Accessibility links

Рафсанжанидың орнын кім басады?

Иран экс-президенті Әли Акбар Хашемимен қоштасуға жиналған адамдар. Тегеран, 10 қаңтар 2017 жыл.
Иран экс-президенті Әли Акбар Хашемимен қоштасуға жиналған адамдар. Тегеран, 10 қаңтар 2017 жыл.

Иранда жүйенің сәйкестігін анықтау кеңесінің басшысы Әли Акбар Рафсанжани қайтыс болған соң оның орнына кім келетіні талқылана бастады. Ықпалды саясаткердің қазасы биыл өтетін президент сайлауына да әсер етеді.

Иранда белгілі саясаткер, жүйенің сәйкестігін анықтау кеңесінің басшысы Әли Акбар Хашеми Рафсанжанидің қайтыс болғанына бір апта уақыт өткенде оның орнына кімдердің келетіні талқылана бастады. Рафсанжани ислам революциясы негізін қалаушылардың бірі ретінде аталады. 1979 жылы Иранда билікке келген ислам революциясы жетекшісі Рухолла Хомейнидің оң қолы болған Рафсанжани революцияға дейін бірнеше мәрте түрмеге де отырып шыққан. Ол - 1979 жылдан бері Иранда қабылданған саяси шешімдерге тікелей ықпал еткен саясаткер. Рафсанжани ислам революциясының қазіргі жетекшісі Әли Хаменеиден кейінгі мемлекеттегі «екінші адам» деп есептелді. Ел арасында оны «Акбар шах» деп атайтын.

ҚАЙШЫЛЫҚҚА ТОЛЫ ТҰЛҒА

Әли Акбар Рафсанжани Иран-Ирак соғысы кезінде мәжіліс төрағалымен қатар бас қолбасшы қызметін атқарып, Хомейниді райынан қайтарып, соғысты аяқтауға себепші болған басшы ретінде аталады. 1989-1997 жылдары қатарынан екі мерзімге Иран президенті болып сайланған кезінде елдің экономикалық саясатын дамытуға тырысты. Иранның Батыс және араб елдерімен байланысына себепші болып, ядролық бағдарлама келісіміне ықпал етті. 2005 және 2009 жылдары Иранда президент сайлауы дауынан кейін пайда болып, қуғынға ұшыраған «жасылдар қозғалысына» қолдау білдірді. Сол кезде президенттікке кандидат болып, сайлау нәтижесімен келіспеген Мирхусейн Мусави (бұрынғы премьер-министр) мен Мехди Кәрруби (мәжілістің бұрынғы төрағасы) әлі күнге үйқамақта отыр.

Иранның бұрынғы президенті Әли Акбар Хашеми Рафсанжани.
Иранның бұрынғы президенті Әли Акбар Хашеми Рафсанжани.


Ирандағы ең бай адамдардың қатарындағы Рафсанжани саяси күштерді теңгерімде ұстай алатын саясаткер ретінде бағаланады. Ол саяси айтыс-тартыстарда консерваторлар мен реформаторлардың ымыраға келуіне де себепші болып отырған.

Рафсанжани - Совет одағы ыдырайтын қарсаңда Мәскеуге сапар шегіп, Иран мен СССР арасындағы алғашқы келісімге қол қойған басшы. Кейіннен Иранның Орталық Азия және Кавказ елдерімен байланысын қалыптастыруы да Рафсанжанидың президенттігімен тұспа-тұс келді.

Иранның қазіргі жүйесін орнықтыруда қаржылай жағынан да, саяси потенциалы жағынан да аянбаған Рафсанжанидың режимге жақпаған қайраткер, белсенділерді қудалап, репрессияға жол бергені жиі сыналады. Кейбір сарапшылар оның шешуші сәттерде үндемей қалуының өзі елде адам құқығын аяқасты ететін шешімдердің қабылдануына әсер етті деп есептейді. Рафсанжанидың үлкен ұлы Мехди Рафсанжани да 2015 жылы «коррупциялық қылмыс жасады және ұлттық қауіпсіздікке қатер төндірді» деген айыппен 15 жылға сотталған.

