Accessibility links

Құрылтай сайлауға дауыс беріп жатқан сайлаушы. Алматы, 23 тамыз, 2026 жыл.
Құрылтай сайлауға дауыс беріп жатқан сайлаушы. Алматы, 23 тамыз, 2026 жыл.

live Билікті сынға алатын белсенділер сайлау күні өздеріне бақылау күшейгенін айтты

13:22

ОСК: сағат 12-ге дейін сайлаушылардың 37 пайыздан астамы дауыс берді

Қазақстанның Орталық сайлау комиссиясы сағат 12-ға дейін елдегі сайлаушылар тізімінде тіркелген қазақстандықтардың 37,05% Құрылтай депутаттарын сайлауға дауыс берді деп хабарлады.

Қызылорда облысы ең көп дауыс берген аймақ ретінде аталды - 47,59 пайызға жеткен.

Ал бұл көрсеткіш Жетісу облысында — 47,29 пайыз, Түркістан облысында — 43,14 пайыз, Ақтөбе облысында — 42,53 пайыз, Шығыс Қазақстан облысында — 41,89 пайыз және Шымкент қаласында — 41,60 пайыз болған.

Алматы қаласы сайлаушылар ең сылбыр өңір болып отыр – 17,87 пайыз.

ОСК мәліметі бойынша, жексенбі күні сағат 12-ге дейін барлығы 4,6 млн сайлаушы дауыс беру бюллетенін алған. Ресми дерек бойынша, сайлаушы ретінде 12,6 миллион адам тіркелген.

13:13

Тоқаев вице-президентті жақында тағайындайтынын айтты

"Вице-президент лауазымын кім иеленетіні келесі аптада немесе 10 күнде белгілі болады. Қазір оның аты-жөнін айтуға ертелеу. Бәріңіз жақсы білетін белгілі адам болады деп ойлаймын" деді Тоқаев.

Қазақстанның биыл қабылданған жаңа Конституциясы бойынша, мемлекеттік билік құрылымында вице-президент лауазымы жаңадан енгізіледі. Қазақстанда вице-президентті қызметке президенті тағайындайды және босатады, сонымен бірге вице-президенттің міндетін де сол анықтайды. Мемлекет басшысы қайтыс болған жағдайда немесе отставкаға кетсе, Конституцияға сәйкес, оның орнын вице-президент басады.


13:06

Тоқаев президент сайлауына түсу-түспеу жайлы шешімін 2027 жылы айтпақ

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев алда президент сайлауына түсу-түспеуге қатысты нақты жауапты 2027 жылы айтамын деді.

"Қайта сайлауға түсуге заңды түрде құқығым бар. Алдағы сайлауға келсек, сіз сұрағандай, сайлауға түсу-түспеу жайлы айтуға әлі ерте. Себебі еліміздің алдында тұрған өте көп міндетті жүзеге асыруымыз керек" деді Тоқаев Құрылтай сайлауында дауыс берген күні "Власть" журналисіне.

Қазақстанда жаңа Конституция күшіне енген соң, 2026 жылғы 7 шілдеде Конституциялық сот негізгі заңда президент жеті жылдық бір ғана мерзімге сайланатыны туралы талап болғанына қарамастан, Тоқаев қайтадан президенттікке үміткер бола алады деген шешім шығарған.

Конституциялық сот "1995 жылғы Конституциядағы нормалармен лауазымға сайланған я тағайындалған адамдар 2026 жылғы Конституция күшіне енген соң тиісті лауазымдарға қайта сайлана я тағайындала алады" деген ұйғарымын жариялаған.

2019 жылғы 19 наурызда Қазақстанның бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаев қызмет өкілеті аяқталмай жатып лауазымынан кететінін жариялап, өз орнына сол кезде парламент сенатын басқарып отырған көп жылғы үзеңгілесі Қасым-Жомарт Тоқаевты қалдырған еді. Сол жылғы 9 маусымда кезектен тыс өткен сайлаудың ресми қорытындысына сай, Тоқаев Қазақстан президенті болып сайланған.

2022 жылы қарашада өткен кезектен тыс сайлаудың ресми қорытындысы бойынша 81 пайыз дауыс алған Тоқаев қайтадан президент болып сайланды. Сол кезде Конституцияға енгізілген өзгеріске сай, президенттің өкілет мерзімі бес жылдан бір реттік жеті жыл мерзімге ұзарған. Яғни Тоқаевтың өкілет мерзімі 2029 жылы аяқталуға тиіс еді. Бұған дейін ол жеті жылдық өкілет мерзімі біткен соң билікті заңды жолмен тапсыратынын бірнеше рет айтқан.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтай сайлауға дауыс беріп тұр. Астана, 23 тамыз, 2026 жыл.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтай сайлауға дауыс беріп тұр. Астана, 23 тамыз, 2026 жыл.
12:37

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 23 тамызда Құрылтай сайлауына Астанадағы Тәуелсіздік сарайында орналасқан №520 сайлау учаскесінде дауыс берді. Мемлекет басшысының дауыс бергеннен кейін, осы сәтті түсіруге жиналып тұрған мемлекеттік ақпарат құралдарына қысқаша пікір білдірген.

Тағы

XS
SM
MD
LG