Accessibility links

Сайлау кезінде студенттер оқуда қалуға мәжбүр


Мекенжай анықтамасы үшін кезекте тұрған студенттер. Алматы, 18 сәуір 2019 жыл.

Қазақстанның бірнеше қаласындағы жоғары оқу орындарында биыл емтихан кестесі өзгерді. Азаттық сөйлескен кейбір студент мұны Қазақстанда маусымның 9-ында өтетін кезектен тыс президент сайлауынан көріп, билік қалаған негізгі кандидатқа жаппай дауыс беруге мәжбүр болулары мүмкін екенін айтады. Білім министрлігі мен университеттер мұны жоққа шығарады.

Қазақ ұлттық аграрлық университетінің 2-курс студенті Арман биыл оқу мамырда аяқталатынын, бірақ сессия 3-15 маусым аралығында өтетінін айтады. Студенттің сөзінше, былтыр емтихан мамырда біткен. Арман өзгеріске студенттер әуелде наразы болғанын, бірақ «ештеңе өзгерте алмастарын білген соң үндемегендерін» айтады.

«ОСЫНДА БОЛУЫМЫЗ ҮШІН ӨЗГЕРТТІ»

- Демалыс уақытында ауылға қайтқың келеді. «Барлықтарың келесіңдер» деді. Наразы болғандар болды. Бірақ ендігі шешіліп қойған соң, қарсы шығуға болмады, - дейді ол.​

Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ғимараты. Алматы, 2 мамыр 2019.
Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ғимараты. Алматы, 2 мамыр 2019.

Университет студенттерінің кейбірі сессия уақыты ұзарғанын, бірі міндетті өндірістік тәжірибе мен емтихан уақытының ауысқанын растағанымен, ешбірі ашылып сұхбат беруге ықыласты болмады. Тек өзінің 2-курс студенті екенін айтып, атының құпия қалуын сұраған студент былтыр да оқудың маусым айының ортасында аяқталғанын, бірақ биылғы сабақ кестесіне өзгеріс енгізілгенін айтты.

- Биыл мамырдың алтысында өндірістік тәжірибеге кетеміз де, Алматыда мамырдың 29-ында боламыз. Бұрын практикаға әркімді әр жаққа жіберетін, биыл осы жақта болуымыз үшін сессия уақытын өзгертті. Не үшін өзгерткенін айтқан жоқ, - деді ол.

Қазақ ұлттық аграрлық университетінің оқу ісі жөніндегі проректоры Бақыт Халықова «сабақ кестесі өзгеріп, сессия уақыты ұзарды» деген ақпаратты жоққа шығарды.

Қазақ ұлттық аграрлық университетінің оқу ісі жөніндегі проректоры Бақыт Халықова. Алматы, 2 мамыр 2019.
Қазақ ұлттық аграрлық университетінің оқу ісі жөніндегі проректоры Бақыт Халықова. Алматы, 2 мамыр 2019.

- Сессия уақытын ұзарту сияқты әңгіме жоқ бізде. Академиялық күнтізбе бойынша оқу кестесі басында қалай жасалды, солай қалды. Ешқандай өзгеріс жоқ. Біз ауыл шаруашылығы университеті болғандықтан мезгілге қарай өзгерістер болады. Кестеміз басқа университеттерге қарағанда басқа. Сессия биыл 15-23 маусымда бітеді. Оқу 15 аптада бітіп тұр, - деді Халықова.

Азаттық тілшісі «ерекше кесте» туралы шағымды басқа оқу орындарында оқитындардан да естіді. Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясының 2-курс студенті Руслан да сессия уақытының өзгергенін айтады. Оның сөзінше, әкімшілік наурыздың соңында студенттерге сессия кестесін жіберген. «Әлгі кесте бойынша маусымның тоғызына дейін қайтуымыз керек еді» дейді Руслан.

- Бірақ аяқ астынан 20 маусымға дейін [Алматыда] болатындай етіп өзгертіп тастады. Барлығы ерте қайтуға дәмеленіп отырған. Көп адам билет алып тастады дегендей. Ештеңе түсіндірген жоқ. Себебін сұрағанымызда «жоғарыдағылар солай шешті» дейді. Қарсылық таныта алмаймыз. Танытсақ, оқудан шығып қалуымыз мүмкін. Грантта оқыған соң, ондай заттар (наразылық шарасы – ред.) істей алмаймыз, - деді студент.

Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясы ректорының орынбасары Жанерке Иманбаева «сессия уақыты ұзарды» деген ақпаратты терістеді.

- Бәрі академиялық күнтізбеде жоспарланғандай жүріп жатыр. Бізде оқу жыл сайын маусым айының соңында аяқталады. Биыл соңғы сессия маусымның 21-інде өтеді. Ақпаратыңыз жалған, - деді ол.

Бірақ осы академияның және бірнеше студенті Азаттыққа емтихан кестесі бірнеше рет өзгергенін растады. Бірінші және екінші курс студенттерінің сөзінше, ректорат әуелде сессияны мамырға белгілеген, кейін «президент сайлауына байланысты» маусымға ауыстырып, «18-ге толмағандар болғандықтан» (дауыс бере алмайтын азаматтар - ред.), кестені бұрынғы уақытына жылжытқан. Студенттер арасында «тәжірибе мен сессия уақыты ауысты» дегендер де бар. Олардың бірі Азаттық тілшісіне «2018-2019 оқу жылындағы емтихан кестесінің декандарға арналған соңғы нұсқасы» аталатын құжатты жіберді. Академия тіркеушісі Светлана Буганова мен бірнеше оқытушының есімі аталатын құжатта «соңғы емтихан маусымның 14-інде аяқталады» деп көрсетілген.

«САЙЛАУҒА БАЙЛАНЫСТЫ ӨЗГЕРТТІ»

Алматы технологиялық университетінің 2-курсында оқитын Аслан сессия кестесінің өзгеріп, биыл емтихандар маусымның 21-інде аяқталатынын айтады.

- Биыл практиканы бірінші қойды да, содан кейін маусымда сессия өтетін болды. «[Университет әкімшілігі] сессияны тапсырған соң студенттің көбі практиканы түрлі жолмен шешіп кетеді» деп ойлады. Сессия маңызды ғой. Одан ешкім кетпейді, кетіп қалсаң жазғы оқуға қаласың. Былтыр мұндай емес еді, - деді ол.

Қазақ гуманитарлық-заң университеті студенттерінің кезектен тыс президент сайлауына қатысуға шақырған акциясы. Астана, 21 сәуір 2015 жыл.
Қазақ гуманитарлық-заң университеті студенттерінің кезектен тыс президент сайлауына қатысуға шақырған акциясы. Астана, 21 сәуір 2015 жыл.

Алматы технологиялық университетінің проректоры Қалтай Батхолдин сессия мен тәжірибе уақытының өзгергенін растап, мұның студенттер практикадан өтіп, есеп өткізіп кетуі үшін қабылданған шешім екенін айтты.

- Практика есебі өткізіліп, қорытындыланбаса, студент келер жылға көшпей қалады. Олар «емтиханды тапсырдық, практиканы бітірдік» дейді де, үйлеріне қайтып кетеді. Бұрын алдымен – сессия, артынша практика болатын. Енді екеуінің орнын ауыстырдық. Биыл студенттер мен жауапты оқытушы практика есебін өткізеді де, студенттер емтиханға қатысады. Содан соң үйлеріне «келер жылға өттім» деп, емін-еркін қайта береді, - деді проректор.

Оның сөзінше, биыл сессия маусымның 24-інде аяқталады. «Мұндай тәжірибе бізде болған» деген проректор былтыр әуелі студенттердің емтихан тапсырғанын, онан соң тәжірибеден өткендерін айтты.

Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті мен Абай атындағы қазақ ұлттық педагогикалық университетінің бірнеше студенті Азаттыққа емтихан кестесінің ұзарғанын айтты.

Абай атындағы қазақ ұлттық педагогикалық университетінің кейбір студенттерінің сөзінше, биыл сессия маусым айының тоғызынан кейін аяқталады. Бірақ университет әкімшілігінің өкілі оқу орнына барған Азаттық тілшісінен «сұрақ қоюға редакциядан жазбаша рұқсат қағазды» талап етіп, комментарий беруден бас тартты.

Емтихан уақыты Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінде де өзгерген. Оқу орнының 4-курс студенті Азаттыққа «мұғалімдер жиналыс кезінде мұндай өзгеріс сайлауға байланысты енгізілгенін айтты» деді. Университет қызметкерлерінің бірі «барлық факультетте сессия кестесі өзгеріп, емтихандар маусымның 12-сіне дейін созылғанын» хабарлады.

Сессия уақыты Алматы университеттерінде ғана емес, Нұр-Сұлтанда да өзгерген. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 1-курс студенті Айғаным мұндай өзгеріске наразы.

- Мұғалімдер «Сендер 9 мамыр, 22 наурыз кездері демалдыңдар. Сондықтан аптаны созып жатырмыз» деп айтты. Мұндай мерекелерді биыл бірінші рет тойлап жатқан жоқпыз. Бірақ бұған дейін мұндай өзгеріс болмаған. Өзіміз сайлауға байланысты деп түсіндік, - деді ол.

Азаттыққа студенттер жолдаған хат. Автордың жеке бас қауіпсіздігі үшін сурет иесінің аты-жөні құпия қалды.
Азаттыққа студенттер жолдаған хат. Автордың жеке бас қауіпсіздігі үшін сурет иесінің аты-жөні құпия қалды.

Студенттер емтихан уақытының өзгеруін әлеуметтік желіде де талқылаған. ЕҰУ студенттерінің парақшасында атын атамаған қолданушы «Неге университет әкімшілігі кестені қалағандарынша өзгертеді? Бұған неге көндігіп отыруымыз керек? Әрбір емтиханның арасы – 5-6 күн. Оқудың 16-аптасын қосып қойды» деп жазады.

Еуразия ұлттық университеті Азаттық тілшісі мамырдың 3-інде жолдаған сауалдарына бес күннен соң жазбаша түрде жауап берді. ЕҰУ проекторы Дихан Қамзабекұлының жазуынша, ғылыми кеңес бекіткен академиялық күнтізбеде емтихандардың 15 маусымда аяқталатыны көрсетілген.

«Емтихан уақытын ұзартудың маусымның 9-ында өтетін президент сайлауына қатысы жоқ. Ол – қалыпты академиялық мәселе» деп жазады университеті өкілі.

Қамзабекұлының сөзінше, «сайлауға қатысу-қатыспау – азаматтардың өз еркі. Ал университеттің мүддесі – сапалы білім беру».

Оқу орнында бес сайлау учаскесі жұмыс істейтінін айтқан проректор «ЕҰУ-да студенттерді сайлауға баруды міндеттеу шарасы жүріп жатқан жоқ» дейді.

«ЕШКІМ МӘЖБҮРЛЕП ЖАТҚАН ЖОҚ»

Бірер апта бұрын Азаттық Алматыдағы халыққа қызмет көрсету орталықтарына мекен-жай анықтамасын алуға келген студенттердің күрт көбейгенін жазған. Тұран университетінің өкілі «таяуда Қазақстан жоғары оқу орындарының қауымдастығы алдағы сайлауға байланысты арнайы хат жолдап, жоғары оқу орындары студенттерінің қайда тіркеуде тұрғаны жайлы ақпарат беруді сұрағанын» айтқан.

"Сайлау кезінде оқуда боламын. Сондықтан мені қаладағы сайлау учаскесіне тіркеуіңізді сұраймын" деген өтініш формасы. Азаттыққа студенттер жолдаған хат.
"Сайлау кезінде оқуда боламын. Сондықтан мені қаладағы сайлау учаскесіне тіркеуіңізді сұраймын" деген өтініш формасы. Азаттыққа студенттер жолдаған хат.

​Бұдан соң Азаттық поштасына аттарының құпия қалуын сұраған жүзге таяу студент хат жолдады. Олар университет әкімшілігінің өздерінен жеке бас деректерін сұратып жатқанын, кейбірі мұғалімдер әлдебір арызға мәжбүрлеп қол қойдырып жатқандарын айтады. Хаттарға тіркелген суретке қарағанда, өтініште басқа қаладан келген студенттің өзін сол университет тұрған аудандағы сайлау учаскесіне тіркеуді сұрағаны айтылады.

Арыз толтырғанын айтқандар арасында Алматыдағы Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының студенттері де бар. Университеттің тәрбие ісі және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректоры Алмас Шоман студенттердің мұндай өтініш толтырғанын растады. Бірақ оның сөзінше, «студенттерді ешкім мәжбүрлемеген». «Студенттің әлдебір сайлау учаскесіне өзін тіркеу туралы өтініш жазуына сессия мен практика уақытының ауысуы себеп» дейді ол.

- Сессия мамырдың 30-ында бітеді. Ары қарай практика болады. Ол маусымның ортасына қарай бітеді. Тәжірибе ұзартылғаны – кейбір студенттер [Алматыда] қалады деген сөз. Олар осында қалатын болған соң, осылай жаздырып жатырмыз. Студенттерді ешкім мәжбүрлеп жатқан жоқ, - деді Алмас Шоман.

Университет өкілінің сөзінше, мұндай өтінішті студенттің бәрі жазып жатқан жоқ. Ол «үйіне қайтатындардың өз қалаларында дауыс беретінін» ескертті.

«АНЫҚТАМАНЫ КІМ СҰРАТҚАНЫН АНЫҚТАЙ АЛМАДЫҚ»

Қазақстан Білім және ғылым министрлігінің жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Әділет Тойбаев «студенттердің өздерін әлдебір сайлау учаскесіне тіркеу туралы өтініш жазып жатқаны» туралы естімегенін айтты.

«Сессия уақытының ұзартылуы заңды ма?» деген Азаттық тілшісінің сұрағына Тойбаев «Емтихан уақытын университеттердің өзі бекітеді. Оқу орындарына академиялық басқару еркіндігі берілген» деп жауап берді. Қыркүйектің 1-інде басталатын оқу жылының нақты аяқталатын уақыты, министрлік өкілінің сөзінше, белгіленбейді.

- Бір университет оқуды қаңтардың 15-інде бастаса, оқу жылын ерте аяқтайды. Студенттеріне төрт апта демалыс беріп, оқуды қаңтардың 21-інде бастаған оқу орындары семестрді кеш аяқтайды. Семестр 10 аптадан басталып, 20 апта аралығына созылуы мүмкін. Бұл – университеттердің өз таңдауы, - деді министрлік өкілі.

Тойбаевтың айтуынша, Білім және ғылым министрлігіне «Алматыдағы жоғары оқу орындарында әлдекімдер студенттерден мекен-жай анықтамасын сұратып жатыр деген» әңгіме жеткен.

- [Студенттерден] мекенжай анықтамасын сұрату мәселенін тексердік. Бірнеше университетпен сөйлестік. Студенттер арасында «университет мекен-жай анықтамасын сұратып жатыр» деген әңгіме жүргені рас, бірақ бұған оқу орындары әкімшіліктерінің еш қатысы жоқ. Жоғары оқу орындары министрлікке «мекен-жай анықтамасын жинаған жоқпыз» деді. Университетке анықтама әкелудің еш қажеті жоқ. Министрлік мұндай нұсқау берген жоқ, - деді ол.

Азаттыққа студенттер жолдаған хат. Автордың жеке бас қауіпсіздігі үшін сурет иесінің аты-жөні құпия қалды.
Азаттыққа студенттер жолдаған хат. Автордың жеке бас қауіпсіздігі үшін сурет иесінің аты-жөні құпия қалды.

Тойбаевтың сөзіне қарағанда, министрлік мекен-жай анықтамасын жинау бойынша тексеру жүргізген, бірақ ведомство ақпаратты кім жинағанын «сол күйі анықтай алмаған».

СТУДЕНТТЕРДІҢ ҚАЛҒАНЫНА КІМ МҮДДЕЛІ?

Алматылық студенттер жолдаған хатта сайлау учаскесіне тіркеу туралы өтінішті студенттер аудан әкімдеріне жазғаны көрінеді. Осыған байланысты Азаттық Алматы әкімі Бауыржан Байбектің атына хат жолдаған. «Сайлауға қатысушылар саны көп болуы үшін әкімдік қандай да бір шара қабылдап жатыр ма?» деген сауалға әкімдік әзірге жауап берген жоқ.

Азаттық тілшісінің «Сайлауға студенттердің қатысуына әлдекім мүдделі ме?» деген сұрағына Қазақстан орталық сайлау комиссиясы төрағасының кеңесшісі Мақсатхан Анапин «Ешкім мүдделі емес. Сайлауға келу-келмеу – адамның өз еркі» деп жауап берді.

- Әкімдіктер де, басқалар да сайлауға адамның көп қатысуына жауап бермейді. Мынанша пайыз болу керек деген [талап] жоқ, - деді комиссия өкілі.

Алайда Орталық Азиядағы демократияны дамыту қорының директоры Толғанай Үмбетәлиева Қазақстандағы президент сайлауларында «әкімшілік ресурс жиі қолданылады» дейді.

Толғанай Үмбетәлиева, саясаттанушы.
Толғанай Үмбетәлиева, саясаттанушы.

- Маусымның 9-ында өтетін кезектен тыс президент сайлауындағы жеті кандидаттың ішінде екі үміткердің – «Нұр Отан» партиясынан қатысатын Қасым-Жомарт Тоқаев пен «Ұлт тағдыры» қозғалысының кандидаты Әміржан Қосановтың мүмкіндігі шамалас. Билік көбірек қолдауға, оның ішінде студенттердің де осында қалып, саяси элита ұсынған кандидатқа дауыс бергеніне мұқтаж. Екеуінің мүмкіндігі шамалас болғанымен, Тоқаевта сәл басымдық бар. Бұл – әкімшілік ресурс және биліктің бақылауымен жүргізілетін дауыс санау кезеңі, - дейді ол.

Үмбетәлиеваның пікірінше, студенттер үйлеріне қайтып, өздері тұратын қалада да дауыс бере алады. «Бірақ мұндай жағдайда олар бақылаудан шығып, қалаған адамына дауыс беруі мүмкін» дейді ол.

- Меніңше, студенттерді алып қалудың ең басты себебі – оларды Тоқаевқа дауыс бергізу. Себебі Қазақстан заңнамасы бойынша, сайлауға қанша адам келгені маңызды емес. Қанша адам қатысқанына қарай есептей береді. Қазір [билік үшін] ең бастысы – сайлауға келгендер арасында Тоқаевқа басым дауыс жинау, - дейді саясаттанушы.

Қазақстанда 1995 жылы қыркүйекте қабылданған «Сайлау туралы» заңның сайлау қағидалары жазылған 3-бабына сәйкес, азаматтар сайлауға ерiктi түрде қатысады. Бапта «Азаматты сайлауға қатысуға немесе қатыспауға мәжбүрлеуге, сондай-ақ оның еркiн бiлдiрудi шектеуге ешкiмнiң де құқығы жоқ» деп жазылған.

Қазақстан статистика комитетінің есебінше, елде 540 мың студент бар. Қазақстандағы университет және колледж студенттері әлеуметтік желіде оқу орындары билік тарапынан ұйымдастырылған шараларға, әкімдіктің флешмобтарына еркінен тыс апаратынын айтып шағымданады. Мемлекеттік университеттің бірінде үш студент «Алматы турына» көрермен ретінде бармағаны үшін жатақханадан шығарылып, кейін басылымдар жазған соң қайта қабылданған.

Ескерту: Студенттердің жеке бас қауіпсіздігі үшін мақаладағы кейіпкерлер есімі өзгертілді.

  • 16x9 Image

    Аян ҚАЛМҰРАТ

    Аян Қалмұрат - Азаттықтың Алматы бюросында 2017 жылдан бері тілші. Тұран университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Бұрындары 7kun.kz ақпарат агенттігі мен "Жас Алаш" республикалық қоғамдық-саяси газетінде жұмыс істеген. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG