Accessibility links

Интернетте сатылған ұрланған қару Қазақстанға да жеткен


Нью-Йорктегі көрмеге қойылған Лийн Хершман Лийзонның "Американың ең таңдаулысы" инсталляциясы. АҚШ, 14 мамыр 2015 жыл.
Нью-Йорктегі көрмеге қойылған Лийн Хершман Лийзонның "Американың ең таңдаулысы" инсталляциясы. АҚШ, 14 мамыр 2015 жыл.

Батыс баспасөзі әскери құрал-жабдықтарды eBay сайты арқылы заңсыз сатуға қатысты АҚШ-та өтіп жатқан сот процесі жайлы мақалада ұрланған заттарды сатып алушылар арасында қазақстандықтар да бар деп жазған. Сонымен бірге қазақстандық боксшы Геннадий Головкиннің алдағы жекпе-жегіне де назар аударған.

ИНТЕРНЕТТЕ САТЫЛҒАН ӘСКЕРИ ТЕХНИКА

Америкалық Foxnews телеарнасының сайты "Айғақтар құны бір миллион доллардан асатын ұрланған әскери құрал-жабдықтар eBay сайтында сатылғанын көрсетті" деген мақаласында Кентукки әскери базасынан соғыс құрал-жабдықтарын ұрлады деп айыпталушылардың ісі бойынша АҚШ-тың Нэшвилль қаласында өтіп жатқан соты жайлы жазған. "Бір бөлігі Ресей, Қытай, Мексика, Гонконг, Қазақстан және Украинада тұратын клиенттерге сатылған құрал-жабдықтың ішінде автоматтар мен олардың қосалқы бөлшектері, дулығалар, винтовкалар, медициналық жабдықтар, көздегіш нысаналар, берен бешпеттер бар" деп жазады Foxnews. Бірақ Қазақстан мен өзге елдерде тұратын сатып алушылар жайлы әлдебір мәліметтер келтірмеген.

Сотта айыпталушылардың бірі, 27 жастағы Джон Робертс әлгі құрал-жабдықтардың Fort Campbell әскери базасынан "ұрланғанын білген жоқпын", олар "сарбаздардан заңды түрде сатып алынған немесе қажетсіз болғандықтан база есебінен шығарып тастаған жабдықтар екен деп ойладым" деп мәлімдеген. Бұған қоса, ол оны сату үшін айрықша лицензия қажет екенін де білмегені туралы мәлімдеген. Басылым дерегінше, Джон Робертстің бизнестегі бұрынғы серігі Кори Уилсонның айтуынша, екеуі жабдықтарды Facebook желісінде шифрланған хабарландырулар арқылы сатқан сарбаздармен байланысып, олардан әлдеқайда қымбат тұратын немесе сирек кездесетін заттар тауып беруді өтінген. Ал кейін олар тауарлардың орама-қаптамасын ауыстырып, пошта қызметінің күдігін тудырмас үшін жалған сипаттамаларды пайдаланған.

"Әскери жабдықтарды сатушы: "Ештеңе жасыруға тырысқан жоқпын" деген мақаласында Джорджия штатындағы америкалық WTVM телеарнасы сайты да әлгі сот процесіне қатысты комментарий жазған. Мысалы, іске қатысты айыпталушылардың бірі, Fort Campbell әскери базасының сержанты, кінәсін мойындаған Майкл Барлоу "әуелі аз-аздан бастадық, бірақ әскери құрал-жабдықтарды сату ауқымын біртіндеп жүк көлігі көлеміне дейін жеткіздік" деп мәлімдеген. Болжам бойынша, бұл сауда 2013 жылдан 2016 жылға дейін жалғасқан.

GGG ТАРИХТА ҚАЛҒЫСЫ КЕЛЕДІ

Америкалық Seconds Out спорт сайтындағы "Головкин орта салмақтағы ең үздік боксшы ретінде тарихта қалғысы келеді" деген мақалада Қарағандының тумасы Геннадий Головкин мен мексикалық боксшы Сауль Альварестің арасындағы 16 қыркүйекке жоспарланған, бүкіл әлемдегі миллиондаған бокс жанкүйерлері тағатсыздына күтіп отырған жекпе-жекке қатысты комментарий жазған. "16 қыркүйек 2017 жылды бокс тарихындағы тағы бір үздік жылға айналдыра алатын күнге айналуы мүмкін" деп жазады Seconds Out.

Қазақстандық боксшы Геннадий Головкин. Нью-Йорк, 18 наурыз 2017 жыл.
Қазақстандық боксшы Геннадий Головкин. Нью-Йорк, 18 наурыз 2017 жыл.

"2012 жылы Америка сахнасында көзге түскеннен кейін Головкин көп ұзамай жұрттың көзайымына айналып, қызық жағдайға тап болды. Одан бірнеше түн бұрын ғана Конор МакГрегордың Флойд Мэйвезерді "мексикалық сияқты жұдырықтасуға" мәжбүрледім деген сөзін естуге болатын. Әлгі сөзді естігендердің көбі мұның әлдебір этникалық кемсіту емес, мақтау екенін түсінген еді. Көптеген мексикалық бокс жанкүйерлері ең әуелі Головкиннің бет-әлпеті, оның жұдырықтасу стилі және таң қалдыратын нокауттарына тәнті болып, оны іш тартып кетті. Кәсіпқой рингте жеңіліп көрмеген қарағандылық чемпион мен оның промоутері Том Леффлер және бапкері Абель Санчестен тұратын командасы бұқаралық ақпарат құралдарымен телефон арқылы сәрсенбі күні күндіз өткен халықаралық конференцияға қатысты" деп жазады Seconds Out.

Геннадий Головкин Қарағандының шетіндегі шахтерлер тұратын әрі оны ерекше мақтан тұтатын Майқұдық шағын ауданында ер жеткен. Оның суреті тіпті жуырда ашылған жергілікті көмір өнеркәсібі мұражайында да ілулі тұр.

"ХАРВИ" ДАУЫЛЫ

Америкалық Los Angeles Times газеті спортшылардың "Харви" дауылынан зардап шеккендерге жәрдем ақша бөлу бастамасы жайлы "Харви" тропикалық дауылы Хьюстон мен оның маңындағы территорияны түк қалдырмай қиратып кетті, спорт қоғамдастығы мүшелері зардап шеккендерге қомақты ақша бөліп жатыр" деп жазған. Rams футбол командасының ойыншылары Майкл Брокерс пен Малькольм Браун дауылдан зардап шеккендерге көмек науқанын бастағаны жайлы Los Angeles Times басылымы тағы бір мақаласында да жазған. 10 қыркүйекте өтетін матчқа билет сатып алған Rams командасы жанкүйерлеріне билет құнының бір бөлігін дауылдан зардап шеккендерге жәрдем қорына аудару мүмкіндігі берілген.

"Харви" дауылы әкелген тасқын кесірінен мекен-жайын тастап шығуға мәжбүр болған тұрғындар. Бтюмонт Плейс, 28 тамыз 2017 жыл.
"Харви" дауылы әкелген тасқын кесірінен мекен-жайын тастап шығуға мәжбүр болған тұрғындар. Бтюмонт Плейс, 28 тамыз 2017 жыл.

Ал америкалық Newsmax теларнасы сайты АҚШ энергетика министрі Рик Перри "Харви" дауылының кесірінен Қазақстанға осы аптаға жоспарланған сапарынан бас тартты деп хабарлайды. Әлгі сапар кезінде Рик Перри Қазақстанның энергетика министрі Қанат Бозымбаевпен және америкалық компания өкілдерімен кездеседі деп жоспарланған болатын. Қазақстандағы АҚШ елшілігінің хабарлауынша, делегацияны АҚШ энергетика министрінің орынбасары Дэн Бруиллетт бастап келген.

"Харви" дауылы Техас штатында соңғы 50 жылдағы ең күшті дауылға айналды. CNN агенттігінің дерегінше, табиғи апаттың кесірінен 40 адам мерт болып, алапат су тасқыны салдарынан мыңдаған адам үйлерін тастап кетуге мәжбүр болған.

XS
SM
MD
LG