Accessibility links

Қазақстан суррогат ана қызметін енді некелі ерлі-зайыпты ел азаматтары ғана пайдалана алады

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы" кодекске өзгерістер енгізетін заңға қол қойды. Оған сәйкес, елде енді суррогат ана қызметін заңды некеде тұрған ерлі-зайыпты Қазақстан азаматтары ғана пайдалана алады. Бұл туралы мемлекеттік басылымдар хабарлады.

Жаңартылған заңда суррогат анамен шарт жасасатын ерлі-зайыптының міндеттері де нақтыланған. Олар суррогат ананың медициналық тексеру, қосалқы репродуктивтік технологиялар қолдану және қажетті медициналық-генетикалық зерттеулерге байланысты шығындарын өтейді.

Бұған қоса ерлі-зайыпты жұп суррогат анаға бала көтерген, босанған және туғаннан кейін 56 күн ішінде көрсетілетін медициналық қызмет ақысын төлейді. Асқыну болған жағдайда бұл мерзім 70 күнге дейін ұзартылады.

Заң қол қойылған күннен бастап күшіне енді.

Қазақстанда суррогат ана қызметіне жүгінетін отбасылардың және қызметті пайдаланатын адамдардың нақты саны медициналық құпияға жатады, оның статистикасы ашық жарияланбайды.

Мамандардың айтуынша, Қазақстанда суррогат ана көтерген бірінші сәби 1998 жылы туған.

Қазақстанның репродуктивті медицина қауымдастығының дерегі бойынша, қазіргі уақытта елде суррогат ана қызметін көрсететін шамамен 30 клиника бар. Оларда жыл сайын орта есеппен 330 бағдарлама өткізіліп, шамамен 130 бала суррогат ана құрсағынан дүниеге келеді.

Заң бойынша, суррогат ана қызметін заңды некеде тұрған және денсаулық жағдайына байланысты бала көтере алмайтын адамдар ғана пайдалана алады. Жалғызбасты әйел немесе ер адамға суррогат ана қызметін пайдалануға тыйым салынған.

Айдар
XS
SM
MD
LG