Accessibility links

"Сыйлық Сенцовты моральдық тұрғыда демейді"


Түрме ауруханасында Олег Сенцовты дәрігер тексеріп жатыр. Қыркүйек айы, 2018 жыл
Түрме ауруханасында Олег Сенцовты дәрігер тексеріп жатыр. Қыркүйек айы, 2018 жыл

Ресей аннексия жасап алған Қырымда теракт әзірледі деген айыппен 20 жылға сотталған украиналық режиссер Олег Сенцов "Ой еркіндігі үшін" берілетін Сахаров атындағы сыйлық лауреаты атанды.

Азаттық радиосы тілшісінің хабарлауынша, Сенцовты Сахаров атындағы сыйлыққа Еуропарламенттің ең ірі саяси фракциясы – Еуропалық халық партиясы ұсынған.

Видео: Сенцов Сахаров сыйлығына ие болды (Орыс тілінде)

Премия Сахарова Олегу Сенцову
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:45 0:00

Партия өкілдерінің айтуынша, "Сенцов іс жүзінде Қырымдағы Ресей билігіне қарсы шыққаны үшін сотталған" және "Ресей билігі Қырым түбегінде заңсыз тұтқындап, ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырған 70 украиналық азаматтың символына айналған".

Сыйлықты тапсыру рәсімі желтоқсанның 12-сі күні Еуропарламенттің пленарлық сессиясында өтеді. Жеңімпазға 50 мың еуро беріледі.

Олег Сенцовтың аштық акциясын тоқтатуына қарамастан, Мәскеуде оны қолдайтын азаматтар акцияны жалғастырып жатыр. Бұған қоса, Сенцов Польшаның сыртқы істер министрі тағайындаған Pro Dignitate Humana ("Адамдық қасиет үшін") сыйлығының лауреаты болды. Мұны Польшаның сыртқы істер министрлігі Twitter-дегі парақшасында хабарлады.

Pro Dignitate Humana сыйлығын 2012 жылы сол кездегі Польшаның сыртқы істер министрі Радослав Сикорский тағайындаған. Бұл сыйлық қуғындалған азаматтарға, адам құқығын қорғау үшін басын бәйгеге тіккен жандарға беріледі.

Олег Сенцов қазір Ресейдің Ямало-Ненецкий автономиялық округіндегі Лабытнанги қаласында колонияда жазасын өтеп жатыр. Мамырдың 14-і күні ол ресейлік түрмелерде жатқан барлық украиналық саяси тұтқындарды босатуды талап етіп, аштық жариялады. Бірақ 145 күннен соң дәрігерлер оны "күштеп тамақтандырамыз" деген кезде аштығын тоқтатты.

Олег Сенцовтың немере қарындасы Наталья Каплан Азаттыққа берген сұхбатында "Олегтің беделді сыйлыққа ие болуы оның тағдырына оң әсер ететін шығар деп үміттенем" деді.

Украина президенті Петр Порошенко Еуропалық парламенттің шешімі Олег Сенцовтың бостандыққа шығу сәтін жақындатады деп санайды. Ол бұл пікірін Facebook-тағы парақшасында жазды.- Бұл Олегтің ерік-жігерін шыңдап, оны ұмыт қалдырмағанымызды білдіртетін шығар. Әрине, бұл оның түрмеден шығуына да, саясаткерлердің үнемі есінде болуына көмектесетін шығар. Олегті құтқаруға тек солар ғана көмектесе алады, - деді Сенцовтың немере қарындасы Наталья Каплан.

Олег Сенцовтың адвокаты Дмитрий Динзенің айтуынша, режиссер өзінің лауреат атанғанын екі аптадан соң туыстарының немесе таныстарының хаты арқылы білетін болады. Динзенің пікірінше, Сахаров атындағы жүлде Ресей мен Украина арасындағы "сотталушылармен алмасу ісін" ілгерілетіп, Сенцовтың туған еліне оралуына мүмкіндік беруі мүмкін.

Адвокаттың айтуынша, ұзақ уақыт аштық ұстаған "Олегтің жағдайы бұған дейін нашар болған, қазір кішкене қалпына келе бастаған". "Жағдайды бақылап отырмын" - дейді Дмитрий Динзе.

Киевтегі Олег Сенцовты қолдау акциясы
Киевтегі Олег Сенцовты қолдау акциясы

Ресейлік құқық қорғаушы әрі журналист Зоя Светова сыйлық "Олег Сенцовқа, Ресей мен Украина үшін де өте маңызды" дейді.

Олег Сенцов – тамаша режиссер ғана емес, адам құқығы үшін басын бәйгеге тіккен күрескер

Зоя Светова: - Еуропарламент дұрыс шешім қабылдады деп ойлаймын. Олег Сенцов – тамаша режиссер ғана емес, адам құқығы үшін басын бәйгеге тіккен күрескер. Украиналық саяси тұтқындардың бостандығын талап етіп, 145 күн бойы аштық жариялап, соны дәлелдеді. Бұл сыйлық орыстың ұлы құқық қорғаушысы Андрей Сахаровтың құрметіне аталған. Өзін күштеп тамақтандырады деп аштық акциясын еріксіз тоқтатқан Сенцовтың денсаулығы қатты нашарлаған. Сыйлық оны демеп, моральдық тұрғыда көмектеседі деп ойлаймын.

Азаттық: - Бұл сыйлықтың тағы қандай маңызы бар?

Сахаров сыйлығы лауреатының түрмеде отырғаны, ұзақ жылға сотталғаны Ресейдің атына кір келтіреді

Зоя Светова: - Әлем тағы да Украинадағы жағдайға, Қырымды аннексиялау ісіне назар аударатын болады. Олег Сенцовтың Қырымды аннексиялауға қарсы шыққаны үшін сотталғаны анық. Еш дәлел болмаса да, оны "террорист" деп шығарды. Еуропарламенттің шешімін өте маңызды шешім деп санаймын. Бұл сыйлық Ресейдің абыройына нұқсан келтіреді, Сахаров сыйлығы лауреатының түрмеде отырғаны, ұзақ жылға сотталғаны Ресейдің атына кір келтіреді. Батыс Олег Сенцовты босатуды талап ете береді деп үміттенемін, мүмкін батыс саясаткерлері Ресей президентінің "жүрегіне жол тауып", бәлкім, Олег Сенцов бостандыққа шығып қалар.

Азаттық: - Жалпы Олегтің сыйлыққа ие болуы оның болашағына әсер ете ме?

Зоя Светова: - Тез арада өзгеріс болады деп ойламаймын. Әрине, халықаралық деңгейде мойындалғаны жақсы. Батыс елдерінің басшылары оның бостандығы үшін күресетін болады. Себебі Олег Сенцов күмәнді жағдайда ұсталып, террорризм бойынша айыпталып, 20 жылға сотталған ешкім танымайтын адам емес - әлемге танымал адам, беделді халықаралық сыйлық лауреаты.

Олег Сенцов
Олег Сенцов

Азаттық: - Олег Сенцовтың 145 күнге созылған аштығын тоқтатқаны туралы ақпаратты қалай қабылдадыңыз?

Оны күштеп тамақтандыра ма деп қорықтым, режиссер үшін бұл қорлық болар еді

Зоя Светова: – Шынымды айтайын, бұл жаңалыққа қуандым. Себебі оны күштеп тамақтандыра ма деп қорықтым, режиссер үшін бұл қорлық болар еді. Оның денсаулығына алаңдадым.

Бұл сыйлықтың арқасында Олег туралы қайтадан айтып-жаза бастайды. Аштықты тоқтатқан соң одан екі хат алдым. Украиналық достары одан хат алып жатыр, олар түсіретін фильмдерге Олег Сенцов режиссер болады. Фильм оның "Номера" пьесасы бойынша түсіріледі. Олег уақытының бәрін сол фильмге арнайтынын жазыпты, түсіру тобымен хат алмасып отырады екен.

Андрей Сахаров атындағы "Ой еркіндігі үшін" сыйлығын Еуропарламент 1988 жылы тағайындаған. Ол совет физигі, СССР-дағы адам құқығы қозғалысы жетекшілерінің бірі, 1975 жылғы Нобель сыйлығының лауреаты Андрей Сахаровтың (1921-1989) құрметіне аталған.

Сыйлық құқық қорғау саласында еңбек сіңірген тұлғалар мен ұйымдарға беріледі. Оны алатын үміткерлер тізімін Еуропарламент әзірлейді. Әдетте, процесс шілде айында басталады. Әр кандидатты кем дегенде 40 депутат немесе Еуропарламенттің сегіз саяси тобының бірі қолдауы керек, әр парламент мүшесі тек бір үміткерге дауыс бере алады.

Қыркүйек айында үміткерлер тізімін Халықаралық іс және даму жөніндегі Еуропарламент комитеті мен адам құқығы бойынша қосымша комитет жалпы жиынында қарайды. Қазан айында комитеттер финалға шыққан үш адамды таңдайды. Қазанның соңында Еуропарламент фракциясы өкілдерінің конференциясында дауыс беру арқылы жеңімпаз анықталады. Сыйлықты салтанатты табыстау рәсімі желтоқсанда Еуропарламенттің Страсбургтегі пленарлық отырысында өтеді.

Жүлдені алғаш рет 1988 жылы апартеидпен күрескен Нельсон Мандела (ОАР) мен советтік диссидент Анатолий Марченко алды. Бұған дейін "Мая алаңы аналары" аргентиналық құқық қорғау ұйымы, БҰҰ, "Шекарасыз тілшілер" халықаралық ұйымы және "Мемориал" халықаралық қоғамы Сахаров сыйлығын алған.

Еуропарламенттегі марапаттау рәсімі
Еуропарламенттегі марапаттау рәсімі

Олег Сенцовты босатуды халықаралық қауымдастық бірнеше рет талап етті. Тамыз айының ортасында БҰҰ сарапшылары Ресейді украиналық режиссерді дереу босатуға шақырды. Оны шетелдің көп мәдениет қайраткерлері, АҚШ мемлекеттік хатшысы Майкл Помпео мен Франция президенті Эммануэль Макрон қолдаған.

Нобель бейбітшілік сыйлығын алған Польшаның бұрынғы президенті Лех Валенса осы сыйлықты Сенцовқа беруді ұсынған.

(Азаттықтың Орыс қызметінің мақаласы)

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG