Accessibility links

Киевте ресейлік журналист Аркадий Бабченконы атып өлтірді


Ресейлік журналист Аркадий Бабченко.
Ресейлік журналист Аркадий Бабченко.

Киевте ресейлік журналист Аркадий Бабченкоға қастандық жасалды. Дүкеннен келе жатқан журналисті ту сыртынан үш рет атқан.

Мамырдың 29-ы күні Украина астанасында ресейлік журналист Аркадий Бабченкоға қастандық жасалғаны хабарланды. Азық-түлік дүкенінен үйіне қайтып келе жатқан журналисті ту сыртынан үш рет атқан.

Пәтерінің алдында қансырап жатқан Бабченконы әйелі тауып алғаны және журналистің "жедел жәрдем" көлігінде жан тапсырғаны туралы ақпарат тарады.

Киев полициясының жорамалы бойынша, Бабченкоға екі түрлі себеппен қастандық жасалған болуы мүмкін – журналистің кәсіби қызметі және азаматтық ұстанымы әлдекімдерге жақпаған.

Журналист Аркадий Бабченконың қазасы туралы фотогалерея:

Журналистерді қорғау комитеті Украина билігін Аркадий Бабченконы қастандықпен өлтіру қылмысына тез әрі жан-жақты тергеу жүргізуге шақырды.

Украина Ішкі істер министрлігі (ІІМ) "қасақана кісі өлтіру" бабы бойынша іс қозғап, ықтимал қылмыскердің портретін жариялады.

"Журналисті өлтіру қылмысына" қатысты істі Ресей тергеу комитеті де қозғаған. "Тергеу комитеті Ресей азаматына қатысты қатыгез қылмысты қараусыз қалдырмайды", - деп мәлімдеген мекеме өкілі.

Жақында Аркадий Бабченко әлдебір "президенттің сенімді өкілінен" өзіне қоқан-лоққы жасалғаны туралы жазған болатын, бірақ кейін ол постыны өшіріп тастады. Оның сілтемесі Twitter әлеуметтік желісінде сақталып қалған.

Украина ішкі істер министрінің бұрынғы кеңесшісі және Жоғарғы Рада депутаты Антон Геращенко журналист Бабченкоға қарсы қастандыққа "Путин режимін" айыптады. Ол болған оқиғаның жай-жапсарын сипаттап жазды:

Ресей президенті жанындағы Адам құқығы жөніндегі кеңес Аркадий Бабченконың қазасын "арандату" деп атады: "Аркадий Бабченконың өліміне Адам құқығы жөніндегі кеңесі [мүшелері] ашу-ыза білдіреміз, біз оны әлемге өзіндік ерекше көзқараспен, ресей саясатына сынмен қарайтын тәжірибелі әскери журналист ретінде танимыз. Сондықтан да оның өлімі ашық түрде жасалған арандатушылық сипатқа ие", - деп мәлімдеген Кеңес басшысы Михаил Федотов.

Аркадий Бабченко Ресейдегі екі шешен соғысына қатысқан. Қызметін аяқтаған соң әскери тілші болды, кейін көптеген баспасөз құралдарымен, соның ішінде ресейлік "Новая газета" басылымымен жұмыс істеді. Журналист Ресейдің қазіргі билігін бірнеше рет сынаған.


Өткен жылы Аркадий Бабченко Ресейден кетіп қалған. Өз айтуынша, оған "біраз уақыт Отаннан тыс өмір сүргенің жөн" деген ақпарат жеткен. "Маған қарсы іс қозғап, түрмеге отырғызулары мүмкін екені жайлы дерек алдым. Сондықтан уақытша кетуді ұйғардым... Олар түрмеге қамау мен репрессиядан бұрын, адамдарды кетіруді мақсат етіп отыр", - деп мәлімдеген Аркадий Бабченко 2017 жылдың ақпанында Мәскеуден кете салысымен.

Соңғы уақытта журналист Қырым татарларының ATR телеарнасында хабарлар жүргізген. Чехиядан соң Израильге, кейін Украинаға кеткен Бабченконың өзі бұны "уақытша шегініс" немесе "уақытша эвакуация" деп атаған болатын. Былтыр жазда Азаттық радиосына берген сұхбатында әскери тілшіден оппозициялық белсендіге айналып, Ресейден тыс кетуге мәжбүр болған өз өмірін былайша сипаттаған еді:

- 96 жасқа дейін тыныш өмір сүргіңіз келетініне күмән келтіретін нәрселер бар. Мысалы, Facebook бетінде жариялаған ымырасыз постарыңыз.

- Өзімді мүлдем ымырасыз адам санамаймын, бар болғаны заттарды өз атымен атаймын. Бізде ешқандай президент Путин жоқ, президент – сайланбалы қызмет, бізде билікті басып алған Путин бар, ол билікті күшпен тартып алды. Солай деу керек. Бізде ешқандай мемлекет жоқ, себебі мемлекет – аумақты барынша тиімді басқаруға арналған қоғамдық институттардың жиынтығы. Бізде билікті иемденіп алған бандиттер тобы бар, олардың басты мақсаты – жеке әл-ауқатын қамтамасыз ету, өз билігін сақтап қалу және тұрғындарды басып-жаншу. Бізде халық жоқ, жеке адамдардың атомдық бөлшекке бөлінген тобы ғана бар, сыртқы қасірет әсерімен жинақталған олар басқалардың бәрін жек көреді. Донбаста ешқандай жанжал жоқ, Донбасты жаулап алған, Ресей бір кезде бізге шынымен бауырлас халық болған көрші мемлекетке қарсы басқыншылық соғыс жүргізіп отыр.

Әрине, 96 жасқа дейін өмір сүргім келеді

Ымырасыздық деген не? Ол әшейін терминология. Әрине, 96 жасқа дейін өмір сүргім келеді. Ол қалай болатынын білесіз бе? Қайсыбір адам ештеңеге назар аудармай өзі бетінше өмір сүреді: жазуын жазады, саясаттан тыспын, маған бәрі ұнайды, қалай бар, солай өмір сүремін дейді. Кенет оның басына бір іс түседі (әуелгіде болмашы нәрсе болып көрінеді). Ол адамның шағын дүкені бар делік, учаскелік полиция қызметкері келіп: "Маған күніне 5 мың рубль төле, айына осынша" дейді. Адам бір рет анықтама жазады, сосын тағы жазады, сөйтіп неғұрлым жоғары деңгейдегі шенеуніктерге шығады. Оған қысым басталады, бандиттер келіп дүкенін өртейді. Ол Федералдық қауіпсіздік қызметіне (ФСБ) арыз жазады, басқа бандиттер келіп, көлігін өртейді. Ақыры ол аша ұстап шеруге шығады. Оны лагерьге қамайды, ол жерден нағыз диссидент, оппозиционер, "русофоб", қазіргі билікті жек көретін адам болып шығады. Менің басымнан да осыған ұқсас жағдай өтіп жатыр. Мен 96 жасқа дейін есі дұрыс елде тұрғым келеді, ол жерде басқаларды да, өз адамдарын да өлтірмесе деймін, ол басқа елдерге шабуылдамаса, таңдау құқығы болса, қауіпсіз болса деймін. Осындай мемлекетті құрып, сол елде 96 жасқа дейін тыныш өмір сүргім келеді.

- Сіз неге кеттіңіз?

- Кеттім деп ойламаймын, оралғым келеді. Босқын мәртебесін алғым келмейді, өзге елдің азаматтығы керек емес. Мен мұны уақытша шегініс, уақытша эвакуация деп санаймын. Егер де біз шынымен баррикадаға шығып, еркіндік үшін күрессек, Майданға ұқсас талпыныс жасап жеңілсек те – ондай нақты іс үшін болса, онда түрмеге түсуге әзірмін. Ал бірақ Facebook әлеуметтік желісіндегі пост үшін төрт жылға қамалғым келмейді, ондайға дайын емеспін. Сондықтан оларда кезекті пароксизм басталғанда уақытша осында кете тұруды ұйғардым. Жарты жыл, бір жылдан соң олардың менен басқа да жұмысы жетіп-артылғанда кезде оралармын деп ойлаймын...

- Ал уақытша үзіліс емес, Facebook-ке пост жазуды біржолата тоқтату туралы ойламадыңыз ба?

- Одан басқа не істей аламын? 17 жылдан бері осы іспен айналысамын. Бір істі бастаған екенсің, оны тастама...

Осыдан бір жыл бұрын Аркадий Бабченкоға The Question порталындағы оқырмандары: "Қазір өлу қорқынышты ма?" деген сауал қойған. Журналист өлім қашанда қорқынышты екенін айтып, "өлуді емес, өмір сүруді қалаймын" деп жауап берген болатын.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG