Accessibility links

"Демократиядан шегіну". Назарбаев өкілетін сайлаусыз созу бастамасы және оған қарсылық


Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттік өкілетін сайлаусыз он жыл мерзімге ұзарту бастамасына қарсылық білдіріп тұрған белсенді. Алматы, 13 қаңтар, 2011 жыл.
Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттік өкілетін сайлаусыз он жыл мерзімге ұзарту бастамасына қарсылық білдіріп тұрған белсенді. Алматы, 13 қаңтар, 2011 жыл.

Қазақстанды ұзақ уақыт билеген Нұрсұлтан Назарбаев алғаш рет 1990 жылғы 24 сәуірде президент атанды. Содан кейін елде президент және парламент сайлауларын кезектен тыс өткізу әдеті қалыптасты. Әсіресе 2011 жылы көтерілген референдум бастамасы ерекше саяси науқанға айналды. Оппозиция оны "сапалы дамудан үміт үзу", "жағымпаз, жантақ, сорақы идея" деп бағаласа, Батыс "Назарбаевтың тарихи еңбегін жоққа шығаратын" қадам деп атады. Назарбаев халықаралық қысымнан соң референдумнан бас тартты. Оны сол кезде "жағымпаздар жарысы" деп атаған саясаттанушы Назарбаев құрған жүйе әлі өзгермегенін айтады. Азаттық радиосының сол кездегі эфиріне шолу.

"Демократиядан шегіну". Назарбаев өкілетін созу қалай ерте сайлауға ұласты?
please wait

No media source currently available

0:00 0:38:16 0:00

1995 жылы бәсекелі сайлауға түспей, референдум жолымен президент өкілетін парламентсіз ұзартып алған Нұрсұлтан Назарбаевтың құзыретін 2010 жылы сайлаусыз, бірден 10 жылға созу жайлы бастама көтерілді.

Оған дейін, 1995 жылғы 29 сәуірде Қазақстан халқы ассамблеясының бастамасымен Назарбаевтың президенттік өкілетін 2000 жылға дейін ұзарту туралы бүкілхалықтық референдум өткен. Бұл – Назарбаевтың сайлаусыз билікте қалу мерзімін ұзартқан алғашқы референдумы болатын. Осы әрекет 2011 жылы ерекше форматта тағы да қайталана жаздады. Бұл жолы референдум бастамасы жүзеге аспағанымен, Назарбаев одан да саяси ұпай жинап үлгерді.

"ӘДІЛ САЙЛАУДАН ҚОРҚУ"

2011 жыл Қазақстанда көпшілік ойламаған жерден саяси науқанмен басталды. 2010 жылғы 23 желтоқсанда Өскемен қаласында ығай мен сығай бас қосқан жиын өткен. Бір қызығы, ол жиын баспасөзге хабарланбай, жасырын өтті деуге болады. Жиынның мәліметі осы отырыс өткеннен кейін біршама уақыттан соң көпшілікке жария етілді.

Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттік өкілетін сайлаусыз ұзарту жөніндегі бастамашыл топтың мүшелері (солдан оңға қарай) генерал Бақытжан Ертаев, топ жетекшісі Ерлан Сыдықов, парламент сенатының депутаты Анатолий Башмаков. Астана, 12 қаңтар, 2011 жыл.
Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттік өкілетін сайлаусыз ұзарту жөніндегі бастамашыл топтың мүшелері (солдан оңға қарай) генерал Бақытжан Ертаев, топ жетекшісі Ерлан Сыдықов, парламент сенатының депутаты Анатолий Башмаков. Астана, 12 қаңтар, 2011 жыл.

Шәкерім атындағы Семей мемлекеттік университетінің сол кездегі ректоры Ерлан Сыдықов бастаған жеті адам Назарбаевтың президенттік өкілетін сайлаусыз 10 жыл мерзімге ұзартуды көздейтін референдум өткізуге ұмтылып, небәрі 16 күннің ішінде 5 миллионнан аса дауыс жинап үлгерді.

please wait

No media source currently available

0:00 0:17:33 0:00
Жүктеп алу

Осы бастаманың соңы тағы да ерте сайлауға ұласты. Бастама көтерілгеннен кейінгі кезектен тыс сайлау 2011 жылғы 3 сәуірде, Назарбаевтың соңғы ерте сайлауы 2015 жылғы 26 сәуірде өтті.

Жұрт "жағымпаздық үлгісі" деп сынаған референдум бастамасы қоғамның, оппозицияның кері реакциясына тап болды.

Азаттық тілшісі Есенбек Базарқұлдың хабарлауынша, ел астанасындағы референдум науқанында Астана қалалық мәслихатының хатшысы, кейін сенатор болған Владимир Редкокашин ерекше көзге түскен. Оппозициялық саясаткер Серікбай Әлібаев Азаттыққа берген сұхбатында референдумға қарсылығын білдірген. Оппозициялық саясаткерлер Назарбаев өкілетін бірден 10 жылға созуды "әділ сайлаудан қорқудың" мысалы ретінде атап, "сапалы дамудан үміт үзу" деп бағалайды. Билікті сынаушы Әміржан Қосанов бұл бастаманың Ақорданың бастау алғанына күмән келтірмейді.

Референдум өткізу жөніндегі бастамашы топ алғашқы аптадан-ақ құлашын кеңге жайды. Олардың ұсынысына сай сайлау комиссиясы да бланкісін ұстап дайын отырғандай әсер қалдырады. Бастамашы топты тіркеп, қолына куәлік берген соң, қол жинау қарқынды түрде жүргізіледі.

"ДЕМОКРАТИЯДАН ШЕГІНУ". "ХАЛЫҚАРАЛЫҚ САЛДАРЫ БОЛУЫ МҮМКІН" БАСТАМА

Қазақстанда кенеттен Назарбаевтың өкілетін ұзартатын бастама көтерілуі оппозицияның ғана емес, халықаралық қауымдастықтың да реакциясын тудырды. Әсіресе, АҚШ елшілігі мен елшісіне дейін үш күн қатарынан мәлімдеме жариялап, алаңдап отырғанын айтты.

Азаттық тілшісі Меруерт Сәрсебайдың хабарлауынша, елшілік алғашқы мәлімдемесін 2011 жылғы 4 қаңтарда жариялап, Қазақстан қоғамындағы референдум туралы әрекетті "демократиядан шегіну" деп бағалайды. Еуропа одағы мен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ) да Қазақстандағы бастамаға алаңдап отырғанын білдіреді.

Тараз қаласының тұрғыны Ақыл Бейсембаев Назарбаевтың президенттік өкілетін сайлаусыз ұзарту бастамасына қарсылық білдіріп, биліктегі "Нұр Отан" партиясы кеңсесінің алдына келтіп тұр. Тараз, 12 қаңтар, 2011 жыл.
Тараз қаласының тұрғыны Ақыл Бейсембаев Назарбаевтың президенттік өкілетін сайлаусыз ұзарту бастамасына қарсылық білдіріп, биліктегі "Нұр Отан" партиясы кеңсесінің алдына келтіп тұр. Тараз, 12 қаңтар, 2011 жыл.

Сол кезде Ерлан Сыдықов бастаған бастамашылар референдум қазанын қыздырып жатқан. Сыдықов бастаманы қош көрмейтіндердің мәлімдемелеріне байланысты "өз тағдырымызды өзіміз айқындауға қолымыз жетті, біз бұл жерде демократияны бұзып отырған жоқпыз" деген уәж айтты.

Сол күндері АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Ричард Хогландтың Қазақстандағы қызметі аяқталып жатқан еді. Қазақстан билігінен қайран болмаған соң дипломат 5 қаңтарда өткізген өзінің қоштасу баспасөз мәслихатында елдегі бастаманың орынсыз екенін айтқан. Ол адамдардың таңдауы көбірек болуын ескерткен.

"Назарбаев билігін тағы да 10 жылға ұзарту науқаны АҚШ елшілігі арнайы таратқан сыпайы мәлімдемесіне қарамай қойған соң, дипломатиялық қызметі аяқталған Ричард Хогланд Астанада соңғы баспасөз мәслихатын өткізіп, журналистер алдында Қазақстанға сын айтып кетті", – деп хабарлады Азаттық тілшісі Үкілай Бестай.

АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Ричард Хогланд. Алматы, 30 наурыз, 2010 жыл. Азаттық архивіндегі сурет.
АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Ричард Хогланд. Алматы, 30 наурыз, 2010 жыл. Азаттық архивіндегі сурет.

Хогланд референдум мәселесін Қазақстанның сол кездегі сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевпен талқылағанын, министр мұны "ішкі мәселе" ретінде көрсетуге тырысқанын айтады. Оған АҚШ елшісі бұл мәселенің халықаралық сипаты да барын және Қазақстан мойнына алған халықаралық міндеттерге қайшы келетінін жеткізген. Азаттық хабарына қарағанда, елші "Демократия үшін қазақтардың түрлі таңдауы болуы тиіс. Олардың референдумдағыдай "иә", "жоқ" дегеннен гөрі бірнеше тұлғалар арасынан үлкен таңдау жасауға мүмкіндігі болуы керек", – деген.

Осы мәлімдеменің ертесіне, 6 қаңтарда, яғни халықаралық қысымнан соң, президент Назарбаевтың Қазақстан Конституциясына өзгерістер мен толықтыруларды республикалық референдумға шығару туралы парламент ұсынысын қабылдамау туралы жарлығы жарық көреді.

АҚШ Назарбаевтың референдумнан бас тартқанына назар аударғанымен, президенттің әрекетін парламент еңсеріп кетсе, саяси науқан жүзеге аса ма деген қаупін жасырмайды. 7 қаңтарда елшілік тағы да мәлімдеме жариялап, референдум өткізілгендей болса, "Нұрсұлтан Назарбаевтың тарихи еңбегі жоққа шығарылатынын" айтады. АҚШ мұндай қадамның "маңызды халықаралық салдары болатынын" да ескертеді.

РЕАКЦИЯҒА – РЕАКЦИЯ. БАСТАМАШЫ МЕН КЕҢЕСШІ

АҚШ қаңтар айының басында үш күн қатарынан осындай мәлімдеме жасаумен шектелмейді. Ай соңына қарай АҚШ-тың сол кездегі мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтон Қазақстан сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевпен кездескен кезде, әлгіндей референдум өткізу – демократиядан шегініс болатынын тағы да ескертіп, Астананы адам құқығы мен демократия талаптарын орындауға шақырады.

Азаттық тілшісі Мәншүк Асаутай алғашқы халықаралық реакциялардан кейін референдум туралы бастамашы топтың жетекшісі Ерлан Сыдықовтан сұхбат алған.

"Назарбаевтың тарихи еңбегін референдум жоққа шығара қоймас. Сол еңбек Қазақстанның мемлекет тарихында, әлем тарихында алтын әріппен жазылып қалды. Олай болса, осындай тұлға неге елді одан әрі басқарып, биіктерге көтере бермеске?!" – деген Сыдықовтың риторикасы оның референдумды жоғарыға жеткізу жолынан айнымағанын байқатқандай болды.

please wait

No media source currently available

0:00 0:02:35 0:00
Жүктеп алу

Президенттің сол кездегі саяси мәселелер жөніндегі кеңесшісі Ермұхаммет Ертісбаев та ҚазТАГ агенттігіне берген сұхбатында, референдум жолынан қайтпайтындай қияңқылық танытқанымен, Назарбаев 2012 жылғы сайлауға қатысады деп мәлімдеген. Бұл туралы Ертісбаевқа "Назарбаевтың өзі" айтқан-мыс.

"ЖАҒЫМПАЗ, ЖАНТЫҚ, ЕҢ МАСҚАРА, ЕҢ СОРАҚЫ ИДЕЯ"

Осы екі ортада Орталық сайлау комиссиясы референдум өткізуді мұрат еткен бастамашыл топ жинаған 5 миллионнан астам қолды қабылдап, тексеріп те үлгергенін хабарлады. Әлбетте, қол жинауда әкімшілік ресурс қолданылғаны айтылмады.

Азаттық радиосы 2011 жылғы 13 қаңтардағы хабарында Орталық сайлау комиссиясына сілтеп, жиналған соншама қолдың растығы "екі күн ішінде тексеріліп болғанын" айтады. Оған күмән келтіріп отырғандар да бар екені эфирде ескертіледі.

Нұрслтан Назарбаевтың президенттік мерзімін сайлаусыз он жылға ұзарту бастамасына қарсылық акциясына шыққан "Рух пен Тіл" жастар ұйымының белсендісі Инга Иманбайды полиция күштеп көлікке салып жатыр. Алматы, 11 қаңтар, 2011 жыл. Азаттық архивіндегі фото.
Нұрслтан Назарбаевтың президенттік мерзімін сайлаусыз он жылға ұзарту бастамасына қарсылық акциясына шыққан "Рух пен Тіл" жастар ұйымының белсендісі Инга Иманбайды полиция күштеп көлікке салып жатыр. Алматы, 11 қаңтар, 2011 жыл. Азаттық архивіндегі фото.

Осы кезде Қазақстан қоғамында бұған наразылық білдіргендерді полиция қамап, әкімшілік жазаға тартып жатқан еді. Азаматтық белсенді Инга Иманбайды акция кезінде "Рух пен тіл" клубының референдумға қарсы үндеуін оқып тұрған жерінен полиция әкеткен. Белсенділер осы бастамаға қарсылық ретінде елдегі "демократияны жерлеу" перформансын өткізді. Инга Иманбай "Бұл – соңғы жылдары болып жатқан түрлі жағымпаз және жантық ойлардың ішіндегі ең масқара, ең сорақы идея. Оны мойындау қажет" деген.

"Рух пен тіл" клубының бес мүшесіне референдумға қарсы акцияға шыққаны үшін сол кездегі 20 айлық көрсеткіш – 180 мың теңге айыппұл салынды. Олар айыппұлды Назарбаевтың өкілеті ұзартылуы мүмкін 2020 жылға дейін бөліп-бөліп төлейтінін жариялайды.

Қазақстаннның басқа да қалаларында азаматтық ұстанымын білдіріп наразылыққа шыққандарға билік түрлі әкімшілік шара қолданып, жазалады. Референдумге қарсылық танытқандардың алды бірнеше күнге абақтыға да қамалды. Ал бұл кезде бастамашы топ президент Назарбаевтан референдум өткізуге келісім беруін өтініп, парламентке Конституцияға референдум туралы өзгертулер енгізуді сұрап, екінші қайтара үндеу жолдап жатқан.

ТАРИХҚА ЕНБЕГЕН "ТАРИХИ ЗАҢ"

Азаттық радиосы 2011 жылғы 14 қаңтарда парламент палаталарының бірлескен отырысында Конституцияның екі бабына өзгерту енгізген заң жобасы қабылданғанын хабарлайды. Оны парламент "әдеттегідей бір ауыздан қабылдаған". Мәжілістің сол кездегі төрағасы Орал Мұхамеджанов өздері қабылдаған заңды "тарихи құжат" деп бағалайды.

"Бұл қазіргі президентіміз өкілетін референдум арқылы ұзарту үшін нақты конституциялық негіз болып табылмақ", – дейді мәжіліс төрағасы.

Қазақстан парламенті палаталарының бірлескен отырысында Конституцияға ел президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілетін республикалық референдум арқылы ұзарту және "елбасы" ұғымы туралы өзгерістер енгізуді қолдап дауыс берді. Астана 14 қаңтар, 2011 жыл. Азаттық архивіндегі фото.
Қазақстан парламенті палаталарының бірлескен отырысында Конституцияға ел президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілетін республикалық референдум арқылы ұзарту және "елбасы" ұғымы туралы өзгерістер енгізуді қолдап дауыс берді. Астана 14 қаңтар, 2011 жыл. Азаттық архивіндегі фото.

Азаттықтың сол кездегі хабарында мәжіліс депутаты Ирак Елекеев заңның қабылданатына шүбә келтірмейді. Сол кезде сарапшы ретінде Азаттыққа пікір білдірген Айдос Сарым референдум өтуі мүмкін деп 90 пайыз сенетінін айтады.

"Президент жеке-дара өз пайымымен мұндай қадамға бара алмайды. Ол елдегі жағдайды, шетелдің жағдайын – бәрін зерттеп отыр. АҚШ-тың, Батыстың позициясын да ескеруі тиіс. Енді кем дегенде бір айдың ішінде заңға қол қоя ма, қоймай ма – жауабын беруі керек. Қол қоймаған күннің өзінде былтырғы "елбасы заңы" тәрізді мүмкіндіктері бар...", – дейді ол.

Бұл жерде Айдос Сарым 2010 жылы қабылданған, Назарбаевқа "елбасы – ұлт көшбасшысы" деген арнайы мәртебе беретін заңды меңзеп отыр. Заңға президент қол қойған жоқ. Бірақ Конституция бойынша, парламенттен өткен заң билік тармақтары басшылары қолымен қабылданды деп есептелген болатын.

Нұрсұлтан Назарбаевқа "елбасы – ұлт көшбасшысы" мәртебесін беру туралы заң жобасына парламент мәжілісіндегі дауыс беру қорытындысы көрсетілген экран. Астана, 12 мамыр, 2010 жыл. Азаттық архивіндегі фото.
Нұрсұлтан Назарбаевқа "елбасы – ұлт көшбасшысы" мәртебесін беру туралы заң жобасына парламент мәжілісіндегі дауыс беру қорытындысы көрсетілген экран. Астана, 12 мамыр, 2010 жыл. Азаттық архивіндегі фото.

"Президент Назарбаевтың билігін нығайту жолында парламент осымен екінші мәрте мемлекет басшысының ресми басшылығын басып өтіп, қажетті заң қабылдауға әрекет етіп отыр", – дейді Азаттық радиосы хабарында.

Осылайша сенат пен мәжілістің бірлескен отырысында депутаттар Қазақстан Конституциясына ел президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілетін республикалық референдум арқылы ұзарту және "елбасы" ұғымы туралы өзгерістер енгізу жөніндегі заң жобасын екі оқылымда қарап, оны бірауыздан қолдап дауыс берді. Егер президент өзгертулер мен толықтырулар енгізуді мақұлдап заңға қол қоятын болса, "тұңғыш президенттің" ешбір сайлаусыз-ақ билік басында тағы он жылға қалуы референдум арқылы заңдастырылуы мүмкін еді.

Азаттық хабарларының бірінде Конституциялық кеңестің бұрынғы мүшесі Қабылсаят Әбішев президент қол қойса да, қоймаса да, заң 10 күн ішінде күшіне енетінін айтады.

КЕЗЕКТЕН ТЫС САЙЛАУҒА ҰЛАСҚАН ҚИТҰРҚЫЛЫҚ

Кейін Назарбаев өз қызмет өкілетін сайлаусыз, референдум жолымен 2020 жылға дейін ұзарту жөнінде бастамашылар тобы "қыстап", парламент қабылдаған заңды Конституциялық кеңестің қарауына ұсынады. 2011 жылғы 31 қаңтарда Конституциялық кеңес іс басындағы президент үшін сайлауды референдуммен ауыстыру туралы заң Конституцияға сәйкес емес деген шешім шығарады. Ал 29 қаңтарда дәстүрлі жолдау жасаған кезде Назарбаев 2012 жылғы сайлауға дайындалып жүргенін айтқан болатын.

Астанадағы "Қазақ елі" монументіндегі бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бейнесі салынған барельеф.
Астанадағы "Қазақ елі" монументіндегі бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бейнесі салынған барельеф.

Конституциялық кеңестің шешіміне келісетінін айтқан Назарбаев сол жылы кезектен тыс президенттік сайлау өткізуді ұсынады. 2 ақпанда парламент палаталарының бірлескен отырысында ел президентіне кезектен тыс президенттік сайлауды жариялау құқығын беретін түзету Конституцияға енгізіліп, 3 ақпанда мәжіліс кезектен тыс президент сайлауын өткізу туралы заң жобасын мақұлдады. 4 ақпанда Нұрсұлтан Назарбаев жарлыққа қол қойып, кезектен тыс сайлауды 2011 жылғы 3 сәуірге белгілейді.

Бұл кезде референдум бастамасы айтылған Шығыс Қазақстан өңірінде, Күршім ауданында қызылсу жайылып, қатты аязда үй-жайына су кірген халық әбігерге түсіп жатқан еді. Мұндайда бастамашылар басшысы Ерлан Сыдықовтың 40 градус аязда Семейде Орталық сайлау комиссиясына келіп-кетіп жатқан халық жайында айтатыны бар. Бұл туралы 2010 жылғы 28 желтоқсанда Азаттық радиосының тілшісі Мақпал Мұқанқызы әзірлеген хабарда егжей-тегжейлі айтылады.

НАЗАРБАЕВТЫ КӨП ЖАМАНДАУ ТОҚАЕВТЫ ҮНСІЗ МАҚТАУ МА?

Қызылсу жүрген Шығыс Қазақстанда қызу науқан басталған кезде, 2010 жылғы 28 желтоқсанда Азаттық радиосына сұхбатында саясаттанушы Дос Көшім мынандай пікір білдірген:

Дос Көшім. Алматы, 12 ақпан, 2015 жыл. Азаттық архивіндегі фото.
Дос Көшім. Алматы, 12 ақпан, 2015 жыл. Азаттық архивіндегі фото.

"Бұл – Қазақстандағы соңғы уақытта болып жатқан жағымпаздық жарысы. Президенттің құлағына жағатын кім қандай бастама көтереді. Осының бәрі ыңғайсыз жағдайға алып келе жатыр. Себебі, референдум өткізетіндей саяси қажеттілікті, немесе президент, билік тарапынан сайлауға деген қорқынышты көріп тұрған жоқпын".

Арада 13 жыл өткенде Назарбаевтың өкілетін референдум жолымен ұзарту бастамасы туралы Дос Көшімнен тағы да сұрадым. Жүзеге аспаған референдум бастамасы Қазақстанның ендігі тарихында қалай бағаланады?

– Жағымпаздық әртүрлі форматта болады. Қазір Назарбаевты көп жамандау – Тоқаевты мақтау болып табылады. Ал Назарбаевтың тұсында жағымпаздану ашық болатын. Назарбаев сонда, "кешіріңіздер, сайлаудың өз уақыты бар, сол кезде өткіземіз" десе, ештеңе жоқ еді. Бірақ ол өйтпеді. "Жақсы адам" ретінде Конституциялық кеңеске жүгіне қалды. Менің ойымша, бұл әлі де алда болады. Әлі талай "қызығын көреміз". Өйткені бұрынғыдан ешкім сабақ алған жоқ. Біріншіден, бұл – пендешілік қасиет, екіншіден, қоғам өзгерген жоқ. Тоқаев Назарбаевпен салыстырғанда сәл-пәл зиялылау, парасаттылау, мәдениеттілеу шығар. Бірақ Назарбаевтың жүйесін сақтап қалды. Сталинді жамандаған Хрущев те солай жасаған. Бұл туралы ешкім айтып, талқылап жатқан жоқ. Егер жүйе кетсе, сондайларды масқара қылар еді ғой. Жүйе өзгерсе, "Егемен Қазақстан" газетінде, "Хабар" арнасында "кезінде осындай ақымақ бастамалар болған, жағымпаздықтың түбін түсіретін осындай адамдар болған" деп айтып жатар едік қой. Оның масқара екенін, ұят екенін, ыңғайсыз екенін айтпасақ, талқыламасақ, сабақ алмасақ, бұл – тағы қайталанады деген сөз, – дейді Дос Көшім Азаттыққа.

1990 жылғы 24 сәуірде советтік Қазақстан парламентінің даусына сүйеніп бірінші хатшыдан президент атанған Назарбаев, кейіннен парламенттерді таратып, Конституцияны өзгертіп, арасында референдум жолымен, кейде өзгертулерге өзгертулер енгізіп, билігін өзі қалаған уақытқа дейін созды. Соның ішінде 2010 жылы бастамашы топтың араласуымен Назарбаевтың өкілетін бірден 10 жылға ұзартуға жасалған талпыныс халықаралық қысымға тап болды. Сол жылы Назарбаевтың жасы 70-те болатын.

Ол билік құрған ширек ғасырдан астам уақытта Қазақстанда бүкілхалықтық президент сайлауы бес рет кезектен тыс, заңда белгіленген мерзімінен бұрын өткізілді. Халықаралық ұйымдар сайлаулардың ешқайсысын демократия стандарттары мен Қазақстанның халықаралық міндеттемелеріне сай келеді деп мойындамады.

2011 жылғы 3 сәуірде мерзімінен бұрын өткен президент сайлауында Назарбаев, ресми мәлімет бойынша, 95 пайыздан астам дауыспен жеңді. 2015 жылғы 26 сәуірдегі кезектен тыс сайлауда ресми 97 пайыздан астам дауыс жинады. Бұл оның соңғы сайлауы болатын.

Осы мақалада қысқаша мазмұндалған тақырып туралы "Азаттық радиосына 70 жыл" подкасының 57-эпизодында толығырақ мәлімет берілген.

Аудиоподкастың барлық эпизодын Азаттық сайтынан, подкаст платформаларынан және Азаттықтың YouTube-арнасынан тыңдап, ой-пікір бөлісуге болады.

  • 16x9 Image

    Қуанышбек ҚАРИ

    "Шайхана" блогының авторы. Азаттықтың Алматы бюросының бас редакторы болған. Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дің журналистика факультетін бакалавр дәрежесімен, Тегеран университеті парсы әдебиеті факультетін магистр дәрежесімен тәмамдаған.

    Иран телерадиобірлестігі әлемдік қызметінде тілші, кейін қазақстандық бірнеше БАҚ-тың Ирандағы тілшісі қызметтерін атқарған. Қазақстандық ақпарат агенттіктерінде, газет-журналдарда тілші, бөлім меңгерушісі, бас редактордың бірінші орынбасары болған. 

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG