Accessibility links

Ресей соты байырғы халықтар құқығын қорғайтын ұйымды жапты


"Солтүстіктің байырғы аз халқына көмек орталығы" тәуелсіз ұйымының басқарма төрағасы Родион Суляндзига.

Мәскеу қаласының соты қарашаның 6-сы күні Ресейдің байырғы халықтарының құқығын қорғаумен бұрыннан айналысып келген "Солтүстіктің байырғы аз халқына көмек орталығы" тәуелсіз ұйымын жабу туралы шешім шығарды. Мұндай талапты орталық жарғысынан қате тапқан Әділет министрлігі қойған. Ұйым жетекшісі Родион Суляндзига билік шешімін құқық қорғаушыларға ашық қысым көрсету деп бағалайды.

"Біз сот шешімін Солтүстік, Сібір мен Қиыр Шығыстың саны аз байырғы халықтың құқығын қорғаудағы белсенділігі үшін ұйым мен оның басшылығына қарсы 2014 жылы басталған және әлі жалғасып келе жатқан ашық қысымның жалғасы деп білеміз". "Солтүстіктің саны аз байырғы халқына көмек орталығының" басқарма төрағасы Родион Суляндзига әлеуметтік желідегі парақшасына осындай мәлімдеме жариялады.

Родион Суляндзига – Ресей мен шетелде танымал құқық қорғаушы, БҰҰ-ның байырғы халықтардың құқықтары жөніндегі сараптама механизмінің мүшесі. 2014 жылы қыркүйекте БҰҰ-ның байырғы халықтар мәселесі бойынша конференциясына қатысу үшін шетелге шықпақ болған оны төлқұжатының бір парағын жұлып алып, жібермей қойған.

Суляндзиганы мемлекеттік шекара тәртібін бұзды деп айыптап, үстінен әкімшілік іс қозғаған (Ресей Федерациясының әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 18-бабының 1-бөлімі). Кейін ол істі қылмыс құрамы болмауына байланысты жапқан. 2016 жылы желтоқсанда Мәскеуде өткен байырғы халықтар форумы қарсаңында пәтеріне тінту жүргізілген Суляндзигиді полиция тергеуге шақырған. Родионның ағасы Павел де белсенді құқық қорғаушы. Ол сол кездегі тінту шарасын күш құрылымдарының інісін оған қарсы құрастырылған қылмыстық істің куәгері ретінде жауапқа тартуға тырысуымен байланыстырады. Соңында қылмыстық іс қозғалған, ал Павел Суляндзига АҚШ-қа кетіп, сол жақтан саяси баспана сұраған.

"Солтүстіктің байырғы аз халқына көмек орталығы" тәуелсіз ұйымының басқарма төрағасы Родион Суляндзига.
"Солтүстіктің байырғы аз халқына көмек орталығы" тәуелсіз ұйымының басқарма төрағасы Родион Суляндзига.

"Солтүстіктің байырғы халықтарына көмек орталығы" – 2000 жылы құрылған ("Байырғы халықтардың ресейлік оқу орталығы" деп аталған) өңіраралық, коммерциялық емес ұйым. Оны байырғы халықтардың құқығын қорғап жүрген бұрыннан жұмыс істейтін беделді тәуелсіз ұйым деуге болады. Бұл - БҰҰ-ның қоршаған орта бойынша бағдарламасы, азық-түлік және ауылшаруашылық ұйымы, экологияның алуан түрлігі туралы конвенциясы, экономикалық және әлеуметтік кеңесі, ЮНЕСКО сияқты құрылымдарында аккредитацияға ие болған Ресейдің байырғы халықтарының жалғыз ұйымы. Яғни, пікірі мемлекеттің ресми ұстанымымен сәйкес бола бермейтін байырғы халықтардың әлемдік аренадағы бірегей ұйым.

2015 жылы билік "шетел агенті" деп таныған орталыққа 300 мың рубль айыппұл салған. 2018 жылы шетелдік қаржыландырудан бас тартқаннан кейін ұйым "шетел агенттері" тізімінен шығарылған. Бірақ 2019 жылы қарашаның 6-сі күні Әділет министрлігінің талабымен Мәскеу қаласының соты жарғыда "ресми қателер" жіберген ұйымды жабу туралы шешім шығарды.

