Accessibility links

Ратко Младич. Геноцид үшін сотталған "Босния қасапшысы" Гаага түрмесінде көз жұмды

Сребреница геноцидін жасағаны кінәлі деп танылған Ратко Младич 84 жаста қайтыс болды. 1993 жылғы сурет.
Сребреница геноцидін жасағаны кінәлі деп танылған Ратко Младич 84 жаста қайтыс болды. 1993 жылғы сурет.

1992-1995 жылдардағы Босния соғысы кезінде босниялық сербтердің қолбасшысы болған Ратко Младич 84 жаста қайтыс болды. Халықаралық сот оны геноцид пен адамзатқа қарсы қылмыс жасады деп тапқан.

Сербияның RTS мемлекеттік телеарнасы 27 тамыз күнгі хабарында оның Гаага түрмесінің ауруханасында бірнеше инсульттан соң көз жұмғанын мәлімдеді.

Бұрынғы Югославия жөніндегі Халықаралық қылмыстық трибунал (ICTY) Младичті геноцид туралы бір айып бойынша, адамзатқа қарсы қылмыс туралы бес айып бойынша, соғыс қылмысы туралы төрт айып бойынша соттаған. Айыптар Нидерландыда өткен соттан 20 жылдан астам уақыт бұрын тағылған.

Ратко Младич Халықаралық қылмыстық трибунал отырысында.
Ратко Младич Халықаралық қылмыстық трибунал отырысында.

Младич 1995 жылы Сребреницада 7 мыңнан астам ер адам мен ұл балаларды өлтіруге бұйрық беру бойынша кінәлі деп танылған. Бұл оқиға Еуропа жерінде Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі ең үлкен қырғын саналды. Сол үшін де сол оқиғадан жапа шеккендер мен өзгелер "Босния қасапшысы" деп атап кеткен.

Трибунал үкімі шыққалы қаза тапқандар саны 8 мыңнан асты.

Халықаралық сот оны сондай-ақ Босния астанасы Сараеваны құрсауға алып, оны бомбалағаны үшін де жауапқа тартқан. Адамзатқа қарсы қылмыс деп танылған бұл әрекеттен 4548 босниялық сарбаз бен 4954 бейбіт тұрғын қаза тапқан. Құрсау кезінде 50 мыңға тарта адам жарақат алған.

Халықаралық қылмыстық трибунал Босния және Герцеговинадағы Серб республикасының бұрынғы президенті Радован Караджичті геноцид пен адамзатқа қарсы қылмысқа ұласқан саясатты жүргізді, ал оның басты әскери қолбасшысы Младич сол жоспарларды жүзеге асырды деп тапты.

Младич пен Караджич серб емес тұрғындарды азаптау, қорқыту, халықты күштеп көшіру және жаппай өлтіру арқылы Боснияны этникалық тұрғыдан тазартуға бағытталған операцияларды басқарды деп айыпталды.

Серб ұлтшылдары мен босниялық сербтердің көпшілігі батыр санаған Младич 1992–1995 жылдардағы Босния соғысы кезінде босниялық сербтердің қарулы күштерін басқарды. Бұл қақтығыста 100 мыңнан астам адам қаза тапты.

Халықаралық қылмыстық трибуналдың анықтауы бойынша, Сребреница 1995 жылғы шілдеде босниялық сербтер күштерінің қолына өткен. Сол кезде Младич босниялық серб сарбаздарына аймақтан қашуға тырысқан босниялық мұсылман ер адамдар мен ұл балаларды ұстап, өлтіруге тікелей бұйрық берген.

Сот босниялық сербтердің күштері кейінірек геноцидтің ізін жасыруға тырысып, құрбандардың сүйегін Сребреница маңындағы оқшауланған ауылдық жерлерде орналасқан қабірлерге жаппай қайта жерлегенін анықтады.

Бұған дейін БҰҰ Сребреницаны Босния және Герцеговинаның өзге аумақтарындағы соғыстан қашқан босқындар үшін қауіпсіз қала деп белгілеген. Младич күштерінің осындай мәртебесі қалада қырғын салғаны қылмыстың ауырлығын еселеп арттырғандай болды.

Трибуналдың анықтауынша, Младич Сараево қаласын 1992 жылғы сәуірден бастап үш жылдан астам құрсауда ұстаған. Құрсау соғысты тоқтатқан Дейтон келісімдеріне қол қойылғаннан кейін де екі айдан астам уақыт жалғасып, 1996 жылғы ақпанда бір-ақ тоқтаған. Сөйтіп бұл оқиға заманауи соғыс тарихындағы ең ұзақ құрсау деп аталды.

Караджич 2016 жылы геноцид айыбы (оның ішінде Сребреница қырғыны да бар) бойынша 40 жылға сотталды. Ол бұл үкімге апелляциялық шағым түсірген. Шағымды қараған орган 2019 жылғы наурызда сотталушының өтінішін қанағаттандырмай, қайта жаза мерзімін өмір бойына ұзартты.

Младич 16 жыл бойы қолға түспей бой тасалап жүрген. Оған серб әскері, соғыстағы серіктері және отбасы көмектескен.

Ол 2011 жылғы мамырда Сербияның солтүстігіндегі Зренянин қаласының маңындағы Лазарево ауылында ұсталды. Бұған Младичке ұқсайтын адамды көрген біреудің полицияға берген жасырын хабарламасы түрткі болған.

2012 жылғы мамырда басталған сот процесінің алғашқы күндерінен-ақ Младич қарсылық танытып, өзінің кінәсіз екенін мәлімдеді. Сот процесінің алғашқы кезеңінде ол Сребреница қырғыны құрбандарының бірінің анасына сес көрсетіп, тамағын кескендей ишара көрсеткен.

"Младич өзіне бағынышты офицерлерінің көмегімен бірнеше күннің ішінде 7 мыңнан астам ер адам мен ұл баланы өлтіруге бағытталған ауқымды әрі жақсы ұйымдастырылған операцияны іске қосты" деді Халықаралық қылмыстық трибунал прокуроры Дермот Грум сот отырысында.

"Жасалған қылмыстар адамзат тарихындағы ең ауыр қылмыстардың қатарына жатады. Олардың ішінде геноцид пен адамзатқа қарсы қылмыс ретінде жаппай қырып-жою да бар" деді төрағалық етуші судья Альфонс Ори 2017 жылғы қарашада Младичке қатысты үкімнің қысқаша мазмұнын оқып отырып.

"Бұл ер адамдар мен ұл балалардың көпшілігін өлім жазасын күтіп тұрған кезде оларды қарғап-сілеген, қорлаған, қорқытқан, [серб] әндерін айтуға мәжбүрлеген және ұрып-соққан" деді Ори.

Халықаралық қылмыстық трибунал прокуроры Серж Браммерц үкімді "маңызды белес" деп атады. Өйткені бұл үкім сондай-ақ Младичті ондаған серб емес азаматтарды лагерьге қамап, онда оларды ұрып-соғып, азаптағанға және Боснияның демографиялық картасын өзгерту мақсатында 1 миллионнан астам адамның күштеп көшірілгеніне де жауапты еткен.

Үкім шығардан бірнеше минут бұрын Младич ашуға булығып: "Сіздердің айтқандарыңыздың бәрі таза өтірік. Ұятсыздар! Мұның бәрі өтірік!" деп айқайлағаны үшін сот залынан шығарылған.

Үкім шыққан соң қанды қырғыннан жапа шеккендер мен "Сребреница аналары" тобының мүшелері бұл үкім татуласуға жол ашады деп үміттенетінін айтты, бірақ олар Младич тағылған айыптың барлығы бойынша кінәлі деп танылмағанына өкініш білдірді.

Сребреница қырғыны кезінде жақынынан айырылғандар Младич жасаған қылмысқа сай келер жаза жоғын айтты.

"Ол мың рет өмір сүріп, мың рет өмір бойына бас бостандығынан айырылса да, әділдік бәрібір орнамас еді" деді үкім шығарылар алдында Сребреницадағы геноцид кезінде 42 туысынан айырылған Айша Умирович.

Младичке шыққан үкім 1993 жылы Гаагада құрылған трибуналдың соңғы үкімі болатын. Бұл трибунал 1990 жылдардың басындағы Босния соғыстары кезінде жасалған қылмыстарды тергеу үшін жасақталған.

2021 жылғы маусымда Гаагадағы БҰҰ соты Младичтің апелляциясын қабылдамай, өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын күшінде қалдырды.


Былтыр БҰҰ-ның әскери қылмыстар жөніндегі трибуналы Младичтің денсаулығына байланысты өзін Сербияға шұғыл жіберу туралы өтінішін қабылдамады. Сот өз шешімінде Младичтің дәмкәсітігі бар болғанымен, жалпы денсаулығы тұрақты екенін және оның Гаагадағы түрмеде алып жатқан медициналық көмегінің деңгейі талапқа сай екенін айтты.

Младич 1942 жылғы 12 наурызда сол кездегі Тәуелсіз Хорватия мемлекеті аумағындағы Калиновикте дүниеге келген. Бұл ел Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде нацистік Германияның қуыршақ мемлекеті болған.

Югославия Коммунистер одағының мүшесі болған Младич мансап жолын 1965 жылы Югославия халық армиясында бастаған. Ол Югославия Федеративтік Республикасының ыдырауынан кейін басталған Балқан соғыстары кезінде танымал бола түсті.

Айдар
XS
SM
MD
LG