Accessibility links

"Астананы паранойяға салған" Әблязовтің әрекеті


Полиция тергеу абақтысында қамауда отырған кәсіпкер Ескендір Ерімбетовтің анасы, "саяси тұтқындарға бостандық беру" және "азаптауды тоқтату" талабымен қарсылық акциясына шыққан Ғайни Ерімбетованы ұстап жатыр. Алматы, 10 мамыр 2018 жыл.

Батыс баспасөзі Қазақстандағы рұқсат етілмеген қарсылық акциялары кезінде наразыларды ұстауға қатысты комментарий жариялаған. Бұған қоса, Қазақстанның банк саласындағы проблемалар және алматылық дәрігердің сәбиге массаж жасау техникасы британдықтарды шошытқаны туралы жазған.

АЛМАТЫДАҒЫ НАРАЗЫЛАРДЫ ҰСТАУ

Ұлыбританиялық Reuters жаңалықтар сайты "Қазақстан полициясы үкіметке қарсылық акциясында ондаған адамды ұстады" деген мақаласында "бұрынғы банкир әрі Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бітіспес сыншысы" Мұхтар Әблязов осы аптада Алматыда ұйымдастырған рұқсат етілмеген акция жайлы жазған. Отанында "алаяқтық" айыбымен сырттай сотталған Әблязов қазір Францияда тұрады әрі мұнайға бай елдегі жақтастарын көбейту үшін әлеуметтік желілерді пайдаланады деп жазған агенттік.

"Алматының орталығындағы наразылық акциясына 100-ден аса адам қатысты. Олардың кейбірі "Саяси тұтқындарға бостандық берілсін!", "Азаптау тоқтатылсын!" деген талаптар жазылған плакаттар ұстап шықты. Полиция жұртты тез қуып таратты. Reuters тілшісі полицияның кемі 50 адамды ұстап әкеткенін көрді" деп жазған Reuters.

10 мамыр 2018 жыл. Полицияның наразыларды ұстауы:

Полиция наразыларды қалай ұстады?
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:49 0:00

Ағылшын тілінде шығатын Eurasianet.org сайты "Полиция үкіметке қарсы наразылықты басып-жаншыды" деген мақаласында мамырдың 10-ы күні елдің бірнеше қаласында өткен шерулерге қатысты комментарий жазған. Бұған қоса, сайт жергілікті құқық қорғау ұйымдарының Алматыда ұсталған 50 шақты адамның кейбірін іле-шала босатты деген дерегіне сілтеме жасаған. Адамдарды ұстап әкетіп жатқаны түсірілген кадрларды Мұхтар Әблязов әлеуметтік желілердегі парақшаларында жариялаған.

Полицияның арнайы жасағы рұқсат етілмеген қарсылық акциясынан ұстаған адамды әкеле жатыр. Алматы, 10 мамыр 2018 жыл.
Полицияның арнайы жасағы рұқсат етілмеген қарсылық акциясынан ұстаған адамды әкеле жатыр. Алматы, 10 мамыр 2018 жыл.

"Әблязовтің беймаза еткен тәсілдеріне қарсы Қазақстанның тылдан шайқасып келе жатқанына талай жыл болды. Ел ішінде бұрынғы банкир қазіргі үкіметке әлдебір үлкен қатер төндіретіндей деңгейдегі қолдауға ие емес сияқты, бірақ оны ауыздықтау үшін билік жөнсіз әрекеттерге жиі барады. Оны Еуропа елдерінен депортациялауға тырысқан сәтсіз кампанияларға миллиондаған доллар жұмсалды" делінген мақалада.

Азаттық фотогалереясы. Наразыларды жаппай ұстаған күн:

Eurasianet Әблязов өз жақтастарын көк түсті шар ұстап шығуға шақырғаннан кейін Наурыз мерекесі кезінде көк шар ұстаған адамдарды ұстап әкеткені туралы "Кейде биліктің экстремалды паранойясы адамды ұялтатын нәтижелерге ұласты" деген комментарий жазған.

Оқи отырыңыз: Көк түсті шардан Астананың "мазасы қашты"

Наурызда көк шармен жүргендерді полиция ұстады (22 наурыз 2018 жыл):

Көк шармен жүргендерді полиция ұстады
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:01 0:00

БАНКТЕРГЕ ЖАҢАДАН ҚАРЫЗ БЕРЕ МЕ?

Вашингтонда шығатын Diplomat газеті "Қазақстанда несие берумен айналысатын шағын мекемелер қаржы дағдарысынан зардап шегіп отыр" деген мақаласында орта деңгейдегі кей банктерде қалыптасқан қиын ахуал туралы "Президент қатты сынаған қазақстандық кей банктер өтімділік дағдарысынан шығу үшін мемлекеттен көмек сұрайды" деген комментарий жазған.

"Қазақстанның Бірыңғай зейнетақы жинақтау қоры (БЗЖҚ) өтімділік дағдарысына ұшыраған шағын банктерді құтқару үшін қарыз беруі мүмкін. Бұл – қаржы секторын меңдеген сырқатты мемлекеттің араласуымен ғана емдеу мүмкін екенін көрсететін индикатор" деп жазған Diplomat. Мысалы, БЗЖҚ-ның 200 миллиардтай теңгесін (600 миллион долларға жуық) және ұлттық банктен дәл осынша қосымша ақша құю мүмкіндігі қарастырылып жатыр делінген мақалада.

Сәуірдің ортасында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Астана банкі, Эксимбанк және Qazaq bank-iнің "көрсеткіштері қорқынышты" деп мәлімдеген болатын. Бұған қоса, ол жеке меншік банктерді бюджет ақшасы есебінен сауықтыру бағдарламасы жабылады деп хабарлаған.

Мамырдың басында Ұлттық банк басшысы Данияр Ақышев кей банктер проблемалық несиелерге қатысты нақты жағдайды әдейі "бұрмалап", қарызды қайта құрылымдау тәсіліне жүгінген деген болатын. Ақышевтың сөзінше, орта деңгейдегі бірқатар банктер акционерлермен байланысы бар тұлғаларға әрі материалдық емес кепілге несиелер берген.

Астана банкіндегі қиын жағдайды (қолма-қол ақша беру мен өзге де операцияларға шектеу қойған) сипаттаған Diplomat басылымының жазуынша, бизнесмен Олжас Тоқтаров – банктің ең ірі акционері. "Ол ықпалы күшті бизнесмен әрі Назарбаевтың күйеубаласы, елдегі ең ірі банк – Халық банкінің тең қожайыны Тимур Құлыбаевқа жақын адам саналады" делінген мақалада. Бірақ Тоқтаров пен Құлыбаев екеуінің арасында қандай байланыс болуы мүмкін екені мақалада айтылмайды.

Назарбаевтың қатаң сөгісіне қарамастан, әлгі "бүлікші банктер" мемлекеттен бәрібір көмек алуы мүмкін деп жазған Diplomat.

БРИТАНДЫҚТАРДЫ ШОШЫТҚАН МАССАЖ

Ұлыбританиялық Independent газетінде "Емшектегі нәрестенің сирағы мен мойнынан ұстап алып шырқ айналдырып "массаж" жасайтын әйел туралы видеоролик" деген мақала шықты. Мақалада "Лариса Орынбасаровна" деп таныстырылған, балаларға массаж жасаумен айналысатын 35 жастағы алматылық әйел туралы баяндалған. Видеода ол баланы кейде тіпті бір өкшесінен немесе бетінен ұстап шырқ айналдырып, сәбилерге "массаж жасаудың" өзгеше техникасын көрсетеді. "National Childbirth Trust (ата-аналарды біріктіріп, оларға қолдау көрсететін ұлыбританиялық ұйым. - Ред.) балаларға арналған массажды Орынбасаровна ханымның техникасынан өзгеше түрде – нәрестенің денесіне аздаған май жағып, жұмсақ қана сылап-сипауға кеңес береді" деп жазған газет.

"Лариса Орынбасаровнаның" қимылдарына комментарийінде ұлыбританиялық Mirror таблоиды "Терапевт құйтақандай нәрестенің жіліншігі мен басынан ұстап алып шырқ айналдырады" деген мақаласында "адамды шошытатын видеоны" толық жариялай алмаймыз деп жазған. "Ол адамды шошытатын массаж балаларды емдейді деп мәлімдейді". Ұлыбританиялық әлеуметтік желілерде видеоролик жұрттың ашулы реакциясын тудырған.

Америкалық Houstonia magazine аймақтық журналының саяхаттарға арналған бөлімінде "Қазақстанға сапарым жағымды тосынсыйға айналды" деген мақала жарияланды. Тілші Билл Уайатрак Қазақстанға сапарынан алған әсерімен бөлісіп, "Бәлкім, сіз барғыңыз келетін елдердің тізімінде Қазақстан бірінші орында емес шығар, бірақ оның әсем көркі мен бақытты адамдарынан әсер алатыныңыз сөзсіз" деп жазған.

Алматыға саяхатын Билл Уайатрак "шаңғымен сырғанау бағасының арзандығы", кей табиғи қорықтар қайран қалдырды деп сипаттаған. Автордың жазуынша, британдық комик Саша Барон Коэннің "Борат" деген атышулы фильмін "Қазақстан билігі фильмдегі жаңсақ пікірлерді көрсетіп, өз ресурстарымен мақтану үшін пиар-мүмкіндік деп санап, халықаралық кампания бастады. Бұдан кейін елдегі туризм деңгейі 10 есеге өсті, бұл шын мәнінде, жарнаманың кез-келген түрі ұтымды болатынын дәлелдейді" деп жазған.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG