Accessibility links

Путинді мысқылдаған тілшіге қысым күшейді


Роман Романенко.
Роман Романенко.

Кремльді келемеждеп хат жазып, орыс тілді қауымды жемқор шенеуніктерден құтқаруды өтінген ресейлік журналиске қысым күшейді. Оған «экстремистік пиғылы бар» деген айып тағылды.

Ресейдің солтүстік-батысындағы Вологда облысында тұратын журналист, баспагер әрі қайырымдылық шараларын ұйымдастырумен айналысатын белсенді Роман Романенко биліктің қалжың түсінбейтінін бұрыннан байқайтын.

НАСЫРҒА ШАПҚАН ӘЗІЛ

Наурыз айында ол Кремльді келеке етіп, Facebook парақшасына «орыс тілді азаматтарды парақор шенеуніктерден құтқару үшін бізге де әскер жіберіңіздер» деген жазба жариялады. Журналист мұнысымен Ресей президенті Владимир Путиннің Қырымға әскер кіргізгенін мысқылдаған еді.

Романенко «Кремльге хатын» наурыздың 4-і күні жариялады. Содан бері ол екі рет прокуратураға шақырылып, сұрақтарға жауап берді. Оны «экстремистік пиғылдасың» деп айыптаған.

Оған бірнеше мәрте қоқан-лоқы да жасалған. Мәселен біреулер пәтерінің есігіне фашист белгісін салып, көршілерінің почта жәшігіне ол туралы үндеулер тастап кеткен. Үндеулерде Романенко «оңбаған», «украиналық еврей» деп сипатталады.

Роман Романенкоға қарсы үндеулер. Вологда, 17 наурыз 2014 жыл.
Роман Романенкоға қарсы үндеулер. Вологда, 17 наурыз 2014 жыл.
​Енді Романенко басқаратын науқастарға арналған қайырымдылық қорына да құқай таяды. «Кремльге хат» жазылғаннан тура бір ай өткенде, сәуірдің 4-і күні инспекторлар қорды тексеруге келген. Қор өкілдері «ақша ұрлаған, алаяқтық жасаған» деген күдікке ілініп отыр.

Роман Романенко Азаттыққа: «Бізді үнемі тексеріп тұрады және бұрын-соңды үстімізден шағым түскен емес. Мұның бәрі қор абыройына нұқсан келтіру үшін жасалып жатыр. Себебі біздің елде біреу тергеуге ілінсе, жұрт «кінәсі бар» деп ойлайды» дейді.

Романенконың «Жақсы адамдар» атты қайырымдылық қоры Вологда облысындағы ауыр науқастарға көмектеседі. Оның айтуынша, ұйым денсаулық сақтау саласындағы кемшіліктердің орнын шамасы жеткенше толтыруға тырысады.

Романенко «Төсек тартып жатқан науқастар, қатерлі ісікке шалдыққан жандар бар, олардың кейбіріне қарайтын ешкім жоқ. Адамдар әлі күнге дейін бізге хабарласады, олардың дәрісі мен ем-домының ақысын төлейміз. Бірақ мен қор болашағына қатты алаңдаймын» дейді.

ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫЛЫҚ

Вологда облысының губернаторы Олег Кувшинников Роман Романенкоға қарсы тергеу ісін бастады. Романенко «ол әлгі хатымды сылтауратып, менен өш алмақ» дейді. Облыстағы сыбайлас жемқорлықты өзінің «Премьер» газетінде жиі сынап келе жатқан журналист губернатордың қырына баяғыдан ілінген. Журналист «Жергілікті билік қаржыны қалай жұмсайтыны туралы бірнеше мақаладан соң губернатормен арамыз суысқан» дейді.

Белсендінің айтуынша, «Вологда облысында үнемі қаражат жетіспей жатады. Шенеуніктер ақшаны өздерінен аямайды, бірақ басқа мәселелерге келгенде үнемдейді». Ол: «Шенеуніктердің әкімдік ғимаратын жөндеп, жиһаздарын жаңалаған кезінде мақала жаздық. Сол кезде маған «губернатордың жауысың» деген» дейді.

Қалжың түрінде жазылғанына қарамастан, Романенконың Путинге жазған хаты Вологда облысындағы жағдайды, жергілікті биліктің аянышты ұсқынын шебер сипаттайды.

Қырымда жүрген "ресейшіл" әскер. Симферополь, 14 наурыз 2014 жыл. (Көрнекі сурет)
Қырымда жүрген "ресейшіл" әскер. Симферополь, 14 наурыз 2014 жыл. (Көрнекі сурет)
«Бұндағылардың бәрі орыс тілділер және біздің құқықтарымыз дөрекі түрде бұзылып жатыр» деп басталатын хатта «науқастардың қажетті ем-дом, дәрі-дәрмек ала алмайтыны, аймақтағы білім деңгейі жыл сайын төмендеп бара жатқаны, балалар клубтары мен үйірмелері жабылып, ауыл шаруашылығының күйреп біткені» жазылған.

Романенко хатында «Қырымға бөлінген ақшаны Вологда облысындағы білім мен денсаулық сақтау саласын дамытуға жұмсайық» дейді.

Оның бұл хаты интернетте тез тарап кетті. Соның өзі Вологда облысында оны қолдаушылардың көп екенін байқатады. Романенко хатында «Біз қатты жапа шегіп жатырмыз. Әділетсіз сайлаумен бізді жаулап алған басқыншылар халықтың жағдайын жақсарту үшін ештеңе істемейді» деп жазған еді.

(Наталья Джанполадованың мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан)
XS
SM
MD
LG