Орталық Азия елдерінің азаматтарын Ресейдің Украинаға қарсы соғысына тарту жалғасып жатыр. Украинаның «Хочу жить» жобасының дерегінше, 2026 жылдың 1 қазандағы жағдай бойынша 20 мыңнан астам адамның соғысқа тартылғаны анықталған. Олардың бір бөлігі қаза тапқан, кейбірі хабар-ошарсыз кеткен, енді біреулері Украинаға тұтқынға түскен.
Бұл адамдар бөтен елдегі соғысқа қалай тап болды? Кремль пропагандасының бұған ықпалы қандай? Осы сұрақтарды Азаттық Азия қырғыз журналисі әрі саясаттанушы, «Өз атыңды есіңе ал» деректі фильмінің авторы Әділ Тұрдықұловпен талқылады.
Азаттық Азия: Әділ, бұл тақырыпты зерттеуге не түрткі болды?
Әділ Тұрдықұлов: Украинадағы соғыс постсоветтік елдердің егемендігі мен аумақтық тұтастығына тікелей қатысты. Путин мен Кремльдің мақсаты — Прагаға, Брюссельге басып кіру немесе Берлинге қайта жету емес. Олар Совет Одағын жаңа сипатта қайта құрғысы келеді. Ал Украинасыз мұны жүзеге асыру мүмкін емес.
Сондықтан бұл бізге қатысы жоқ соғыс емес. Оның үстіне, бұған дейін де осындай жағдайлар болды: Приднестровье, Оңтүстік Осетия, Абхазия (Ресей басып алған Грузия жері. — ред.), кейін Қырым аннексиясы. Олар (Украина халқы – ред.) біздің тәуелсіздігімізді қорғап жатыр. Өкінішке қарай, бізде ондағы жағдайға жеткілікті көңіл бөлінбейді. Адамдар бұл соғыстың өздеріне де қатысы бар екенін енді ғана түсіне бастады.
Азаттық Азия: Бұл тақырыпқа баруға жеке себептер де әсер етті ме? Туыстарыңыздың, таныстарыңыздың арасында соғысқа тап болғандар бар ма? Олар сізден көмек сұрады ма?
Әділ Тұрдықұлов: Жалпы, біз мигранттар еліміз. Неге Орталық Азиядан барған мигранттар арасында жалдамалы әскери қызметкерлер көп? Өйткені бұл соғысқа тартуға ең қолайлы орта. Құқықтары бұзылады, ақшаға мұқтаж.
Толық ауқымды басқыншылық басталғанға дейін Ресейде миллионнан астам қырғыз азаматы болған. Қазір шамамен жарты миллиондай азаматымыз сонда жүр. Қырғызстан халқы небәрі жеті миллион екенін ескерсек, бұл өте көп. Оның үстіне, Ресейде жүргендердің басым бөлігі — еңбекке қабілетті азаматтар.
Туыстарымның, достарым мен әріптестерімнің арасында да осындай жағдайға тап болған адамдар бар. Бұл мәселе әрбір-дерлік отбасына қатысты. Билік оған назар аудармай отырғандықтан, журналистер бұл туралы тәуелсіз түрде ашық айтуы керек. Өйткені бұл — ұлттық және аймақтық қауіпсіздік мәселесі.
Қару ұстаған, дрон басқара алатын, мылтық пен гранатаны қолдануды меңгерген, соғыстан кейінгі психологиялық күйзеліске (ПТСР) ұшыраған адамдар кейін біздің аймаққа оралуы мүмкін. Ал мұнда әлі де толық басылмаған қақтығыс ошақтары бар.
Ақша, жазасыздық, пропаганда. Адамдарды соғысқа баруға не итермелейді?
Азаттық Азия: Сіз түсірген фильмде Орталық Азия азаматтарының бұл соғысқа не үшін барғаны, оларға не уәде етілгені туралы сұрақтар көтеріледі. Зерттеу барысында қандай жауаптар алдыңыз?
Әділ Тұрдықұлов: Олардың айтқанының бәрі шындық болмауы мүмкін. Соғыстың бесінші жылына аяқ басқанда Ресейде жүріп, онда не болып жатқанын білмедік, бөтен елдің аумағына қарумен басып кіреміз деп ойламадық деу қиын.
Біздің азаматтарымызды Украинаға қарсы соғысқа баруға итермелейтін негізгі себеп — ақша. Екінші себеп — жазасыздық сезімі.
Мысалы, Асқар Қуанышбекұлы сияқты соғысқа қатысып, Қырғызстанға оралған соң жалдамалы әскерде болғаны үшін сотталып, жарты жылға да жетпей бостандыққа шығып, қайтадан Ресейге барып, тағы соғысқа аттанған жағдай болды.
Мұндай оқиғаларды Russia Today және басқа да пропагандистік арналары кеңінен көрсетеді. Сөйтіп, әлеуетті жалдамалы әскерде болғандарға «ештеңе болмайды» дегендей әсер қалдырады.
Азаттық Азия: Бұл пропаганданың әсері ме?
Әділ Тұрдықұлов: Пропаганда тек жалдамалы жауынгерлерге ғана әсер етпейді.
Жақында Қырғызстанның орталық бөлігіне барған сапарымызда бір мектеп директоры информатикадан үздік оқушылардың Қазан қаласындағы «Алабұға» өндіріс орнында тәжірибеден өтіп, кейін жұмысқа орналасатынын мақтанышпен айтып берді. Бірақ ол жерде әскери дрондар өндірілетінін, демек бұл нысан Украина дрондарының заңды нысанасына айналуы мүмкін екенін түсінбейді.
Азаттық Азия: Бұл мектептерде «Россотрудничество» жобалары жүргізілді ме?
Әділ Тұрдықұлов: Бұл бағытта жұмыс істеп жатқанын көрдік. Жазда Нарын облысының үздік оқушылары Қырымдағы «Артек» лагеріне демалуға барды. Ал сол кезде бұл аймаққа шабуылдар жиілеген еді. Олардың ата-аналары не ойлайды? Бұл — ақпараттың жетіспеуі және осы бағытта жүйелі жұмыстың жоқтығы. Саяси ерік те байқалмайды.
Тағы бірнеше себеп бар. Ресейге тәуелділік біздің билікті мұндай мәселелерге көз жұмуға мәжбүр етеді. Біріншіден, мигранттардың жіберетін ақшасына тәуелдіміз. Бұл әсіресе Тәжікстан, Өзбекстан және Қырғызстан үшін маңызды. Екіншіден, газ бен мұнайға тәуелділік бар. Тасымалдау тоқтаса, өз мұнайы жоқ Қырғызстан экономикасы бірден тоқырауға ұшырайды.
Қауіпсіздік мәселесі де бар. Қырғызстанның Қант қаласында Ресейдің әскери базасы орналасқан, ал Тәжікстанда Ресейдің 201-әскери базасы бар. Бұған қоса, біз Мәскеу үшін стратегиялық маңызы бар Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы мен Еуразия экономика одағына мүшеміз. Осылайша, Ресей бізді барлық жағынан тәуелді етіп отыр.
Ресейдің федералдық телеарналары мен насихат ресурстары Орталық Азияның басым бөлігіне таралады. 2022 жылға дейін пропаганда салыстырмалы түрде жұмсақ болса, содан кейін өте уытты сипат алды. Бұл да адамдардың көзқарасына әсер етеді.
Өкінішке қарай, Ресейге тәуелді болғандықтан, біздің мемлекеттік телеарналар азаматтардың Украинаға қарсы соғысқа қатысуының алдын алу жөнінде ешқандай түсіндіру жұмысын жүргізбейді.
Азаттық Азия: Фильміңізде екі тарихи оқиғаны параллель келтіресіз. Бірі — 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс, екіншісі — Шыңғыс Айтматовтың «Ғасырдан да ұзақ күн» романындағы мәңгүрт туралы аңыз. Неге?
Әділ Тұрдықұлов: Бұл салыстырулар өзінен-өзі туындайды. Мәңгүрт бөтен біреудің соғысына қатысып, тұтқынға түседі. Оны туған жерін ұмытатындай етіп санасынан айырады. Сөйтіп, ол бөтен адамдардың құлына айналады.
Мұны өз отанын қорғаудың орнына бөтен елге қару алып басып кірген жалдамалы жауынгерлермен салыстыруға болады. Олар өз елін қорғап жатқан жоқ, керісінше, қорғанып жатқан мемлекетке қарсы соғысып жүр.
Мені таңғалдырғаны — олардың көпшілігі өзін мұсылман санайды. Бірақ исламда бөтеннің үйіне қару алып кіру ауыр күнә екенін түсіндіргенде ғана ойлана бастайды. Бұл біздің ресми діни жетекшілеріміздің осы бағытта жұмыс жүргізбейтінін көрсетеді.
Азаттық Азия: Тұтқындармен сұхбат кезінде олардың дінге көзқарасы туралы сұрадыңыз ба?
Әділ Тұрдықұлов: Өткен жолы Украинадағы әскери тұтқындар лагеріне барғанымызда Рамазан айы болатын. Көпшілігі ораза ұстады. Бірақ соғысқа қатысу арқылы күнә жасағанын мойындамады.
Олардың көбін алдаған. Кейбірін есірткімен ұстап, түрмеден алып кеткен жағдайлар бар. Бір адамның жүргізуші куәлігінің мерзімі өтіп кеткен екен. Оны бес жылға соттамақ болғанда, оған мынадай шарт ұсынған: бір жыл тылда жұмыс істейсің, ұрысқа қатыспайсың, ақша тауып, отбасыңа аман-есен ораласың. Тіпті діндар адамның өзі осындай таңдау алдында тұрса, соған сенгісі келетін шығар.
Әскерге тартумен айналысатын органдар тарапынан өтірік пен айла-шарғы өте көп.
"Майдандағы өмір сүру ұзақтығы - шамамен жарты сағат". Тұтқындармен сұхбат
Азаттық Азия: Бұл сұхбаттарды қалай ұйымдастырдыңыздар? Орталық Азияның кез келген журналисі Украинаға барып, әскери тұтқындармен сөйлесе ала ма?
Әділ Тұрдықұлов: Беделді редакциялардың өзіне мұндай мүмкіндік беріле бермейтінін білемін. Ұйымдастырушылар журналистердің ұстанымына қарайтын шығар. Менің көзқарасым ашық: толық ауқымды басқыншылық басталмай тұрып-ақ Украинаны қолдадым.
Азаттық Азия: Әскери тұтқындармен сұхбат жүргізетін журналистерге қандай да бір шарт немесе нұсқау берілді ме?
Әділ Тұрдықұлов: Бізге толық еркіндік берілді. Өйткені әскери тұтқындармен өзіміздің түркі тілдерінде сөйлесетін жалғыз журналистер шығармыз.
Мен өзбек және қазақ тұтқындарымен қырғыз тілінде сөйлесемін. Бір-бірімізді түсінеміз. Бұл өте маңызды. Өйткені олар орыс тілінде сөйлескенде ойын толық жеткізе алмауы мүмкін. Ал өз тілдерінде сөйлегенде әлдеқайда еркін болады.
Украина тарапы бұл тілдерді түсінбейді, сондықтан бізге сенім артады. Біз бұл сенімді бағалаймыз.
Әскери тұтқындардың шамамен қанша екенін білеміз. Туыстары хабарласып, жақындарының жағдайын сұрайды. Бізге келіп түскен өтініштердің саны тұтқында отырғандар санынан ондаған есе көп. Демек, қаза тапқандар саны тұтқындардан әлдеқайда көп болуы мүмкін.
Біз сөйлескен тұтқындардың бәрі дерлік шабуылға қатысқанын айтады. Олардың сөзінше, Ресей командирлері сарбаздардың өміріне жауапкершілік алмайды, оларды қорғамайды. Әртүрлі бағалау бойынша, майдан шебіндегі адамның өмір сүру ұзақтығы шамамен жарты сағат. Сондықтан Ресей жағындағы қаза тапқандар саны ондаған мыңмен есептеледі.
Азаттық Азия: Тұтқындармен сөйлескенде олардың өкініш білдіретінін байқадыңыз ба?
Әділ Тұрдықұлов: Көпшілігі қатты өкінеді. Бірақ кейбірі еш өкінбейтінін ашық айтады.
Азаттық Азия: Сұхбат беретін адамдарды өздеріңіз таңдадыңыздар ма, әлде сіздерге ұсынды ма?
Әділ Тұрдықұлов: Бізге адамдарды роталармен немесе бригадалармен алып келетін. Біреулері сұхбат беруге келісті, енді біреулері бас тартты. Жалпы, көпшілігі сөйлескісі келмеді. Шамамен 70 пайызы бас тартты, 30 пайызы келісім берді. Біз үшін бұл да аз көрсеткіш емес.
Тағы бір жайтты атап өткім келеді: әскери тұтқындарды ұстау жағдайы салыстырмалы түрде жаман емес. Олар тіпті ақша таба алады. Психологиялық оңалту бөлмелері де бар.
Украина Еуроодаққа кіруге ұмтылып отыр, сондықтан әскери тұтқындарға қатысты Женева конвенциясының талаптарын сақтауы керек. Бұл Украина ішінде де белгілі бір қиындық тудырады. Өйткені украиналықтар Ресейде әскери қызметкерлер мен бейбіт тұрғындарға қалай қарайтынын біледі. Мұндай қарама-қайшылық олардың ашу-ызасын тудырады.
Соған қарамастан, Украина өз стандарттарынан бас тартпай отыр. Тіпті жауға да адамгершілікпен қарау керегін көрсетуді маңызды санайды.
Азаттық Азия: Фильмде сұхбат бергендердің бірі сұрақтарға жауап бергісі келмегендей көрінді. Соңында әңгімені тоқтатуды өтінгенімен, сіз сұрақ қоюды жалғастырдыңыз.
Әділ Тұрдықұлов: Мен оның ата-анасын еске алғанымда өзін жайсыз сезінді. Сол сәтте бойын түрлі сезім билеп, әңгімені аяқтағысы келген шығар. Мен тек соңғы бір сұрақ қойдым.
Азаттық Азия: Ол соңғы сұрақты өзіңіз қойдыңыз ба, әлде ұйымдастырушылар ұсынды ма?
Әділ Тұрдықұлов: Украина тарапы сұрақтарды қалай қою керегіне қатысты ешқандай нұсқау берген жоқ. Бұл тек әскери тұтқындарға қатысты емес. Мысалы, президент Владимир Зеленскиймен де кездестік. Президентпен кездесудің хаттамасы бойынша сұрақтарды алдын ала дайындау керек екенін білесіздер. Бірақ Зеленскиймен кездесуде ешқандай шектеу немесе алдын ала келісілген сұрақтар болған жоқ. Не сұрағымыз келсе, соны сұрадық.
Украина соғыс кезінде де еркін әрі демократиялық ел болып қала берді.
Азаттық Азия: Сұхбат кезінде адамдар өздерін еркін сезінді ме, әлде сенімсіздік байқалды ма?
Әділ Тұрдықұлов: Бізге Қырғызстан, Қазақстан және Өзбекстан азаматтарымен сөйлесуге мүмкіндік берілді. Оларға туыстары көріп, жағдайларын біліп, алаңдамайтынын айттық. Бірақ сұхбат бергісі келмесе, бас тартуға құқылы екенін де түсіндірдік. Көпшілігі ұялғандықтан бас тартқан шығар.
Азаттық Азия: Өз көзіңізбен қанша азаматты көрдіңіз?
Әділ Тұрдықұлов: Нақты санын айтқым келмейді. Олар көп. Біз шамамен 40 сұхбат жазып алдық. Бұл олардың жалпы саны қанша екенін ойлауға мүмкіндік береді.
Ресей тарапы оларды алмасуға мүдделі емес, тұтқын алмасу тізіміне де қоспайды.
Украиналықтар оларды не үшін тұтқынға алады? Ресей тұтқынындағы өз әскери қызметкерлеріне айырбастау үшін. Яғни оларды тұтқын алмасу қорына қосады. Егер бұл азаматтарды алмасуға қоспаса, украиналық әскери қызметкерлер оларды не үшін тұтқынға алады?
Неліктен азаматтарды соғысқа тарту тоқтамай тұр және билік оған қалай реакция білдіріп жатыр?
Азаттық Азия: Сіз бұл тақырыпты бірнеше жылдан бері зерттеп келесіз. Орталық Азия азаматтарын соғысқа тарту тәсілдері өзгерді ме? Соңғы уақытта қандай да бір жаңа үрдіс байқала ма?
Әділ Тұрдықұлов: Жалпы, өзгеріс жоқ деп ойлаймын. Негізгі себеп — ақша. Алғашқы төлемді көбейткен сайын соғысқа қатысушылар саны да артты.
Мысал келтірейін. «Хочу жить» жобасының дерегі бойынша, 2026 жылғы мамырда Орталық Азияның 13 мың азаматы соғыста жүрген. Арада жарты жыл өтпей-ақ олардың саны 20 мыңнан асты. Ал шетелдік жалдамалы жауынгерлердің жалпы саны — 45 мың. Демек, олардың әр екіншісі Орталық Азиядан шыққан.
«Хочу жить» жобасы басқа шет мемлекеттердің азаматтары арасынан тартылған жауынгерлер саны азайып келе жатқанын айтады. Өйткені ол елдердің билігі бұған қарсы күресіп жатыр. Ал біздің аймақта керісінше жағдай қалыптасқан: билік көз жұмады, соғысқа қатысушылар саны артып келеді.
Тағы бір маңызды мәселе — қауіп-қатер. Қазақстанда адамдарды негізінен солтүстік облыстардан тартады. Ол жақтағылардың уәжі көбіне материалдық пайдаға ғана байланысты емес, идеологиялық сипатта да болады. Соғысқа қатысатын адамдардың, соның ішінде қазақтардың да, идеологиялық көзқарасы берік болуы мүмкін. Бұл — үлкен қауіп.
Азаттық Азия: Сіз сұхбат алған адамдардан Ресей Украинаға емес, олардың өз еліне шабуыл жасаса не болатынын сұрадыңыз ба?
Әділ Тұрдықұлов: Сұрадым. Олар өз әрекеттерінен көңілі қалған. Өміріндегі ең үлкен қателікті жасағанын түсінеді. Сондықтан өкініш пен қасірет сезімі бар. Көбі енді еліне оралмайтын шығармын деп ойлайды. Өйткені отанында оларды ұзақ мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы күтіп тұруы мүмкін.
Біреуі «егер маған мұның бәрін және елге оралған соң қандай салдары болатынын алдын ала айтқанда, соғысқа бармас едім» деді.
Бұл біздің бұқаралық ақпарат құралдары, әсіресе мемлекеттік БАҚ, сондай-ақ мемлекеттік органдар бұл мәселемен айналыспай отырғанын тағы көрсетеді. Сирияға кеткен азаматтарымызды және олардың туыстарын елге қайтару мәселесіне кезінде әлдеқайда көп көңіл бөлінді. Ал ол жақта соғысқан азаматтар саны Украинадағы соғысқа қатысқандармен салыстыруға келмейді.
Азаттық Азия: Сіз биліктің Таяу Шығыстағы және Украинадағы соғыстарға азаматтардың қатысуына қатысты ұстанымы әртүрлі деп айтқансыз. Бұл туралы арнайы қызметтерге немесе мемлекеттік органдарға сауал жолдадыңыз ба? Жауап алдыңыз ба?
Әділ Тұрдықұлов: Қырғызстан сыртқы істер министрлігіне және басқа органдарға үнемі сауал жолдаймыз. Олар азаматтар өздері хабарласқан жағдайда Украинаға қарсы соғысқа қатысуының алдын алу бағытында жұмыс істеп жатқанын айтады. Бірақ жауапкершілікті көбіне адамның өзіне жүктейді: келісімшартқа өзі қол қойды дейді.
Алайда адамды қысым көрсету, қорқыту немесе ақпарат арқылы алдау жолымен соғысқа тартса, мұны ерікті таңдау деуге болмайды. Сондықтан Сыртқы істер министрлігінің ұстанымында екіұдайлық бар.
Қазақстанның Ресейге өз азаматтарын әскери келісімшартқа мәжбүрлеп тартуға болмайтыны туралы нота жолдауы, кейін біздің Қырғызстанда да осындай қадамға баруымыз — осы мәселені көтеріп жүрген тәуелсіз БАҚ пен азаматтық қоғам жұмысының нәтижесі. Президент сайлауы қарсаңында билік мұндай мәселелерге көбірек назар аударады.
Азаттық Азия: Орталық Азия елдерінің Сыртқы істер министрліктері кейде азаматтарының соғысқа кеткенін кеш білгенін айтады. Ертерек хабардар болғанда, көбірек көмек көрсете алар еді деген уәж айтады. Сіз мұны жеткілікті түсініктеме деп санайсыз ба? Дипломаттардың соғысқа кеткен азаматтарды құтқаруға мүмкіндігі бар ма?
Әділ Тұрдықұлов: Біздің дипломаттарымыздың қажетті консулдық және ақпараттық көмек көрсетуге білімі, тәжірибесі мен дағдысы жеткілікті. Олар азаматтарды соғысқа қатысудан сақтандыру жұмыстарын өз елдерінде ғана емес, мигранттар көп шоғырланған жерлерде де жүргізе алады. Өйткені жалдамалы жауынгерлерді көбіне сол жақтан тартады.
