Accessibility links

Путин Мирзияевтің көршілерін көруге келеді


Ресей президенті Владимир Путин (оңнан солға қарай), Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев және Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон. Санкт-Петербург, 26 желтоқсан 2016 жыл.

Ресей президенті ақпанның 27-і Орталық Азияға сапар шегіп, аймақтағы постсоветтік үш елдің басшыларымен кездеспек. Азаттыққа сұхбатында сарапшы Толғанай Үмбетәлиева бұл сапардың ерекшелігі жайлы айтты.

Ресей президенті Владимир Путин 27-28 ақпан күндері Орталық Азияға сапарлайды. Екі күнде президент Путин үш елдің: Қазақстан, Тәжікстан, Қырғызстан басшыларымен кездеседі. Ресейдің осы елдермен дипломатиялық қатынас орнатқанына 25 жылдығы сапардың ілігі ретінде хабарланған. Ресей президентінің Қазақстаннан басқа елдерге сапары ресми деген сипатқа ие. Сарапшы Толғанай Үмбетәлиева осы сапардың нені көздейтіні туралы Азаттық сұрақтарына жауап берді.

Азаттық: - Кейбір мәліметке қарағанда, Ресей президенті Владимир Путинді кезінде Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев универсиаданың ашылуына шақырған. Сөйтіп универсиадаға жолы түспеген Путин Алматыға енді келе жатыр. Одан кейінгі сапар Душанбе мен Бішкекте жалғаспақ. Путиннің осы жолғы Орталық Азия сапарының ерекшелігі неде?

Толғанай Үмбетәлиева: - Баршаға белгілі, Өзбекстанның жаңа президенті Шавкат Мирзияев билікке келгелі Орталық Азия елдері арасында «жылымық» қалыптаса бастады. Соған сай Өзбекстан - Тәжікстан, Өзбекстан - Қырғызстан арасындағы өзара қатынас өзгеріп жатыр. Қазір жарқырап көрінбегенімен Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы байланыста да өзгеріс бар. Өзбекстанның жаңа президентінің жаңа саясаты аймақтағы жағдайды өзгертуі мүмкін деп ойлаймын. Сондықтан да президент Путин үшін Орталық Азия аймағында не болып жатқанын түсіну маңызды. Сапар осы тұрғыдан ерекше болуы мүмкін. Бұл – мәселенің бір жағы.

Өзбекстан премьер-министрі Шавкат Мирзияев (оң жақта) пен Ресей президенті Владимир Путин. Самарқан, 6 қыркүйек 2016 жыл.
Өзбекстан премьер-министрі Шавкат Мирзияев (оң жақта) пен Ресей президенті Владимир Путин. Самарқан, 6 қыркүйек 2016 жыл.

Екінші жағынан алып қарағанда, Путиннің Еуразия экономикалық одағы (ЕАЭО) жағдайын пысықтауымүмкін екенін де жоққа шығаруға болмайды. Дәл қазір одаққа қатысты белгісіз бір ахуалдың қалыптасып отырғаны мәлім. Болашақта Өзбекстан мен Тәжікстанды осы одаққа қосу мәселесі қозғалуы мүмкін.

Азаттық: - Дегенмен Өзбекстан өткен жылы қараша айында өздерінің ЕАЭО-ға мүше болу жоспарының жоқ екендігін жарияламады ма?

Толғанай Үмбетәлиева: - Иә, бірақ біз көп ретте жағдайдың жылдам өзгеріп, шешімнің де тез өзгеріп жатқанын көріп отырмыз ғой. Ресми тұрғыда осылай айтылғанымен, Өзбекстан ЕАЭО-дан басы бүтін бас тартты деуге болмас. Бұл - Путин сапарынан кейін ертесінде осы елдер бірден одаққа мүше бола салады деген сөз емес. Сол үшін де әлдеқандай бір дайындық қажет болады. Путин келіп тұрып бұл мәселелерді айтпай кете алмайды деп ойлаймын. Еуразиялық интеграция қазір Путин үшін бірінші кезектегі мәселе болып табылады. Алдағы уақытта Ресейге қарсы Украинаның қолқа салуымен жаңа санкциялар да салынуы мүмкін. Сондықтан ЕАЭО арасындағы қатынас пен еуразиялық интеграцияға қатысты жайларды анықтап алу – Путин үшін маңызды мәселе.

Беларусь президенті Александр Лукашенко журналистермен кездесуде. Минск, 3 ақпан 2017 жыл.
Беларусь президенті Александр Лукашенко журналистермен кездесуде. Минск, 3 ақпан 2017 жыл.

Азаттық: - Беларусь президенті Александр Лукашенконың Ресейге қатысты соңғы мәлімдемесі ЕАЭО-ға мүше Қазақстан басшысын да алаңдатты. Путиннің бұл сапары Ресей-Беларусь қатынасына қалай әсер етуі мүмкін?

