Кезектен тыс президент сайлауды өткізу жайлы үндеу
Қырғызстан президенті Садыр Жапаров пен Жогорку Кеңеш төрағасы Нурланбек Турғынбек уулуына жолданған үндеу авторлары елде мерзімінен бұрын президент сайлауын өткізуді ұсынған. Құжат мәтіні баспасөз құралдарында жарияланды.
Үндеуде 2021-2025 жылдар аралығы қазіргі ел басшылығы қызметінің алғашқы кезеңі ретінде аталып, осы кезеңде елде тұрақтылық пен құқықтық тәртіп қамтамасыз ету, Қарулы күштерды нығайту, Өзбекстанмен және Тәжікстанмен шекара мәселелерін реттеу, жемқорлыққа қарсы ауқымды күрес, сондай-ақ ұйымдасқан қылмысты ауыздықтау және әлеуметтік инфрақұрылымды жақсарту сияқты бірқатар жетістіктер болғанын атап өткен.
Сонымен бірге құжатта Қырғызстанның ары қарай дамуын тежеп отырған бірқатар күрделі мәселелер де көрсетілген. Үндеу авторларының пікірінше, мемлекеттік борыш өсіп, шамамен тоғыз миллиард долларға жақындаған, өмір сүру құны қымбаттап, кедейлік деңгейі артқан. Бұған қоса өнеркәсіптің әлсіз дамуы және халықтың, әсіресе жастардың шетелге кетуі тыйылмай отырғаны алаңдаушылық тудыратыны айтылған.
Үндеу авторлары осындай сын-қатерлер мен президенттік өкілеттік мерзімі жөніндегі қоғамдық пікірталастар аясында ел дамуының "екінші кезеңіне" көшу қажет деп санайды. Құжатта қазіргі президенттің 2021 жылы бұрынғы Конституция бойынша сайланғаны, ал жаңа Конституция президент өкілетінің бес жылдық мерзімін белгілейтініне байланысты құқықтық қайшылық бары жазылған. Мәтінде қоғам мен сарапшылар арасында мерзімінен бұрын сайлау өткізу немесе алты жылдық мерзімнің аяқталуын күту жөнінде ортақ пікір жоқ екені де айтылған.
Осыған байланысты үндеу авторлары президент пен парламент жетекшісін елде "жедел түрде" жаңа президент сайлауын өткізу туралы бастама қозғауға шақырған. Олардың пікірінше, мұндай қадам құқықтық дауларды шешуге, қоғамдық шиеленіске жол бермеуге және мемлекет басшысы мен оның командасына жаңа сенім мандатын алуға мүмкіндік бермек.
Үндеуге Қырғызстанның бұрынғы премьер-министрлері мен экс-депутаттар, сонымен бірге ғалымдар, кәсіпкерлер, қоғам қайраткерлері мен саясаткерлер қол қойған.
Бұл үндеу жарияланған сәтке президент әкімшілігі мен Жогорку Кеңеш басшылығы ресми пікір білдірген жоқ.
Ескі және жаңа мерзім
Садыр Жапаров бұрынғы Конституция күшінде тұрған кезде, 2021 жылғы қаңтарда ел президенті болып сайланған. Ол Конституция бойынша мемлекет басшысы алты жылға бір-ақ мерзімге сайланатын. Бірақ сол жылғы мамыр айында жаңа Конституция күшіне енді. Ол бойынша, бір адам президент лауазымына бес жылдан екі мерзімге сайлана алатын болды.
Заңгер Нұрбек Токтакуновтың пікірінше, егер жаңа Конституция қабылданғаннан кейін президент қайтадан сайланған жағдайда ешқандай мәселе туындамас еді. Алайда қазір ондай мәселе бар.
"2021 жылғы қаңтарда халық президенттік-парламенттік республика президентін алты жылдық бір мерзімге сайлаған еді. Ал кейін референдум өтті де, оның нәтижесінде суперпрезиденттік республиканың президенті болып шыға келді, іс жүзінде екінші мерзімге сайлану мүмкіндігі бар монархқа айналды. Егер сол кезде Жапаров қайтадан сайлауға түсіп, суперпрезиденттік республика президенті болып бес жылға сайланғанда, ол тағы бір мерзімге сайлану мүмкіндігіне ие болар еді, ең дұрысы сол тұғын. Бірақ қазіргі Конституция бойынша президент қайта сайланған жоқ, яғни ол бұрынғы Конституцияға сай, билікте алты жылдық бір-ақ мерзім бола алады", – деп есептейді Токтакунов.
Алайда бұл пікірге қосылмайтындар да бар. Қырғызстанның бұрынғы премьер-миинистрі Феликс Кулов жаңа Конституцияны қолданысқа енгізу туралы арнайы заңда не жазылғанына назар аударады. Оның сөзінше, құжатта Жапаровтың ескі Конституция бойынша сайланған алты жылдық мерзімі жаңа Конституциядағы алғашқы бес жылдық мерзім ретінде есептелетіні нақты көрсетілген.
"Оның алты жылдық бірінші мерзімі бірінші мерзім болып есептелетіні анық жазылған заңды ешкім жойған жоқ. Егер қаласаңыз, күмәніңіз болса, Конституцияның ол нормасын өзгертіңіз. Егер сізге әлдебір нәрсе ұнамаса, Конституциялық сотқа жүгініңіз. Алайда конституциялық заңда жазылған, сондықтан ол лауазымды заңсыз атқарып отыр деп санауға мүлде ешқандай негіз жоқ", – дейді Кулов.
Ол 2027 жылы Жапаров екінші мерзімге президент болып сайлану үшін кандидат ретінде сайлауға заңды түрде қатыса алады деп есептейді.
Кулов қазір мерзімінен бұрын сайлау өткізу орынсыз деп есептейді. Қырғызстан Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын және биыл төрағалық ететін Шанхай ынтымақтастық ұйымының мерейтойлық саммитін өткізуге дайындалып жатыр. Куловтың пікірінше, осындай кезеңде елде билік ауысқаны қосымша қатерлер тудыруы мүмкін.
"Ойлап қараңызшы, бізде билік жоқ, жұрттың бәрі сайлау қалай бітетінін күтіп отыр. Ал саммитке дайындалу керек. Ол дегеніміз жай ғана жиналып, әңгіме-дүкен құрып, "бір бірімізді сыйлаймыз ғой" деп, тарап кету емес. Кәдімгідей маңызды шара", – деген уәж келтіреді Кулов.
Ал саясаткер, парламенттің бұрынғы депутаты Исхак Масалиев халықаралық іс-шаралар Конституция талаптарын елемеуге негіз бола алмайды деп санайды.
"[Жапаров] 2021 жылы алты жылдық бір мерзімге сайланған. Ал бір азамат президент лауазымына екі рет сайлана алмайды. Бітті! Әрине, ол тіпті "сендерге түкіргенім бар. Қазір жаңа Конституция, ол бойынша болады" деуі мүмкін. Олай болмайды, жігіттер. Сол мерзімге сайландың ба, ендеше сол кездегі Конституция талабын орындауға тиіссің", – дейді Масалиев.
Президент Садыр Жапаров, оның әкімшілігі немесе жақтастары әзірге бұл мәселеге байланысты пікір білдірген жоқ. Конституциялық сотқа да әзірге ресми өтініш түспеген.
Көрші Қазақстандағы жағдай
Қырғызстанда президент Садыр Жапаровтың биліктегі мерзіміне байланысты бұл пікірталас көрші Қазақстанда Конституцияға ауқымды өзгерістер енгізу туралы билік бастамасы қоғамда қызу талқыланып жатқан шақта қатар жүріп жатыр. Елді отыз жылға жуық уақыт басқарған Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылғы 19 наурызда президент лауазымын көп жылғы үзеңгілес серігі Қасым-Жомарт Тоқаевқа тапсырып кеткелі бері елде референдум өткізіліп, Конституцияны екі рет өзгертулер енгізілді, екі рет кезектен тыс президент сайлауы өткізілді.
2019 жылғы 9 маусымдағы сайлаудың ресми қорытындысы бойынша Тоқаев бес жыл мерзімге президент болып сайланды. Заң бойынша келесі сайлау 2024 жылы өтуі керек еді. Бірақ 2022 жылы екінші рет ұйымдастырылған конституциялық өзгерістер нәтижесінде президент қызметінің мерзімі бұрынғысынан ұзарып, 7 жыл болып белгіленді, алайда бір адам тек бір-ақ рет президент болып сайлана алады деген түзету енгізілді. Яғни бұрын Қырғызстан президентінің мерзіміне қойылған шектеу енді Қазақстан Конституциясында да пайда болды.
Негізгі заң жаңартылғаннан кейін Тоқаевтың бұрынғы мерзімі жойылды. Сөйтіп, сол жылы президент Тоқаев кезектен тыс сайлау жариялап, осы қызметке қайта сайланған оның өкілеттігі 2029 жылға дейін ұзарды.
Қазір билік ұсынып отырған жаңа Конституция жобасында президент жеті жылдық бір мерзімге ғана сайланады деп көрсетілген. Алайда сонымен бірге президент өкілеті қазіргіден әлдеқайда ауқымды түрде кеңейтілген. Бұл жоба қабылданатын болса биліктің көп бөлігі президент қолына шоғырланатынын қоғам өкілдері де, экс-депутаттар мен сарапшылар да айтып отыр. Негізгі заңға өзгертулер енгізуге байланысты пікірталас қоғамда әлі жалғасып жатыр.