Өкінішке қарай, мұндай жұмыс жүргізілмейді. Бұл дипломаттардың кінәсі емес. Олар жоғарыдан берілген тапсырманы ғана орындайды. Мәселе — Ақорда мен Ынтымак Ордода. Оларда бұл бағытта жұмыс істеуге саяси ерік те, нақты тапсырма да жоқ. Оның себебі — Мәскеуге тәуелділіктің тым жоғары болуы.
Сонымен бірге біздің билік көпвекторлы саясат жүргізуге тырысады. Сондықтан Батыстағы серіктестеріміз бұл мәселені батылырақ көтеруі керек. Орталық Азия елдері сөз жүзінде бейтарап болғанымен, азаматтарының Украинаға қарсы соғысқа қатысуы және Ресейге санкцияларды айналып өтуге көмектесуі бұл ұстанымға қайшы келеді. Мұндай ескертулер біздің елдерге анық әрі ашық айтылуы қажет.
Азаттық Азия: Астана мен Бішкектің Ресейдегі әскери бөлімдерден өз азаматтарын қайтаруға әрекет жасағанын айттыңыз. Мұндай шешімдерге БАҚ жұмысы мен қоғамдық резонанс әсер етті дедіңіз. Бұдан басқа қандай себептер бар?
Әділ Тұрдықұлов: Біздің билік қоғамдағы наразылыққа бәрібір сезімтал. Украинадағы соғысқа байланысты наразылық та күшейіп келеді. Бұл тек жалдамалы жауынгерлер мәселесіне ғана қатысты емес.
Бензин бағасы өсті. Бұл да әлеуметтік наразылыққа әсер етеді. Wildberries пен Ozon қоймаларына жасалған шабуылдар осы маркетплейстер арқылы Ресейге өнім сататын Орталық Азияның тігіншілеріне қатты соққы болды. Қазақстан мұнайын тиісті көлемде экспорттай алмай отыр. Мұның бәрі елдердің экономикалық мүмкіндіктерін әлсіретіп, кедейлікті арттырады.
Осының бәрі Қырғызстан, Қазақстан және басқа да Орталық Азия елдерінде үлкен экономикалық қиындықтар туғызады. Сондықтан қоғамның дауысы күшейіп келеді.
Егер елдерімізде еркіндік, азаматтық кеңістік және бұл мәселелерді ашық көтеретін тәуелсіз ұйымдар көбейсе, билік те халықтың сөзін жақсырақ еститін еді.
Орталық Азия елдері соғыстан қандай сабақ алады?
Азаттық Азия: Соғысқа тартудың себептері туралы әңгімеге қайта оралсақ. Нақты расталған статистиканы табу қиын. Бірақ «Хочу жить» жобасының соңғы дерегінше, 2022 жылдан бері Украинадағы соғысқа Қырғызстанның екі мыңнан астам азаматы қатысқан. Бұл дерекке сүйенсек, 2025 жылы Қырғызстан мен Өзбекстан азаматтарын соғысқа тарту көрсеткіші 2024 жылмен салыстырғанда екі есеге жуық өскен. Мысалы, Қырғызстаннан 2024 жылы 489 адам соғысқа барған болса, 2025 жылы олардың саны 900-ден асқан. Бұл нені көрсетеді?
Әділ Тұрдықұлов: Бұл біздің азаматтарымызды соғысқа тарту оңай екенін көрсетеді. Ресейде оларды «екінші санаттағы» адамдар ретінде қабылдайды. Қазір Ресейдің күштік құрылымдары алдыңғы шепке шығып, бұрын елестету мүмкін болмаған әрекеттерге жол беріліп отыр.
Соғыс кезінде ұлтшылдық, тіпті шовинистік көңіл күй күшейеді. Жаңа жау іздей бастайды. Ал жауды кімнің арасынан табу оңай? Әрине, Орталық Азиядан барған мигранттардан. Сондықтан соғысқа тартылғандар саны өсіп жатыр.
Меніңше, бұл көрсеткіштер нақты саннан төмен. Өйткені көптеген мигранттың екі азаматтығы бар. Мысалы, Қырғызстан мен Ресей азаматтығын қатар алған адам майданға барса, Ресей әскери қызметшісі ретінде есептеледі. Сондықтан Орталық Азияда туған, соғысқа қатысып жүрген адамдардың саны әлдеқайда көп.