Орталық басшысы Родион Суляндзига Азат Еуропа/Азаттық радиосының Север.Реалии сайтына мемлекет өзіне және ол басқаратын ұйымға неліктен қысым көрсетіп отырғаны және орталық жабылғаннан кейінгі жоспары жайлы айтып берді.

"БИЛКТІҢ ТАБАНЫНА ҚАДАЛҒАН ШӨГІР БОЛДЫҚ"

Родион Суляндзига: Жұмысымызды нарықтық экономикаға енді өтіп жатқан қиын кезде бастадық. Ол кезде байырғы халықтар нарықтық экономикаға қалай араластынын білмеді. Әуелгіде қауымдастықтардың экономикалық дамуына ықпал жасап, құқықтық қолдау көрсетумен айналыстық. Уақыт өте келе жұмысымыздың бағыты кеңейе берді. Бірақ біз үшін әрдайым ақпараттық және білім беру қызметі негізгі орында болады. Ұйымның штаб-пәтерін саяси шешім орталықтарының осында орналасуына байланысты Мәскеуде ұстауға мәжбүрміз.

Азаттық: Сізге үнемі "басып-жаншиды": әкімшілік іс қозғайды, тінту жүргізеді, айыппұл салады. Мемлекеттің не нәрсеге көңілі толмайды?

Родион Суляндзига: Бізде салмақты халықаралық жобалар болды. Даусымызды әлем деңгейінде естіп отыр. Мен және ұйым үнемі халықаралық форумдарға, оның ішінде БҰҰ жиындарына қатысып, Ресейдегі байырғы халықтардың жағдайы туралы бүкпесіз баяндамалар жасаймын. Бәрі Арктикадағы кең көлемдегі коммерциялық жобаларға байланысты. Олар Арктиканың табиғаты мен тұрғындарына, бірінші кезекте байырғы халқының өміріне кері әсерін тигізіп жатыр. Бұл өте маңызды мәселелер. Сіз президенттің "Ресей Арктикамен өседі" деген мәлімдемесін естідіңіз ғой? Мұнда алдымен бюджетке ақша әкеліп, елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін табиғи ресурстар өндірісі туралы айтылып отыр. Корпорацияларға Арктиканы игеруге барлық мүмкіндік берілген.

Ал байырғы халық оларға кедергі келтіреді. Ресей - БҰҰ-ның байырғы халықтар құқығы туралы декларациясын қолдамаған және Халықаралық еңбек ұйымының №169 конвенциясына қосылмаған әлемдегі жалғыз дамығанмемлекет. Ресейде байырғы халықтар тұратын жер мен оның қойнауын пайдалануды құқықтық реттеу механизмі жоқ (қалай орындалу керегі белгісіз декларативті заң ғана бар).

Азаттық: Яғни, мәселе корпорациялар мен байырғы халықтар мүддесінің қайшылығында болып тұр ма?

Родион Суляндзига: Иә. Арктикада шаруашылық жүргізу үшін бизнеске куәлік алып, белгілі бір экологиялық стандарттарды сақтап, салық төлеу жеткілікті. Бірақ Арктика – тек мұнай мен газ ғана емес, бұл байырғы халықтар мен олардың дәстүрлі шаруашылықпен айналысып келген территориясы. Оларға үлкен территория мен акватория бұғы шаруашылығы, аңшылық пен балық шаруашылығы үшін керек. Осы тұста мүдделер қайшылығы туады. Мемлекет кімді жақтайды? Әрине, ол бизнес пен өңірлік билікті қолдайды. Ендеше "Бұл жағдайда байырғы халықтар не істеуі керек?" деген сұрақ туады.

Азаттық: Не істеуі керек?

Родион Суляндзига: Жер мен дәстүрлі шаруашылық жүргізу құқығын қорғауы керек. Біз оларға бұл істе көмектесеміз. Біз – биліктің табанына қадалған шөгір болдық. Мысалы, солтүстік елдерде мемлекет, бизнес пен байырғы халық мүдделерін келісу процесі әлдеқашан жолға қойылған. Онда да мәселе көп, бірақ бұл жұмыс істеп тұр. Ал біздің мемлекетке байырғы халықтардың тағдырын шешетін маңызды мәселелермен айналысудың орнына фестивальдер, концерттер өткізіп, музей жұмысын ұйымдастырған оңай. Маңыздылар қатарына территория, жер, табиғи ресурстар мәселелері жатады. Арктикада мемлекет пен бизнеске қарсы күресу мүмкін емес. Бізде әлеуметтік мемлекет болса, ол корпорацияларға емес, адамдарға, ең алдымен Арктика аудандарындағы тұрғындарға қамқор болар еді.

Азаттық: Сіздің ұйымыңыздың жұмысын елемей қоя салуға болмай ма? Қысым көрсетудің қажеті қанша?

Родион Суляндзига: Құқық қорғаушылармен жұмыс істеу тәсілі совет дәуірінде қалыптасқан және содан бері өзгерген жоқ. Олар сол кездің өзінде мемлекетке ұнамаған, қазір де ұнамайды. Мұндайда қазіргідей жеке әдіс-тәсілдер қолданылған.

"МҮМКІНДІГІНШЕ ЖҰМЫСТЫ ЖАЛҒАСТЫРУ КЕРЕК"

Азаттық: Мұндай жағдайда ары қарай не істейсіз?

Родион Суляндзига: Нақты бір қосымша жоспарым жоқ. Мүмкіндігінше жұмысты жалғастыру керек. Өйткені өткізілген фестивальдер, бағдарламалар мен конгресстердің сандық көрсеткіші тұрғысынан қарасақ, Ресейдің байырғы халықтары әлдеқашан жақсы тұруы керек еді. Бірақ шынайы өмірде олай емес. Қазір байырғы халықтар тілінің жылы өтіп жатыр. Мемлекет тіл мен мәдениетті қолдауға ақша жұмсап отыр: әр апта қандай да бір шара өтеді, қор құрылып, есеп беріледі. Жыл аяқталғанда қандай нәтижені көреміз? Бірде-бір сапа көрсеткіші жақсы бағытқа қарай өзгермеген. Байырғы халықтар тілінде сөйлеушілер саны артты ма? Жоқ.

Солтүстіктің байырғы аз халқының тілінде оқытатын мектептер саны көбейді ме? Жоқ. Әрине, бастауыш мектепте тілдік қосымшалар бар.Бірақ елдің бірде-бір мектебінде дәл осы тілдерде сабақ жүрмейді. Өйткені білім туралы заң бұған мүмкіндік бермейді. Сондықтан бұл жай ресми қадам ғана.

Азаттық: Шын мәнінде Ресейдегі байырғы халықтардың жағдайы қалай?

Родион Суляндзига.
Родион Суляндзига.

Родион Суляндзига: Шын мәнінде саны мың адамға жетпейтін жеті халық бар, олар сол күйі сақталып қалды. Саны 2000 адамға жетпейтін12 халықтың да көрсеткіші өзгерген жоқ. Бұл халықтар жойылып кетудің алдында тұр. Арктикадағы үлкен көрінген жер әлдеқашан бөлінген және мемлекет ол жерлерді байырғы халықтарға бергісі келмейді. Федералды билік өңірлік билікке, олар кері қарай жібереді. Бірақ расында бұл - аталған мәселемен айналысқысы келмейтін федералды биліктің жауапкершілігіндегі дүние.

Азаттық: Мемлекет байырғы халықтарды сақтап қалу үшін мүлде ештеңе істеп отырған жоқ па?

Родион Суляндзига: Біз тек ақ пен қараны ғана көре алмаймыз. Айтқанымдай, бір шаралар қолға алынып жатыр. Бірақ Ресей басқа дүниеге басымдық беріп отыр. 2021 жылы Ресей Арктикадағы басты халықаралық ұйым – Арктика кеңесінің төрағасы болады. Онда байырғы халықтар мәселесі бірінші орында тұр. Ол уақытқа дейін Ресей байырғы халықтардың даму саласынан әдемі картина шығару керек. Ал мемлекетке осы саладағы кез келген ашық мәлімдеме кедергі келтіреді.

Азаттық: Сондықтан мемлекет байырғы халықтар құқығын қорғау саласында жолындағы кедергілерді алып тастауға кірісті ме?

Родион Суляндзига: Дәл солай.

(Север.Реалии сайтының тілшісі Глеб Яровойдың сұхбатынан аударылды.)


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG