Accessibility links

Паралимпиада чемпионы Ербол Хамитов пен бапкерлері марапатталды

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, паралимпиада чемпионы Ербол Хамитов (сол жақтан екінші) және оның бапкерлері. Астана, 26 наурыз, 2026 жыл.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, паралимпиада чемпионы Ербол Хамитов (сол жақтан екінші) және оның бапкерлері. Астана, 26 наурыз, 2026 жыл.

Акордада қысқы паралимпиада ойындарының чемпионы Ербол Хамитов пен оның бапкерлерін марапаттау рәсімі өтті. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ербол Хамитовке III дәрежелі "Барыс" орденін табыс етті.

Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорттық даярлық орталығының жаттықтырушылары Василий Коломиец пен Антон Жданович "Парасат" орденімен марапатталды. Ал Солтүстік Қазақстан облысындағы "Үміт" спорт клубының жаттықтырушысы Аслан Тоқбаев "Құрмет" орденіне ие болды.

Салтанатты рәсімде сөз сөйлеген Тоқаев Хамитовтің паралимпиададағы жеңісін қазақстандық параспорт үшін "тарихи жетістік" деп атады.

– Ербол қазақтың қайсар, өр рухты әрі намысты ұлт екенін күллі әлемге паш етті. Сондықтан, ең алдымен, саған және бапкерлерге шынайы ризашылығымды білдіремін, – деді Қазақстан президенті.

Ербол Хамитов әлемдік додаға аттанар алдында мемлекеттік туды тапсырып, сенім артқаны үшін Қазақстан басшысына алғыс айтты.

– Бұған мамандардың және бапкерлердің сіңірген еңбегі зор. Сіздің қолдауыңыз әр спортшыға күш-қуат береді. Біз мұнымен тоқтамаймыз, – деді паралимпиада чемпионы.

Сондай-ақ Тоқаев параспортшылармен жұмыс істейтін мамандарға, оның ішінде дәрігерлер мен демеушілерге алғыс айтып, инфрақұрылым бұдан әрі де дами береді деді. Оның айтуынша, 2024 жылы Қазақстанда төрт инклюзив спорт кешені жұмысын бастаған, ал болашақта өңірлерде жаңа орталықтар ашылмақ.

Ербол Хамитов — биатлон мен шаңғы жарысына маманданған қазақстандық паралимпиадашы. 2026 жылдың наурыз айында ол Италияда өткен қысқы паралимпиада ойындарында чемпион атанып, парабиатлоннан ел тарихындағы алғашқы алтын медальді жеңіп алды. Бұған қоса ол осы додадағы шаңғы жарысында қола медаль иеленген. Ербол Хамитовтің екі медалінің арқасында Қазақстан Италиядағы паралимпиадада жалпыкомандалық есепте 18-орын алды.

XS
SM
MD
LG