Accessibility links

"Сендерге сонша бала тап деген жоқпыз". Путиннің сөзі шенеуніктерге жетпеді


Ресейдің Северодвинск қаласында көп балалы азаматтар жер беруді талап етіп, наразылық акциясын өткізіп тұр. 30 қаңтар 2020 жыл.
Ресейдің Северодвинск қаласында көп балалы азаматтар жер беруді талап етіп, наразылық акциясын өткізіп тұр. 30 қаңтар 2020 жыл.

Ресейдің Архангельск облысындағы көп балалы отбасылар президент Владимир Путин мен ел үкіметіне өздеріне қажет мемлекеттік қолдау шаралары туралы үндеу жазып, қол жинап жатыр.

"Сендерге соншама бала тап деген жоқпыз". Шенеуніктер Путинді неге тыңдамайды?

Ресейдің Архангельск облысындағы көп балалы отбасылар президент Владимир Путин мен ел үкіметіне өздеріне қажет мемлекеттік қолдау шаралары туралы үндеу жазып, қол жинап жатыр.

Қаңтардың ортасында Ресей президенті Владимир Путин Федералды жиынға жолдауында елдегі демографиялық дағдарыс туралы айтып, одан шығу жолын ұсынды. Мысалы, 2020 жылдан бастап мемлекет дүниеге бірінші бала келгенде 466 мың рубль көлемінде ана капиталын төлеуді жоспарлап отыр. Бұл ұсынысты қазіргі мәселелерді шешуге жеткіліксіз шара деп санайтын көп балалы отбасылар президентке хат жазып, қол жинай бастады. Үндеуге Северодвинскідегі өздеріне заң бойынша берілуі керек жер телімдерін алу үшін он жыл бойы кезекте тұрған, үш не одан көп баласы бар отбасылар да қол қойған.

ЖЕР КЕЗЕГІНДЕГІ 666-ОРЫН

Наталья Голубцова мен күйеуі Сергей Кирилловтың алты баласы бар – үлкен қызы жақында 17-ге толады, кенжесі - 9 айлық. Отбасы Брежнев билігі тұсында салынған екі бөлмелі пәтерде тұрады. Инженер күйеуі үйдегі жиһаздарды қонақтарға ұйықтайтын орын қалатындай етіп жобалаған. Наталья бақытты болу үйдің шаршы метріне байланысты емес дегенімен, отбасының бұрыннан өз үйіміз болса деген арманы барын жасырмайды. Үшінші баласы дүниеге келгенде олар жер телімін алуға өтініш беріп, кезекке тұрған. Сол кезде туған ұлы қазір бірінші сыныпта оқып жүр, ал олардың жер алу кезегі алға жылжитын емес.

Наталья Голубцова балаларымен бірге.
Наталья Голубцова балаларымен бірге.

- Қазір кезекте алғашқы 50 адамның ішіндеміз. Жеті жылдан бері күтіп жүрміз. Ұлымызды дүниеге әкелуге бел буғанымызда, жер телімін беру туралы заң бар еді. Сәби туралы шешім қабылдаудың бір себебі де осы: үшінші баланы туып, жер аламыз, үй саламыз деп ойладық. 2012 жылы бала туғандардың көбінің ойы осындай болды, - дейді Наталья.

Северодвинскідегі көп балалы ана, үй шаруасындағы әйел Марина Зеленцованың отбасы да өз үйіміз болса деп армандайды. Оның 4, 8 және 14 жастағы үш қызы бар. Жер телімін алу кезегінде 666-шы боп тұр.

- Күйеуім бұрыннан өз үйім болса деп армандап келеді. Северодвинскіні жақсы көреміз, бұл жерден кеткіміз келмейді. Заң бойынша бізге жер бөлінуі керек, бірақ іс жүзінде берілмей отыр. Біз баланы бір жағдайдың арқасында емес, ештеңеге қарамастан, туып отырмыз. Өз құқықтарымыз туралы әңгіме бастасақ, бізге "сендерге ешкім сонша бала ту деген жоқ" деген сөз айтады. Бізді біреу асырасын деп отырған жоқпыз, баланы өзіміз тудық, жауапкершілігінен де жалтармаймыз, - дейді ол.

ЖЕҢІЛДІКТЕН ҚИЫНДЫҚ КӨП

Северодвинск – Архангельск облысындағы екінші үлкен қала. Онда 182 мың адам тұрады. Қаланың негізгі өндіріс орны саналатын "Солтүстік көлік құрастыру кәсіпорны" мен "Звёздочка" кеме жөндеу орталығы – Ресейдің әскери өнеркәсібіндегі стратегиялық маңызды нысандар. Северодвинск тұрғындарының басым бөлігі сүңгуір атом қайықтары мен кемелерін құрастыру және жөндеу жұмыстарын атқарады.

Солтүстік климаты, атом кәсіпорындарына жақын орналасу, қаладан 40 километр жердегі Нёнокса ауылындағы ядролық қару сынайтын әскери полигонның болуы – қаланың экологиялық ахуалын қиындатып отыр.

Көп балалы отбасылар заңда өздеріне берілетін жеңілдік көп болғанымен, оларға қол жеткізудің қиын екенін айтады.

Марина Зеленцованың отбасы.
Марина Зеленцованың отбасы.

- Мысалы, заң бойынша балаларды көлікте алып жүру үшін автокресло керек. Көлікке бірден үш автокресло сыйғызу өте қиын. Барлық көлікте бірдей мұндай мүмкіндік жоқ. Алтыншы баламыз туғанда автокөлік сатып алуға берілетін 1 млн рубль көлеміндегі облыстық субсидия алу құқығына ие болдық. Бірақ қисынға салсақ, бұл көмек төртінші баладан бастап берілуі керек. Аталған көмекке қол жеткізу үшін қойылатын талап та көп: үйдегі барлық бала кәмелеттік жасқа толмаған, ал отбасы "Алғыс" дипломын (8 жасқа дейінгі үш не одан көп бала тәрбиелегені үшін беріледі – Азаттық) немесе "Ана даңқы" құрмет белгісін (бес не одан көп бала тәрбиелеп отырған әйелдерге беріледі – Азаттық) алған болуы қажет. Көп балалы отбасыларға қатысты кез келген жеңілдіктің осындай қиындығы бар, - дейді Наталья Голубцова.

Жеке кәсіпкер Владимир Абрамовский – екі, төрт және алты жастағы үш қыздың әкесі. Жер телімін алу кезегінде Абрамовскийдің алдында әлі мың адам тұр. Оның айтуынша, федералды деңгейде көп балалы отбасылар үшінші баланың туған жылына байланысты: 2018 жылдың 1 қаңтарына дейін, 2018 жылдың 1 қаңтарынан кейін және 2019 жылдың 1 қаңтарынан соң деп үш санатқа бөлінген. Бірінші санаттағылардың сегіз баласы болса да, жеңілдетілген ипотека ала алмайды. Солтүстіктегі қиын жағдайда, қауіпті өндіріске жақын жерде тұрып жатқанына қарамастан, олар несиені жалпы тәртіпке сай төлеуге мәжбүр.

Северодвинскідегі көп балалы отбасылар наразылық акциясында тұр.
Северодвинскідегі көп балалы отбасылар наразылық акциясында тұр.

Сереводвинск тұрғындарының айтуынша, екінші балаға берілетін ана капиталының өзі мәселеге айналуы мүмкін. Мысалы, ата-ана алған ақшасын ипотекаға төлейді. Олар несиені жапқаннан кейін әр балаға мүліктен үлес беруге міндетті. Отбасы пәтерді сатып алғанына бес жыл толғаннан кейін табыс салығын төлемеу үшін мүлікті сатпақ болады. Бірақ балаларына салықтан "жеңілдік" жоғын ұмытып кетеді. Осылай бәрібір мемлекетке ақша төлеуге тура келеді. Ал пәтер қымбат болса, салық көлемі ана капиталының көлемінен де асып кетуі мүмкін.

- Бұл мазақ па, әлде заңды дайындағандар ескермеген коллапс па, білмеймін. Мұның бәрі жағдайдың осы күйінде қалғанына қарсымыз дегенді айтуға мәжбүрлейді. Біз бар дүниеден артық нәрсе сұрап отырған жоқпыз. Бар болғаны, заңның орындалғанын қалаймыз, - дейді Наталья Голубцова.

"ҰЗАҚ ТӨЗДІК, ЖЕТЕР!"

2019 жылғы желтоқсанның басында Северодвинскіде "Северодвинск қаласының көп балалы отбасыларына жер берілсін" бастамашыл тобының ұйымдастыруымен митинг өтті. Ұйымдастырушылардың пікірінше, мұндай шеру – сирек кездесетін құбылыс: үш, төрт немесе алты баласы бар адамдарды жинау оңай емес. Бірақ басқа амал жоқ.

- Бізді митингіге шығуға биліктің әрекетсіздігі мәжбүр етті. Біз әрекет етуді тоқтатсақ, әкімшіліктің жер телімін берудегі белсенділігі де бірден төмендейді. 2018 жылдың күзінен бастап қазірге дейін Северодвинскіде 11 жер телімі берілген. 2011 жылы заң күшіне енгеннен бері бар болғаны 225 жер телімі үлестірілген, - дейді Наталья Голубцова.

- Төрт жыл бұрын көп балалы отбасылармен сөйлесуге губернатор келді: сөйлесіп, мәселелерді жазып алды, бірақ ештеңе шешкен жоқ. Қала әкімшілігімен бірге жұмыс тобын құрды. Бірақ содан бері жұмыс тобы бір рет те жиналған емес. Енді міне көрсін. Біз ұзақ уақыт төздік, бірақ "осы да жетер" деген шешімге келдік. Осылай отбасыларды митингіге шақыра бастадым, - дейді Владимир Абрамовский.

Северодвинскідегі көп балалы отбасылар митингісіне қатысушылар.
Северодвинскідегі көп балалы отбасылар митингісіне қатысушылар.

Север.Реалии сайтының хатына жауап берген Северодвинск әкімшілігі қазір көп балалы отбасылар реестрінде қала округінің аумағында жер алғысы келетін 1300-ден астам отбасы тіркеуде тұрғанын, бірақ осынша адамға қала аумағында беретін жер жоғын айтқан. Әкімшілік хатында "Архангельск облысының аумағында көп балалы отбасыларға елдімекендердің төңірегінен ғана жер телімін беруге болады. Жеке тұрғын үй құрылысы үшін берілетін жердің ең аз көлемі 600 шаршы метрден кем емес, ең үлкені – 1000 шаршы метрден аспауы керек. Сондықтан көп балалы отбасының бәрін жермен қамтамасыз ету үшін қосымша 130 га жер аумағы керек (Северодвинскінің аумағы – 12 мың. га. – Азаттық)" деп жазылған.

Северодвинск әкімшілігінің дерегінше, табиғи ландшафты ерекше, батпақты жері көп аймақта тұрғындарға беруге жарайтын жер тапшы. Мәселені берілген жер телімдерін инженерлік және көлік инфрақұрылымымен қамтамасыз ету міндеті де қиындатып отыр. Бұл мақсатқа мемлекеттен көлемді қаржы бөлінуі керек.

МЕМЛЕКЕТТЕН "СЫЙЛЫҚ"

Белсенділер митингісінен кейін жергілікті депутат Сергей Эммануилов көп балалы отбасылар қауымдастығын әлеуметтік саясат жөніндегі комитеттің отырысына шақырған. Кездесуге Архангельск облысының еңбек, жұмыспен қамту және әлеуметтік даму министрі Елена Молчанова да қатысты.

Көп балалы ата-аналардың айтуынша, жолы мен электр жарығы жоқ батпақтан жер алуға келіскен отбасыларға үлкен салық ауыртпалығы жүктелген.

Северодвинскідегі көп балалы отбасылардың шенеуніктермен кездесуі.
Северодвинскідегі көп балалы отбасылардың шенеуніктермен кездесуі.

- Жер телімі ортақ үлескерлік меншік ретінде беріледі. Яғни, отбасының әр мүшесі салық төлеуі керек. Северодвинскідегі жер телімінің әрқайсысының кадастрлық бағасы, жер батпақтың үстінен берілсе де, шамамен 2,5 млн рубль тұрады. Отбасында бала саны көп болған сайын, төленетін салық көлемі де артады. Бес жылдан бері учаскесі бар, салық төлеп отырған, бірақ құрылыс бастай алмаған отбасылар бар. Өйткені онда не жол, не жарық, не олардың қашан жүргізілетінін көрсететін жоспар жоқ, - дейді Голубцова.

Бастамашыл топ жер орнына берілетін 210 мың рубль көлеміндегі азын-аулақ өтемақыға да наразы. Мурманскіде дәл осындай өтемақы көлемі – 340 мың рубль болса, тұрғын үй арзан тұратын Вологдада 225 мың рубльді құрайды. "Көп балалы отбасыларға берілетін қай көмекті алып қарасаңыз да, басқа өңірлермен салыстырғанда бізде аз беріледі" дейді Северодвинск тұрғындары.

- Әлеуметтік даму министрлігінің басшылығы мұндай сынға қатысты қазір бар көмектің өзін азайтып алмауға қандай күш жұмсағанымызды білмейсіздер деп ақталды. Ал құрылыс министрлігі кінәні муниципалитетке артып, Северодвинскінің көп балалы отбасыларына арналған учаскелерді инфрақұрылыммен қамтамасыз ету үшін инвестициялық бағдарламаға өтініш түспеген деді. Менің депутат әріптестерім көп балалы отбасыларды билікпен "диалогқа" келудің орнына наразылық көңіл-күй білдіргені үшін айыптады. Севердвинск тұрғындары бұл пікірге дәл осы мәселені 2015 жылы губернатор Орловпен кездесуден көтергенін, бірақ төрт жылда ештеңе өзгермегенін айтып, жауап берді, – дейді Архангельск облыстық жиынының депутаты Ирина Чиркова.

Азаттықтың Север.Реалии сайтының материалынан аударылды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG