Accessibility links

Украина радасының депутаты ұсынған Украина мен Ресейді бітістіру жөніндегі бейбіт жоспар АҚШ президентінің қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісіне жеткен.

Украинаның Радикал партиясы депутаты Андрей Артеменконың айтуынша, оның Украинаның шығысында бейбітшілік орнатуды көздейтін бейбіт жоспарын Ресей президенті Владимир Путиннің көмекшілері мақұлдаған-мыс. Алайда ақпанның 20-сы күні Кремль бұл ақпаратты жоққа шығарды.

Украинадан келген бейбіт жоспар туралы ақпаратты алғаш жариялаған The New York Times газетінің жазуына қарағанда, бұл құжат АҚШ президенті Дональд Трамптың серіктерінің қолына түсіп, одан соң Ақ үйдің қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Майкл Флинге тапсырылған. Флиннің өзі желтоқсанда Ресей елшісімен санкциялар туралы сөйлескенін жасырып қалғаны үшін отставкаға кеткен еді.

Америкалық басылым «Украинаның Трамп стиліндегі болашақ лидері» деп сипаттаған Андрей Артеменко президент Петр Порошенконың жемқорлығына қатысты мәліметтерінің де жеткілікті екенін айтқан. «Компаниялардың аттары және ақша аударымдары туралы айғақтардың көмегімен Порошенконы орнынан кетіремін» дейді депутат. Порошенко Украина билігіне Ресей Қырымды аннексиялап алғаннан және ресейшіл сепаратистер елдің шығысында бүлік бастағаннан кейін келген. Азаттық тілшісімен сұхбатында Украина президентінің баспасөз хатшысы Порошенконың жемқорлыққа қатысы туралы пікірлерге ешқандай комментарий бермейтінін айтты.

Ал Артеменко 2000 жылдары Киевтегі түрмеге "өзгенің мүлкін талан-таражға салды" деген айыппен екі жыл отырып шыққан. Ол айыптарды мойындамайды, "олардың саяси астары болды" деп біледі.

Ал Украинаның АҚШ-тағы елшісі Валерий Чалый The New York Times газетіне берген сұхбатында «Артеменко - Украинаның атынан қандай да бір балама бейбіт жоспарды басқа елдің, соның ішінде АҚШ үкіметіне тапсыруға қақылы адам емес» деді.

Сайлау науқаны кезінде Трамп Украинаның шығысындағы сепаратистерді қолдап отыр деп айыпталатын, Қырымды басып алған Ресеймен арадағы қарым-қатынасты жақсарту туралы көп айтып, Украина басшылығының біраз қарсылығын тудырған еді.

Украина президенті Петр Порошенко. Мюнхен, 17 ақпан 2017 жыл. (Көрнекі сурет)
Украина президенті Петр Порошенко. Мюнхен, 17 ақпан 2017 жыл. (Көрнекі сурет)

Киевтегілер көпшілікке белгісіз депутат Артеменконың бейбіт жоспарын да, оның Порошенконың жемқорлығы туралы пікірлерін де талқылауға құлықсыз. Өйткені депутат өз елінде аса танымал емес, әрі айтқан айыптарына дәлелдер ұсынып отырған жоқ.

Артеменконың түсіндіруі бойынша, Ресей бұл бейбіт жоспардың шарттарын орындаса, онда оған салынған санкциялар алынып тасталады. Мұнан соң Қырым Ресейге ұзақ мерзімге жалға беріледі. Шығыс Украинадағы сепаратистерге (ауыр қылмыс жасағандарынан басқа) амнистия жарияланады, ал Мәскеу шығысындағы шекарасының күзетін Украинаның өзіне табыстайды.

Артеменко жоспары туралы ақпарат тараған уақыт атысты тоқтату туралы ақпанның 20-сы күшіне енген жаңа келісіммен сәйкес келеді. Қаңтардың соңында Украинаның шығысында қақтығыстар жиілеп, 30-дан астам адам қаза тапқан еді. Алайда Минск келісімдерінің негізгі шарттары әлі күнге орындалмай отыр. БҰҰ деректеріне қарағанда, 2014 жылдың сәуірінен бастап қақтығыс шебінде 10 мыңнан астам адам мерт болған. Ресей Қырым мәселесі бойынша да БҰҰ талабын орындамай отыр. БҰҰ Қырым түбегін Украина аумағы деп таниды.

Ал Ұлыбританиядағы Киев елшісі Галибаренко «Артеменко Украина жерін саудаға салып отыр» дейді. Алайда елші бұл аумақтарды орталық үкіметтің бақылай алмай отырғанын мойындайды. Бірақ ол «біз Қырымнан бас тартып, Украина шығысында бейбітшілік орнатайық дегенге көнбейміз» дейді.

Радикалдық партиядағы әріптестері де Артеменкодан іргесін аулақ сала бастаған. Олар ақпанның 20-сы күні Артеменконы парламенттегі клубтан шығарып жіберді. Партия басшысы Олег Ляшко Артеменконың депутаттық мандатын қайтарып алатындарын айтты. «Ресей – агрессор, Ресей – оккупант, олар Украина аумағынан кетуі керек. Ал Артеменконың ұсынысы – оның өз көзқарасы» дейді ол.

Енді біреулер 2014 жылы сайланғалы еш жерде көзге түспеген депутаттың бұлайша белсенділік танытуына күмәнмен қарап, оны әлдекімдердің «қуыршағы» деп атайды. Facebook-те пост жазған депутат Сергей Лещенко оны «Украинаның биліктен қуылған бұрынғы президенті Виктор Януковичтің жақтастары басқаруымен әрекет етіп отырған адам» деп сипаттайды. Депутаттың айтуынша, жоспардың артында Кремль тұр.

Кезінде Янукович басқарған «Аймақтар партиясының» бұрынғы депутаты, қазір шетелде тұрып жатқан Александр Онищенко Азаттыққа Facebook Messenger арқылы берген сұхбатында Артеменконы ешкімнің қолымен от көсемейтін «тәуелсіз адам» деп атады.

Александр Онищенко
Александр Онищенко

Өзі ұсынса да, біреудің артында тұрса да, Артеменконың бұл жоспарының болашағы жоқ деп санап, оған кекесінмен қарайтындар көп. Мәселен украиналық белгілі журналист Кристина Бердинских:

- Егер Трамп әкімшілігі Артеменкомен жұмыс істесіп жатса, онда олар – нағыз ақымақтар екен, - дейді.

АҚШ жағы Артеменко бастамасын қабылдап, оны қарастырып жатқаны туралы ешқандай мәлімет таратқан жоқ.

The New York Times газетінің ақпаратына қарағанда, Артеменко жоспарын Ақ үйге Трамптың жеке адвокаты Коэн мен бизнестегі әріптесі Сэтер жеткізген. Газетке олар "жоспарды беру үшін тиісті адамдармен Манхэттендегі Loews Regency отелінде кездескендерін" айтқан. Бірақ олар президент Трамптың өздерімен бұл туралы ешқашан сөйлеспегенін ескерткен.

Украинаның strana.ua сайтына берген сұхбатында Артеменко бейбіт жоспарды Трамп маңайындағы кісілерге бергенін растап, оны жалғыз өзі емес ондаған депутатпен бірлесе жасағанын, бірақ өздерінің келісімі болмайынша, олардың аты-жөндерін атамайтынын айтты. Ол The New York Times тілшісінің «жоспарды Путиннің көмекшілері жасаған дейді ғой?» деген сұрағына «ол – өтірік ақпарат» деп жауап берген.

Оның айтуынша, Ресейге салынған санкциялар және Шығыс Украинадағы кикілжің мәселелері компромисс жолымен шешілуі керек. Артеменко жоспарында "Қырымның тағдыры оны Ресейге 30-50 жылға жалға беру арқылы шешілуі керек" деген ұсыныс жазған. «Осы мерзім біткеннен кейін халықаралық ұйымдардың бақылауымен Қырымның тағдыры туралы референдум өтіп, мәселе түбегейлі шешілуі керек».

Украина шығысындағы ресейшіл сепаратистер басып алған территорияларға қатысты Артеменко «жоспар бойынша, бұл аумақтар Украинаға беріледі және ондағы сепаратистерге амнистия жарияланып, олардың Ресейге кетуіне мүмкіндік беріледі. Ал аса ауыр қылмыс жасағандары қамалады» дейді.

Оның айтуынша, «Ресеймен арадағы шекара Киев бақылауына қайтарылып, Ресейге кеткісі келетіндерге шекара 72 сағатқа ашылуы керек».

Артеменко «Мұнан соң Украинаның шығыс өңірлеріне автономия мәртебесін беру-бермеу туралы мәселе жалпыхалықтық референдумға шығарылуы тиіс. Егер референдум арқылы автономия берілген жағдайда бұл өңірлерді Ресейдің Қырымды жалға алғаны үшін төлейтін ақшасымен гүлдендіру керек. Осының бәрі іске асырылған соң Ресейге салынған санкциялар алынып тасталады» дейді.

Украинаның шығысындағы ресейшіл сепаратистер. (Көрнекі сурет)
Украинаның шығысындағы ресейшіл сепаратистер. (Көрнекі сурет)

Минск келісімдерінен бас тартып, шекаралардың мызғымастығына кепілдік беретін Будапешт меморандумына қайта оралу қажет деген Артеменко АҚШ, Ресей, Украина арасында үшжақты форматта келіссөздер бастауды ұсынады.

«Үш ел парламенттерінің өкілдерінен құралған арнайы топ қажетті шешімдердің барлығын қабылдап, компромиске келеді» дейді депутат. Артеменконың ойынша, келіссөздерді Женевада немесе Ресей мен Түркияны достастырып, тәжірибе жинаған Қазақстанда өткізуге болады.

Мұндай жоспар Порошенко мен Киевтің Минск келісімдері туралы позициясына мүлде сәйкес келмейді. Киев Қырым мәселесі бойынша ешқандай мәмілеге келмейтінін бірнеше рет қайталаған.

АҚШ-тың БҰҰ-дағы елшісі Никки Хейли Вашингтонға келген жаңа әкімшіліктің Қырымға қатысты позициясы «жұмсармайтынын» айтып, ақпанның 2-сі күні «Қырым - Украинаның бір бөлігі» деп мәлімдеген. Хейли «Ресейге салған санкцияларымыз Қырым Украинаға қайтарылмайынша алынбайды» деген болатын.

Артеменко «президент Порошенконың отбасында отырып қалай ақша ұрлау керектігі туралы айтқан сөздерінің жазбасын АҚШ федералдық тергеу бюросы өкілдеріне бердім» дейді. Ондай оқиғаның болғанын Украина президенті Порошенко теріске шығарады.

Кристофер Миллердің мақаласын ағылшын тілінен ықшамдап аударған - Мұхтар Екей.

XS
SM
MD
LG