Accessibility links

Республикада спорттың қысқы түрлерімен айналысатын спортшы жоқ екеніне қарамастан, Шешенстан басшысы спортшыларға олимпиадаға қатысуға тыйым салды.

Рамзан Қадыров Дубайдан Грозныйға оралған бетте жаңа мәлімдеме жасап, республика тұрғындарын тағы естен тандырды. Шешенстан басшысы Telegram-дағы каналында "Шешенстанда тіркеуде тұратын бір де бір спортшы олимпиадаға бейтарап тудың астында қатыспайды. Ал барлық критерий бойынша құрама тізіміне ілігіп, олимпиадаға баруы тиіс болған шешенстандық спортшыларды жеңімпаз ретінде құрметтеп, сый-сияпат көрсетеміз!" деп жазды.

Оның халықаралық олимпиада комитетінің (ХОК) ресейлік спортшылардың жарысқа Ресей туы астында қатысуына тыйым салған шешіміне жауап ретінде жасаған мәлімдемесіне Шешенстан тұрғындары сәл қымсынып қалды. Шешенстан тұрғындары өздерінің арасында спорттың қысқы түрлерінен олимпиада деңгейіндегі жарыстарға қатысуға қабілетті адамдар өмір сүріп жатыр деп ойламаған.

Спорттың барлық түрлері бойынша Шешенстан спортшыларының жетістіктері туралы деректер барынша толық топтастырылған сайтта қысқы спорт түрлерінен біраз бұрын жарыстарға қатысқан екі шешенстандық көрсетілген, оныңбіреуі - хоккеист Изнаур Атиев. Екіншісі - фигурист Тимур Аласханов. Әлбетте, екеуін Ресейдің олимпиада құрамына ешкім қосқан жоқ, олимпиадаға қатыссақ деген амбиция өздерінде де болған жоқ, сондықтан екеуі де спорттан бизнеске ерте кетіп қалған.

Қазіргі шешенстандық атлеттердің ішінен жарыстарға Қазақстанның атынан қатысып жүрген фигурист Бойсангур Датиевті, Татарстан республикасы Альметьевск қаласындағы "Нефтяник" клубы деңгейінде ойнайтын хоккейші Аслан Раисовты атауға бола ма, жоқ па - күмәнді. Бұған қоса, Жаңа Уренгойда биатлонмен айналысқан16 жастағы Хеда Мерзуева мен сноубордпен әуестенген 16 жастағы тырнауздық (Кабардин-Балқар) Рамзан Юсупов бар.

Ал спорттың қысқы түрлерінен "шешенстандық тіркеуі" бар шешен спортшыны Шешенстанның өзінен табу, сыпайылап айтқанда, тым қиын, ал нақтырақ айтқанда, мүмкін емес болып шықты.

Ресей құрамасын олимпиададан шеттетерден бір күн бұрын Шешенстанның ұлттық саясат, сыртқы байланыстар, баспасөз және ақпарат министрі Джамбулат Умаров Шешенстанда балама олимпиада өткізуді ұсынып үлгерген болатын. Ал республикада мұз сарайын салу келесі жылға жоспарланғанын Умаров елемеген.

Сонда Қадыров қысқы олимпиадаға кімдерді жібермей қоймақшы? Бүкіл ақпаратты қолында ұстап отырған ол Шешенстаннан ешкім ешқайда бармайтынын білмеуі мүмкін емес қой. Бірақ Шешенстан басшысы бұл мәлімдемесін республика тұрғындары емес, көбінесе Ресей жұртына көз қылып отыруы мүмкін. Ал Қадыровтың әріптесі – Ингушетия басшысы Юнус-Бек Евкуров спортшылардың олимпиадаға бару я бармауын ел басшылығы ғана шешуі тиіс деп санайды.

Шешенстан басшысы мұндай аты-шулы мәлімдемелерді жұртқа көз қылып жасайды. 2017 жылдың өзінде ғана Қадыров мұсылмандардың Иерусалимдегі киелі орындарын еврейлерден қорғау үшін «қызметімнен кетуге әзірмін» деп екі рет мәлімдеме жасап үлгерді. Бұдан бөлек, Қадыровтың Бирмадағы рохинджа мұсылмандарды қорғау үшін «Ресейдің сыртқы саясатына қарсы шығуға дайынмын» деген пафостық мәлімдеме жасағанын еске түсірсек болады. Шешенстан басшысы АҚШ-қа қарсы жиі қоқан-лоқы жасайды, мысалы, "бүкіл әлемді тізерлетіп қоямын" деген уәдесі бар. Ресейге қарсы санкцияларға қатысты комментарилерінде Қадыров "Батыс елдері Ресейге қарсы соғыс бастап отыр" деп мәлімдеген.

Ол - мүлде іске аспаған өзге де көптеген шулы мәлімдемелердің авторы. Әлемдегі бір адамға қиянаты тимейтіндіктен, Қадыровтың бұл жолғы, яғни шешен спортшыларының қысқы олимпиадаға қатысуына тыйым салған мәлімдемесі толып жатқан демарштарының легіндегі ең зілсіз қоқан-лоқы.

("Кавказ.Реалии" сайты тілшісі Тимур Саидовтың мақаласы орысшадан аударылды)

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG