Accessibility links

«Метро күзеті күшейді, жұрт рюкзакқа үрке қарайды»


Азаматтарды тексеріп жатқан Ресей полициясы. 5 сәуір 2017 жыл.

Қазақстанда туған Салтанат Бегулина Ресейдің Санкт-Петербург қаласында тұрады. 5 жыл бұрын жұбайы Қайрат Баянбаевтың оқуына байланысты Петербургке қоныс аударған ол көшкенге дейін Қазақстандағы «Салтанат» ән-би ансамблінде, Тараздағы «Алатау» жастар ансамблінде эстрада әншісі болып қызмет еткен. Үш баланың анасы Салтанат Бегулина Петербург қазақтары жайлы әңгімелеп берді.

Азаттық: – Салтанат, метродағы жарылыстың болғанына бүгін апта толды. Қазіргі ахуал қалай?

Петербургтегі жарылыс

Сәуірдің 3-і Петербург метрополитенінде жарылыс болып, 14 адам қаза тапты, 50-ге тарта адам жараланды. Құрбандардың бірі - осы қалада оқитын қазақстандық студент Максим Арышев.

Мәскеу мен Петербургте сәуірдің 5-і және 6-сы күндері теракт құрбандарын еске алу акциялары болды. Максим Арышевты ақтық сапарға Алматыда сәуірдің 7-сі күні шығарып салды.

Терактіге қатысты іс бойынша сегіз күдіктінің ұсталғаны хабарланды. Ал «өзін-өзі жарды» деген Қырғызстан тумасы Акбаржон Жалиловтың шабуыл кезінде қаза тапқаны айтылды.

Салтанат Бегулина: – Қорқыныш әлі бар. Жеке отбасыма келетін болсақ, метроға әлі отырғанымыз жоқ, жүрек шайлығып қалды. Біз ғана емес, көп адам метроға әлі отырған жоқ. Басқа транспорттарды пайдаланып жатырмыз. Отырған адамдардан сұрап көрдім. Қол дорба ұстаған, рюкзак арқалаған адамға үрке қарайтындарын айтып жатыр. Мысалы, өзім жақсы араласатын жергілікті тұрғын, этникалық орыс қыз «Мен орталықазиялық емеспін ғой. Метроға кірсем рюкзагіме бәрі үрке қарайды. Метрода тексеріп әрең өткізді» деп ренжіп келді. Қазір күзет екі-үш есе күшейтілді, бұрын балаларымды балабақшаға апарғанда емін-еркін жүре беретінмін. Қазір баласына барған ата-аналардың өзі паспортпен кіріп-шығып жатыр. Мектепте де солай.

Азаттық: – Жарылысқа дейін қауіпсіздік шаралары қандай еді?

Салтанат Бегулина: – Әрине, бұрын да қауіпсіздік шаралары ескерілетін. Бірақ қарапайым жұрт алаңсыз еді. Мәселен, үйдің сыртынан біреу келіп, домофонды басса, оның кім екенін сұрамай ішке кіргізіп жіберетін. Қазір оның бірі де жоқ. Ал метрода жарылысқа дейін де күзеті күшті болған. Бәрін, оның ішінде әсіресе азиялықтарды тоқтатып, арнайы құрылғымен тексеретін. Сол жерден [қылмыскердің] қалай өтіп кеткенін білмеймін.

Азаттық: – Қазақстаннан барып қызмет етіп жүрген қазақтар көп пе?

Салтанат Бегулина: – Петербургтің өзінде шамамен бес мыңға жуық, ал Ленинград облысында мыңға жуық қазақ тұрады. Келіп-кетіп жүретін студенттерді алып тастағанда, барлығы сол бес мыңдай қазақ бар. Бірақ қазақтардың негізгі бөлігі - оқу іздеп келіп, қоныстанып қалғандар. Әлеуметтік жағдайлары өте жақсы. Сізге сұхбат берерге дейін осындағы қазақтар жайлы біршама зерттеп көрдім. Сонда олардың арасынан қара жұмыс іздеп келгендері жоқтың қасы. Тіпті аспаз болып жүрген немесе сауда орталықтары мен базарларда сауда жасап тұрған қазақ көрмейсің. Қазір менің алдымда жергілікті қазақтардың қызметі жайлы тізім жатыр. Соған қарап отырсам, ғылымда жүргендері өте көп, сосын кәсіпкерлік пен медицина саласында, әскери салада қызмет етіп жүргендер көп. Мысалы, Петербургтегі халықаралық экономика институтының ректоры Ерлан Искаков деген азамат тәрізді жоғары қызметте жүргендері бар.

Азаттық: – Петербург қазақтары жиі бас қосып тұра ма?

Әнші Салтанат Бегулина. Сурет Facebook желісінен алынды.
Әнші Салтанат Бегулина. Сурет Facebook желісінен алынды.

Салтанат Бегулина: – Биылғы Наурызда осындағы қазақтардың басын жергілікті қоғамдық ұйымдарымен бірлесе отырып қостық. Оған қоса, менің жеке шығармашылық кешім өтті. Осындағы қазақтардың есебін сол кезде жасаған едік. Сонда шамамен бес мың деген санға тоқталдық. Жалпы Петербургте Өзбекстан, Тәжікстан және Қырғызстаннан келгендер өте көп. Мәселен Қырғызстаннан келгендердің ресми есебін - 40 мың, ал Өзбекстаннан келген азаматтарды 60 мың деп көрсеткен. Бұлар - ресми түрде тіркелгендер. Ал тіркелмей жүргендер бұдан көп болуы керек. Өзбек азаматтары қара жұмыс істесе, қырғыз азаматтары бірыңғай сауда жағында жүреді.

Азаттық: – Өткендегі жарылыстан кейін жергілікті тұрғындардың орталықазиялықтарға деген көзқарасы өзгеріп кеткен жоқ па?

Салтанат Бегулина: – Сізді танымайтындар бұрында сыртыңыздан сезіктеніп қарайтын. Ал жақсы танитындар сырт айналған жоқ.

Азаттық: – Сұхбатыңызға рахмет.

  • 16x9 Image

    Нұртай ЛАХАНҰЛЫ

    Нұртай Лаханұлы. 1973 жылы дүниеге келген. 1998 жылы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің филология факультеті бойынша тәмамдаған.  «Қазақстан-Заман» газеті мен «Қазақ радиосында» қызмет еткен. 2010 жылдан бері Азаттық радиосында  жұмыс істейді.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG