Accessibility links

Қазақстандағы Батыс елшіліктері ЛГБТКИА+ қауымдастығын қолдап мәлімдеме жасады

Қазақстандағы бірқатар шет мемлекетердің елшіліктері мен Еуропа одағы өкілдігі Халықаралық гомофобия, бифобия және трансфобияға қарсы күрес күніне орай ЛГБТКИА+ қауымдастығын қолдайтын бірлескен мәлімдеме жасады.

17 мамыр күні Еуроодақтың Қазақстандағы өкілдігінің Instagram-парақшасында жарияланған мәлімдемеде шетелдік дипломатиялық миссиялар ЛГБТКИА+ өкілдеріне қолдау білдіріп, теңдік пен кемсітпеу қағидаттарына адал болып қалатынын атап көрсеткен.

"Біз адам құқықтарын ілгерілету және кез-келген адам ашық әрі кемсітушіліксіз өмір сүріп, қоғамдық өмірге қауіпсіз қатысып, зорлық-зомбылық пен қуғын-сүргіннен қорықпай өз құқықтарын жүзеге асыра алатын қоғамдарды дамыту жөніндегі міндеттемемізді растаймыз", деп жазылған мәлімдемеде.

Құжатта әлемнің түрлі аймағында ЛГБТКИА+ өкілдеріне қарсы дискриминация, зорлық-зомбылық және олардың құқықтарын іске асыруға кедергі қою жалғасыа келе жатқаны айтылған. Мәлімдеме авторлары теңдік пен әділеттілік ашық демократиялық қоғамдардың негізі болуы керек дейді.

Мәлімдемеге Австрия, Бельгия, Канада, Дания, Эстония, Финляндия, Франция, Германия, Грекия, Италия, Жапония, Латвия, Литва, Люксембург, Нидерланд, Португалия, Словения, Испания, Швеция, Швейцария, Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия елшіліктері, сондай-ақ Еуроодақтың Қазақстандағы өкілдігі қол қойған.

Былтыр 30 желтоқсанда президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан заңдарына "ЛГБТ насихатына" тыйым салатын түзетулер мен өзгертулер енгізу туралы заңға қол қойып, ол 2026 жылғы 2 наурыздан бастап күшіне енген. Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстегі жаңа нормаларда "ЛГБТ және педофилия насихаты" үшін айыппұл мен әкімшілік қамау жазасы қарастырылған.

Адамға жыныстық ерекшелігіне байланысты дискриминация жасайтын мұндай өзгерістер енгізуді осы заңды қабылдау туралы бастама көтерген депутаттар "отбасы, адамгершілік және болашақ жайлы түсініктерді қорғау" үшін қажет деп түсіндірген. Сарапшылар бұл заң көрші Ресейде 2013 жылы қабылданған заңға ұқсайтынын айтқан.

Бұған дейін Еуропа одағы мен бірнеше Батыс мемлекеті Қазақстан заңдарына енгізілген жаңа шектеулерге байланысты алаңдаушылық білдірген. Дипломатиялық миссиялары бұл түзетулер Қазақстанның халықаралық адам құқықтары жөніндегі міндеттемелеріне қайшы келетінін айтқан.

Құқық қорғаушылар мен заңгерлер жаңа нормаларды қолдану критерийлері айқын еместігін айтып келеді.

Айдар
XS
SM
MD
LG