Алматы қаласының прокуратурасы журналист Александра Сенцоваға (Алёхованың) сот шығарған үкімді жеңілдетуді сұрап апелляциялық өтініш берген. Жұма күні Informburo.kz басылымы осылай деп хабарлады.
Прокуратура Александа Сенцованың бұрын сотты болмағанын, қылмыстық жауапкершілікке алғаш рет тартылып отырғанын, кәмелетке толмаған баласы барын, тұрғылықты жері бойынша жақсы мінездеме берілгенін және журналистің ісінде жазаны ауырлататын жайттар анықталмағанын жазған.
3 тамызда Алматының Алмалы аудандық соты жабық өткізген отырыста журналист Сенцова жеке құпияға жататын дербес деректерді таратқаны үшін кінәлі деген ұйғарым жасап, оны үш жылға бостандығынан айыру туралы үкім шығарған. Алайда жазаны өтеу мерзімі 2031 жылға дейін кейінге қалдырылып, сот оған үш жыл мерзімге журналистік қызметпен айналысуға тыйым салған.
Төрт баланың анасы, бұрын түрлі басылымда жұмыс істеген алматылық журналист Александра Сенцованың (Алёхова) үстінен қылмыстық іс 2022-2024 жылдары Алматыдағы "Кенжехан" базарынан сауда орнын жалға алушылар мен меншік иелері арасындағы дау-дамай туралы жарияланған материалдарға байланысты қозғалған еді. Әлгі материалдарда базардан сауда орнын жалға алушылардың құқығын қорғаған белсенділердің бірінің бұрын сотталғаны және полиция есебінде тұрғаны айтылған.
Бұған дейін Сенцоваға жазған материалына байланысты айыптар тағылғанына алаңдаушылық білдірген мәлімдемесінде "Әділ сөз" сөз бостандығын қорғау қоры журналист даулы материалда келтірген ақпарат бұрын полициядан деректер тарап кеткеннен кейін өзге бір Telegram-арнада жарияланғанын, яғни мұның алдында көпшілікке жария болған мәліметке жататынын атап көрсеткен. Осы орайда баспасөз құқығын қорғаушылар ол ақпарат алғаш рет жарияланғаннан кейін жәбірленуші полицияға жүгінгенін, бірақ ол жолы қылмыстық іс қозғалмағанын айтқан.
Қазақстанда кейінгі уақытта журналистердің үстінен қылмыстық іс қозғап, жауапқа тарту жиіледі. Өткен аптада Алматы соты ҚазТАГ жеке меншік ақпарат агенттігінің бас директоры мен бас редакторын айыпты деп танып, екеуінің бостандығын 1 жыл 3 ай мерзімге шектеп, біреуіне 5 жылға, екіншісіне 3 жылға дейін журналистикамен айналысуға тыйым салған.