Accessibility links

Ресейлік БАҚ Назарбаевты алаңдатады


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев және Ресей президенті Владимир Путин Сочиде. 14 мамыр 2018 жыл.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев және Ресей президенті Владимир Путин Сочиде. 14 мамыр 2018 жыл.

Қазақстан президенті Назарбаев Сочиде Ресей президенті Владимир Путинмен кездесуде екі жақтың ақпарат құралдары "түймедейді түйедей етпеуі керек" деді. Сарапшылардың пайымдауынша, бұл пікірдің саяси астары бар.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев мамырдың 14-і күні Путинмен кездесуде "көрші жатқан тәуелсіз мемлекеттердің арасында әрдайым мәселе туындап тұратынын", оларды "дүрбелең туғызбай" шешуге болатынын айтты.

"Біз - жақын, одақтас мемлекеттерміз, екі елдің ақпарат құралдары да осы бағытта жұмыс істеуі керек. Қандай да бір мәселе туындап жатса, түймедейді түйедей етпеуі тиіс" деді Назарбаев.

Қазақстан президенті "түймедейді түйедей еткен" басылымдарды және екі ел арасындағы "мәселелерді" нақты атамады.

Өткен айда Ресейдің бірқатар ақпарат құралы Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде Мәскеу ұсынған қарар жобасына дауыс беру кезінде қалыс қалғанына назар аударған. Ресей қарарда АҚШ пен оның одақтастарының Сирияны бомбалауын сынға алған.

Ресейдің кей басылымдарында Астананың атына сын айтылса, ресейлік тележүргізуші Владимир Соловьев өзі жүргізетін хабарында сарапшыларға: "Қазақстанмен қарым-қатынасымыз туралы білмейтініміз бар ма? Біздің арамызды қара мысық кесіп өтті ме?" деп сұрақ қойған.

Студиядағы сарапшылар Астананың қазақ әліпбиін кириллицадан латынға көшіру жоспарына "өкініш білдіріп", Назарбаевтың АҚШ-қа сапарын еске алған. Талқыны қорытындылаған Соловьев Ресей Қазақстан президентін сыйлайтынын, бірақ "не болып жатқанын" білгісі келетінін айтқан. Ресми Астана Соловьевтың сөзіне жауап қатпаған. Кейінірек Қазақстанның ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев тілшілерге "Соловьев деген журналисті білмейтінін" айтқан.

Видео: "Кремль Ақордаға ультиматум қойып отыр"

"Кремль Ақордаға ультиматум қойып отыр"
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:00 0:00

Сәуірдің соңында ресейлік кейбір ақпарат құралдары Қазақстан өз порттарын АҚШ-қа пайдалануға беретінін жазып, ол жерде Американың әскери базаларының ашылатыны туралы ақпарат таратқан. Қазақстанның Ресейдегі елшілігі бұл ақпаратты жоққа шығарған.

БАҚ, САҒАН АЙТАМЫН, ПУТИН, СЕН ТЫҢДА?

Билікте де, оппозицияда да болған экономист Петр Своиктің айтуынша, "Назарбаевты Ресей басылымдарындағы Қазақстан билігінің Мәскеуге қатысты саясатын сынайтын мақалалар алаңдатады".

Петр Своик.
Петр Своик.

- Назарбаевтың Путинге бұлайша қайырылуы заңды. Бірақ оның өтінішіне байланысты Путиннің қандай да бір шара қолдануы екіталай. Сондықтан ештеңе болмайды. Еш салдары болмайды. Оның үстіне Қазақстанды Ресейдегі "Эхо Москвы" радиосы, "Дождь" телеарнасы емес, ресми билікке жақынырақ телеарналар сынап жатыр. Бәрі сол қалпында қалады, - деп болжайды Петр Своик.

Журналист, құқық қорғаушы Сергей Дуванов Азаттыққа берген сұхбатында "Назарбаевтың Путинмен әңгімесінің ауанына қарасақ, олардың қарым-қатынасында ешқандай проблема жоқ сияқты" деп топшылайды.

Сергей Дуванов.
Сергей Дуванов.

- Ресейдегі кей қайраткерлер мен БАҚ-тардың Қазақстанға қатысты пікірлері Назарбаевты онша толғандырмайды. Назарбаевты тек Қазақстандағы ұлттық-патриот күштердің Ресей БАҚ-тарындағы сынға реакциясы алаңдатады. Сондықтан Назарбаев Қазақстандағы қоғамды дүрліктірмеу үшін Путинді өз журналистерін тәртіпке салуға шақырып отыр. Бұл жайтты өзім осылай түсінемін, - дейді Сергей Дуванов.

Парламент мәжілісінің халықаралық мәселелер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Владислав Косарев "БАҚ-тың Назарбаевтың Путинмен әңгімесіне сонша қатты шүйліккеніне таңқалады".

Владислав Косарев.
Владислав Косарев.

- Меніңше, конструктив пікір алмасу болды. Назарбаев Путинге Ресей БАҚ-тарындағы пікірлерге көңілі толмағанын жеткізді. Екіншіден, Ресей БАҚ-тары, Ресей оппозициясы Путиннің өзін де күн сайын сынап жатады. Сонда не болды? Пікірталас деген - пікірталас. Біздің президент дұрыс айтты, - дейді ол.

Қазақстан халқы ассамблеясынан сайланған мәжіліс депутаты Ахмед Мурадов Азаттыққа берген сұхбатында "Ресейдің кей БАҚ-тарының Қазақстанға қатысты пікірлерін көңіліне алғанын" айтты.

- Өз басым журналистер де, ол журналистің (Владимир Соловьевті айтады-ред.) ток-шоуына келген қонақтар да тым еркінсіп кетті деп санаймын. Қазақстан азаматы ретінде олардың айтқандары мені қатты кемсітті, қорлады, - дейді депутат.

Мурадовтың айтуынша, Ресей Қазақстанмен одақтас, стратегиялық әріптес және тәуелсіз мемлекет ретінде санасып, Қазақстан және оның халқының ішкі мәселелерін өз еркімен шешу құқығын сыйлауы керек.

Владислав Косарев те, Ахмед Мурадов та Каспий теңізіндегі порттар бойынша Қазақстан-Америка қосымша хаттамасын ратификациялауды қолдайды. Олар БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде Ресей ұсынған қарар жобасы бойынша Қазақстанның қалыс қалуының артықшылығы барын да айтты. Депутаттардың пайымдауынша, осының арқасында Қазақстан Сирия бойынша келіссөз өткізетін орын ретінде бейтараптығын сақтап қалған. Косарев пен Мурадов қазақ әліпбиін кириллицадан латынға көшіруді қолдайтындарын айтты.

"РЕПРЕССИЯ СПИРАЛІН ЕШКІМ БАЯУЛАТА АЛМАЙДЫ"

"Әділ сөз" баспасөзді қорғау ұйымының төрайымы Тамара Калееванің айтуынша, президент Назарбаевтың Путинмен Сочидегі кездесуінде айтқан сөзі "пікір білдіру еркіндігінің халықаралық стандарттарымен еш қабыспайды".

Тамара Қалиева.
Тамара Қалиева.

-Халықаралық демократия стандарттары бойынша, құпияны жариялау, қорлау не жала жабудан басқа кез келген пікірді айтуда ешкімнің еркіндігіне шек қойылмайды. Тек адам құқықтары мен қоғам қауіпсіздігіне қатер төнгенде ғана сөз бостандығын асыра пайдалануды шектеуге болады,- дейді Тамара Калеева.

Оның айтуынша, "Путинге қайырылу арқылы Назарбаев өз пікірін айтуға қақысы бар екенін, бірақ баспасөзге бұл құқықты бермейтінін аңғартты. Назарбаев мұнысын бұрын да байқатқан".

Жарты ай уақыт бұрын Астанада Қазақстан халқы ассамблеясында сөйлеген сөзінде Назарбаев "тырнақ астынан кір іздейтіндерді орнына қою керек" деген. Осы сөзі арқылы президент елде "тырнақ астынан кір іздейтін баспасөздің" бар екенін айтқан. Калееваның пікірінше, авторитарлық елдерде "орнына қою" туралы пікірді қол астындағылар "бұйрық" деп қабылдауы мүмкін.

Видео: Назарбаев "кемшілік іздейтіндер" туралы айтты

Назарбаев "кемшілік іздейтіндер" туралы айтты
please wait

No media source currently available

0:00 0:00:40 0:00

"Шекарасыз репортерлер" халықаралық ұйымының жақында жариялаған "Сөз бостандығы индексінде" Қазақстан бір саты төмендеп, 180 елдің арасында 158-орында тұр.

"Елдегі репрессия спиралі төмендеген жоқ. Қазақстанды отыз жылға жуық үздіксіз басқарып отырған Нұрсұлтан Назарбаевтың ізбасары туралы айтылмайды. Ал Назарбаев билікті өз қолына алып, оны сақтап қалу үшін қысымды күшейтті" деп жазады ұйым.

Бұл рейтингіде Ресей 148-орында тұр. Халықаралық ұйымдар Қазақстан мен Ресейдегі сөз бостандығының нашарлығын жиі сынайды.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG