30 сәуірде Астанада "Құқықтық медиаорталық" баспасөзді қорғау ұйымының бастамасымен журналистер бас қосып, Қазақстандағы сөз бостандығы мәселелерін талқылады. Журналистердің құқығын қорғайтын ұйымның өкілдері жыл басынан бері елде баспасөз өкілдеріне қысым күшейгенін мәлімдеді.
Бұл шара дүниежүзілік баспа еркіндігі күніне орай жыл сайын ұйымдастырылады. Жиынға Еуропа одағының Қазақстандағы өкілдігі басшысының орынбасары Ааро Юлитало келіп, "ашық қоғам құрудың алғышарты пікір плюрализмін қолдауда" деп атап өтті.
"Еуропа одағы барлық аймақтағы серіктестермен ынтымақтаса отырып, БАҚ бостандығы мен плюрализмін қолдауға, сондай-ақ журналистердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ниетті. Біз ілгерілеу тек диалог негізінде мүмкін болатынын түсінеміз. Сондықтан кәсіби пікір алмасуға арналған мұндай алаңдар ерекше құнды" деді Юлитало.
"Құқықтық медиаорталық" қоғамдық қорының жетекшісі Диана Окремова Қазақстанда журналистерге кейінгі бірнеше айда құқықтық, цифрлық, физикалық және бюрократиялық қысым күшейгенін мәлімдеді. Ол құқықтық қысым деп ЛГБТ пропагандасына қарсы заңның қабылдануын және журналистердің Қылмыстық кодекстің 274 бабы, яғни "Көрінеу жалған ақпарат тарату" айыбымен тергеуге ілігуін айтса, цифрлық деп редакция ресурстарына DDos-шабуылдар мен әлеуметтік желілердегі аккаунттарын бұғаттау екенін жеткізді.
"Президент "халық үніне құлақ асатын" және ашық мемлекет туралы жиі айтатынына қарамастан, өкінішке қарай, жағдай ушығып барады. Мысалы, осыдан 8 жыл бұрын біз [Мәдениет және ақпарат] министрлігімен жекеменшік БАҚ-тарды қаржыландыру туралы нақты мәлімет бермегені үшін соттасқан едік. Сол кезде олар ең құрығанда жалпы соманы айтатын. Ал биыл тіпті жалпы қаржының өзін "қызмет бабында пайдалану үшін" деген санатқа жатқызып тастады" деді Окремова.
Жиын барысында Қаңтар оқиғасы кезінде "әуежайды басып алған" деген айыппен сотталған белсенді Әйгерім Тілеужан мен "экстремизм ісіне араласты", "экстремизмді қаржыландырды" деп сотталған Думан Мұхамедкәрімнің істері, "жалған ақпарат таратты" деп сотталған Данияр Әділбеков пен сол бап бойынша істі болып отырған ҚазТАГ бас редакторы Әмір Қасенов, "Orda.kz" басылымының бұрынғы бас редакторы Гүлнар Бажкенова және журналист Ботагөз Омарова жағдайлары талқыланды. Кейінгі үшеуі сот шешімі бойынша үйқамаққа жіберілген.
Сәуірдің ортасында алты халықаралық құқық қорғау ұйымы, оның ішінде Журналистерді қорғау комитеті (CPJ) бар, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа жасаған үндеуінде 2025 жылғы желтоқсаннан бері елде тәуелсіз журналистерді қылмыстық қудалау күшейгеніне байланысты қатты алаңдап отырғанын мәлімдеді. Ақорда бұған реакция білдірген жоқ.
Telegram-дағы "Айтпа, Ботагөз" арнасынының авторы Ботагөз Омароваға қылмыстық іс қозғалғанына Астанада бір топ журналист реакция білдіріп, 21 наурызда президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа қайырылған. Олар журналистің ісін жеке бақылауына алуын, "көрінеу жалған ақпарат тарату" бабын Қылмыстық кодекстен алып тастауын сұрады. Дәл осындай талап 23 сәуір Алматыда журналистер өткізген баспасөз мәслихатында да айтылды.
22 наурызда ақпарат министрі Аида Балаева журналист Ботагөз Омароваға іс қозғалуына байланысты реакция білдірді. Ол "заңда көзделген барлық рәсім" аяқталғанға дейін "асығыс түсіндіру жұмыстарын жасауға, дәлелсіз қорытындылар шығаруға және алдын ала баға беруге" болмайтынын алға тартқан.
"Құқықтық медиаорталықтың" заңгері Гүлмира Біржанова да елде журналистерге Қылмыстық кодекстің "Көрінеу жалған ақпарат тарату" бабы бойынша іс қозғалу жиілеген сайын кәсіби қауымдастықта ішкі цензура күшейгенін айтады.
"Бірден айтайын, бұл қылмыстық бап бойынша статистика көп емес. Сот істері аз, бірақ бұл бапты қазіргі қалпында қалдыруға ешқандай негіз бола алмайды. Себебі, ең алдымен, бұл норма қазір, біз көріп отырғандай, үнемі қорқытып-үркіту арқылы ішкі цензураны қалыптастыру құралына айналып отыр" деді заңгер.
Журналистер жиынында "Просто журналистика" YouTube-арнасының авторы Лұқпан Ахмедияров "журналистер өздеріне қысым күшейсе де, елде демократия құндылықтары артса да биліктің әр шешіміне жауапкершілік арқалауын қадағалау мақсатынан таймауы керек" деді.
Францияда тіркелген "Шекарасыз тілшілер" медиа еркіндігін қорғайтын ұйым 30 сәуірде жыл сайынғы сөз бостандығы рейтингісін жариялады. Қазақстан былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда 8 сатыға төмендеп, ахуал ең қиын елдер категориясында қалған. Ұйым әлемнің 180 еліндегі сөз бостандығын 5 негізгі индикатор бойынша анықтайды. Қазақстанда саяси индикатор өзге өлшемдерге қарағанда төмендегенін, яғни медиаға саяси биліктің қысымы мен шектеуі артқанын көрсеткен.