Accessibility links

Қырғызстанда бала сату қылмысы жиіледі


Көрнекі сурет.

Бішкектегі бір перзентхананың қызметкерлерінің үсінен жаңа туған балаларды сату оқиғасына байланысты қылмыстық іс қозғалды. Ұсталған екі медицина қызметкерінің біреуі тұтқындалды. 2018 жылдың басынан бері кәмелеттік жасқа толмаған балаларды сатуға қатысты осымен бесінші оқиға тіркелген. Бірақ мамандар іс жүзінде мұндай оқиғалар көп болуы мүмкін екенін ескертіп, олардың алдын алу шарасын күшейтуге шақырады.

Бішкек қаласындағы Отбасылық медицина орталықтарының бірінде (ОМО) гинекологтардың бала сатуға қатысы бар деген күдікпен ұсталғаны қыркүйектің 7-сі күні белгілі болған. Кейін бес адамның ұсталып, олардың үшеуі қамауға алынғаны туралы хабарланған. Мұнан соң Ішкі істер министрлігі тергеу құпиясын алға тартып, ақпарат беруді доғарған.

АДАМ САУДАСЫ ТУРАЛЫ ІС

Қырғызстан ІІМ қылмыстық іс қозғалғанын растады, бірақ ұсталғандардың аты-жөні мен қай жерде жұмыс істейтіні туралы ештеңе айтпады. Мекеменің баспасөз хатшысы Карима Аманқұлова толымды ақпарат тергеу аяқталған соң ғана берілетіні туралы айтты:

- Аталған іс бойынша Қылмыстық кодекстің 124-бабына сай ("Адам сату") қылмыстық іс қозғалды. Осы іс аясында бала сатуға күдіктілер ұсталды. Қазіргі кезде тергеу-жедел іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр. Өзге ақпаратты іске қатысты қажетті амал-әрекеттер аяқталған соң береміз. Ұсталғандар қанша, қайда жұмыс істеген, аты-жөні кім – мұның бәрі кейін жарияланады, - деді ол.

Алдын ала дерек бойынша, нәрестені сатпақ болған дәрігерлер оның ата-анасына "бала шетінеп кетті" деп хабарлаған. Жергілікті кей БАҚ дәрігерлер ұсталған кезде көліктен өлген сәбилер табылған деп те жазды. Оқиға жария бола салысымен Қырғызстан Денсаулық сақтау министрлігі (ДСМ) тергеушілердің мекемеге еш ақпарат бермегенін айтты.

Тек қыркүйектің 10-ы күні ДСМ хабарландыру алғанын айтты, ҚР ДСМ жұмыс тобы өз тергеуін жүргізеді деді. ДСМ бас гинекологы Раиса Асылбашева Азаттыққа былай деді:

- Бішкекте жаңа туған сәбиді сату ісі бойынша Денсаулық сақтау министрлігі жұмыс тобын құрды, олар өз тергеуін жүргізеді. Қазір құқық қорғау мекемелері жұмыс істеп, тергеп жатыр. Дәрігерлердің аты-жөні, емхана туралы дерек кейін белгілі болады. Оқиғаға байланысты ДСМ мемлекеттің барлық перзентханасын (мемлекеттік және жеке) тексеретін болады - дейді ол.

ЖЫЛ БАСЫНАН БЕРІ БЕСІНШІ ОҚИҒА

2018 жылдың басынан бері жаңа туған сәбиді сатуға қатысты осымен бесінші оқиға тіркеліп отыр. Адам сатудың алдын алуға арналған Бішкектегі дөңгелек үстел отырысында ІІМ криминалдық милиция қызметінің өкілі Марлис Жұмабаев жыл басталғаны бері бала сатуға қатысты төрт іс анықталғанын айтты. Оның екеуі Бішкекте, біреуі Ош облысында, енді бірі - Қадамжай ауданында тіркелген. Барлық оқиғаларға қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізіліп жатыр. ДСМ бас гинекологы бұл фактілерді білетінін мойындады:

- Бішкектің Октябрь ауданында тіркелген екі факт туралы білеміз, оларды бақылап отырмыз. Тергеумен бірге жұмыс істейміз. Ош облысы мен Қадамжай ауданында бала сату ісі болғанын білеміз. Олар бойынша мәлімет түспеді. Тергеу кезінде деректер расталса, тиісті шара қолданамыз. Қоғамдағы бұндай келеңсіз жағдайлармен бірге күресуіміз керек. Қырғызстанда 1060 акушер-гинеколог жұмыс істейді, олардың әрбірін бақылап отыру мүмкін емес. Егер біреу заңсыз әрекетті байқаса, білсе, бізге хабарласын. 2014-2015 жылдардағы шулы оқиға есімізде, соған орай барлық медициналық мекеме жетекшілері өте мұқият жұмыс істейді. Егер бұндай фактілер анықталса, өте қатаң шара қолданамыз.

Айнуру Алтыбаева.
Айнуру Алтыбаева.

Жаңа туған сәбилерді сату ісімен факт тіркелген соң емес, алдын ала күресу керек деген пікірлер бар. Жогорку Кеңеш депутаты Айнуру Алтыбаева мұндай қылмысқа әкелетін себептерді жою керек дейді:

- Жазғы каникул кезінде аймақтағы сайлаушылармен кездестік. Азаматтардың көбі ана мен бала өліміне шағымданды. Жаңадан туған сәбилерді сату ісіне қатысты қауіп айтқандар да болды. "Перзентханада тастап кеткен балаларды дәрігерлер сатып жібереді" деді. Менің ойымша, балаларды сату ісі бес-алтау ғана емес. Оның көбі жасырын қалады. Бұл мәселе әлеуметтік жағдайға, соның ішінде дәрігерлер жалақысының аздығына келіп тіреледі. Мүмкін олар мұқтаждықтан сондайға баратын шығар. Қалай болғанда да, оның бәрі қылмысты ақтамайды. Өз кезегінде мемлекет бұл саладағы алдын алу шараларын күшейтіп, еңбек шартын жақсарту жұмыстарын жүргізіп, медицина қызметкерлерінің еңбегін марапаттап отыруы керек.

Соңғы төрт жылда Қырғызстанда медицина қызметкерлері немесе ата-аналардың өздері баласын белгісіз адамдарға сату оқиғалары жиілеп кетті. Кей жағдайда іске дәрігерлер араласқан, бірақ кейде ата-анасы өз баласын сатқан. Құқық қорғаушылардың пікірі бойынша, мұндай жағдай Қырғызстандағы бала асырап алудың қиындығынан туындайды.

Адам сатуға қарсы салада жұмыс істейтін құқық қорғаушы Авазхан Ормонова былай дейді:

- Оқиғаның себебіне үңілсек, бірнеше факторды көреміз. Мысалы, көбіне сәбиді ресми некеде тұрмайтын я зорлықтан соң жүкті болып қалған немесе бірнеше баласы бар, қаламаса да жоспарсыз жүкті болып қалған әйелдер сатуға тырысады. Кейде біреу суррогат ана болуға келісіп, сәбиді тапсырыс берушіге береді. Әлбетте, перзентханаларда анасы бас тартқан балаға кезекке тұратындар бар, ол туралы жариялап айтпайды. Ондай балаларды кезегін күтушіге береді немесе сатады.

Бұндай жағдайда баланы сатып алушы сәбиді ұнатпаса немесе келісім шарты соңына дейін орындалмаса дәлел ретінде дәрігерге ақша бергенін айтып, шағым түсіруі мүмкін. Қайталап айтамын, сондай жағдай болуы мүмкін. Қырғызстанда бала асырап алу процедурасы тым күрделі болғандықтан, адамдар сондай әрекетке барады. Дегенмен, перзентханалардың көбінде ондай істің алдын алу жүйесі бар. Бұндай әрекеттер болмауы үшін заңды жетілдіріп, қылмысына қарай жазаны күшейту керек.

2014 жылы Бішкектің №1 перзентханасында сәби сатпақшы болған деген күдікпен гинеколог дәрігер ұсталып, қамауға алынған. 2015 жылы тағы да сол перзентханада ер адам ДСМ мекемесіне шағымданып, баласын ауыстырып жібергенін айтқан. Оның шағымына байланысты мекеме арнайы медициналық комиссия құрған.

ДЕРЕКТЕР СӨЙЛЕСЕ

2015 жылы Қошқар ауданының 26 жастағы тұрғыны бес айлық қызын бір қойға сатпақ болған жерінен ұсталған. Сол жылы Таласта әйелінен ажырасқан ер адам екі жасар ұлын Нарынға сатпақ болған. Ыстықкөл облысында анасы 3 жасар баласын Қаракөлдегі отбасына сатқан оқиға тіркелген.

Біраз уақыттан соң Қырғызстан Омбудсмен институтына шетелде жұмыс істеп келген әйел хабарласты. Ол кетер алдында ұлын күйеуіне қалдырғанын, ал әкесі баланы бейтаныс әйелге сатып жібергені туралы шағымданды. Әлгі әйел балаға қомақты ақша төлегенін айтып, қайтарудан бас тартқан.

2015 жылы Жетіоғыз ауданының Барскоон ауылындағы перзентханада жаңа туған сәбиді 50 мың сомға сату фактісі бойынша іс қозғалған. 2018 жылы Ош қаласының Масалиев көшесінде Үзген ауданының 46 жастағы тумасы төрт айлық сәбиін 20 мың сомға сатқалы жүрген жерінен ұсталған. Оған қатысты "Адам сату" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған.

2016 жылы бала сатуға қатысты бес іс тіркелген. Қаңтарда Қарасу ауданы тұрғыны некесіз туған баласын 15 мың сомға туыстарына сатқаны мәлім болды. Ақпанда осындай жағдай Бішкекте тіркелген: 26 жастағы әйел қызын 20 мың сомға сатқан. Үзген ауданының 46 жастағы тұрғыны да әлгіндей ақшаға сәби сатқысы келген, бірақ қылмыс үстінде ұсталған.

Жақында ғана милиция Соқұлұқ ауданында үш баласын 80 мың сомға сатпақ болған әйелді ұстады. 2018 жылы Шу облысының Панфилов ауданындағы ауруханада босанған 40 жастағы әйел жаңа туған сәбиін осы облыстың тұрғынына 20 мың сомға сатпақшы болған.

2017 жылы Бішкекте үш айлық баланы 10 мың сомға сатпақ болған үш әйел ұсталған. Барлық істер бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу басталды деп мәлімделді, бірақ айыптылардың жазасын алғаны не алмағаны белгісіз.

(Эрнист Нурматовтың мақаласы орыс тілінен аударылды.)

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG