Астананың тергеу соты журналист Ботагөз Омарованы үйқамақта ұстау мерзімін тағы бір айға созған. Мұны журналистің адвокатының сөзіне сүйеніп Elmedia басылымы хабарлады.
"21 наурызда тергеу сотының шешімімен Ботагөз Омарованы екі айға үйқамаққа отырғызған. Ол мерзім ертең аяқталуға тиіс еді. Бірақ оны тағы бір ай, яғни 21 маусымға дейін үйқамақта қалдырғаны бүгін белгілі болды" деген адвокат Толқын Әбілова 20 мамыр күні басылымға.
Elmedia адвокат Әбілованың өткен аптада журналист Омарова кінәсі дәлелденбегеніне қарамастан жәбірленуші тараппен мәмілеге келуге дайын екенін айтқанын еске салған.
Астана қаласының полициясы "Айтпа, Ботагоз" телеграм-арнасының авторы Ботагөз Омарованы, жеке адамның арызы негізінде, "Көрінеу жалған ақпарат тарату" бабы бойынша күдікті ретінде тергеп жатыр. Тергеу ісіне журналистің нақты қай материалы себеп болғаны айтылмайды.
Ботагөз Омарованың үстінен іс қозғалғанына Астанада бір топ журналист реакция білдіріп, 21 наурызда президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа жүгінген. Олар президенттен журналистің ісін жеке бақылауына алуды, "көрінеу жалған ақпарат тарату" бабын Қылмыстық кодекстен алып тастауды өтінді. Дәл сондай талап 23 сәуір Алматыда журналистер өткізген баспасөз мәслихатында да айтылды.
22 наурызда ақпарат министрі Аида Балаева журналист Ботагөз Омароваға қарсы іс қозғалуына байланысты реакция білдірді. Ол "заңда көзделген барлық рәсім" аяқталғанға дейін "асығыс түсіндіру жұмыстарын жасауға, дәлелсіз қорытындылар шығаруға және алдын ала баға беруге" болмайтынын алға тартқан.
Құқық қорғаушы ұйымдар Қазақстанда Қылмыстық кодекстің "Көрінеу жалған ақпарат тарату" бабымен журналистерге қарсы іс қозғау жиілеген сайын кәсіби қауымдастықта ішкі цензура күшейгенін айтады.
Францияда тіркелген "Шекарасыз тілшілер" медиа еркіндігін қорғайтын халықаралық ұйым 30 сәуірде жариялаған жыл сайынғы сөз бостандығы рейтингісінде Қазақстан былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда 8 саты төмендеп, баспасөз ахуалы ең қиын елдер қатарында қалған.