ЫҚТИМАЛ ҮМІТКЕРЛЕР

Әли Акбар Рафсанжани Иранда мәжіліс пен қадағалау кеңесі (конституциялық кеңес тәрізді) арасындағы дауды талқылайтын жүйенің сәйкестігін анықтау кеңесін 27 жыл бойы басқарды. Ол былтыр Ислам революциясы жетекшісінің үстінен бақылауға құзіретті эксперттер кеңесіне де мүше болып сайланды. Рафсанжанидан кейін босап қалған жүйенің сәйкестігін анықтау кеңесі басшысын ислам революциясының жетекшісі аятолла Әли Хаменеи тағайындайды. Ал эксперттер кеңесінің жаңа мүшесін анықтау үшін аралық сайлау өткізілетін болады.

Иранның сот жүйесі басшысы Садеқ Ларижани (солдан оңға қарай), Иран парламенті төрағасы Әли Ларижани, Иран президенті Хасан Роухани және Иранның рухани көсемі аятолла Әли Хаменеи марқұм Әли Акбар Рафсанжанимен қоштасып тұр. Тегеран, 10 қаңтар 2017 жыл.
Иранның сот жүйесі басшысы Садеқ Ларижани (солдан оңға қарай), Иран парламенті төрағасы Әли Ларижани, Иран президенті Хасан Роухани және Иранның рухани көсемі аятолла Әли Хаменеи марқұм Әли Акбар Рафсанжанимен қоштасып тұр. Тегеран, 10 қаңтар 2017 жыл.


Рафсанжанидың орнын кім басады деген мәселе бұл күндері Иранның өз ішіндегі баспасөз бен елдің сыртындағы парсытілді БАҚ-тың басты тақырыбына айналған. Онда Рафсанжаниге діни дәрежесі жағынан да, саяси бағыты мен салмағы жағынан да ұқсайтын саясаткерлердің санаулы екендігі айтылады.

Сондай «кандидаттардың» бірі – қазіргі президент Хасан Роухани. Биыл Иранда өтетін кезекті президент сайлауы Роуханидың бұл қызметті атқаруына кедергі болмайды. Рафсанжанидың да кезінде бірнеше қызметті қатар алып жүргені белгілі. Алайда саяси жолының реформаторлық бағытта көрінуі Роуханидың бұл қызметке тағайындалуына кедергі болуы әбден мүмкін. Роухани діни тұлға ретінде де, саяси басшы ретінде де жүйенің сәйкестігін анықтау кеңесін басқаруға сай келгенімен, консерватор Әли Хаменеидің оның кандидатурасын құптауы неғайбіл.

Иранның бұрынғы президенті Акбар Хашеми Рафсанжанимен қоштасу рәсімі. Тегеран, 10 қаңтар 2017 жыл.
Иранның бұрынғы президенті Акбар Хашеми Рафсанжанимен қоштасу рәсімі. Тегеран, 10 қаңтар 2017 жыл.


Бұрынғы президент, «жүйенің адал жауынгерлерінің бірі» Махмұд Ахмадинежадтың жақтастары босап қалған Рафсанжанидың орнына Ахмадинежад лайықты деп есептейді. Қанша ультраконсерватор болғанымен Ахмадинежад діни дәрежелі саясаткер емес. Соңғы жылдары оның Әли Хаменеимен қатынасы да аса жақсы сипатталып жүрген жоқ. Сондықтан Ахмадинежадтың да жүйенің сәйкестігін анықтау кеңесіне басшы болуы күмәнді.

Тағы бір «кандидат» – мәжіліс төрағасы Әли Ларижани. Әли Хаменеиді жақтаушы консерватор Ларижанидың да діни дәрежесі жоқ. Алайда оның әкесі Мирза Хашем Амоли – ислам революциясының жетекшісі Әли Хаменеидің ұстазы болған адам. Алайда Әли Ларижанидың Рафсанжанидың орнына тағайындалуы жайлы сарапшылар кесіп-пішіп айта алмайды. Оның үстіне Әли Ларижанидың інісі Иранның сот билігінің басшысы Садеқ Ларижани да «кандидаттар» қатарында аталады. Садеқ Ларижанидың ағасынан айырмашылығы, ол – аятолла діни дәрежесіне жеткен саясаткер.

Иран мәжілісінің бұрынғы төрағасы, қазір ислам революциясы жетекшісінің бас инспекторы, діни тұлға Натеқ Нуридің де аты Рафсанжанидың орнына үміткер адамдардың қатарында аталады. Ол кезінде Рафсанжанимен де жақсы байланыста болған және Әли Хаменеидің жақын серіктерінің бірі. Ол бір кездері Иран президенті Мұхаммед Хатамидің бәсекелесі ретінде президент сайлауына түскенімен, жеңіліп қалған.

Иранның сот жүйесі басшысы Садеқ Ларижани (оңнан солға қарай), Иран эксперттер кеңесінің төрағасы Ахмад Жәннати, оның орынбасары Махмуд Хашеми Шахруди, Иран парламенті төрағасы Әли Ларижани және Иран президенті Хасан Роухани.
Иранның сот жүйесі басшысы Садеқ Ларижани (оңнан солға қарай), Иран эксперттер кеңесінің төрағасы Ахмад Жәннати, оның орынбасары Махмуд Хашеми Шахруди, Иран парламенті төрағасы Әли Ларижани және Иран президенті Хасан Роухани.


Жүйенің сәйкестігін анықтау кеңесінің басшысы бола алатын адамның бірі ретінде бұрын Иранның сот билігін басқарған – аятолла Хашеми Шахрудидің де аты аталып жүр. Ол қазір эксперттер кеңесі төрағасының орынбасары қызметін атқарады.

Бұған қоса мәжілістің бұрынғы төрағасы Ғұлам Әли Хаддададель мен Рафсанжани кабинетінде сыртқы істер министрі болған, қазір Әли Хаменеидің халықаралық саясат бойынша кеңесшісі Әли Велоятидың да есімдері Рафсанжанидың орнына үміткерлердің қатарында аталады. Қазір парсы тілі мен әдебиеті академиясын басқаратын Хаддададель – Әли Хаменеидің құдасы. Бұған қоса Рафсанжанидың орнына келуі мүмкін делінетін эксперттер кеңесі төрағасы, әрі конституциялық қадағалау кеңесін басқаратын 90 жастағы аятолла Ахмад Жәннати мен жасы сексеннен асқан тағы да бірнеше аятоллалардың аты аталады. Жүйенің сәйкестігін анықтау кеңесінің хатшысы Мухсен Ризаи, ислам революциясы жетекшісінің қауіпсіздік кеңесіндегі өкілі Сеид Жалили, бас прокурор Ибрахим Раиси де үміткерлер қатарында жүр.

Әли Акбар Хашеми Рафсанжани қайтыс болар қарсаңда аятолла Әли Хаменеи жүйенің сәйкестігін анықтау кеңесінің саясатын қайта қарастыра бастаған болатын. Мұны кейбір сарапшылар Рафсанжанидың ұпайын азайтуға бағытталған әрекет ретінде қабылдаған. Сондықтан алдағы екі айдың ішінде тағайындалатын жүйенің сәйкестігін анықтау кеңесі басшысының Хаменеидің ықпалындағы адам болуы – әбден күтілген жайт.

  • 16x9 Image

    Қуанышбек ҚАРИ

    "Азаттық-70", "Азаттық толқынында" подкастарының және "Шайхана" блогының авторы. Азаттықтың Алматы бюросының бас редакторы болған. Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дің журналистика факультетін бакалавр дәрежесімен, Тегеран университеті парсы әдебиеті факультетін магистр дәрежесімен тәмамдаған.

    Иран телерадиобірлестігі әлемдік қызметінде тілші, кейін қазақстандық бірнеше БАҚ-тың Ирандағы тілшісі қызметтерін атқарған. Қазақстандық ақпарат агенттіктерінде, газет-журналдарда тілші, бөлім меңгерушісі, бас редактордың бірінші орынбасары болған.

This item is part of
XS
SM
MD
LG