Азаттық Азия: Ресейде жүрген кезінде Украинадағы соғысқа тартылғандардан бөлек, өз елдерінде жүріп соғысқа кеткен қазақстандықтар, қырғызстандықтар және басқа Орталық Азия азаматтары туралы не білесіз?
Әділ Тұрдықұлов: Тәжікстан, Өзбекстан және Қырғызстан азаматтарының басым бөлігі Ресей аумағында соғысқа тартылады. Олардың құқықтары жиі бұзылады, сондықтан оларды тарту оңай. Мысалы, полиция көшеде тоқтатқан адамның өзі потенциалды жалдамалы жауынгерге айналуы мүмкін.
Өз елдеріміздің аумағында да адамдарды соғысқа тарту әрекеттері болған. Қазақстанда да осындай жағдайлар тіркелді. Сонымен қатар Telegram-арналарда тек ер адамдарды ғана емес, әйелдерді де жалдайтынын көреміз. Оларды басып алынған аумақтарға «қалпына келтіру жұмыстарына» жіберуге үгіттейді. Бұл — жеке зерттеуді қажет ететін мәселе.
Азаттық Азия: Ресей пропагандасы соғысқа тартуға әсер ете ме? Егер әсер етсе, ол қалай жүзеге асады?
Әділ Тұрдықұлов: Әрине, тікелей әсер етеді. Біздің көптеген азаматымыз Ресей телеарналарын көруге үйренген. Ол арналарда өшпенділік тілі ашық қолданылады. Бұл тек Украинаға қатысты емес. Қазақстан мен Қырғызстанға қарсы айтылатын сөздерді де жиі естиміз.
Азаттық Азия: Сіздің байқауыңызша, Кремль насихаты Орталық Азия елдерінде қалай жұмыс істейді? Қандай арналарды пайдаланады?
Әділ Тұрдықұлов: Олар бірнеше бағытта жұмыс істейді. Қырғызстан Кремль үшін бұрыннан «саяси зертхана», түрлі саяси эксперименттер жүргізетін алаң болды. Украинадағыдай, мұнда да демократиялық тетіктерімізді пайдаланып, өздеріне жақын саясаткерлерді алға шығаруға және біз құруға тырысқан демократиялық институттардың беделін түсіруге күш салды. Қырғызстандағы «демократия аралы» жобасының жүзеге аспауына да Кремль ықпалы себеп болды деп ойлаймын.
Ресей насихаты жан-жақты жұмыс істейді және ықпалын күшейтіп келеді. Қырғызстанда «Номад» телеарнасы пайда болды. Оның құрылуын Ресейдің мемлекеттік медиа саласындағы адамдармен байланыстырады. Халықтың әр тобына әртүрлі арна арқылы ықпал етеді: аға буынға — федералдық телеарналар, орта буынға — Telegram-арналар. Танымал YouTube-блогерлердің миллиондаған аудиториясы бар арналары мен ток-шоуларында да пропагандистік материалдар таратылады.
Меніңше, пропаганданың ықпалы туралы айту маңызды. Бірақ бұл — империяның соңғы жанталасы. Насихат ресурстарының тиімді не тиімсіз болатыны Орталық Азияда емес, Украинадағы майдан даласында шешіледі. Украина жеңсе, мұндағы насихат ресурстарының да ықпалы әлсірейді. Ал Украина жеңілсе, пропаганда машинасы өз мақсатына жетуі мүмкін. Кремльдің ықпалы мен пропагандистік арналарының тағдыры Украинадағы соғыстың нәтижесіне байланысты.
Азаттық Азия: Соғыс аяқталған соң Орталық Азия елдері қандай қауіп-қатерге тап болуы мүмкін? Қандай сабақ алады?
Әділ Тұрдықұлов: Меніңше, олар қазірдің өзінде бір сабақ алды: Ресей қауіпсіздіктің кепілі бола алмайды. Керісінше, Мәскеу мен оның саясаты біздің аймақтың қауіпсіздігіне қатер төндіруі мүмкін.
Мен айтқан жалдамалы жауынгерлер мәселесінің өзі — соның мысалы. Соғыстан кейінгі психологиялық күйзеліске ұшыраған, әскери тәжірибесі бар адамдар елдеріне оралып, қарулы немесе экстремистік топтарға қосылуы мүмкін. Бұл біз үшін өте қауіпті.