БЕЙБІТ ЗАМАНДА ҚАЗА ТАПҚАН 14 САРБАЗ
Жұма күні Қазақстанда Каспийдегі әскери оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан жауынгерлерді аза тұтуға байланысты елде көпшілік ойын-сауық шараларына шектеу салынған.
Осыдан бір күн бұрын Каспий теңізінде қатты жел тұрып, әскери оқу-жаттығуға қатысып жатқан 17 жауынгер (бастапқыда билік 19 адам деген, кейін ақпаратты түзеді – ред.) судан шыға алмай қалғаны туралы ақпарат тараған. Қорғаныс министрлігінің кейінгі мәліметінше, оқиға салдарынан 14 сарбаз қаза тапқан. Құтқару-іздестіру тобы олардың екеуін жұма күні таңертең тапқан.
Бейсенбіде теңізден құтқарылған үш әскери қызметкердің біреуі қазір ауруханада жатыр, дәрігерлер оның өміріне қауіп жоқ дейді.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Каспий теңізіндегі әскери оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасына көңіл айтып, 25 қыркүйекті Каспийде қаза тапқан жауынгерлерді аза тұту күні деп жариялады. Қайғылы оқиғаның жай-жапсарын тексеріп, қаза тапқан жауынгерлердің отбасына жәрдемдесу үшін премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев жетекшілік ететін үкімет комиссиясы құрылды.
Жұма күні Алматыда Тоқаев қатысқан Қазақстан-Қытай форумына жиналған жұрт марқұм сарбаздарды бір минут үнсіз еске алды деп хабарлады мемлекеттік басылымдар.
Қайғылы оқиғаға байланысты экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев та мәлімдеме жасап, марқұмдардың туған-туыстарына көңіл айтты.
25 қыркүйекте Бас прокуратура Маңғыстау облысында оқу-жаттығу кезінде әскери қызметкерлердің қаза табуына байланысты қозғалған іс бойынша күдіктілер анықталып, тергеу жүріп жатқанын мәлімдеді.
Көп адамның өліміне себеп болған оқиғаға байланысты Қылмыстық кодекстің "Қызметке салғырт қарау" және "Кеме жүргізу қағидаларын бұзу" баптары бойынша қылмыстық іс қозғалып, ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылған.
"Қызметке салғырт қарады деп күдік келтірілген, сондай-ақ метеорологиялық жағдайларды ескере отырып, жеке құрамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін тиісті бақылау мен қажетті шаралардың қабылдануын қамтамасыз етпеген, құтқару жұмыстарын тиісінше ұйымдастырмаған, соның салдарынан адамдардың қаза болуына әкеп соққан лауазымды тұлғалар анықталды. Тергеу барлық күдіктінің әрекеттеріне толық құқықтық баға беріп, оларға қатысты процестік шаралар қабылдайды" делінген Бас прокуратура таратқан ақпаратта.
Жұма күні түске қарай ішкі істер министрлігі сарбаздар қазасына байланысты елдің әскери-теңіз күштері қолбасшысының бірінші орынбасары – штаб бастығы, екі әскери бөлім командирі, теңіз жаяу әскері ротасының және "Қайсар" қатерінің командирлері – барлығы бес адам ұсталғанын хабарлады.
"Қайсар" қандай катер?
"Қайсар" катеріне 17-19 адам сияды. Ресейдегі "Рыбинская верфь" зауытында жасалған. Қазақстан теңіз әскерінің Ақтаудағы бөлімшесінде 2023 жылдан бері бар. "Қайсар" жоғары жылдамдықпен жүретін десанттық броньдалған катер. 80 км/сағ жылдамдыққа дейін барады.16-18 метр болатын катерді жағалауды қадағалауға, диверсиялық операцияларға, теңіз шекарасын бұзғандар мен табиғатқа зиян келтіргендерді ұстауға, десанттарды түсіруге және әскерилерді тасымалдауға қолданылады.
Прокуратура қайғылы оқиғаға байланысты 30-дан астам әскери қызметкерден жауап алынып, 12 сараптама тағайындалғанын хабарлады.
Бұған дейін Қазақстанның қорғаныс министрлігі 22 қыркүйекте Каспий теңізінің қазақстандық бөлігінде "Хазар қорғаны-2026" оқу-жаттығуы басталғанын, 500-ден аса әскери қызметші, әскери кеме экипаждары, жағалау бөлімшелері, ҰҚК шекара қызметінің жағалау күзеті, әуе қорғанысы күштері қатысып жатқан жаттығуларға әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы, бірінші дәрежелі капитан Қанат Ниязбеков басшылық ететінін хабарлаған.Ақпарат құралдарының жазуынша, төтенше оқиға болған бейсенбі күні теңізде толқын күшейіп, жағалау маңында қатты жел тұрған. Теңізде хабар-ошарсыз кеткен адамдарды іздеу-құтқару жұмыстарына ауа райының қолайсыздығы кедергі келтірген.
"ЖҮЙЕЛІ ТҮРДЕ ҚАЙТАЛАНАТЫН ҚАСІРЕТ"
Жергілікті медиа мен блогерлер қаза тапқан жауынгерлердің көбі – әскер қатарына Маңғыстау облысынан шақырылған азаматтар деп хабарлады. Кейбірінің әскери қызмет борышын өтеуді аяқтауына санаулы күн қалған. Кейбірінің тойы да белгіленіп қойған деп жазды басылымдар.
Қоғамда әскери басшылық пен билік органдарының қайғылы оқиға кезіндегі іс-әрекетіне сын айтып, наразы пікір білдіріп жатқандар аз емес. Олар ауа райын болжау қызметінің алдын ала ескертуіне қарамастан, қатты жел мен толқын тұрған күні бес қаруын түгел асынған жауынгерлерге теңізге түсуді бұйырған деп әскери басшылықты кінәлап жатыр.
"Өкінішке қарай, мұндай қасірет бір рет қана болған жайт емес, жүйелі түрде қайталанатын болды" деді Азаттыққа пікір білдірген адамдардың бірі:
Маңғыстаудағы оқиғадан аман қалған үш жауынгердің бірі – қазір Ақтаудағы ауруханада жатқан 19 жастағы Ақжол Темірәлиевтің әкесі Тимур Қыдырниязов БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында оқиға жайлы әлеуметтік желідегі жазбалардан оқып білгенін, отбасына әскери бөлімнен ешкім хабарласпағанын, ал өздері хабарласқан кезде ешкім телефон көтермегенін айтқан. Ақжол міндетті әскери борышын өтеуді биыл күзде аяқтап, қазан айының басында үйіне оралуы керек болған.
Желіде кейбір адамдар президент Қасым-Жомарт Тоқаевты қаралы хабарды халыққа өзі айтпай, қарамағындағылардың біріне тапсырғаны үшін сынға алды.
"Қатты кетсем ғафу өтінемін, бірақ неге сарбаздар қазасы мен аза тұту туралы президент емес, Бозымбаев хабарлайды? Неліктен адамдармен амандасуды үйрету, таза Қазақстан, заңдылық пен тәртіп, граффити жазу жайлы президент айтады да, көңіл айтуға келгенде бұған еш қатысы жоқ шенеунік шыға келеді? Құрметті мемлекет басшысы өз жоғарғы қолбасшылығы астында болып жатқан сұмдыққа назар аударуы үшін неше сарбаз өлуі керек?"деп жазды журналист, блогер Денис Кривошеев Facebook-парақшасына.
Енді біреулер қорғаныс министрі мен жақында жаңадан тағайындалған вице-президент неге қара жамылған ата-аналарға барып, басу айтуға жарамаған деп сұрақ қойған.
"Қорғаныс министрлігін түбірімен реформалау қажет" деп жазды желі қолданушы Zhandos Iskakov.
"Қаза бізге аяқ астынан келген жоқ. Бұл үнемі болатын жайт. Өйткені 11 жыл бұрын сарбаздар дәл осылай суға батып кеткенде ешкім ешқандай қорытынды жасаған жоқ. Өйткені әскери басшылық, 11 жыл бұрынғыдай, ауа райы болжамын елемеген" деп жазды журналист Динара Егеубаева.
Қазақстан халқына шет мемлекеттер басшылары мен халықаралық ұйым өкілдері де көңіл айтып жатыр. Қорғаныс министрлігі қаза тапқан жауынгерлердің отбасына материалдық және психологиялық көмек көрсетіледі деп мәлімдеді. Елдегі бірнеше кәсіпкер марқұм болғандардың жақындарына көмек ретінде ақша аударып жатыр деп жазды жергілікті басылымдар.