ЕҚЫҰ баспасөз хатшысы Майкл Боцюркив ВВС агенттігіне шілденің 23-і күні «ұшақ сынықтарының ұйым өкілдері көргеннен бері өзгеріп кеткенін, үлкен бөліктерінің бірнеше жерден кесілгенін» айтты.

«БҰЛ ТОЛАССЫЗ ДАУҒА ҰЛАСАДЫ»

Йейтс «ұшақтың үлкен бөліктерін астында қалған денелерді алу үшін бөлшектеді ме, әлде әдейі істеді ме - анықтау керек» дейді. Оның айтуынша, «апат орнына жетудің өзі оңай емес, ал ол жердегі сынықтар мен ұшақ қалдықтары өзгертілсе, тергеушілердің жұмысы қиындай түседі».

Ол «Тергеушілер апат орнында ары-бері жүріп, қалдықтарды суретке түсіріп қана қоймайды. Апат себебін анықтау үшін сынықтарды мұқият зерттеу керек. Мәселен, зымыранның қандай жарылғыш заттан жасалғанын анықтау керек» дейді. Йейтс «жарылғыш заттың қалдықтарына химиялық талдау жасау арқылы оның құрамын анықтап, зымыранның қай елде жасалғанын білуге болатынын» айтады.

Ол «ұшақ фюзеляжын мұқият зерттеп, зеңбірек оғының бытырасы бар-жоғын, ұшақтың корпусының ішіне немесе сыртына майысқанын анықтауға, сол арқылы жарылыстың ұшақ ішінде болғанын немесе апаттың сырттан келгенін білуге болады» дейді.

Әдетте ұшақ апатын зерттеушілер апат болған бетте сынықтарды тексеріп, фюзеляж бөліктерін қайта құрап, апаттың себебін жете зерттеуге мүмкіндік алады. Бірақ Малайзия ұшағы соғыс жүріп жатқан жерге құлағандықтан, жан-жақты зерттеу жүргізу мүмкін болмай отыр.

«Екі жақ соғысып жатқандықтан Малайзия ұшағы апатының себебін зерттеу қиын мәселеге айналады, екі тарап кез келген жұмысқа кедергі келтіреді» дейді Йейтс. Оның айтуынша, «тергеушілер қандай дәлел келтірсе де (әсіресе, оны айғақ ретінде сотта келтірсе), мұның соңы толассыз дауға ұласады». Ұшақ апатының себептерін анықтап, айыптыларды сотқа тартуды бірнеше мемлекет талап етіп отыр.

Малайзия премьер-министрі Наджиб Разак ұшақ құлаған күні «Егер ұшақты шынымен атып түсірген болса, қылмыскерлерді бірден жауапқа тартуды талап етеміз» деді. Нидерланд прокурорлары шілденің 21-і күні «ұшақ апатын әскери қылмыс ретінде тексеретіндерін» мәлімдеді.

Malaysia Airlines әуе компаниясының Boeing 777 жолаушылар лайнері Амстердамнан Куала-Лумпурге ұшып бара жатқан жерінен Украинаның Донецк облысы аумағында құлаған еді. Шілденің 17-сі күні болған апаттан ұшақ бортындағы 298 адам түгел қаза тапты.

(Чарльз Рекнагельдің мақаласынағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан)

XS
SM
MD
LG