Толғанай Үмбетәлиева: - Әрине, Ресей президентінің Қазақстан басшысымен кездесуінде Александр Лукашенконың соңғы демаршы да талқыланатыны анық. Осы жағдайда кейбір мәселені Қазақстанның позициясына қатысты да шешуге болады. Қазақстанның үнемі араағайын болуды қалап, ұнатып жүретінін ескерсек, Путин ондай мүмкіндікті әлбетте, пайдаланатын қалуға тырысады.

Азаттық: - Қырғызстан ЕАЭО аясында кеден кодексіне он ойланып, жүз толғанып барып қол қойғаны белгілі. Қазір ЕАЭО-дағы Қырғызстанның орны қандай деп ойлайсыз?

Толғанай Үмбетәлиева: - Қырғыз президенті Алмазбек Атамбаев өзі мәлімдегендей Қырғызстан бұл одаққа кіруге мәжбүр болған ел. Өйткені Бішкек үшін Ресейде жүрген Қырғызстан азаматтары мәселесін күрделендірмес үшін одаққа кіру керек болған.

23 ақпан күні Бішкектен келдім. Сонда Қырғызстан сарапшылары да әзірге бұл елдің ЕАЭО-дан жақсылық көріп отырмағанын айтады. Бірақ Қазақстанмен салыстырғанда Қырғызстанда президент соншалықты күшке ие емес қой. Қырғыз қоғамында бұл экономикалық одаққа қатысты текетірес қатты, тіпті Қырғызстанның одаққа кіргеніне қарсылық байқалады. Қырғызстанның осы одаққа біресе кіреміз, біресе мүше болмаймыз деп алып, соңынан қайтадан мүше болуы да соның көрінісі шығар. Қырғызстанда бұл одақ пайда әкеледі деп күтіп отырғандардың да бар екенін айта кеткен жөн болар. Бірақ соған қарамастан пессимизм көбірек.

Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев (солдан оңға), Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Ресей президенті Владимир Путин және Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон. Бішкек, 28 мамыр 2013 жыл.
Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев (солдан оңға), Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Ресей президенті Владимир Путин және Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон. Бішкек, 28 мамыр 2013 жыл.

Ресей ЕАЭО-да өзін басты ел деп көрсеткісі келеді деген көзқарас бар. Алайда Ресей одақ мүшелерінің бәрі тең етіп көрсеткісі келеді. Осындай жағдайда одақтағы Қырғызстанның ықпалы өте аз екенін көреміз. Одақта тіпті Қазақстанның өзі де үлкен салмақ пен ықпалға ие болып отыр деп айта алмаған болар едік. Өйткені ЕАЭО-да Ресейдің мүддесі доминантты сипатқа ие. Біздің нарықты қандай да бір дәрежеде Ресей бақылап отыр. Алда бұл бақылау ұлғая беретіні де анық. Сондықтан одақтағы Қырғызстанның аз ғана ролі күшейеді деп күту артық болар еді.

Путин Алматы мен Душанбеден кейін Бішкекке сапарлайды. Қырғызстанда биыл президент сайлауы өтетіні белгілі. Путиннің Қырғызстанға сапарында бұл мәселе де талқыланады деп күтуге болады.

Азаттық: - Ал Тәжікстанда Ресеймен байланысқа қатысты көзқарас қандай деп ойлайсыз?

Толғанай Үмбетәлиева: - Таяуда Тәжікстанда болғанда жергілікті сарапшылармен сөйлесе келе байқағаным – Тәжікстан 2000 жылдары көбірек Иранға ориентация жасап көрген. Орталық Азиямен қатынас мәселесі екінші қатарға сырғыған кездері де болған.

Бірақ қазір Тәжікстан ішіндегі риторика өзгере бастаған. Тәжікстан үшін Ресей мен Қытай дос елдердің қатарында аталады. Орталық Азия елдерін де Тәжікстан қазір қайтадан жақын тұта бастаған. Сондықтан Тәжікстан осы елдермен байланыстың әртүрлі жолдарын табуға тырысады.

Менің тағы бір байқағаным – Тәжікстанда Ресеймен байланыс векторын қолдайтындар бола тұра Ресейден алыстан араласу керек дейтін сарапшылар да бар. Соңғысы Ресейді қауіпті серіктес санайды. Олар Ресеймен қатынас күрделі болып келеді деп есептейді. Айтуларынша, Ресей бүгін дос болса, ертең жау бола салады. Және бұл өте жылдам болуы мүмкін. Бұны Ресейдің соңғы кездегі әрекеттері дәлелдей түседі.

Азаттық: - Уақыт бөліп сұхбат бергеніңізге рахмет.

  • 16x9 Image

    Қуанышбек ҚАРИ

    Алматы бюросының бас редакторы. Азаттық радиосында 2010 жылдан бері жұмыс істейді. Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дің журналистика факультетін бакалавр дәрежесімен, Тегеран университеті парсы әдебиеті факультетін магистр дәрежесімен тәмамдаған.

    Иран телерадиобірлестігі әлемдік қызметінде тілші, кейін қазақстандық бірнеше БАҚ-тың Ирандағы тілшісі қызметтерін атқарған. Қазақстандық ақпарат агенттіктерінде, газет-журналдарда тілші, бөлім меңгерушісі, бас редактордың бірінші орынбасары болған.

XS
SM
MD
LG