Accessibility links

Парламент сайлауындағы заңсыздыққа наразы оппозиция лидерлері мен белсенділерді полиция ұстады


Парламент сайлауының ресми қорытындысына наразылық білдіріп бейбіт шеруге шыққан адамды әкетіп барады. Баку, 16 ақпан 2020 жыл.
Парламент сайлауының ресми қорытындысына наразылық білдіріп бейбіт шеруге шыққан адамды әкетіп барады. Баку, 16 ақпан 2020 жыл.

Әзербайжан полициясы халықаралық бақылаушылардың сынына қалған өткен аптадағы парламент сайлауының қорытындысына наразылық акциясы қарсаңында оппозициялық партияның үш басшысы мен жүзден астам белсендіні ұстады.

Ұсталғандардың көбі ақпанның 16-сі күні босатылды.

Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, ақпанның 9-ы күні биліктегі "Yeni Azərbaycan" ("Жаңа Әзербайжан") партиясы бір палаталы парламенттегі 125 орынның 72-сіне ие болған. Қалған орындар президент Ильхам Әлиевті жақтайтын шағын партиялар мен тәуелсіз кандидаттарға тиген.

Әділ, таза сайлау талап еткен оппозиция жетекшілері мен белсенділерді полиция ұстап жатыр. Баку, Әзербайжан, 16 ақпан 2020 жыл.
Әділ, таза сайлау талап еткен оппозиция жетекшілері мен белсенділерді полиция ұстап жатыр. Баку, Әзербайжан, 16 ақпан 2020 жыл.

Ақпанның 16-сы күні рұқсат етілмеген наразылық акциясы басталардан бұрын полиция үйінен не партияның штаб-пәтері сыртынан "Реал" партиясының лидері Ильгар Мамедли, "Мусават" партиясының жетекшісі Ариф Гаджили және D18 оппозициялық қозғалысының басшысы Руслан Иззатлиді ұстап әкетті.

Кейінірек оларды Бакудің сыртында босатқан. Иззатли Ішкі істер министрлігін сотқа беретінін айтты.

Полицияның арнаулы жасағы митинг өтеді деп жоспарланған Орталық сайлау комиссиясы ғимаратын қоршап, наразылық акциясына келгендерді ұстап, автобустарға салып отырды.

Гаджили босап шыққаннан кейін ұсталғандардың кейбірін полиция шағын автобустарға отырғызып, Бакуден 200-300 километр қашықтағы шалғай, шөлді жерлерге апарып, қалдырып кеткенін хабарлады.

Ел астанасында ұсталғандардың арасында муниципалдық сайлауда кандидат болған Мехман Хусейнов та бар. Ол Facebook әлеуметтік парақшасына айдаладағы жол шетінде отырған суретін жариялады.

Ақпанның 11-і күні Баку полициясы Орталық сайлау комиссиясы ғимаратының алдына сайлау қорытындысына наразылық білдіріп шыққан 20-дан астам оппозиция жетекшісі мен тәуелсіз кандидатты ұстады.

Полицияның арнаулы жасағы. Баку, Әзербайжан, 16 ақпан 2020 жыл.
Полицияның арнаулы жасағы. Баку, Әзербайжан, 16 ақпан 2020 жыл.

Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ) мен Еуропа кеңесі бақылаушыларының алдын-ала есебінде сайлауда дауыс санау кезіндегі заңбұзушылықтар, бір адамның бірнеше мәрте дауыс беруі немесе бюллетеньді топтап салуы, дауыс берушілер, кандидаттар мен бақылаушыларға қысым көрсетілгені туралы фактілер тіркелгені жазылған. Бақылаушылар 125-тен астам сайлау учаскесінің жартысынан көбінде тіркелген дауыс берушілердің саны Сайлау туралы заңға сәйкес келмейтінін мәлімдеген.

Әзербайжан билігіне 17 жыл бұрын әкесі қайтыс болардан біраз уақыт бұрын келген 58 жастағы Ильхам Әлиев желтоқсан айында экономиканың тұралауына байланысты қоғамдық наразылық күшейген тұста кезектен тыс парламент сайлауын ресми мерзімінен тоғыз ай ерте уақытқа белгілеген.

Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев. Баку, 13 қаңтар 2020 жыл.
Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев. Баку, 13 қаңтар 2020 жыл.

Әзербайжан 1991 жылы Совет одағынан тәуелсіздік алғаннан бері ЕҚЫҰ мен Еуропа кеңесі бақылаушылары елдегі сайлаулардың демократиялық стандарттарға сай өтпегенін айтады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG