Accessibility links

Ұйғыр топтар Тәжікстанды Шыңжаңдағы қысымға көмектесіп жатыр деп айыптады


Ұйғыр әйелі Хотандағы базарға кіреберістегі қауіпсіздік бекетінде. Шыңжаң, Қытай, 31 мамыр 2019 жыл.
Ұйғыр әйелі Хотандағы базарға кіреберістегі қауіпсіздік бекетінде. Шыңжаң, Қытай, 31 мамыр 2019 жыл.

Ұйғыр топтардың заңгерлері Тәжікстан билігі Шыңжаңдағы ұйғырларды қудалауда Қытайға көмектесіп отыр деп айыптап, Халықаралық қылмыстық сотқа дәлелдер тапсырды. Шағымда Гаагадағы соттың тағы бір мүшесі – Камбоджаның аты аталады. Арызданушылардың сөзінше, бұл екі ел өз аумағында жүрген ұйғырларды Қытайға заңсыз депортациялап, Пекинге "қол ұшып беріп отыр".

"Қытай ХҚС-ке мүше емес, сол себепті Пекин [бұл сот] бізді тергей алмайды деп ойлайды. Бірақ қазір ХҚС тергеуін бастауға анық заңды тетік шығып тұр" дейді ұйғыр топтарының атынан шағым түсірген адвокаттардың бірі Родни Диксон.

Бұл тергеу Тәжікстаннан бастау алуы мүмкін.

Халықаралық қылмыстық сот

Нидерландының Гаага қаласында Халықаралық қылмыстық сот (The International Criminal Court) дейтін үкіметаралық трибуна бар. Ол негізінен геноцидті, адамзатқа қарсы қылмысты, әскери қылмысты және бір елдің екінші елге агрессиясын тергейді. Бірақ оның құзыреті осы трибунаға мүше 123 елдің аумағына ғана жүреді. Қытай да, Қазақстан да оған мүше емес. Орталық Азияда бұл трибунаның жалғыз мүшесі бар. Ол – Тәжікстан.

Өздерін "Қуғындағы Шығыс Түркістан үкіметі" деп атайтын топ ХҚС-ке шағым түсіріп, Қытай билігі Тәжікстанда адамдарды заңсыз ұстап әкетіп, адам ұрлаумен айналысады дейді. Бірақ ұйғыр топтар шағымды ХҚС құзыреті жүрмейтін Қытайдың емес, сотқа мүше Тәжікстанның үстінен түсірген.

Шағымды 10 маусымда "Қуғындағы Шығыс Түркістан үкіметінің", "Шығыс Түркістан ұлттық ояну қозғалысының" және Шыңжаңдағы қысымның зардабын өз басынан өткерген жеке адамдардың атынан заңгерлер тапсырған.

Шағымда "Қытай қоғамдық қауіпсіздік бюросының Тәжікстанда жүрген қызметкерлері тәжік полициясына ұйғырлар тұратын және жұмыс істейтін аудандарда рейд жүргізуді нұсқап отырады" делінген. Ұйғыр топтарының сөзінше, осы рейдтерден соң қытай билігі құжаты түгел емес ұйғырларды Қытайға депортациялаған, халықаралық қауымның назарына ілікпеу үшін оларды он-оннан жіберіп отырған.

"Қуғындағы Шығыс Түркістан үкіметінің" осы шағым жөніндегі баспасөз хабарламасына қарағанда, кейінгі 10-15 жылда Тәжікстанда тұратын ұйғырлар саны 3 мыңнан 100 адамға дейін азайған, көбі елден 2016-2018 жылдары кеткен.

ТҮРКИЯДАҒЫ ҰЙҒЫРЛАРДЫ ҚЫТАЙҒА ТӘЖІКСТАН АРҚЫЛЫ ЖЕТКІЗУ

Бұл - Тәжікстанға тағылған жалғыз айып емес. Душанбе Түркияда жүрген ұйғырларды Қытайға депортациялауда да рөл атқарған дейді кей деректер.

2019 жылғы тамызда Азат Азия радиосының Түркиядан Тәжікстан арқылы Қытайға кем дегенде үш ұйғырдың депортацияланғанын хабарлады.

Зиннетгүл Тұрсын мен оның екі сәби қызы Измир қаласында жүрген жерінен ұсталып, 2019 жылғы 31 шілдеде Стамбулдан Душанбеге баратын ұшаққа отырғызылған. Осы рейсте болған екі тәжікcтандық Тұрсын мен оның қыздарын Душанбе әуежайына қонған бойда Қытай полициясы алып кетті деген.

Кейінірек Тұрсынның Қытайдағы туыстары оның Қытайға жеткізілгенін растады.

Тәжік жолаушыларының сөзінше, ұшақта Тұрсыннан бөлек түрі ұйғырға ұқсайтын бес адам – төрт әйел, бір еркек – болған. Олардың аты-жөні hәм тағдыры белгісіз.

Азаттықтың Тәжік қызметі Тәжікстанның сыртқы істер министрлігі мен бас прокуратурасына сауал жолдап, Түркиядан Душанбеге әкелініп, сол жерден Қытай қолына табысталды деген адамдар туралы сұрағанымен, жауап келмеді.

Ұйғыр топтары ХҚС-ке осыған ұқсас шағымды 2020 жылы шілдеде де түсірген. Бірақ ол кезде сот қосымша дәлел керегін айтқан.

"Қуғындағы Шығыс Түркістан үкіметі" 10 маусым күні табысталған жаңа деректер ХҚС-тің Шыңжаңдағы қысым жөнінде қылмыстық іс қозғауына жеткілікті деп отыр.

Адвокат Родни Диксонның сөзінше, бұл деректер Қытайдың шетелдегі ұйғырларды алдырту жөнінде ұйымдасқан, жүйелі жоспары барын көрсетеді.

Шыңжаңда не болып жатыр?

Қазақстанмен шектесетін Қытайдың солтүстік-батысындағы Шыңжаң аймағында ислам дінін ұстанатын байырғы жергілікті тұрғындар – ұйғыр, қазақ, қырғыз және өзге халықтарға коммунистік биліктің қысым көрсетіп жатқаны туралы хабарлар 2017 жылдан бастап тарай бастаған. 2018 жылы БҰҰ Шыңжаңдағы лагерьлерде миллионға жуық адам отыруы мүмкін деп мәлімдеген. Бастапқыда Шыңжаңдағы лагерьлер жайлы айыптарды терістеген Пекин оны "экстремизмге қарсы күрес" деп түсіндіріп, лагерьлерді "тіл үйреніп, кәсіпке баулитын орталықтар" деп атады. 2020 жылы маусымның соңында жарияланған халықаралық зерттеушілердің баяндамасында Қытай билігі ұйғыр, қазақ секілді түркітілдес ұлттар санын шектеу үшін әйелдерді ұрықсыздандыру процедурасынан өтуге немесе контрацепция қолдануға мәжбүрлейтіні айтылған.

АҚШ пен Батыс мемлекеттері Қытайдың Шыңжаңдағы саясатын сынап келеді. АҚШ – Қытайға Шыңжаңдағы іс-әрекетіне бола санкция енгізген алғашқы ел. Қытаймен экономикалық байланыс орнатқан Қазақстан билігі қоғамның қысымына қарамастан Шыңжаңдағы мұсылмандарға жасалып жатқан қысымдарға ресми баға бермеді. Ресми өкілдер бірнеше рет "Шыңжаңдағы жағдайды Қытайдың ішкі саясаты" деген.

2019 жылы желтоқсанда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев германиялық DW телеарасына берген сұхбатында "Халықаралық ұйымдар ұсынып жатқан көптеген ақпарат шындыққа жанаспайды. Қалай болғанда да ұлты қазақтарға қатысты осы тақырыптың айналасында әдейі шу шығарып жатқан сияқты" деп мұны АҚШ пен Қытай арасындағы геосаяси ойынның бір бөлігіне балаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG