Accessibility links

Денис Тенді жоқтау және Шыңжаң қазақтарының жағдайы


Қытай азаматы, этникалық қазақ Сайрагүл Сауытбайдың қолындағы кісенді сот залында шешіп жатыр. Жаркент, 9 шілде 2018 жыл.
Қытай азаматы, этникалық қазақ Сайрагүл Сауытбайдың қолындағы кісенді сот залында шешіп жатыр. Жаркент, 9 шілде 2018 жыл.

Батыс баспасөзі бұл аптада қазақстандық спортшы Денис Теннің қазасы, Сайрагүл Сауытбай мен Шыңжаңдағы этникалық қазақтардың жағдайы және АҚШ-қа әкелетін уранға қатысты жаңа тергеу ісі туралы жазыпты.

ДЕНИС ТЕНДІ АЗА ТҰТҚАН КҮН

Халықаралық басылымдардың көбі осы аптада Алматыда қапыда қаза тапқан мәнерлеп сырғанаушы Денис Теннің өлімі туралы жазып жатыр.

Америкалық NewYorkTimes "Мәнерлеп сырғанаудан олимпиада медалін алған Денис Тен Қазақстанда пышақтан ажал құшты" деген мақаласында Денис Теннің спорттағы жетістіктері мен шілденің 19-ы күні оның өмірін қиған шабуыл туралы жазған. Полицияның қылмысқа күдікті екі адамның ізіне түскені де жазылған.

2015 жылы Денис Тенмен жұмыс істеген канадалық хореограф Лори Николь ол туралы былай деген: "Конькиінің жүзі мұзға тигені, мұз бетінде қозғалғаны өзіне тән, ерекше. Оның ынтызарлығы бір сәттік қызығушылық емес. Бұл өте терең, жан толғандыратын ынтызарлық, оған берілген кезде көзімнен жас шығып кететін, басқа әлемде қалықтай жөнелетін едім".

Америкалық CNN телеарнасындағы "Денис Тен: олимпиада жүлдегері болған мәнерлеп сырғанаушы пышақ жарақатынан бақилық болды" деген мақаласында халықаралық жарысқа қатысушылардың Теннің қазасына қатысты білдірген пікірлерін жариялапты.

"Бәріне мейіріммен қарайтын адам қалай бұндай жағдайға душар болды?" - деп жазады 2010 жылы Ванкувердегі қысқы олимпиадада қола медаль алған жапон сырғанаушысы Дайсуке Такахаши.

2006 жылы Туринде әйелдер арасындағы дара сырғанаудан жеңімпаз атанған Сидзука Аракава Денис Теннің "мейірімге толы шынайы күлкісін" еске алған. Ол Денистің білдіртпей суретке түсіріп алып, кейін сол фотоларды өзіне салып жібергенін жазыпты. "Бұған сене алмаймын. Сенгім келмейді. Оның қазасы жүрегімді езіп жіберді", - дейді жапон спортшысы.

Денис Теннің өліміне күдікті ретінде екі адам ұсталды: 1994 жылы Жамбыл облысында туған Нұралы Қиясов және Қызылорда қаласында дүниеге келген 23 жастағы Арман Құдайбергенов.

2013 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегерімен және Сочи олимпиадасының қола жүлдегерімен қоштасу шаралары шілденің 21-і күні Алматы мен Астана қалаларында өтті.

ҚЫТАЙДАҒЫ "ҚАЙТА ТӘРБИЕЛЕУ" ЛАГЕРЛЕРІ

Француздың "France-Presse (AFP)" жаңалық агенттігінде "Қазақстандағы сот процесі қытайдағы "қайта тәрбиелеу" лагерін талқылады" деген мақала жарияланды.

Онда Жаркент қаласында өтіп жатқан этникалық қазақ, Қытай елінің азаматы Сайрагүл Сауытбайдың ісі туралы баяндалған. Әйелге "Қазақстан шекарасынан заңсыз өтті" деген айып тағылған. Сауытбай Қазақстанға отбасына (күйеуі және екі баласы – Қазақстан азаматтары) қосылу үшін келгенін айтады.

Оқи отырыңыз: Сайрагүл Сауытбай "заң бұзуға мәжбүр болғанын" айтады

Сот кезінде Сайрагүл Сауытбай өзін қайта тәрбиелеу лагерінде жұмыс істеуге мәжбүрлегенін баяндап, ол жерде "2500 этникалық қазақ" бар деп мәлімдеген. Оның айтуынша, Қытайға қайтқан жағдайда "мемлекеттік құпияны ашты" деген айыппен өлім жазасына кесілуі мүмкін.

"Өмірімді сақтап, отбасыма қосылу үшін заң бұзуға мәжбүр болдым. Пана іздеп, ата-баба жеріне келдім. Қытайда мені өлім жазасы күтіп тұр. Қазақстанда кез-келген жазаны өтеуге дайынмын", - деп мәлімдеген Сайрагүл Сауытбай сотта.

Өмірімді сақтап, отбасыма қосылу үшін заң бұзуға мәжбүр болдым. Пана іздеп, ата-баба жеріне келдім. Қытайда мені өлім жазасы күтіп тұр. Қазақстанда кез-келген жазаны өтеуге дайынмын.
Сайрагүл Сауытбай

AFP дерегі бойынша, Шыңжаңда бір жарым миллионға жуық этникалық қазақ бар. Мақала авторының жазуынша, бұған дейін олар "ұйғырлардың басына түскен қатаң репрессиядан аман-есен болып", Қытай мен Қазақстан арасында еркін жүріп келген.

Бірақ, деп жазады автор, 2016 жылы Шыңжаң билігіне Тибеттегі бала тууды бақылауға алған агрессиялы саясат енгізуімен танылған қытай мемлекеттік шенеунігі келген соң әлгіндей еркіндік көзден бұл-бұл ұшқан.

Мақалада ресми құжаттар мен тұтқында болғандардың куәлік, дәлелдеріне қарамастан Қытай билігінің өз аумағында әлгіндей лагерь барын терістейтіні айтылады. Жаркенттегі сотқа қатысқан Қытай консулдық қызметінің екі өкілі журналистер сауалына жауап беруден бас тартқан.


"Шыңжаңдағы этникалық қазақтарға қатысты жағдай Орталық Азиядағы Қытайдың басты серіктесі болып отырған Қазақстанды ыңғайсыз жағдайға қалдырды. Билік Пекинге қарсы шығамыз ба, жоқ па деп ойланып отырғанда репрессияға қарсы шығу үшін қысым жасаушылар көбейді […] Қытайдан ірі инвестиция алуға ұмтылған Қазақстанның позициясы әлсіз, Сауытбай тәрізді Қытай азаматтарының құқығын қорғап қалуы қиын", - дейді мақала авторы.

Қазақстандық саяси белсенді Серікжан Мәмбеталиннің айтуынша, Сауытбайдың соты "қазақ-қытай қарым-қатынасының кемелдігіне" сын болмақ. Қазақстан диаспора өкілін Қытайға берсе, "халық билік өз халқын қорғай алмайды деп айтады" дейді ол.

АҚШ-ТАҒЫ УРАН ІСІНЕ ҚАТЫСТЫ ТЕРГЕУ

Америкалық Associated Press жаңалықтар агенттігі сайтында "АҚШ уранды импорттау бойынша ұлттық қауіпсіздікті тергеуді бастады" деген мақала жарияланды. Онда АҚШ сауда департаментінің уран импортының елдің ұлттық қауіпсіздігіне әсерін тергеу басталғаны туралы хабарламасына пікір білдірген.

"Мұндай қадам болашақ импортты шектеп, Трамп әкімшілігінің сауда соғысына тағы бір майдан қосып беруі мүмкін", - деп жазады Associated Press. Мақалада АҚШ сауда хатшысы Уилбур Росстың АҚШ елдің әскери мақсатына және электр энергиясын өндіруге қажетті уранның тек бес пайызын ғана өндіретінін айтқан сөзі келтірілген.

Бұл тергеу бұған дейін болат, алюминий және автомобиль импортына қатысты жүргізілген тергеуден кейін қолға алынып отыр. Мұның ерекшелігі сол, ол шектеу ісінде "АҚШ-тың жақын одақтастарына қатысты ұлттық қауіпсіздік туралы дәйектерге сүйенеді", - делінген мақалада.

"АҚШ-тың уран өндіретін екі компаниясы – UR-Energy мен EnergyFuels қаңтарда тергеу жүргізуді сұрап өтініш берген. Олардың айтуынша, АҚШ уран өнеркәсібі Ресей, Қазақстан, Өзбекстан және Қытай мемлекеттік компанияларынан келетін импорт кесірінен жойылған", - деп жазады Associated Press.

Компаниялар биліктен импортқа квота енгізіп, АҚШ нарығының төрттен бірін жергілікті уран үшін сақтап қалуды өтінген. Сондай-ақ олар уран пайдаланатын мемлекеттік мекемелерге "Америкалық өнімді сатып ал" қағидасын енгізуді сұрайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG