Қазақстандық "Ар.Рух.Хақ" қоғамдық қорының президенті, құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожинаның Facebook-аккаунты биылғы 10 тамыздан бері толығымен бұғатталып, Instagram аккаунты жаппай "страйк" шабуылына ұшыраған. Мұны 13 тамыз күні "Әділ сөз" сөз бостандығын қорғау қоры мәлімдеді.
Төреғожинаның әлеуметтік желідегі парақшалары шектеуге тап болғанын бұған "Ар.Рух.Хақ" қоры да хабарлаған.
"Бақытжан Төреғожина ФБ-тен өшірілді. Неліктен бұлай болды? Ол сайлау туралы принципті түрде жазған жоқ. Президентке тиіскен жоқ, оның төңірегіндегілерден ешкімді іліп-шалмаған, кейінгі кезде "экстремистік" ештеңе жазған емес. Әдеттегідей "авторлық құқықты бұзғаны" үшін өшірілді. Әлде сайлауға дейін сақтық үшін деп залалсыздандыруды ұйғарды ма? Олай болса өшірілгендер тізіміне "сенімсіздер" санатындағы өзгелер де қосылуы әбден мүмкін", – деп жазды Facebook-те қазақстандық журналист Сергей Дуванов.
"Бақытжан Төреғожинаның парақшасының бұғатталуы тәуелсіз журналистерге бағытталған ауқымды кибершабуыл толқынының бір мысалы. Құқық қорғаушылар мен журналистер қауымдастығы бұл жағдайды 23 тамызда өтетін сайлау алдындағы сөз бостандығын жүйелі түрде шектеу деп бағалайды", – деп жазды "Әділ сөз".
Құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина былтыр күзде белгісіз біреулер Facebook-парақшасына өзінің суреті салынған аудиоролик жариялап, оны қаралау үшін жалған ақпарат таратып жатқанын мәлімдеген. Ол өзіне қарсы арандату әрекеттер қазір түрмеде отырған белгілі марафоншы әрі оппозициялық белсенді Марат Жыланбаев туралы жазған посты үшін сотқа тартылған кезден басталғанын айтқан еді.
Биыл шілде айының аяғында қазақстандық журналистер Динара Егеубаева мен Лұқпан Ахмедияров әлеуметтік желідегі аккаунттарына кіре алмай қалғанын хабарлаған. Оған дейін Ахмедияров Астанада автокөлігіне белгісіз біреу бояу шашып кеткенін де айтқан еді.
Шілденің басында бірнеше тәуелсіз журналист WhatsApp-тағы аккаунттарына шабуыл жасалып, бұғатталып қалғанын мәлімдеген. Олардың арасында Лұқпан Ахмедияров, Асхат Ниязов, Назымгүл Күміспаева, Respublika.kz.media басылымы бас редакторы Ирина Петрушова, сондай-ақ ҚазТАГ агенттігінің журналистері мен редакторлары Алена Субботина, Ділназ Абдулбакиева және Лилия Галеева бар. Ахмедияровтың WhatsApp аккаунтынан бөлек, Instagram парақшасы да бұғатталған. Сонымен қатар "Уральская неделя" тәуелсіз басылымының Instagram аккаунттарына да шектеу қойылған.
Журналистер мұны кәсіби қызметімен байланыстырады. Қазақстанның құзырлы органдарынан бұған қатысты әзірге жауап болған жоқ.
Тәуелсіз журналистер мен медиа-арналардың әлеуметтік желідегі контентін бұғаттау я өшірудің қитұрқы әдісі – олардың үстінен "авторлық құқықты бұзды" деген жалған шағым түсіру жаппай қолданылатын болды. Жалған ақпаратпен күрес мәселесін зерттеушілер "авторлық құқық бұзылды деген шағым түсіру журналистер мен азаматтық қоғам өкілдерінің үнін өшірудің жиі қолданылатын тәсіліне айналып барады" деген. Олар журналистер мен белсенділерге жасалатын мұндай цифрлық шабуылды "азаматтық қоғам үшін үлкен қатерге" балаған.