Accessibility links

"Назарбаевтың кланы патриархына үміт артады". Қазақстандағы "транзит" ерекшелігі


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев қызы Дариға Назарбаевамен бірге 1 мамыр күнгі шараға қатысып отыр. Алматы, 2016 жыл.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев қызы Дариға Назарбаевамен бірге 1 мамыр күнгі шараға қатысып отыр. Алматы, 2016 жыл.

Бұл аптада халықаралық басылымдар Қазақстандағы билік «транзитін» сараптап, оның әлі аяқтала қоймағанын айтты. Сонымен бірге Батыс басылымдары Майк Помпеоның Қазақстанға сапарын және оның Азаттыққа берген сұхбатын сөз етті. Бұған қоса АҚШ-тың Орталық Азияға қатысты жаңа стратегиясы да мақалаға арқау болды.

БИЛІКТІҢ ҰШАР БАСЫНДА — НАЗАРБАЕВ, ДЕМЕК «ТРАНЗИТ» ӘЛІ БІТКЕН ЖОҚ

Америкалық Jamestown Foundation сараптама орталығы «Жыл оқиғаларына шолу: Назарбаев президент қызметінен кетті, бірақ бақылау тізгінін ұстап қалды» деп аталған мақалада Орталық Азиядағы бұл мемлекетте бұрынғы президенттің биліктегі біраз басқару тетігін қолында ұстап отырғаны туралы айтқан. Сарапшылардың айтуынша, Қазақстанда билікті ауыстыру процесі әлі біткен жоқ.

Отыз жылға жуық ел басқарған Назарбаев 2019 жылғы наурызда президент қызметін үзеңгілесі Қасым-Жомарт Тоқаевқа тапсырып, өзі отставкаға кетті.

«Қызметіне кірісе сала Тоқаев халықаралық қарым-қатынастағы сабақтастықты сақтап, ел ішінде біртіндеп реформа жүргізуға уәде берген. Сыртқы саясатқа келсек, сыртқы істер министрі (1994–1999, 2002–2007) және БҰҰ-ның Женевадағы кеңсесінің директоры (2011–2013) болған тәжірибелі дипломат ретінде Тоқаев шынымен ревизионизмге жол бермеді», - деп жазады Jamestown Foundation.

Президенттің шетелге барған алғашқы сапарларына тоқталған сарапшы Тоқаевтың Назарбаев отставкасынан екі апта өткенде Мәскеуге барғанын, ал сайлаудан соң қыркүйекте алғаш рет Қытайға сапар шеккенін, сол айда Нью-Йорктегі БҰҰ Бас ассамблеясының жиынында АҚШ президенті Дональд Трамппен тілдескенін, желтоқсанда Германияда болғанын, сәуір-қараша аралығында Орталық Азия елдерінде жылы жүздесулер өткізгенін еске салады.

Желтоқсанда Deutsche Welle арнасына берген сұхбатында Тоқаев Ресейдің 2014 жылғы Қырымды басып алған әрекетін «аннексия» деп атағысы келмейтінін айтып, дипломатиялық дауды қоздыруға шақ қалды. Ол Қытайды Шыңжаңдағы «қайта саяси тәрбиелеу лагерьлері» үшін сынаудан тартынады. «Назарбаев сияқты Тоқаев та Ресеймен де, Қытаймен де тығыз қарым-қатынасты сақтап, сонымен бірге АҚШ-пен және Еуроодақпен жақсы байланысты сақтап қалуға мүдделі, бірақ оның басты мәселесі – ішкі саясат. Президент қызметінен кеткеніне қарамастан, Назарбаев биліктегі партияның төрағасы, «ұлт көшбасшысы» («елбасы» статусы оны және оның отбасы мүшелерін сот арқылы қудалаудан сақтайды) және қауіпсіздік кеңесінің өмір бойғы төрағасы ретінде ішкі саясатқа көп ықпал ету мүмкіндігін сақтап қалды», - деп жазады Jamestown Foundation. Қызметіне кірісе сала Тоқаев алдыңғы президенттің үстемдігін мойындап, астананы оның атымен атады деп жазады Jamestown Foundation.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев және бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев Нұр-Сұлтанда жақтастарымен кездесу кезінде, 7 маусым 2019 жыл.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев және бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев Нұр-Сұлтанда жақтастарымен кездесу кезінде, 7 маусым 2019 жыл.

Қазақстандағы активтерінің болашағына алаңдаған инвесторларды 2019 жылға дейін елдегі сабақтастық мәселесі толғандырды, яғни олар «Назарбаев кеткен соң оны кім алмастырады, оның орнына келген адам елдегі тәртіпті сақтап қала ала ма?» деген сұраққа бас қатырып келді. 2019 жылдан соң бұл сұрақ әлі күн тәртібінде тұр.

«Жұрттың сөзіне қарағанда, Тоқаевтың либералдандыруға бағытталған именшек қадамдарын қолдайдын реформашылардың шағын тобы мен Назарбаевтың отыз жылдық билігі тұсында билік пен байлыққа ие болған ескі гвардия арасында жасырын шиеленіс бар. Биліктің бейбіт түрде ауысуы «бірінші әулетті» шетке ысырып тастаған Өзбекстан мен Ресейден айырмасы – Назарбаев кланы Қазақстан экономикасының елеулі бөлігіне бақылау жасап отыр әрі олар осы үлкен ықпалдың кепілі ретінде өз патриархына және оның қолшоқпарына сенім артады. Назарбаев өзі ұзақ уақыт тұрғызған билік вертикалінің ұшар басында өзі тұрған уақытта биліктің ауысуы бітпеген күйі қала бермек», — деп жазады Jamestown Foundation.

ПОМПЕОНЫҢ АЗАТТЫҚҚА СҰХБАТЫНА РЕАКЦИЯ

Америкалық Washington Post басылымы шолушы Фрида Гитистың «Майк Помпео – баспасөз бостандығының қорқынышты жақтаушысы» деп аталатын мақаласында АҚШ мемлекеттік хатшысының Қазақстанға сапары туралы сөз болады. Помеоның Азаттыққа берген сұхбатын талдай келе, автор оның жауаптары баспасөз бостандығының қорғаушысы ретіндегі АҚШ-тың халықаралық беделіне нұқсан келтіреді дейді.

Помпеомен сұхбатта Азаттық тілшісі Айгерім Төлеухан Қазақстан журналистерінің, соның ішінде Азаттық тілшілерінің кәсіби қызметін орындау кезінде шабуылға ұшырағанын айтқан. Содан соң ол Помпеоның Ұлттық қоғамдық радио (NPR) тілшісімен арадағы «конфликтілі сұхбатын» әрі мемлекеттік хатшының Еуразия елдері сапарына бұл радио өкілінің қатыстырылмай тастағанын еске салды. Төлеухан «бұл жағдай сөз бостандығы шектелетін елдерге қандай месседж жеткізуі мүмкін?» деп сұрады. «Керемет месседж» деп жауап берді Помпео.

Майк Помпео: Адам құқықтары - негізгі, маңызды мәселе
please wait

No media source currently available

0:00 0:06:38 0:00

Помпеоның жауабын саралай келе Фрида Гитис «Көз алдымызда Американың моральдық беделі құлдырап барады» деп қорытқан.

«Бүкіл әлем халқы [АҚШ-тағы] бұл әкімшіліктің ізгі ниетті талабы мен ыңғайсыз шынайылық арасында алшақтықтың артып бара жатқанын байқады (мұндай үлкен алшақтық бұрын-соңды болмаған). Олар Ақ үйдің мінберінен, Мемлекеттік департаменттің Twitter-дегі сұхбаттарынан Трамп пен оның үзеңгілестерінің өзін сынайтындарға не істеп жатқанын көріп отыр. Өзің шындықты білетін болсаң, салмақты сөздерді байыппен қабылдау қиын. АҚШ-тың моральдық беделі түсіп бара жатқан трагедияның куәсі болып отырмыз. Бұл – бүкіл әлемдегі бір кездері Американың қолдауына үміт артқан белсенділер мен тілшілер үшін үлкен қасірет», — деп жазды Фрида Гитис.

Помпеоның Азаттыққа сұхбатында Батыс басылымдарының көбі назар аударып, мемлекеттік хатшының мәлімдемесіне наразылық білдірді.

АҚШ-ТЫҢ ОРТАЛЫҚ АЗИЯДАҒЫ СТРАТЕГИЯСЫ ЖӘНЕ ДЕРЖАВАЛАР АРАСЫНДАҒЫ БӘСЕКЕ

Вашингтонда шығатын Diplomat басылымында жарық көрген «АҚШ пен Қытайдың Орталық Азиядағы болашақ бәсекесі» деп аталған мақалада Помпеоның Орталық Азияға сапары және әлем державаларының аймаққа ықпал үшін бәсекеге түсе бастағаны сөз болған.

Қазақстан мен Өзбекстанға бару арқылы Майк Помпео «Қытайдың ықпалынан қауіп етіңдер және АҚШ-тың не ұсынатынына назар аударыңдар» деген ойды шегелеп жеткізді.

«Бұрынғы совет республикаларына аяқ астынан назар аударудың себебі қарапайым. Орталық Азия елдері Жібек жолының Экономикалық белдеуін жағалай орналасқан, ал бұл – Қытайдың «Бір белдеу – бір жол» бастамасының бір бөлігі. Бұл аймақ АҚШ, Ресей және Қытайдың арасындағы бәсекедегі өте маңызды өңірге айналып келеді», — деп жазады Diplomat.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео (сол жақта) және Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев. Нұр-Сұлтан, 2 ақпан 2020 жыл.
АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео (сол жақта) және Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев. Нұр-Сұлтан, 2 ақпан 2020 жыл.

Бұл өңірде Ресей мен Қытайдың ықпалы бұрыннан күшті. Қытайдың «Бір белдеу – бір жол» жобасы Орталық Азиядағы түрлі инфрақұрылым жобаларына елеулі инвестиция салуды көздейді, ал Ресей аймақтың қауіпсіздік саласындағы әріптесі.

«Владимир Путин «Бір белдеу – бір жол» жобасын жақтап, оның Еуразия экономикалық одақ мүддесімен қабысатынымен айтып келгенімен, Қытай Мәскеу бұрыннан өзінің ықпал ету аймағы санайтын өңірге көп киліге бастады», — делінген мақалада. Ал Пекин мен Вашингтон арасындағы шиеленіс енді өршіп келеді. Жақында Помпео Қытайдың Коммунистік партиясын «заманымыздың ең үлкен қатері» деп атады.

Екі жақ та осындай пікірде сияқты. Коронавирус тараған соң АҚШ Қытайға ұшақ ұштырмай, ол елге баруға тыйым салғанда, Қытай Сыртқы істер министрі Вашингтонды «үрей таратып отыр» деп айыптады. Мақала авторының айтуынша, Қытайдың Caixin ақпарат басылымының «АҚШ пен Қытайдың арасы жаушылдыққа ұласып барады» деп жазған.

«Бұл – Помпео сапары мен АҚШ-тың Орталық Азияға қатысты жаңа стратегиясын Қытайдың аймаққа келуіне қатысты Американың реакциясы», — деп жазады Diplomat.

АҚШ-тың аймақтағы алғашқы қадамдары «Пекинді онша толғандыра қоймас» деп жазады автор. Дегенмен, АҚШ-тың жаңа қадамдары Вашингтонның Қытаймен арадағы текетіреске құлшына дайындалып отырғанын аңғартады. Мақала авторы, Вашингтондағы Вудро Вильсон зерттеу орталығының өкілі Кэти Сталлард-Бланшеттің болжамы бойынша, Орталық Азия «осы бәсекедегі басты майдан алаңы болуы мүмкін».

Ағылшын тілінде шығатын Eurasianet.org сайты «Перспективалар: АҚШ-тың Орталық Азиядағы стратегиясы: жаңа жағдайға ескі рецепт» деп аталған мақала Помпео сапарынан соң жарық көрген Вашингтонның жаңа құжатын сарапқа салады.

«Құжатта Қытай да, Ресей де мүлде аталмайды, бірақ оған осы елдердің «көлеңкесі» түсіп тұрғаны анық. Онда Ауғанстанның аты аталады, бірақ стратегияны таныстырған ресми тұлғалардың оны айтқысы келмеген сияқты», — деп жазады Eurasianet.org.

2019-2025 жылдар аралығын қамтитын жұмыс жоспары алты пунктқа негізделген: Орталық Азия елдерінің егемендігі мен тәуелсіздігін нығайту; терроризммен күрес; Ауғанстандағы тұрақтылық ауқымын арттыру әрі оны қолдау; Ауғанстан мен Орталық Азия арасындағы байланысты ынталандыру; заңның және адам құқықтарының сақталуына үлес қосу; аймақ экономикасының Америка бизнесіне ашық та тартымды бола түсуіне жағдай жасау, аймақтың барлық бағыт бойынша дамуына септесу.

«АҚШ-тың жоспары тым амбицияға толы, ал Вашингтон бөле алатын және бөлуге ынталы ресурстары мен мүмкіндіктері шектеулі. Сондықтан бағдарламалық әдіске көп басымдық беріледі: инвестиция саласында тұралау болмауы үшін реформаларға лобби жасау, аймақтың өз ішіндегі саудаға, ынтымақтастыққа және демократиялық институттарды орнықтыруға септесу», — деп жазады Eurasianet.org.

АҚШ алдыңғы стратегиясын жариялаған 2015 жылдан бергі Орталық Азияда болған басты оқиғалардың қатарында Өзбекстан президенті Ислам Каримовтың 2016 жылы қайтыс болғаны және Қазақстанда ресми түрде биліктің ауысқаны аталады. Сонымен бірге «Тәжікстанның бұрынғыдан да авторитар елге айналғаны, Түркіменстанның түсініксіз оқшаулану саясатын өршіте түскені, ал Қырғызстанның Ресейдің экономикалық орбитасына іс жүзінде толық енгені» айтылады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG