Шымкент қаласында 21 жастағы студент қыз Нұрай Серікбайдың қазасы бойынша қозғалған қылмыстық істі қарап жатқан сот процесінде прокурор Мадияр Әбілқасымов айып тағылған Шерхан Аймаханды өмір бойына ерекше қатаң тәртіптегі мекемеге қамауды сұрады.
28 жастағы Шерхан Аймаханға Қылмыстық кодекстің "Асқан қатыгездікпен кісі өлтіру", "Сталкинг", "Некеге отыруға мәжбүрлеу" баптары бойынша айып тағылған. Тергеу мәліметінше, 11 қаңтар күні Шымкенттегі ата-анасының үйінен көшеге шыққан Нұрай Серікбайға кезіккен Аймахан оған 36 рет пышақ сұққан. Студент қыз сол жерде жан тапсырған.
Сот процесі кезінде Шерхан Аймахан қызға пышақ жұмсаған кезде өз іс-әрекетіне есеп бере алмайтындай халде болғанын, оқиғаны жай-жапсары есінде жоғын айтқан. Алматыдағы сот-медициналық сараптама институтының мамандары психиатр Темірлан Сейтек пен психолог Күләш Қожамжарова 11 тамызда өткен сот отырысында сөйлеп, Аймаханның өз іс-әрекетіне жауап бере алмайтыны туралы айтқанын жоққа шығарған.
Айыптау актісінде қылмыс жасалғанға дейін шамамен жарты жыл Аймахан Серікбайдың қыр соңынан қалмай, оған қайта-қайта телефон шалып, үйінің маңында сыртынан торуылдап жүргені айтылған. 2025 жылдың күзінде Серікбайды Алматыдан алдап ұрлап әкетіп, некеге отыруға мәжбүрлеп көндірмек болып Түркістан облысындағы туыстарының үйіне апарған.
Некеге отыруға қыз да, оның отбасы да қарсы болған. Туыстары Нұрайды полиция көмегімен жігіттің үйінен алып кетіп, артынша құқық қорғау органдарына арызданған. Бірақ күдікті қайта мазаламайтынын айтып уәде еткендіктен, кешірім берген. Алайда аңду, қорқытып-үркіту тоқтамағанын айтқан қыздың ата-анасы прокуратура мен полицияға арызданған. Нұрайдың туысы "құзырлы органдар әлгі арыз бойынша жұмыс жүргізбеді" деп мәлімдеген еді.
Жас қыздың кісі қолынан қаза табуы Қазақстан қоғамында үлкен резонанс тудырып, бұл оқиға президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың да назарына іліккен. Қыз алып қашу оқиғасын тексеріп-тергемеген полиция қызметкерлерінің үстінен іс қозғалған.
Марқұмның отбасы мен қоғам өкілдері бұл қылмыс бойынша сот процесін тікелей эфирде көрсетуді сұраған, айыпталушы тарап бұған қарсы болды.
Нұрай Серікбайдың отбасы айыпкерден моральдық-материалдық шығын өтемі ретінде 10 млрд теңге талап етіп отыр.