Accessibility links

АҚШ сарапшысы: Ресей GPS-ті өшірсе, өзі ғана зиян шегеді


Көліктегі GPS навигаторы. Ресей. 11 желтоқсан 2012 жыл. (Көрнекі сурет)
Көліктегі GPS навигаторы. Ресей. 11 желтоқсан 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

Ресей АҚШ-қа өз аумағында GPS жүйесін өшіріп тастайтынын ескертті. Жүйені құрушы сарапшы оның зардабын тек Ресей ғана тартатынын айтады.

АҚШ-тың GPS жүйесін жасаушылардың бірі, Стэнфорд университетінің профессоры Брэдфорд Паркинсон Мәскеудің Ресейдегі навигациялық жүйе қызметін тоқтату әрекеті ресейліктердің өздерінен басқа қолданушыларға ешқандай әсер етпейтінін айтады.

"GPS - әуелден пассивті жүйе. Ресейліктер тек белгілі бір сигналдарға кедергі келтіргені болмаса, өз территориясында немесе басқа жерлерде GPS операцияларын тоқтататындай мүмкіндігі жоқ. Спутниктер Жер орбитасын айналып, сигналдарды тегін тарата беретіндіктен, Ресейдің шешімінен жалпы тұтынушыларға ешқандай зиян келмейді" дейді Паркинсон.

Ресей вице-премьері Дмитрий Рогозин 13 мамырда Ресейдегі 11 GPS станциялары 1 маусымнан бастап қызметін тоқтатуы мүмкін екенін ескерткен. Ол
Ресей ғарыш агенттігі өкілі Сергей Савальев (солдан санағанда екінші) ГЛОНАСС жүйесі станциясында тұр. 19 ақпан 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
Ресей ғарыш агенттігі өкілі Сергей Савальев (солдан санағанда екінші) ГЛОНАСС жүйесі станциясында тұр. 19 ақпан 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
АҚШ 1 қыркүйекке дейін өз территориясында ресейлік ГЛОНАСС жүйесі станцияларын орнатуға келіспесе, GPS қызметі үздіксіз тоқтатылатынын айтқан.

"Біз үш айға созылатын келіссөздерді бастап жатырмыз. Осы жаздың соңына дейін келіссөздерде екі жақты теңбе-тең және пропорционалды ынтымақтастықты қалпына келтіретіндей түрде шешім жасалады деген үміттеміз" деген Дмитрий Рогозин.

New York Times басылымы бұған дейін АҚШ-тың Орталық барлау басқармасы (ЦРУ) мен қорғаныс министрлігі Ресейдің ГЛОНАСС навигациялық жүйесінің АҚШ-тағы қызметіне күмәнмен қарайтынын жазған еді. Вашингтон ГЛОНАСС жүйесі Мәскеудің АҚШ-қа тыңшылық жасауына және спутниктен басқарылатын қарулардың дәлдігін күшейтуге көмектеседі деп есептейді.

ГЛОНАСС жүйесі соңғы апталарда ақаудан жиі өшіп қалып жүр. Сондай кездердің бірінде ол 11 сағат бойына жұмыс істемеген.

Ресейлік навигациялық жүйеге қарсы емес екенін айтқан профессор Паркинсон: "Олар жүйелерінде қандай проблема барын айтпайды және мұндай проблема алда да қайталана бере ме деген сұраққа жауап бермейді" дейді.

1970 жылдары GPS-ті құру жобаларына жетекшілік жасаған Паркинсон Ресейдің өз аумағындағы станцияларын жабуы тек бейне я сұлбаның дәлдігі сияқты жайттарға ғана әсер ете алатынын айтады.

"Егер Ресей станцияларды жапса, одан тек өз азаматтары ғана зардап шегеді. GPS Ресей территориясындағы қандай да бір станцияларға тәуелді емес" дейді ол.

"Бұл бір адамның қаладағы өзге тұрғындарына "мен сендерге ақырзаман төндіремін" деп өз үйіндегі суын өшіріп тастағаны сияқты әрекет. Мейлі, солай-ақ істесін, соңы немен тынарын көрерміз" дейді Брэдфорд Паркинсон.

Оның айтуынша, Ресейдің GPS-ті "саяси тетік ретінде пайдалануы қайғылы болмақ".
XS
SM
MD
LG