Accessibility links

Санкт-Перербургте теракті жасауға күдікті ағалы-інілі Азимовтердің отбасы мен ауылдастары 15 адамның өмірін қиған жарылысты 27 мен 29 жастағы жас жігіттер ұйымдастырды дегенге күмәнданады. Акрам мен Абрордың анасы мен інісі Қырғызстанның Жалал-Абад қаласында тұрады.

Азаттықтың аймақтағы тілшісі оларға жолығып, ағайынды жігіттердің өміріне қатысты жайттарды анықтап көрді.

Азимовтердің Жалал-Абадтағы туыстары ешкімге есік ашпайтын болған. Өйткені жуырдағы оқиғаларға байланысты журналистер тыныштық бермеген. Азимовтер ешкіммен сөйлескісі келмейді.

Ұсталған ағайынды жігіттердің анасы кенже баласымен тұрады. Билал саудамен айналысады. Оның айтуынша, екі ағасы 2013 жылдың аяғында Ресей азаматтығын алғанымен, үй салу үшін былтыр екеуі Қырғызстанға оралғысы келген.

- Акрам ағам наурыздың аяғында Қырғызстанға келген. Кеңсірігінде гаймориті болған, сондықтан осы жақта емделіп, жергілікті клиникада тексерілді. Аброр ағам да елге оралмақ болған. Екеуі осы жақтан үй саламыз деп жоспарлаған. Мұндағы шаруаларым көп болғандықтан, онша көп сөйлесе алмадық, сондықтан екеуінің ол жақта немен айналысатынын анықтап сұрамадым. Білуімше, екеуі де суши әзірлейтін кафеде жұмыс істеген, - дейді ол.

Аброр Азимов
Аброр Азимов

Ағайынды Азимовтер 2013 жылдың аяғында Ресей азаматтығын алған. Екеуінің анасы Вазира Мирзахмедова күйеуінен көп жыл бұрын ажырасып, 15 жыл төрт баласымен әке-шешесінің үйінде тұрған. Жалғызбасты ана балаларын жергілікті базарда сауда жасап асырап, жеткізген. 2010 жылы ол Акрам мен Аброрды ертіп, Украинаға жұмыс іздеп кеткен, ал 2013 жылы үшеуі Мәскеуге барған.

Былтыр жалғыз қызын тұрмысқа ұзату үшін Қырғызстанға оралған. Ол екі ұлының «жарылысты ұйымдастырғанына» сенбейді. Вазира Мирзахмедова Қырғызстанға емделу үшін келген баласы қалай Мәскеуде ұсталады деп қайран қалады.

- Үлкен балам Акрам сырқатына бола Қырғызстанға келіп, емделу үшін сәуірдің 12-сі күні Ош қаласы ауруханаларының біріне жатты. Сәуірдің 14-і күні оған операция жасады. Ал сәуірдің 15-і күні арнайы қызмет оны ол жақтан кісен салып әкетіпті. Адвокатты ертіп бірден МҰҚК-нің (мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитеті – ред.) Ош қалалық басқармасына бардым, бірақ сол күйі ешқандай ақпарат ала алмадым. Кейін теледидардан Акрам Мәскеуде ұсталды деп айтты. Оның қолында төлқұжаты да, билет сатып алатын ақшасы да болған жоқ қой. Мұның бәрі әдейі жоспарланғанын білемін, әділдікті талап етемін, - дейді ол.

Азимовтердің мәлімдеуінше, Акрамды Қырғызстаннан ұсталғаннан кейін депортациялаған.

Акрам Азимов емделген деп болжанатын Ош клиникаларының бірінің аты-жөнін айтқысы келмеген дәрігерінің хабарлауынша, сәуірдің 12-сі мен 15-і аралығында ол шынымен ауруханада жатқан әрі гайморитіне бола мұрнына операция жасатқан. Оның айтуынша, мұның бәрі науқастың сырқаты жайлы құжатта тіркелген.

Сұрақтарға кадр сыртында жауап беруге келіскен маманның сөзінше, сәуірдің 15-і күні өздерін құқық қорғау органы қызметкеріміз деп таныстырып, қызметтік куәліктерін көрсеткен белгісіз біреулер ауруханаға келіп, Акрам Азимовті алып кеткен. Кейін теледидардан Азимовті Мәскеуде ұстау кезінде түсірілген кадрларды көрсеткен.

Ішкі істер министрлігі әлгі ақпаратты растаған да, терістеген де жоқ. Азаттық тілшісімен ІІМ баспасөз хатшысы Бақыт Сейітов сөйлесті.

- Әлгі ақпаратқа қатысты қилы болжамдар айтылады. Қырғызстан мен Ресейдің арнайы қызметтері бірлесіп жұмыс істейді. Егер Ресей құқық қорғау органдарынан, мысалы бізге өтініш түссе, МҰҚК олармен бірге жұмыс істеп, оны ұстайды, егер ол Қырғызстан азаматы болып шықса, оны Қырғызстаннан әкете алмайды. Егер ол Ресей азаматы болып, мұнда белгілі бір уақытқа келсе, оны әкетуге болады. Ал ол Қырғызстан азаматы болса, процедуралар ұзаққа созылады. Қылмысқа қатысын дәлелдейтін құжаттар түскен кезде біздің құқық қорғау органдар бәрін анықтап, тексереді және бас прокуратура арқылы бүкіл құжатты жинағанға дейін ол қамауда отыруы тиіс. Егер ондай ұсталған адам болса, біз білер едік. Сондықтан мұндай фактінің болғаны яки болмағанын анықтау үшін МҰҚК-іне жүгіну керек, - дейді ол.

Жас жігіттердің нағашы атасы көп жылдар Жалал-Абадтың ірі мешіттерінің бірінің имамы болған. Ал екеуінің анасы Вазира медреседе оқыған. Отбасымен араласатын көршілерінің айтуынша, олар дәстүрлі исламды ұстанған. Олардың бірі Хамза Хожорахманов:

Ал енді не айтарымызды білмей қалдық, тергеу органдары бәрін анықтайтын шығар.

- Акрамды жуырда ғана үйінен көріп, амандастым. Кейін емделу үшін Ош клиникасына кетіпті деп естідік. Балалар қиындық көріп өсті. Жақсы балалар болатын. Оларға әлдебір сақалдылардың келіп жүргенін көрмеппіз. 2010 жылы екеуі шешесіне еріп Украинаға кеткен, бұл жаққа ара-тұра келіп тұратын. Жуырда нағашы әжесі қайтыс болған, екеуі де жерлеуге келеді екен деп айтып жүрген. Ал енді не айтарымызды білмей қалдық, тергеу органдары бәрін анықтайтын шығар, - дейді ол.

Аты-жөнін атағысы келмеген тағы бір көрші Азимовтерге өз сипаттамасын берді.

- Вазира әже ерімен жас кезінде ажырасып кеткен, балаларын көп қиындық көріп асырады. Акрам, Аброр мен Билал мүлде кішкентай болатын. Бірде үйлеріне кіріп едім, ол кісі қатып қалған нанды ұнтақтап, маргаринге қуырып, балаларына көже пісіріп жатыр екен. Мұның бәрі жоқшылықтың кесірінен ғой. Вазира әже базарда бояу сататын. Балалары өскеннен кейін үйлерін жөндеп, өздері жұмыс іздеп Украинаға кеткен. Ол жақта да шелпек пісіреді екен деп естігенбіз. Кейінірек екеуі Мәскеуден әкесін тауып, әке-шешесін татуластырыпты. Күйеуінің жүрегі дімкәс болатын, сондықтан Вазира әже оның жанында болған. Биыл қызының тойына келген. Бұл жақта қарт анасы қалған, сондықтан Вазира әже ол кісіге де келіп тұратын, - дейді ол.

Отағасы Ахрал Азимов те журналистерге балаларының терактіге қатысы болуы «мүмкін емес» деген болатын.

15 адамның өмірін қиған Петербург метросындағы жарылыс сәуірдің 3-і күні болған еді. Ресей тергеу комитеті терактіге қатысы бар деген күдікпен 10 адамның ұсталғанын хабарлаған. Ресейлік ресми органдардың мәлімдеуінше, олардың соңғысы сәуірдің 19-ы күні Мәскеуде ұсталған, одан РГД-5 гранатасы табылған.

Тергеу комитеті мен Федералдық қауіпсіздік қызметі (ФСБ) таратқан хабарламаларда 1988 жылы туған Акрам Азимов Ресей азаматы ретінде көрсетіледі. Бір күн бұрын сот оның інісі, 1990 жылы туған Аброр Азимовті теракт ұйымдастырды деген күдікпен тұтқындаған.

Сәуірдің 17-сі күні тергеу комитеті Аброр Азимовті ФСБ қызметкерлері Мәскеу облысы Одинцово ауданында ұстады деп хабарлаған. Оның жанынан Макаров тапаншасы табылған. Тергеушілер Азимов «теракт жасаған Акбаржон Жалиловты дайындаған» деп санайды. Ал Акрам Азимов - ағасы Аброр Азимовке тағылған айыптар бойынша қозғалған қылмыстық іс бойынша күдікке ілінді.

Руслан Калматов пен Ыдырыс Исаковтың мақаласы орыс тілінен аударылды.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG