Тікелей эфирден Қазақстан мен қазақ халқы жайлы айтқан пікірлері әлеуметтік желі қолданушыларының наразылығын тудырған Ресей азаматы Ксения Гузаеваны Қазақстан билігі әкімшілік жауапқа тартып, айыппұл салған соң елден шығарды.
13 тамыз күні Астана полициясы Ксения Гузаеваның Қазақстан аумағынан кеткенін хабарлап, видеосын жариялады.
"Шетел азаматшасы Г.К. Қазақстан Республикасының аумағынан кетті. Бұған дейін сот оны әлеуметтік желілердегі арандатушылық және әдепсіз сипаттағы пікірлері үшін әкімшілік жауапкершілікке тартты. Оған Қазақстанға бес жыл мерзімге кіруге шектеу қойылды", – деп хабарлады Астана полициясының баспасөз қызметі.
Алайда полиция Гузаеваға қанша көлемде айыппұл салынғаны және ол Қазақстан аумағынан қалай, қай жерден шығып кеткені жайлы дерек келтірмеді.
Әлеуметтік желіге Fassoollka деген лақап атымен шығып жүрген ресейлік стример бұған дейін тікелей эфир кезінде Қазақстан мен қазақ халқы туралы теріс пікір айтып, Павлодар Қазақстанның қаласы екеніне күмән келтірген сөзі қазақстандықтардың ашу-ызасын туғызған еді. Желі қолданушылар билік орындарынан біршама уақыттан бері Қазақстанда тұрып жатқан ресейлік блогердің іс-әрекетіне заң аясында баға беріп, тиісті шара қолдануды талап еткен.
Бұдан соң Астана полициясы әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында шетел азаматының тікелей эфирден арандату мазмұндағы және әдепке жатпайтын пікірлер айтқаны анықталғанын хабарлаған.