Accessibility links

OCCRP ұйымының жаңа зерттеуінде кімдер бар?


Дубай көрінісі.
Дубай көрінісі.

Сыбайлас жемқорлық пен ұйымдасқан қылмысты зерттеу орталығы(Organised Crime and Corruption Reporting Project, OCCRP) Дубайдағы инвестициялар мен жылжымайтын мүлік туралы зерттеуін жариялады. Өзге елдерден ерекшелігі – Біріккен Араб Әмірліктеріндегі жылжымайтын мүлік иелерінің реестрлері мүлде жабық ақпарат саналады. Атышулы "Панама құжаттары" сияқты бұл жолы да әлгі деректердің жарияланып кетуі көмектесті: OCCRP мен оның әріптестері Дубайдағы кәсіби риелторлар түзген жылжымайтын мүлік иелерінің жеке деректер базасын қолға түсірген. Онда саясаткерлер, бизнесмендер, футболшылар және бұрындары ұйымдасқан қылмысқа қатысы бар деп мәлімделген адамдардың аты-жөні кездеседі.

Элиталық жылжымайтын мүлік иелері тізімінде Әзербайжан президентінің ұлы Гейдар және қызы Арзу да бар. Олардың Біріккен Араб әмірліктерінде мүлкі бар деген хабар бұған дейін де тараған. Бұған қоса, тізімде бірнеше ресейліктің аты-жөні аталған. Солардың бірі – америкалық "Магнитский тізіміне" енгізілген Владлен Степанов. 2011 жылы ресейлік оппозиционер Алексей Навальный оны «Ресей федералдық бюджетінен жымқырған ақшаға Дубайдан жылжымайтын мүлік сатып алды» деп айыптаған. Степанов ар-намысы мен абыройын қорғауды сұрап сотқа жүгініп, оппозиционерден 100 мың рубль өндіріп алған.


Жарияланып кеткен материалдар негізінде әрі коррупцияға қарсы Transparency International ұйымы мен OCCRP ұйымы бірлесіп "Ғаламдық коррупцияға қарсы консорциум" жобасы аясында әзірлеген жазбалар топтамасы "Дубайдың алтын құмдары" деп аталады. Transparency International ұйымының ресейлік бөлімшесінің бас директоры Илья Шуманов Азаттықтың Орыс қызметіне OCCRP жариялаған жаңа материалдардың ішінде назар аударуға тұратын жайттар туралы айтып берді.

– OCCRP ұйымының жаңа зерттеуінің мәні неде, ол қандай деректерге негізделген және қандай салаларды қамтиды?

– Әңгіме Біріккен Араб әмірліктеріндегі, яғни Дубайдағы жылжымайтын мүлік реестрі жайлы болып отыр. OCCRP ұйымы қолына осы әшкерелеуші материалдар түскен деуге болады. Бұл – "Панама құжаттары" мен "Жәннат құжаттарын" зерттеумен айналысқан ұйым. OCCRP бұл жолғы әріптестері – зерттеулермен айналысатын америкалық C4ADS коммерциялық емес тобы және клептократия көріністерін зерттеумен айналысатын британдық Finance Uncovered тобы.

– "Дубай құжаттарында" ресейліктер немесе ресейлік компаниялар бар ма? Бар болса, олар кімдер және қандай деңгейдегі тұлғалар?

– Жария болып кеткен деректерде ресейлік бенефициарлар бұл жолы ішінара ғана қамтылған. OCCRP жариялаған есепте Дубайда жылжымайтын мүлкі бар деп бұдан ертеректе де хабарланған бес ресейліктің аты-жөні көрсетілген. Бірақ, меніңше, [реестрде] олардан өзге кейіпкерлер де бар. Кейін өзге адамдардың да аты-жөнін көретін шығармыз.

Мысалы, жарияланып кеткен реестрде Андрей Черняков бар екен. Бұл – "Космос" үкіметтік емес ұйымының бұрынғы директоры. Ресейде оны 2011 жылы «Москва» банкінен алған несиені иемденіп алған деп айыптайды. Былтыр оған банкроттық процедурасы қолданылғаннан кейін тергеу мен сот оның банктердегі есеп-шоттары мен дүние-мүлкіне, оның ішінде Дубайдағы жылжымайтын мүлкіне арест салған (Андрей Черняков туралы мына жерден оқуға болады).

Бұған қоса, Дубайда жылжымайтын мүлкі бар адамдар тізімінде Владлен Степанов та жүр. 2012 жылы оны Сергей Магнитский зерттеген атышулы "қосымша құн салығын қайтару ісіндегі" салық ақшаны жымқыруды ұйымдастырушылардың бірі ретінде "Магнитский тізіміне" енгізген.

Түрмеде қаза тапқан заңгер Сергей Магнитскийдің анасы ұлының суретін ұстап тұр. Мәскеу, 30 қараша 2009 жыл.
Түрмеде қаза тапқан заңгер Сергей Магнитскийдің анасы ұлының суретін ұстап тұр. Мәскеу, 30 қараша 2009 жыл.

Владлен Степанов – сол тұста салық инспекциясы басшысы қызметін атқарған Ольга Степанованың бұрынғы күйеуі.

Бұдан бөлек, "Дубай құжаттарында" тағы бірнеше ресейліктің аты-жөні аталған. Олар – Василий Христофоров, Вадим Лялин және Владимир Вагин. 2012 жылы АҚШ үшеуін де Brothers’ circle, яғни "Кәнігі баукеспелер" ("Воры в законе") деп атап, ұйымдасқан қылмыстық топ өкілдері ретінде америкалық сакциялар тізіміне енгізген (Илья Шуманов осы сұхбаттан кейін Вадим Лялин мен Владимир Вагинді 2017 жылы АҚШ қаржы министрлігінің санкциялық тізімінен алып тастағанын ескертті – ред.).

Ресейлік әнші Григорий Лепс.
Ресейлік әнші Григорий Лепс.

Ресейде бұл тіркес әдетте "братва" деп аударылады. Бұл өздерінің ықпалын, тамыр-таныстарын пайдалану арқылы бүкіл әлемде әрекет ететін орыс мафиясының әлдебір үлгісі (әнші Григорий Лепс "Воры в законе" ісі бойынша америкалық санкцияға іліккен ең танымал ресейлік. Бұл іс туралы мына жерден оқуға болады).

Әзірге осы бес адамның аты-жөні белгілі, қазір қызметін атқарып жүрген немесе бұрынғы шенеуніктерді OCCRP ұйымындағы әріптестеріміз әзірше жариялаған жоқ, сәл күте тұрайық, бәлкім, соңырақ бірдеңе жарияланып қалар.

– "Дубай құжаттарында" жеке тоқталуға тұрарлық тағы кімдер бар? Мысалы, тізімде Әзербайжанның қазіргі президенті Илхам Әлиевтің ұлы Гейдар Әлиев те бар көрінеді.

– Бұл зерттеуде, мысалы, Нигерияның бірнеше өкілі – мұнай өндіруге қатысқан шенеуніктер мен тіпті жергілікті мұнай министрі де бар. Нигериялық мүлік иелері немесе мұнай схемасына қатысушылар туралы шетелдік зерттеушілер баяғыдан жазып жүр. Бірақ бұған дейін олардың заңсыз ақшаның ізін қай жерде жасырғаны, әлгі жылжымайтын мүліктер қандай схемалар арқылы сатылып алғаны түсініксіз болып келген еді. Дубайдан нигериялық жалғыз шенеунік емес, тұтас топ мүлік сатып алғаны енді түсінікті болды.

Өзге тұлғаларға келсек, Әзербайжан президентінің туыстары туралы дұрыс айтып отырсыз. Меніңше, Әзербайжан өкілдері "уылдырық дипломатиясы" ісі бойынша түрлі елдердің депутаттарын параға сатып алғаны немесе сатып алуға тырысқаны жария болып кеткеннен кейін ПАСЕ-де (Еуропа кеңесі парламенттік ассамблеясы – ред.) шыққан үлкен жанжалдардан кейін бұл схеманы мұқият бақылауда ұстап отыр.

Әзербайжан президенті Илхам Әлиев. Давос, Швейцария, 23 қаңтар 2018 жыл.
Әзербайжан президенті Илхам Әлиев. Давос, Швейцария, 23 қаңтар 2018 жыл.

Мұсылман диаспоралары жылжымайтын мүлікті дәл Дубайдан неге сатып алатыны түсінікті. Өйткені ол жақ мұсылмандар үшін әлдеқайда жайлы орта саналады. OCCRP зерттеуінде АҚШ-тың санкциялық тізімдеріне іліккен және Иранның баллистикалық зымыран бағдарламасын құруға қатысқан адамдардың аты-жөндері бар. Мысалы, Сирия президенті Башар Асадтың жеке көмекшісі, "бәтуагері" деп атайтын Сүлейман Маруф. Оны Асадтың әйелі үшін әлемнің түрлі елдерінен жылжымайтын мүлік сатып алуға пайдаланған. Ол Башар Асад отбасының "фронтмені" сияқты болған, яғни оны Сирия президенті отбасына тиесілі жылжымайтын мүліктер мен активтерді жасыру үшін пайдаланған. Менің түсінуімше, Маруфтың өзі де бірқатар елдердің санкциясына іліккен, бірақ ол Дубайдағы жылжымайтын мүліктің қағаз жүзіндегі ғана иесі болып шыққан. Зерттеушілер әлгі жылжымайтын мүліктер оған емес, Асадтың отбасына тиесілі сияқты деп болжайды, - дейді Илья Шуманов.

Зерттеуде аты-жөні көрсетілген тұлғалар әзірше комментарий берген жоқ. "Дубай құжаттары" авторлары зерттеуде көрсетілген инвестициялар мен жылжымайтын мүліктердің бәрі бірдей заңсыз ақшаны пайдалану арқылы жасалған мәмілелер деп мәлімдеуден аулақ. Бірақ саясаткерлер, шенеуніктер мен "кәнігі баукеспелердің" ("воры в законе") элиталық мүліктері қоғам назарына ілігіп, мұқият тексерілуі тиіс деп деп жазылған OCCRP сайтында. Бұған қоса, зерттеушілер Біріккен Араб әмірліктері билігі елге инвестиция ретінде құйылып жатқан қаржының қайдан келгенін анықтауға жеткілікті көңіл бөлмейді деп санайды.

(Мақала орыс тілінен аударылды.)

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG