Accessibility links

"Адамдарды үрейде ұстау үшін сабайды"


Бір жыл бұрын Ильдар Дадин Карелиядағы №7 түзету колониясында (ИК-7) отырған тұтқындарды ұрып-соғуға қатысты сұмдық жайттарды жария етудің сәті түскен болатын. Дадин – Ресейдегі "митингілерде бірнеше мәрте заң бұзу" бабы бойынша сотталған жалғыз адам. Оның мәліметтері БАҚ беттеріне жарияланып, көп ұзамай Дадинді Карелиядан этаппен ауыстырып жіберген. Кейін оны мүлде босатып қоя берді. Ол кезде Ильдарға келіншегі Анастасия Зотованың көмегі көп тиген еді. Енді ол адам құқығын қорғау қозғалысымен бірлесіп «Территория пыток» жобасында жаза өтеу орындарындағы зорлық-зомбылық проблемасымен айналысып жүр.

Анастасия Зотова бір жылда қол жеткен жетістіктері мен түрмедегі зорлық-зомбылық проблемасын қалай шешуге болатыны жайлы пайымдарын Азаттықтың Орыс қызметіне айтып берді.

– Сол жолы Ильдарға колониядан хат шығарудың сәті қалай түсті?

– Ол адвокат Алексей Липцермен жолығып, хатты сол кісі арқылы берген. Липцер оған колонияға барған кезінде жолыққан. Ильдарды этаппен қай жаққа жібергенін ешкім білмеді, оны біз Вологданың қоғамдық бақылау комиссиясы арқылы іздедік, ақыры оның Вологдада болғанын, кейін поезбен Карелияға әкеткенін анықтадық. Карелиядағы колониялардың бәріне телефон соғып шыққанымда, ИК-7 колониясы өкілдері Ильдардың қайда болуы мүмкін екенін айтты, бірақ оның өзі нақты дерек емес еді. Ильдар шынымен ИК-7 колониясында ма, жоқ па - анықтау үшін досымыз Олег Еланчик екеуміз сол жаққа бардық. Сол жақта екеніне көз жеткізіп, сәлемдеме беріп жібердік, бізді оған жолықтырмай қойды, сондықтан сол жерден адвокат жалдадық. Жергілікті адвокат Ильдарға жолығып шықты, Ильдар ол кісіден «тез арада Алексей Липцермен сөйлесуім керек» деп сәлем айтып жіберіпті. Бұл 2016 жылғы қазанның 16-сы мен 17-сі күндері болатын. Алексей колонияға барып, Ильдар бейтаныс адвокатқа айтқысы келмеген бүкіл ақпаратты біліп шықты.

Анастасия Зотова.
Анастасия Зотова.

– ИК-7 колониясы төңірегіндегі жағдай жайлы үлкен шу болды ғой, оның арты неге ұласты?

– Шу ғана емес, өзге тұтқындардың хаттары да болды. Қарашаның 1-і күні біз Ильдардың хатын жарияладық, ал ертеңінде өзге тұтқындардың туыстары мен бұрынғы тұтқындар хат жазып, телефон соға бастады. Олар Карелияда, мысалы ИК-1 колониясы мен №4 емдеу-түзету мекемесінде (ЕТМ) азаптау оқиғалары болатынын айтты.

Бірақ біз тұтқындардан, бұрынғы тұтқындар мен олардың туыстарынан әлгі колонияда оларды шынымен ұрып-соққаны туралы куәліктер жинап алғанбыз.

Әуелгіде біз не істерді білмедік, бірақ сосын тұтқын Гелисхановтың туыстары адвокат Анна Кутузованы жалдағанын,ол кісі әлгі шудан кейін тұтқындармен жолығу үшін Карелияға барғанын естідік. Бізге Анна Кутузова жөн сілтеді. Ол тұтқындарға жолығып, олардың куәліктерін адвокаттық сауалнама ретінде тіркеп алып шыққан. Ресей заңдарына сәйкес, адвокат та дәл тергеуші сияқты адамдардан жауап ала алады.

Сол кезде ФСИН (жазаны орындау федералдық қызметі) ұрып-соғу жайлы Дадин ғана айтып жүр, өзге ешкім айтпайды, демек ол бәрін ойдан шығарып алған деп ақталуға тырысты. Бірақ біз тұтқындардан, бұрынғы тұтқындар мен олардың туыстарынан әлгі колонияда оларды шынымен ұрып-соққаны туралы куәліктер жинап алғанбыз. Ақыры баспасөз жиынын өткізіп, жалғыз Дадин емес, өзгелерден де шағым түсіп жатқанын хабарлауды ұйғардық. Ол кезде мен көптеген бұрынғы тұтқындарға телефон соққан болатынмын. Олардың кейбірі ғана жария түрде мәлімдеуге келісіп, баспасөз жиынында скайп арқылы бес адамдай сөйледі. Кей тұтқындардың туыстары Мәскеуге келді, баспасөз жиынна Анна Кутузова да қатысты.

Кутузова тергеу комитеті мен прокуратураға арыз жазды. Бұл бізді «адвокаттарды тұтқындарға жіберіп, осындай сауалнамалар жүргізсек қайтеді, колонияларда не болып жатқанын осындай амалмен білуге болады ғой» деген ойға жетеледі. Ильдардың адвокат арқылы хат бергені – ерекше жағдай. Әдетте тұтқындар адвокаттар арқылы ештеңе бере алмайды.

Ильдар Дадин. 2017 жылдың сәуірі.
Ильдар Дадин. 2017 жылдың сәуірі.

Карелиядағы ИК-1 мекемесінде бір жағдай болды – тұтқындар Еуропа адам құқығы соты үшін адвокаттарға сенімхаттар жазып берген. Шыға берісте адвокаттардан әлгі сенімхаттардың бәрін тартып алған. Бірақ біздің адвокаттарға сауалнама парақтарын алып шығудың сәті түсіп жүр. Тергеу комитетіне әлгі сауалнамалар негізінде арыздар әзірледік. Біраздан кейін егер колонияда отырған адамға адвокат жиі барып тұрса, оны ұрып-соғуды тоқтататынын, колонияда ұрып-соғу әрекеттері азая бастайтынын байқадық. 2016 жылғы желтоқсан мен 2017 жылғы қаңтарда ИК-7 колониясы тұтқындарынан Карелиядағы ИК-7 және ЕТМ-4 мекемесіндегі ұрып-соғу фактілері туралы хабарламалар алғанбыз. Енді ол жақтан, мысалы тамақты жарытпай береді деген шағымдар түсіп жатыр. Соған қарағанда, Карелияда ұрып-соғуға қатысты жағдай түзеліп келе жатқан тәрізді.

Тергеу комитетіне әлгі сауалнамалар негізінде арыздар әзірледік. Біраздан кейін егер колонияда отырған адамға адвокат жиі барып тұрса, оны ұрып-соғуды тоқтататынын, колонияда ұрып-соғу әрекеттері азая бастайтынын байқадық.

Біз адвокаттарды Карелияға аттандыра бастаған кезде адвокат колонияға диктофон, фотоаппаратпен кіре алмайтын шығар деп ойлағанбыз. Заң бойынша адвокаттың бұған құқығы бар, бірақ іс жүзінде оларды кіргізбейді. Камера, диктофондарын кіреберісте қалдырып кетуге тура келетін, ал шағымдарымызға адвокаттың жанында камера, диктофон болған жоқ деген сарында, бізді мүлде мазақ еткен жауаптар келетін. Ақыры адвокаттарымыздың бірі прокуратура мен ИК-7 түрмесінің бастығы Сергей Коссиевке сауал жолдады. Тұтқындарға камерамен де, диктофонмен де кіруге болатынын олар растады. Сосын колонияға тағы бір барған кезде оларды кіреберісте тартып алмақ болғанда адвокат әлгі жауаптар жазылған қағазды көрсетіп, «заң бұзып тұрсыңдар, сондықтан полиция шақырамын» депті. Әлгі оқиғадан кейін адвокаттарды камера, диктофонмен кіргізетін болды.

Бірақ жағдай біржола өзгеріп кетті деуге келмейді. Біз тұтқындарды жәбірлегені мен құлдық жұмысқа мәжбүрлеген әрекеттері әшкереленген қызметкерлерді жазаға тартуды талап еткенбіз. Бірақ олай болған жоқ.

2017 жылғы ақпанда президенттің жанындағы адам құқығы кеңесі мүшелері Карелияға барды. Біз олар жолығып, сөйлесуі тиіс болған тұтқындардың тізімін, олардың орнына өзге тұтқындарды көрсетпесін деп тіпті фотосуреттерімен қоса әзірлеп бердік. Бірақ жергілікті ФСИН олардың, тіпті президент кеңесшісі Михаил Федотовтың өзіне ИК-7 территориясына кіруіне тыйым салыпты.

Михаил Федотов (оң жақта) пен Ресей президенті Владимир Путин.
Михаил Федотов (оң жақта) пен Ресей президенті Владимир Путин.

Карелия колониялардындағы жағдайды талқылаған кеңес отырысына Карелия ФСИН-інің бірде-бір қызметкері барған жоқ. Есесіне кеңеске ұрып-соғу фактілері жайлы айтып берген тұтқындар мен олардың туыстары барды. Адам құқығы кеңесі ақпан мен шілдеде Карелиядағы ИК-7, ИК-1 және ЛИУ-4 түрмелеріндегі жағдай туралы екі мәлімдеме жасады. Ал Карелия ФСИН-і әлгі мәлімдемеде көрсетілген фактілер бойынша не әрекет істеп жатқаны белгісіз.

Карелия колонияларын тексеруге Мәскеуден ФСИН өкілдерін жіберді, бірақ Карелияда тексеру қашан болатынын күн ілгері біліп отырған. Әлгі тексеруге дайындық қалай жүргенін тұтқындар айтып берді. Тексеру алдында шағым айтуы мүмкін дегендердің бәрін өзге орындарға ауыстырған. Қалғандарына "егер шағымданатын болсаңдар, жақсылық күтпеңдер" деп ескерткен. Бірақ тұтқындардың айтуынша, жұмысқа мәжбүрлеу мен ұрып-соғу әрекеттеріне тұтқындар бәрібір шағымданған. Тұтқындардың бірі өзінің күре тамырын қиып тастаған, өйткені оны шағымданғаны үшін зорлаймыз деп қорқытқан.

Ол кезде Ильдар колонияға баратын жол жабық екен деп естіпті, сондықтан ол құқық қорғаушылар жіберген дәрігерді өткізбей, орнына ФСИН жіберген біреу келіп тұр деп ойлаған.

Кінәлі адамдар әлі күнге дейін жазаланған жоқ. ИК-7 колониясында бастықтың екі орынбасарын жұмыстан шығарыпты, біздің болжамымызға сәйкес, оларды ақпарат тарап кеткені үшін шығарып жіберген. Карелияда ИК-7 мекемесінің бастығы Сергей Коссиевтің үстінен қылмыстық іс қозғамақшы деген қауесет тараған, бірақ ол әзірге колонияны басқарып отыр.

– ИК-7 түрмесіне қатысты жанжал қызып тұрған кезде Ильдар Дадин оның жарақаттарын куәландыру үшін Мәскеуден барған маманға көрінуден бас тартты. Неге бұлай болған?

– Колония қызметкерлері Дадинге саған келетін дәрігер өз адамымыз, ол "саған укол салады да, сен өлесің" депті. Адвокат Ксения Костромина да, мен де Дадинге дәрігер Ольга Романованың ("Русь сидящая" қозғалысының диреткоры – Азаттық) атынан барады деп ескерткенбіз. Бірақ аңғалдығымыздан ба, жүйкеміз сыр бергендіктен бе - дәрігердің аты-жөнін адвокат екеуміз де айтпаппыз. Сондықтан дәрігер барған кезде Ильдар кімнен келіп тұрғанын анықтауға тырысқан. Ол дәрігерден "Сіз Ольга Романовадан келдіңіз бе?" деп сұраған. Дәрігер мұны растай алмаған. Сосын Ильдар "Ксения Костроминаны білесіз бе?" деп сұраған. Дәрігер "білмеймін" деп жауап берген. Сондықтан Ильдар бұл арандату, әлгі кісі құқық қорғаушылар жіберген дәрігер емес деп ұйғарған. Ол кезде Ильдар колонияға баратын жол жабық екен деп естіпті, сондықтан ол құқық қорғаушылар жіберген дәрігерді өткізбей, орнына ФСИН жіберген біреу келіп тұр деп ойлаған.

– Енді сіздер және "Территория пыток" жобасы бүкіл елдегі түрмелердегі зорлық-зомбылық проблемасымен айналыса бастады ма?

– Бізге елдің тұс-тұсынан шағымдар түсе бастады, көбі Ильдардың арқасында. Оны Карелиядан Алтай өлкесіне этаппен жіберген кезде ол менің телефон нөмірімді кей камераластарына беріп, "мына қызға телефон соғып,менде бәрі жақсы деп айтыңдар" депті. Менің телефон нөмірім колонияларға тарап, тұтқындар маған қоңырау соғып, өз проблемаларын айта бастады. Бұған қоса, бұрынғы тұтқындар мен тұтқындарды азаптау проблемасын білгісі келетін туыстары хабарласады. Алғашқы хабарламалар Киров облысынан, кейін Мордовия, Брянск облысы, Калининград облысы, Красноярск өлкесі, Кемеров облысы, Свердлов облысынан түскен. Көмек сұрап хабарласқандардың көптігі соншалық, оларға әрең жауап беріп үлгереміз.

Қылмыстық іс қозғау талабымызды орындаудан әуелі бас тартты, кейін оның күшін жойды, сосын тағы бас тартты... Брянск облысында тұтқындарды ұрып-соғу фактілеріне қатысты жағдай бойынша қылмыстық іс қозғаудан бас тартты. Ол шешімге қарсы шағым түсіріп едік, тағы бас тартты.

Азаптауға қарсы күрес - ұзаққа созылатын жұмыс. Мысалы, Карелияны алайық. Қылмыстық іс қозғау талабымызды орындаудан әуелі бас тартты, кейін оның күшін жойды, сосын тағы бас тартты... Брянск облысында тұтқындарды ұрып-соғу фактілеріне қатысты жағдай бойынша қылмыстық іс қозғаудан бас тартты. Ол шешімге қарсы шағым түсіріп едік, тағы бас тартты. Енді әлгі шешімді зерттеп, жаңа шағым әзірлеу керек. Колониялардың бақылау камераларынан алынған видеожазбалар зерттелмегеніне, соққыға жықты деп шағымданған тұтқындардан жауап алынбағанына қарамастан, іс қозғалған жоқ.

Мұндай жағдайларда видеожазбалар – ең негізгі дәлелдердің бірі. Тұтқын ұрып-соқты десе, ал колония қызметкері ұрғаным жоқ дейді, бұл бір-бірінің сөзін терістеу ғана болып шығады. Мұндай кезде прокурорлар мен тергеушілер ФСИН қызметкерлерінің сөзіне көбірек сенеді. ФСИН қызметкерлері - жейде киіп, галстук таққан, үсті-басы мұнтаздай адамдар, ал тұтқын болса ұрлықпен айналысқан, заң бұзған, сондықтан олардың сөздеріне сенбейді.

– Бірақ видеоны өшіріп тастауға болады ғой.

– Сондықтан видеоның толық жазбасын талап ету керек. Егер тексерушіге видеоның үзіктерін ғана беріп, ал мысалы, 40 минутта не болғаны белгісіз қалса, бұл әлдебір әрекеттерді әшкерелейтін мәліметтерді өшіріп тастаған деген күдік тудыруы тиіс. Тұтқындардың денесінде көгерген жерлер қалады, сондықтан ұрып-соғу мүлде болған жоқ деп көбінесе айта алмайды. Ондай кезде ФСИН қызметкерлері "қарсыласқаннан кейін заң аясында күш қолданылды" деп сылтаурата салады. Бұл жерде де қалай болғанын видео көрсете алады.

– Бірақ тұтқынды камера орнатылмаған жертөле сияқты жерге апаруға болады ғой.

–Теория жүзінде болады. ИК-7 түрмесінде тұтқындарды видеокамера жоқ кішкентай дәлізге шығарып алып ұрып-соққан. Бірақ егер колонияның әлдебір бөлмелерінде видеокамералар болмаса, ол заң бұзу болып саналады. Бұдан бөлек, әр қызметкердің кеудесінде бәрін жазып алатын видеорегистратор болуы тиіс. ФСИН қызметкерлері видеорегистратордың қуаты бітіп қалды деген сылтауды жиі айтады, өйткені олар ештеңе жазбаған. Бұл жағын пысықтау керек, яғни әлгі видеорегистраторлар нашар, сондықтан жаңаларын сатып алу керек я болмаса егер қызметкер өзінің регистраторын қуаттауды ұмытып кеткен жағдайда оны жауапқа тарту керек.

– "Территория пыток" жобасы колониядағы зорлық-зомбылық оқиғалары жалы хабар алса, сіздер ол жаққа адвокат жіберіп, оқиғаны жария етесіздер ме?

– Иә, біздің жоба тұтқындарға арналған тікелей желі сияқты жұмыс істейді. Мысалы, біреу "мына жақта мені ұрып-соғып жатыр, зорлаймыз, өлімші етіп сабаймыз, мүгедек етіп тастаймыз деп қорқытып жатыр" деп хабарлайды. Біз оған долбармен сенеміз. Өйткені ол өтірік айтып, біз сенсек, ештеңе бүлініп қалмайды, ал егер ол шындықты айтып, біз сенбей қойсақ, оны өлімші етіп сабайды. Мұндай ақпаратты БАҚ-та жариялаймыз, ФСИН мұндайдан қорқақтайды. Ақпаратты жария еткеннен кейін әлгі адамды ұрып-соғу көбінесе тыйылады. Ақпараттың рас-өтірігін тексеру үшін әлгі кісіге адвокат жібереміз. Бұдан бөлек, адвокат жолыққан тұтқынға әдетте тиіспейді. Әдетте зорлық-зомбылықтыөзін қорғауға дәрменсіз, туыстары бармайтын тұтқындарға көрсетеді.

– РЕН ТВ телеарнасы сіздер туралы бірнеше жағымсыз материал көрсетті. Неге дәл РЕН ТВ көрсетіп жүр?

– Неліктен дәл РЕН ТВ телеарнасы көрсеткені түсініксіз. Адам құқығы кеңесі Карелияда жиын өткізген кезде үш күнде РЕН ТВ телеарнасында бес материал шыққан болатын. Әлгі фильмдердің бәрі "Дадин гей екен", тұтқындардың бәрі өтірік айтады, колонияларда бәрі тамаша деген сарында болған. Мамыр айында РЕН ТВ-да Лев Пономарев туралы фильм шықты. Құқық қорғаушыларды қылмыскерлерге көмектеседі деп жамандаған. Біраз бұрын бізге Мордовиядағы ИК-2 түрмесінде әйелдерді ұрып- соғады деп куәлік еткен бұрынғы тұтқын екі әйел хабарласты. Оларға өздерін "РЕН ТВ теларнасынанбыз" деп таныстырған біреулер телефон соғып, "ол жақта ешкімді ұрып-соққан жоқ, ал ұрып-соқты деп айтуға Лев Пономарев азғырды деп айтсаңдар, 40 мың рубль береміз" деген ұсыныс жасапты.

Қыздардың бірі бірден бас тартқан, екіншісі қулау болып шықты – әлгі әңгімені ұялы телефонының диктофонына жазып алыпты.

Қыздардың бірі бірден бас тартқан, екіншісі қулау болып шықты – әлгі әңгімені ұялы телефонының диктофонына жазып алыпты. Ол әлгі адамдармен кездесуге тырысқан. Біз оған "ешқайда барма, бірдеңеге ұрынып қаласың" дегенбіз. Бірақ әлгі қыз қайсар екен, бізді тыңдамай кездесуге барған. РЕН ТВ тілшісімін деген адаммен кездесіп, оның телефон нөмірін, оны апарған көліктің нөмірін, "өтірік айтуға Пономарев мәжбүрледі деп айт" деген сөздерін жазып алған. Ол "Мордовиядағы ИК-2 түрмесінде тұтқындарды шынымен ұрып-соғады, сұхбат берсем, осыны ғана айта аламын" депті. "Онда саған 40 мың рубль бермейміз" деген. Кездесу әлгі адамдар қонақүйден жалға алған бөлмеде өткен. Әлгі қыз "полиция шақырамын" дегеннен кейін РЕН ТВ-ның "тілшілері" (олар өздерін осылай деп таныстырған, бірақ пресс-карталарын көрсетпеген, сондықтан РЕН ТВ-ның тілшілері деп кесімді түрде айта алмаймыз) тез-тез заттарын жинап алып, қашып кеткен. Бойжеткен полицияға арызданды, әлгі әңгімелердің жазбалары арызға тіркелді.

Әлгі оқиғадан кейін көп ұзамай адам құқығы қозғалысының директоры Лев Пономаревті видокамера асынған адамдар аңди бастады. Олар пресс-карталарын көрсетпеген, бірақ олардың РЕН ТВ-дан екенін болжауға болады. Пономаревтің кеңсесінде жұмыс кеш, түнгі сағат 10-дар шамасында аяқталады. Олар дәл сол кезде камераларын жарқылдатып бұтаның арасынан шыға келеді екен. Пономарев та полиция шақырған. Полиция шақырғаннан кейін әлгі адамдар тез қашып кеткен. Олар өздерін тілшіміз деп айтпаған.

Лев Пономарев.
Лев Пономарев.

​– Сіздің пікіріңізше ФСИН мекемелерінде тұтқындарды азаптау себебі не?

– Шалғай аймақтарда болып жатқан нәрселер Мәскеу ФСИН-ін онша алаңдатпайды. Ең бастысы, бәрі жақсы көрінсе болды, ал іс жүзінде не болып жатқаны оларға бәрібір. Меніңше, Мәскеу ФСИН-і жария болған азаптау оқиғаларын жақтырмайды, олар мұнымен сондықтан айналысқысы келмейді. Мәскеуде колониялар жоқ, тергеу абақтысы ғана бар, бұған қоса, қоғамдық бақылау комиссиясы жұмыс істейді.

Жергілікті прокуратура мен тергеу комитетінде де дәл солай - достар, туыстар, тамыр-таныстар жұмыс істейді.

Ал аймақтарда колония бастығы тұтқындар баюдың тамаша мүмкіндігі екенін біледі. Олар - тегін жұмыс күші. Тұтқындар орындық жасайды, оларды ресми есепке алмайды, жергілікті бизнесмендерге астыртын сатады. Колониялар шағын қалаларда орналасқан, қызметкерлерінің бәрі бір-біріне дос, туыс, тамыр-таныс. Жергілікті прокуратура мен тергеу комитетінде де дәл солай - достар, туыстар, тамыр-таныстар жұмыс істейді.

Бізге Мордовия түрмелерінде прокурор келген кезде аспаз қыздар үйрек, қоян қақтап, фуа-градан паштет әзірлейді, сондықтан колонияда не болып жатқанына прокурор онша мән бермейді деп айтып берген. Адамдарды үрейде ұстау үшін ұрып-соғады. Таңғы сағат жетіден түнгі 12-ге дейін тегін жұмыс істеу кімге ұнайды. Сондықтан адам прокуратураға, тергеу комитетіне, актриса Лия Ахеджаковаға, адам құқығы қозғалысына, азаматтық құқықтар комитетіне - Андрей Бабушкинге, Путинге, Бастрыкинге, Чайкаға, "Новая газета", "Независимая газета" басылымдарына шағымдана бастайды. Жұрт бір жер болмаса, бір жерден қайыр болар деген үмітпен жан-жаққа шағымданады. Ұрып-соғу – шағымдануды тыюдың амалы.

Азаптау тәсілдеріне рұқсат еткендер «тұтқындар – ақымақ адамдар, оларды пайдаланып экзотикалық елге саяхаттау немесе жұрттың бәрін қызығатын екі қабатты үй салу үшін ақша табуға болады» деп ойлайды. ФСИН-нің қарапайым қызметкерлері садистік әрекеттерге бейімділігін билігін көрсету үшін қолданады. Мен олар өзін кембағал санайтын әдеттерінен осылай арылуға тырысатыншығар деп ойлаймын. Мысалы, 30 жастағы жігітті алайық, ол кинотеатр, мейрамхана, клубы жоқ шағын қалада тұрады. Жалақысы 20 мың рубль, сондықтан тағдырына риза емес.

Кейде тұтқындар ФСИН қызметкерлерін балағаттап қорлайтын жағдайлар болады, ондай кезде жүйкесі сыр беруі мүмкін. Бірақ Ильдар Алтай колониясында тұтқындардың қызметкерлерді боқтағанын, ал олардың "Тұтқын Иванов, сіз ішкі тәртіп ережесін бұздыңыз, сондықтан бірнеше тәулікт іайыппұл абақтысында өткізесіз" дегенін естігенін айтып берген. Сыпайы түрде, аты-жөнін атап, сіз деп сөйлейді екен. ФСИН қызметкерлері өздерін дәл осылай ұстауы тиіс.

– Азаптау проблемасы қаншалықты көп тараған? Карелия бұл жағынан ең нашар аймақ па? Жуырда сіздердің тұтқындарды жазалау ретінде тас қабырға, еден мен төбе және әжетхана орнына еденге ойылып жасалған тесіктен өзге ештеңе жоқ камераға жалғыз лыпамен қалдырып, бір айға қамап қоятын Кемеров облысындағы тергеу абақтысы туралы хабарларыңызды көрген едім.

Ресейде бір мыңға жуық колония мен тергеу абақтысы бар, азаптауға қатысты шағымдар соның шамамен 100-інен түседі.

– Карелия –бұл жағынан нашар аймақ. Шартты түрде жаман, шартты түрде тәуір аймақ деп атауға болатын аймақтар бар. Көп нәрсе колония бастығына байланысты. Мысалы Карелиядағы ИК-9 тұтқындарды ұрып-соғуды екі жылдай бұрын тоқтатқан көрінеді, оны шартты түрде тәуір колония деп атауға болады. Мен тіпті тұтқындарды ұрып-соқпайтын колониялар көбірек дер едім. Ресейде бір мыңға жуық колония мен тергеу абақтысы бар, азаптауға қатысты шағымдар соның шамамен 100-інен түседі. ФСИН басшылығына "жаман" колониялар тұтқындарды "Сазайыңды Карелияға жіберген кезде тартасың..." деп қорқыту үшін керек сияқты.

* * *

Алексей Сутуга, антифашист, Иркутск облысындағы колониядан 2017 жылы мамырда босап шыққан, "Мемориал" орталығы оны саяси тұтқын деп таныған.

– Тұтқындарды азаптау - әсіресе аймақтарда өте көкейтесті проблема. Астанада мұндай оқиғалар сирек болғанымен, бәрібір бар, ал аймақтарда көп. Кейде "легавыйлар"ақыл-естерін жоғалтып алады, бірақ, негізі, бұл қайта тәрбиелеудің бір бөлігі саналады. Колония әкімшіліктері күш қолдануды, моралдық, жыныстық зорлық-зомбылықты қажет нәрсе деп санайды. Яғни кейде шектен шығып кететін жағдайлар болады, ал негізі, реттелген жүйе бар. Мысалы, шалғай зоналардың көбінде тұтқындарды әкімшілікпен ынтымақтасуға мәжбүрлейді, "әйтпесе ұрып соғамыз, таяқпен зорлаймыз" деп қорқытады. Немесе әкімшілікпен ынтымақтас "қораздар" зорлап тастауы мүмкін. Бұған қоса, тұтқынды өзге қылмыстарды мойындату үшін бопсалауы мүмкін.

Проблеманы шешу үшін ФСИН-нің қызметі ашық болуы тиіс, қоғамдық бақылау күшейсе, олардың тарапынан да жүгенсіздік азаяды.

Бұдан бөлек, моральдық қысым жасау тәсілдері қолданылуы мүмкін. Мысалы, мені «Коловрат» тобының (ресейлік ұлтшыл бағыттағы радикал рок-топ, кей әндері сот шешімімен экстремистік әндер деп танылған. – РС) әндерін қойып ызаландыруға тырысқан, камерада менімен бірге отырған шешенстандық ИМ содырына арнап Кавказдағы айбынды десантшылар туралы әндерді үзбей қоятын. Проблеманы шешу үшін ФСИН-нің қызметі ашық болуы тиіс, қоғамдық бақылау күшейсе, олардың тарапынан да жүгенсіздік азаяды. ФСИН-нің қарапайым қызметкерлері үшін бағдарламалар пайдалы болар ма еді. Әдетте ол жақта жұмыс істеуге әскерден кейін барады, олар жұмыстарының ретін білмейді, көбінесе күш қолданатыны сондықтан.

* * *

Алексей Н., жуырда түрмеден босаған, "Территория пыток" жобасына көмектесіп жүр.

Мені инсульт алып, денемнің оң жақ бөлігі дұрыс жұмыс істемей қалғанға дейін тергеу абақтысында да (Мәскеу, Медведково), колонияда да (Владимир, ИК-3) ұрып-соққан, аяқтарым әлі күнге дейін бастырмайды, ілбіп әрең жүремін. Ұрып-соғу колонияға қабылдаған сәттен басталады... Сосын мысалы, колония басшылығының аты-жөнін толық жаттап алуың керек. Қате айтсаң болды, спортзалға апарып тепкілей бастайды... Колония басшылары мұның бәрінен хабардар, әрі мұны құптайды. Басымды жарып тастаған кезде тексерушілер келіп қалып, оларға көрсетпес үшін жараның орнын арнайы крем жағып жасырған, шағымданбасын деп мені тығып қойған болатын. Владимирдегі түрме ауруханасында да солай, сырқатсың ба, жоқ па қарамайды- бәрін ұрып-соғады. Тұтқынды "ұрылар дәстүрлерінен бас тарту үшін" жиі сабайды. Бас тартқанын видеоға жазып алады. Тұтқындардың жарасы видеодан көрініп тұрады. Бұл жуық арада шешілетін проблема деп ойламаймын, бірақ кей жағдайларда бірдеңеге қол жеткізуге әбден болады.

Азаттықтың Орыс қызметі тілшісі Александр Литойдың мақаласы орыс тілінен аударылды.

XS
SM
MD
LG